ҚАМЫСБАЙ
(Баллада)
Шіліңгірде күн танытып қиқарлық,
Көл жағалай қонған ауыл жиған құт.
Үйге сыймай қара сирақ кілең ұл,
Бір-бір қоға тұтатамыз сигар қып.
Сарышұнақтай шықпай жатса ел іннен,
Біз балыққа аттанушы ек, көл – іргең.
Ескі инені иеміз ғой қармақ қып,
Көк кит аулап қайтатындай көңілмен.
Әлі есімде сонау жылдың тамызы,
Әр ауылдың болады ғой абызы,
Абызымыз – сексендегі Қамысбай,
Таң атқаннан таусылмайтын «аңызы».
Көп көненің көзін көрген Қамысбай,
Дөкейлердің сөзін бөлген Қамысбай.
Жалаң қолмен жеті метр жайынды
Ауладым деп көпіретін дауыстай.
Боқтап алар қырсық мінез бар, білем,
Ұмытайын қайтіп мұндай жанды мен.
Шеге түзеп отырғанға тисетін,
Қатыныңды түзеп ал деп алдымен.
Дүрліктірді бір күні шал жұрт ішін,
Ұн жағып ап танымастай түр-түсін,
Ақ киініп, «Ау, ағайын, аққуға
айналам» деп, қос «қанатын» сілкісін.
Әй, ырғалды-ай, ырғалды-ай,
Алжасты ма, шатақ еді бұл қандай!?
Үркесоқтап Қамысбайға қараймыз,
Айқай салып көрден атып тұрғандай.
Бала көңіл сенер ме әлде сенбес пе,
Жұрт жиылды шаңырағына сол кеште.
Қатты ауырып кепкен шалым таң ата,
Аққу болып ұшып кетті келмеске...
Пері қызбен тілдесетін Қамысбай,
Алай-дүлей күн кешетін Қамысбай.
Су жылқысы, тайып келіп ғайыптан,
Суынға да мінгесетін Қамысбай.
Өтті содан талай көктем, бұла күз,
Сенбесеңіз Көкше көлден сұраңыз...
Мықты адамның қалады ғой артында,
Тірісінде-ақ айта жүрер бір аңыз.
***
Жусан дала!
Кеудемде күй ырғақты!
Қабырғама күйбең күн қиын батты.
Мегаполис кісендеп кеңдігімді,
Кәусар көңіл қызығын жиі ұрлатты.
Арқар ауған құба бел,
Киік қашқан.
Алты қаздың әніне ұйыпты аспан.
...Қараша ауыл – бесігі қара өлеңнің!
Жастайымнан жадыма құйып дастан.
Дүбірлетіп думанды дала-белді,
Қойнауында бар қызық қала берді.
Шапаны кең шалдарым төскейдегі
Сағынбауға келмейді шамам енді!
Оттегі-жыр!
Өлең боп үміт те ескен!
Көңіл тоят табады тұнық кештен.
Салқар төсте сағыныш сағым аунап,
Сандал таудың басынан бұлт көшкен.
Түгендейді жаны ашып жоғымды кім?!
Өзі осындай дейміз-ау өмір бүгін.
Қазақылық іздеймін тас қаладан,
Торы-күрең түсіндей тобылғының!
Достарыңызбен бөлісу: |