Халел Досмұхамедов,
16 мизам 1922 жыл, Ташкент
Әдебиет бөлімі
ӘДІЛ БИ
Бір адам далада жол жағалап келе жатса, жайылып жүрген бір топ түйеге ұшырайды. Бұл
адам өзіне жол ашпақ үшін қолындағы таяғын түйелерге таман лақтырып жібереді. Таяғы
құрғыр ұшып барып, бір түйенің көзін шығарады. Түйеші жолаушыдан түйенің көз құнын
даулайды. Бұл бәледен құтылайын деп түйенің көзін ұрып шығарған адам тұра қашып бір
биік жардың кемеріне секіріп түседі. Сол уақытта жар астында көлеңкеде бір қарт кісі
ұйықтап жатқан екен. Қашқын секіріп түскен салмағымен бишара қартты басып өлтіреді.
Мұны сол маңда жүрген қарттың баласы көріп қалады.
Жолаушы қашады. Мұны түйеші мен қарттың баласы қуып келеді. Сорлы қашқын бір
дарияның жиегіне келіп жетсе, қайықшыға ұшырайды. Сасқанынан қайықшыға «мені
дарияның аржағына шығарып сал, бір ширек ет берейін» дейді. Қайықшы қашқынды
құрғаққа өткізеді. Ал енді қашқынның қайықшыға беруге еті жоқ. Не қыларын білмей
дағдарады. Қайықшы қашқынды жағасынан алып жібермейді. Сөйтіп тұрғанда кейінгі екі
даугер келіп жетеді. Даугер енді үшеу болады: біреуі түйенің көзін, екіншісі атасының
құнын, үшіншісі қайық пұлын сұрайды. Қашқын не қыларын білмейді.
Қайықшы қашқынға айтады:
Егер төлеуге етің болмаса, аяғыңның балтыр етін кесіп бересің.
Бұлар қанша дауласса да келісе алмайды. Ақырында сол маңдағы бір данышпан биге
барып жүгінеді.
Би түйешіге айтады:
35
Әй, балам! Бір түйені мен анадай жерге тұрғызайын, сен қолыңа таяқ алып, сол
түйенің көзіне дәл тигізсең, түйенің көзі түгіл, бүтін түйенің өзін үкім қылайын.
Тигізе алмасаң, өзің жазалы боласың.
Бұл сөздерді естіген соң, түйеші ойға қалып дауынан кешіп кетіп қалады.
Би енді қарттың баласына айтады:
Шырағым, мен осы адамды (қашқынды) жардың астына жатқызып қояйын. Сен
жарға шығып, үстіне секіріп түс. Егер өзіңнің салмағыңмен қашқынды өлтірсең,
мен саған өз жанымнан әкеңнің құнын төлейін. Өлтіре алмасаң, өзің өлесің.
Бұл сөздерді есітіп қарттың ұлының зәресі ұшып, құн даулаудан қашады:
Ал енді жалғыз-ақ қайықшы қалды. Данышпан қайықшыға айтады:
Мынау адамның балтырынан бір ширек ет кесіп ал. Бірақ, бір ширектен бір мысқал
артық та, кем де болмасын: мұнан не артық не кем болса, өз обалың өзіңе, басыңды
аламын.
Мұны есітіп қайықшы қашады.
Бұл ертегіге қосымша бір нақылият өлең бар, соны төменде айтып өтелік:
Адал бидің алдынан іс кетпейді,
Жәбірлікті нәпсі үшін істетпейді.
Ердің құнын екі ауыз сөзбенен айып деп,
Абыройын кісінің еш төкпейді.
Қалар жақсы түйені түйе дейді,
Жөнін тауып әр істің жүйелейді.
Жаман болса төрешің ептей алмай,
Ақ ісіңді қаралап күйелейді.
Дұшпандарды жақсы Би дос қылады,
Дауыңа дау жаман Би қостырады.
Бұл бір мақал: «Киікті ата алмаған»,
Атамын деп үркітіп бостырады».
Ұрысқанды жақсы адам табыстырар,
Ақылменен жапсарды қабыстырар,
Жаман адам от қылып жандырмаққа,
Сөніп жатқан шаланы қағыстырар.
