ҚАЗАҚ БОЛУ
Шүкір Алла, қабыл боп дұға-тілек,
Қорғасындай көз жасын құлатып ек.
Қазақ болу мың бақыт бұйырғанға!
Қазақ болу, дегенмен, бір ақырет!..
Көптен озып, көрмеген көштен қалып,
Бұл қазақ – бейбіт тілеп өскен халық!
Қайран өмір, көгерткен көсегесін,
Майда қоңыр мейірім ескенде анық!
Тарқатылса шыдамның қыл шылбыры,
Сан сүргіннің сейілген тылсым мұңы!
Қына басқан бабамның сүйегінен,
Сыз боп өткен тарихтың кіл сұмдығы!
Дәстүр үні - аспаса дау кесімнен!
Қасқыр ұлы жапырып жауды есірген!
Дәуір лебі қан-жоса қажытқан соң,
Ауыр демі сең қозғап, тау көшірген!
Тағасын тауқыметтің тасы қажап,
Дем кеткенше болған ғой досына жақ!
Еңкейгенге еңкейген – осы қазақ!
Шалқайғанға шалқайған – осы қазақ!
Дүбір десе, қозатын делебесі!
Көкжиек боп керілген керегесі!
Қоғалы көл, қом сулы кең байтағым,
«Пейіліне берген ғой» деген осы!
Шүкір Алла, қабыл боп дұға-тілек,
Қорғасындай көз жасын құлатып ек.
Қазақ болу мың бақыт бұйырғанға!
Қазақ болу, дегенмен, бір ақырет!..
БАЛЫҚ ӨЛЕҢ
Балықтың бір атасы сазан балық,
Қара өлең көптен бері мазамды алып,
Қара өлең көптен бері мазамды алып,
Бұлқынған балық өлең жазам барып.
Көкжиекте қосылса көл мен аспан,
Түмен ойдың түндігін жел кеп ашқан.
Балық десем бейбақтар түседі еске,
Қылтанақтан қақалып өлген аштан.
Бодан көрген бұғаулы халықтар да
Аквариумдағы ұқсайды балықтарға.
Желбезегім бар еді жұрт көрмеген,
Көлдің астын кеземін жабыққанда.
Балық тілін білем деу бұл беймәлім
Бақыт тілін табумен бірдей, жаным.
...Ауға түсіп шоршыған шортан құсап,
Ұйқы бермей шықты ғой түнде ойларым.
«58-СТАТЬЯ»
(Микропоэма)
58-10. Пропаганда или агитация, содержащие призыв к свержению, подрыву или ослаблению Советской власти или к совершению отдельных контрреволюционных преступлений...
6 июня 1927 г. (СУ №49, ст.330)
I
Мен білмеймін, қандай күш иектеді,
Басымнан қанша сұмдық күй өтпеді?
Даламның әр тұсында жатыр әлі,
Шашылып шындығымның сүйектері.
Жінікпей жатқанында жұрт әуремен,
Қазақты құл қылам деп мылқау-керең.
Халықтың қамын жеген арысты атты,
«Халықтың жауы» деген сылтауменен.
Тарихымды тіл жұтқан тергесе өмір,
Ақтарылған сұмдықтан шер кешеді ұл.
Елін сүйген – елге жау десек, қарғам,
Мен де «халық жауымын» ендеше бір.
Көмейге төгіп құйған уы батпан,
Қақсайды әлі күнге буын оқтан.
Төбе шашың тік тұрар зұлмат күннен,
Арысты ақбөкендей қуып атқан.
Күйе боп жұққан сонда мың кеселі,
Басынан Қаратаудың мұң көшеді.
Түрткілеп, түске кіріп сол бір сұмдық,
Шошытып оятпай ма түнде сені?
Атпастан қанға батқан таңы мүлде,
Даламның жоқтау айтты жаны бірге.
Шашылған шындығымның сүйектерін,
Келемін жинай алмай әлі күнге.
II
Жете ме өзі осыған, лайық па өрем?
Жанымның жапырағын жайып көрем.
Сырғақтап сыр жасырмай, енді, саған,
Айтайын бір аңызды байыппенен.
Айтайын бір аңызды қансыратқан,
Айтайын Ахметжанды, аршып оқтан.
Өнерін қылыш қылып, керзаманға,
Өлерін біліп тұрып қарсы шапқан.
III
Қазақтың көз алартып баласына,
Қол салған ардай аппақ жағасына,
Келеді қаптап төніп қара бұлт
Қусақтың көде басқан даласына.
Келеді қара зұлмат жендеттері,
Қазақты қан қақсатып, шерлі еткелі.
