БІР ҚЫЗҒА
Жалған күйге жолатпай, жаным ашып,
Боларсың деп басқаға тағы ғашық,
Көз жасына бір қыздың қалып едім.
Білте шамдай бір үміт жағып асық...
Жұмсақ тілге тәтті сөз төселгіш-ақ,
Обал деген жолымды өзен тұсап...
Мазалай ма өткен күн уһілеумен,
Шаншу ұстап кідірген шешем құсап?
Дәл шешемдей уайымдап жоқ әрнені,
Түн есіне сала ма оған мені?
Кім біледі...
Сары жел сыңсып ұзақ,
Жаңбыр жиі жауады содан бері.
***
Қызыл тілім қайталап Мағжан жырын,
Аңсап келем Арқаның ақ жаңбырын!
Аңқылдайды ақ жүрек аңғал ақын,
Қаңқылдайды көк көлде қаздар бүгін.
Тырсылдаған ән тыңдап тамаша әлем,
Жаңбыр-көштен жолдасын дала сәлем.
Толастамай шелектеп құйса, шіркін,
Қолшатырсыз кешер ем балаша мен!
Күркіресін көк аспан, сіркіресін,
Берекелі төксе аппақ бұлт үлесін!
...Тасып, төгіп жүретін мәрт көңілмен,
Ғашық болып қалдым-ау күлкіңе шын!
Ұялшағым, сыр қалмас сірә менде,
Күй-аңсарын жырласа мына кеуде.
Жалаң аяқ жаңбырда кел билейік,
Кел билейік, келе ғой ұлы әуенге!
Ақылдым-ау, сендей жан жолықпап ед,
Сілкіп таста қаяуды, торықпа көп.
Суық тамшы тәніңе тисе, әуелі
Мен ұстайын қолыңнан қорықпа деп.
Кеудем де бір кеңістік күй шарлаған,
Шалқиды анық сұлуым сүйсе – арман, ән!
Арман бар ма, сол сәтте сәл ұялып,
Сүйем деген сөзіңді қисаң маған!..
Қызыл тілім қайталап Мағжан жырын,
Аңсап келем Арқаның ақ жаңбырын!
Аңқылдайды ақ жүрек аңғал ақын,
Қаңқылдайды көк көлде қаздар бүгін.
...Аңсап келем сезімнің ақ жаңбырын!
АҚСҮЙЕК
Қараша ауыл, қап қойған алшақта ірге,
Түн баласы түрткілеп, аңсаттың не?
Уыстап әжем шашқан күміс сынды,
Жарқ-жұрқ еткен жұлдыздар самсап түнде.
Көш-керуен кезі еді, түйе-тізбек,
Егіз шектен сарнатқан күй егіз леп.
Ай жарықта бел асып бозбала-қыз,
Әлдеқандай кетеді сүйек іздеп.
Сүйек іздеп асады қыр-беткейді,
(Сол кездерді көп құрдас үлгі етпейді.)
Қос мұңлық оңаша қол ұстасып,
Қатар соққан жүректе жыр көктейді.
Сыңғыр-сыңғыр ақ бұлақ алқына аунап,
Қызарады ұялшақ таң қылаулап.
Сүйек іздеп кеткен сол сүйкімділер
Сай-сүйегі қайтады балқып, аулақ.
Не сүйек ол, Құдай-ау, таптырмайтын?!
Өрімдей күн ойлаушы ем, жақтырмай тым.
Шақыратын болды өзі кейін мені,
Ақсүйекке ақ білек, алқымдай түн.
Көлбей көшіп құс жолын түбіт-бұлт,
Қалқа қызым секілді қырық қылық,
Ай төніп кеп тұрады тас төбемде,
...Үндемейді ол, бәрін де біліп тұрып.
Достарыңызбен бөлісу: |