***
Менде өкпе жоқ, менде бауыр бар.
Тұрған атамның сөзінен
Жасаған жақсылығын бұлдамаған,
Тасадан тас атса да былғамаған, -
Көк көлдей көңілін айт!
Ал, әйтпесе,
Сұңғақ адам емес те, жұмбақ адам.
«Керме болып кезіккен көлденеңге,
Ер басыммен ей, өмір, сенделем бе!
Бауырыма басамын кел, бәріңді,
Өкпең түсіп қалса да мен дегенде!»
Мұқатқанға болмай-ақ мүлдем алаң,
Қара қазан өкпеден кімдер аман?
...Өкпелеуге кім білсін, ерінді ме,
Жалғанның жалғандығын білген адам.
АҚСОРАҢ-ОЛИМП
А.Қажытайға
Уа, Олимп!
Ассалаумағалейкүм, Мұнар-абыз!
Жылы сөзге бір ауыз жұбанамыз.
Таң асырып мен келдім күлігімді,
Қия-шалғай болса да тым арамыз.
Сан мың иір шаршатқан шақырымды
Маңдайынан иіскеп ақын ұлды,
Зевстердің көне шың, көзкөргені,
Зердеңдегі айт асыл ақылыңды!
Ашылмастан төбеңде тас қабағы,
Ашылмастан төбемде тас қабағы,
Күңіреніп тұра ма аспан әлі?!
Құрығандай басқа ісі, басқа амалы!
Мұнар, мұнар, мұнар шың!
Бақ та бір күн
Жетсе әмірі таяды Хақ Тәңірдің.
Қыран мінез қияға көз тіктіріп,
Ақ сәлделім, өзіңе ақтарылдым!
...Қара түнде теңгеріп батпан сырды,
Таң сібірлей жүздесер сәт таусылды.
Көп күбірлеп оянам кейде осылай,
Етегінде Олимптің жатқан сынды!
Шағымданбай көтердім сорымды іштей!
Байлағаны сылтау ма қолымды іс кей.
Өңімдей боп тұрды Олимп!
Ал, өңімде,
Ақсораңға жүр әлі жолым түспей!
ОҢ АЯҚ
Салиқалы сөз електен сүзгенде,
Құлағыңа құй деп өскен біздерге.
Оң аяқпен баста дейтін сапарды,
Шежіре бар жүріп өткен іздерде.
Оң аяқпен бастау керек әр күнді,
Әрбір күнім өзінше бір тағдырлы.
Кештім солай қаулап өскен шалғынды,
Кештім солай жалаң аяқ жаңбырды.
Мұрт тебіндеп шыққан жылы, жігіт боп,
Құрдастарым қояр-қоймай үгіттеп,
Жүк түсірдік қара базар ішінде,
Маңдайымнан тер тамшылап тұнық боп.
Оң аттамай баспаушы едім бір адым,
Омақаса, былай қалып бұла күн,
Оң аяғым тайып кетіп, бір күні,
Жүкпен бірге жаным шығып құладым.
Оң аяқпен бастап едім, жақсы ырым,
Шақша басы шарадай боп бастығым.
Сырық құсап сынған екен жілігім,
Балдақ сүйеп, асасындай бақсының.
Балдақпенен талай таңды атырдым,
Талай күнді көл шетіне матырдым.
Соқпағымды құлап-тұрып осылай,
Оң аяқпен бастап келе жатырмын.
Сол бір жайдың ағытайын тиегін,
Шоқырақтап бүлкіліндей түйенің.
Бұлт дегенде оң жілігім қақсайды,
Ұлт дегенде сырқырайды сүйегім!
Достарыңызбен бөлісу: |