Пәрмені – Сармантайдың ұлын ұстау,
Дәрмені жетіп тұр ғой жер-көктегі.
Үнімді Үлкенкөлде тұншықтырған –
Үзіліп көз жасындай ыршып, тұнған.
Иесі ол – «58» деген күйдің,
Бөрідей өз сирағын қыршып, құрбан.
«Ахметжанның ауылы осы маңай»
Сұңқарға тор құрғандай тосын, абай.
Биігін құлатпаққа Алты Алаштың,
Киігін жылатпаққа жосыла ма-ай?
Айдауыл жетті ауылға ат тебініп,
Сабаны тіліп өтті, ақ төгіліп.
Бұлағын қасиеттің бітеп қайғы,
Жыланы қасіреттің шақты еліріп.
Қара ниет зұлматтың әскерлері,
Төріне таптап кіріп, басқа өрледі.
Қасқайып қарсы ап сонда, бәйбішеге:
‒ Бұлар да жолаушы ғой, ас бер, ‒ деді.
Ас берді жауына да, ырым асын,
Құран оқып, бетке алды құбыласын.
Халықпенен қоштасты «халық жауы»,
Туған жердің қия алмай шұғыласын.
Қоштасып қолға алғанда домбырасын,
Арқасына әруақ қонды ма шын?!
Кенеттен желіп берді «58»,
Осы ғой деп бас тіккен соңғы бәсім.
Осы күйдің ішінде бәрі-бәрі...
Уық сынып, шаңырақ қаңырауы,
Ақ сүтін көкке сауып, қарғыс айтқан,
Ананың аңырауы.
Қара шанақ өксиді, аһ ұрады,
Есеңгіреп ен дала жатыр әлі.
Төгілген көздің жасы топан болып,
Сөгілген қабырғасы қақырады.
Күй біткесін, тұтығып азалы өңі,
Айтпақшы, айдауыл да қазақ еді.
Келген ісін ұмытқан адамдай боп,
Қалтадағы ұмыт боп жаза-мөрі.
Құдіретті күй сонда айтты деді,
Зүміретті күй сонда айтты деді,
Әсерінен ештеңе айтпай бірақ,
Келген ізбен айдауыл қайтты кері.
Қарабет болмайын деп шауыпты үдеп,
(Жазады бүгін бәрін дәуіт-жүрек)
Зобалаң заман үшін, сонда ұққаным,
Қарудан қара шанақ қауіптірек!
Не боларын білмейді далам енді,
Қайда өлерін білмейді балаң енді.
Жартасты жарып өскен қарағайдай,
Қасқайып қайран Ахаң қала берді...
IV
Айтпаймын одан арғы болған жайды,
Одан арғы дегенім толған қайғы.
Атынан ат үркетін адуын күй,
Тау менен тасқа соқты сор маңдайды.
Сармантайдың біртуар баласы еді,
Күй боп тұнды шанаққа нала, шері.
Қасқайып қарағайдай,
Өмір түгіл
өлімін елге арнаған Алаш ері!
Қарағым, мен осындай тағдырлымын!
Жасымды көрсетпеді жаңбырлы күн.
«58» күйінен қаулап шығып,
Рухымды қайта тіктеп алдым бүгін!
Желмаям жардан тайып құлады көп,
Қабылдадым Жаратқан сынағы деп.
«58» санамда жаңғырады,
Қаралы күндерімнің ұраны боп!
Жаныма жалау болған, көңіл емі,
Ол да бір өксіп өткен өмір еді.
Тек, осы күйді неге,
Қазақ әлі
тығылып тартатындай көрінеді?..
***
(Расул Гамзатовтан)
Үндіде аңыз бар:
Әуелі,
Жыландар келді деп өмірге!
Қырандар дейді ғой Тау елі,
Саңқ еткен ғаламзат көгінде!
Меніңше, алғашқы бөбегің –
Адам ғой!
(Бес күннің бар мәні!)
Кейін ғой, қыран боп көбі оның,
Жыланға айналды қалғаны!
НАН
(Николай Рубцовтан)
Ала таңмен аттанам деп жыраққа,
Қоржыныма дәм толтырдым не түрлі.
Бәрін салдым, нан салмадым бірақ та,
Жолға шықсам жүк болатын секілді.
Сонда да әжем нанын салып жіберіп:
Баламысың, тыңда, - дейді,- сөзімді,
Нан дегенің өзі-ақ алып жүреді,
Өзі түгіл, қоса сенің өзіңді!
Достарыңызбен бөлісу: |