Жақсыларға жалқын от сөз болады,
Жатқан бәле жаманнан қозғалады,
Жақсы менен жаманның парқы басқа.
Айта берсең бір талай сөз болады.
Әбубәкір Диваев
36
ТАУАСАР ЕСЕПШІ
Шұбар қыстаған жылы қыс қатты болып, пішен - шөбі таусылып, шаруасы күйзелетін
болғандықтан, Айдос мырза пішен - шөп іздеп Есіл бойындағы қыстау басқан елге келеді.
Мұнда келсе, оңып тұрған шаруа жоқ. Бәрі де қысылған. Айдос мырза өзінің қонып,
тамағы сыйлы болатын жерді көздеп, осы ауыл тәуір шығар деп, биесінен төмен түсіп бір
ауылға жақындады. Жайылған қойдың ішінде тайжақы киген бір кісі күрекпен қарды
аударып, астындағы шептерді қойларға ашып беріп жүр. Е, мынаның еңбегі өзгелерден
артық екен деп, таң қалып:
Ассалаумалайкум! Япырмай, осынша көп малта қарды аударып, астындағы шөпті
қалай жегізесіз?
Әлейкісалам! Әй, тентек шіркін, қарды бүгін аударамын, ертең аударамын, арғы
күні қолыммен күресем де бұл жатқан қарды жоғалтып, жерді қарайтпас па
екенмін.
Уа балам, жолың болсын! Қай ауылдың баласы едің?
Ата, Шұбар қыстаған арғын едік. Мен Садақбайдың баласы болам. Атым - Айдос,
біздің де шаруамыз күйзелген соң, қыстау елден шөп іздеп шығып едім. Есіл
қыстаған елдің де пішен - шөбі таусылған екен. Таба алмадым. Енді рұқсат болса,
сіздің ауылға қонғалы тұрмын. Өзіңіз кім боласыз, ата?
Балам, найман Тауасар деген есепші мен болам. Қонам десең, ауыл осы, Айдос
мырза.
Найман Тауасар есепшінің үйіне қонып отырып, япырмай ата, айтқаның келсе
жақсы болар еді. Қар кетсе жер несібелі мал көкке өлмей жетер еді ғой. Егер осы
айтқаныңыз келсе, бір ат мінгізер едім, - деді Айдос мырза.
Тауасар есепші:
Уа, балам, ертең жоқ, арғы күні қарды кетіріп, жерді қарайта алмасам, түйемнің
ішінде бір қара бурам бар. Атыңды өзіңе қайтарып, үстіне қоса берейін, - депті.
Есепшімен уәделесіп, Айдос мырза еліне қайтқан. Айдос мырза жолда келе
жатқанда құбыладан соққан алтын күрек қардың бірегесін ала бастайды. Келер күні
еріген қардың құйғаны Есілдің суын қызыл көбіктендіріп тасыттыра бастайды. Жер
қарайып, мал тырбаңдап, жаны кіріп, шаруаның көздері жарқ етіп ашылды. Көгеріп
көк шықты. Қой сауылды. Қатық молшылық. Бір күндері ауыл қыстаудан 3-4 көшіп
қонған еді. Айдос мырза кешқұрым ауыл сыртында қой ішінде қойшымен тоғыз
құмалақ ойнап отыр еді. Қара бурасы астында Тауасар ауылға қарап өтеді. Бұрын
ойнап жүріп ұтылмайтын Айдос мырза тоғыз құмалақтан жеңіліп ұпай жеді.
Есепшімен болған жұмысты атасына айтпаған жері тағы да бар. Не қыларын
білмей дал болып, ұялып өзінің отауында бұғып отыр еді.
Атасы Садақбай:
Айдос, Айдос! Қайда кеттің, үйге кісі келгенде? Шіркін, келінді жаңа көріп пе ең,
кел мұнда, - деді.
Мырза:
Япырмай! Атты қандай қылып беремін, - деген ұялыс тұрмыспен үйге сәлем беріп
кіріп, аман-есен айтысып отырады. Қонақтың тамағын сыйлап жатқызды. Таң атты.
