СЕН, МЕН ҺӘМ КӨК ТЕҢІЗ
Толқындары жататын жартасты ұрып,
Тереңіне тартады Балқаш тұнық.
Көк теңіздің құстары көп шулады,
Сен алдымнан шыққанда алғаш күліп.
Гүлдестесін батқанда бұлғай күнім,
Жан сырымды тұңғиық тыңдайды кім?!
Су бетінде сыланған аққу-арман,
Суретің де, жаным, ол бір байлығым!
Шыны суға шағылған шуақ өңі,
Жағалауын жанымның жуады өрім.
Жүрегіме жұтылған Көкше теңіз
Саған деген сезімнің куәгері!
Жыр кәусары кілкіген бұла демде,
Көк теңіздің баласы мына мен де!
Балқашта ақын бар шығар менен асқан,
Сенен асқан ару жоқ бұл әлемде!
Толқын мініп тәтті үміт тағынса арай,
Арайланып нала-мұң арылса оңай,
Бір тулайды Көк теңіз!
Көк теңіз боп
сені шексіз сүйемін, жаным, солай!
***
Айналайын!
Сені ойласам – қараңғылық қашты ептеп,
Бақша түгіл, кететіндей тас көктеп!
Саған деген сезімімді аққулар,
Көл бетіне оюлайды әспеттеп!
Айналайын!
Күн-көркіңе қызығады көктем де!
Қырықпышақ болып іштей көп пенде.
Бұрынғыдан бетер ғашық боламын,
Күліп жұмған көздеріңді өпкенде!
Қауырсындай қалықтайды ән өрлеп!
Құрғыр тілім жеткізе алмай бәлен деп,
Айналайын дей бердім-ау, жан айнам,
Сандуғаштың мақамымен мәнерлеп!
Құйттай ғана бақытымның бөлшегі!
Өмір деген - сүйіп өту, беу, сені!
Айналам деп басым кетсе, таңқалма,
Анам «қызда басың қалғыр» деуші еді!
***
Жұпарың жариялап үр көктемді,
Жуып-шайып жіберді күллі өкпемді.
Көңілімнің көліне қонған аққу,
Әйтпесе оған, кім келіп, кім кетпеді?!
Қойынымды үмітім толтырды шат,
(Жайып тұрса жақсы ғой ол күн құшақ.)
...Жүрмін енді, ізіңе жағадағы
Жетіп келіп жығылар толқын құсап.
Достарыңызбен бөлісу: |