МАҢҒЫСТАУ МАҚАМЫ
Ә.Кекілбаевқа
Шыңыраудан алып ұшқан шырқауға,
«Маңғұс деген құс болады бұл тауда».
Гәп құс емес, сөйлеп кетсе көне Үстірт,
Тіл бітеді мүлгіп тұрған мылқауға.
Алпыс екі тамырымды идіріп,
Суға тиген қыл арқандай ширығып,
Қырық қатпар қыртысынан шыққан сөз,
Өңменімнен өтіп кетті, күйдіріп.
Даңғайыр жол, баста мені құм іші,
Құм астында кіндік кескен қылышы.
Маңғыстауда айтпай-ақ қой шежіре,
Маңғыстауда тыңдау керек, дұрысы.
Есіме алсам елең-алаң кезеңді,
Беткей жақта балбал тасым безерді.
Жал-жал болып көкшуланы Каспийдің,
Көп шулады мұңын айтып ежелгі.
Тарих тербеп қара нардың қомында,
Ерлер өтсе, ел қалады соңында.
Қып-қызыл боп қылтияды қарыс гүл,
Мың жыл бұрын айқас өткен орынға.
Маңғыстауда айта берсең мұң қалың,
Адай болып жырлаудай-ақ жырладым.
Кеше ғана, абыз өтті, біз қалдық,
Тағы мың жыл шешіп соның жұмбағын.
От кешкендей, ойқастаған өлең боп,
Отпан тауға шықсам тіреп төбем көк.
Маңғаз жатқан маң далаға қараймын,
Мұнар сүйген мұнараны көрем деп.
ЖҰМАТАЙ
Алтын адам Кеңсайда,
Марқұм ағам Кеңсайда...
Р.Нұрбай
Тау суындай арда өлең арқыраған,
Үнсіз қалай жатырсың, марқұм ағам?..
Жүрегіңнен жауһардай жыр тамған сәт,
Жалт қараған деседі жарты ғалам!
Ғасыл жүрек тізгендей ғазалға мұң,
Құстар айтып ұша ма ажарлы әнін?
Арша құрлы тауыма бауыр баспай,
Аңсарымды әй бірақ жаза алмадым.
Өрімдей қыз өлеңнің болды арқауы,
(Қайдан іздеп табамын сол қалқаны?)
«Ләйләңді» оқып отырсам,
О, құдырет,
Менмұндалап қарайды Жоңғар тауы.
Мөлдір өлең төкті деп көмей неше,
Өбектей қоймады Өмір – өгей шеше.
Арлы ақыным,
Шағады Алматы мұң,
Албастысы азаймай, (көбеймесе!)
Боз жусаны сыбырлап желге сырын,
Тербете ме Кеңсайда жер бесігің?..
Қаз омырау бұлттарға жыр оқыдым,
Көкіректен асқақтап көл-көсір үн.
Лайланбай сезімің тұнса күміс,
Қара өлеңнен қалқатай, нұр сауып іш.
...Ләйләні іздеп кеттің бе, кім біледі,
Жүрегіңді жетелеп жыр-сағыныш.
Достарыңызбен бөлісу: |