Жүрмекші болып, Тауасар мырзамен болған баяғы уәдені баяндап қарқ-қарқ күлді.
37
Садақбай ойланып отырып:
Уа, Тауеке, мырзаны өтірікші қылмайын олай болса, жылда мені жұтқа жұтатпай,
мен саған жыл сайын осы уақытта бір ат берейін де тұрайын, - депті.
Тауасар:
Жарайды! Мен айтқан жерді жайласаң, менің айтуымша көшсең, менің тіліммен
қыстасаң, егер жұтқа шалықсаң атыңа ат қосып қайтарайын, - дейді.
Мақұл - мақұл десіп, хош деп, ат жетелеп қайтты. Сонан бұлай Айдос мырза Тауасар
есепшінің айтуымен жайлап, күзеп, қыстап жүріп жұттардан аман шығып малы өсіп, өніп
кетеді. Жылда көктем кезінде Тауасардың бір аты даяр. Бір жылы Тауасар жылдағыдай
ақылын айтпапты. Бұл жарықтық қарияға не болды екен, өлі - тірісін білейінші деп Айдос
мырза іздеп келсе, Тауасар басын шытпен тартып қасық шауып, мұрындық жонып отыр
екен.
Сәлемдесіп, есендескеннен соң:
Уа, ата, биыл неғып келмей кеттің, аурудан амансың ба? - деді мырза.
Тауасар:
Жоқ, балам! Менің жылдағыдай мазам жоқ. Жаз бен қыс айларының қабатындағы
тәжірибелерді алжасып қалып, есебімнен жаңылып, шамамен айтайын десем,
өтірікші болам ба деп тартынамын. Есебімнен жаңылғаныма қарағанда, өзім пәлен
айдың пәлен күнінде өлемін, я болмаса сен осы биыл қыстан жұтайсың, - депті.
Айдос мырза жұттан аман шықты. Тауасар есепші өзінің айтқан айының күнінде қаза
тауып, жамбасы жерге тиіпті.
Мұғалім Рахат Төлешұлы
ШОЛПАНҒА
Жаңа шықты, нұрлы Шолпан жарыққа,
Таратуға нұр сәулесін халыққа.
Ай да туып, күн де шықты оңынан,
Кім адасар бұл үшеуі жарықта.
Бәйгі алмайсың топқа тосып жарыспай,
Қарсы шығып, надандықпен алыспай,
Міндетіңді мойынға алған атқарып,
Шық жарысқа, қатарыңнан қалыспай.
Оңға баста, түзу жолға төтелеп,
Өрге сүйре, шабандарды жетелеп.
Ел сана, біз де сонда қосылып,
Өнер, білім жолын қуып кетер ек.
Кім қызбайды, ұран салсаң намысқа,
38
Кім ат қоспас ұлы бәйге жарысқа,
Жалқаулық пен еріншекке жолама,
Жетер жерің, тоқтар күнің алыста.
Ел қуанды, шыққаныңа сүйініп,
Құлақ салды, жас пен кәрі жиылып.
Қараңғыда кейін қалған халқыңа,
Үлгі көрсет ықыласпен иіліп.
Жол басшы боп, алға түсіп бастасаң,
Лайықсыз ескі әдетті тастасаң.
Ел бастаған бағытыңнан жаңылмай,
Қиын, қиғаш, қиялардан қашпасаң.
Сонда халқың өңіп көзі ашылмақ,
Білім нұры жұртқа тегіс шашылмақ!
Өнер біліп, кейінгі жас жол тауып,
Туын жығып, надандықты қашырмақ.
Жол басшы деп сонда кәміл сенемін,
Бір тартынбай жетегіңе еремін:
Барын тастап ескі ғәдет - салтымды,
Ерінбестен күн түн қатып желемін.
Қазақта да газет-журнал көп еді,
О да бастап елдің қамын жеп еді,
Туса Шолпан, нұр сәулесі жалтырап,
Адаспайсың, таңда жақын деп еді.
Үмітің зор, Кап тауындай талабың,
Тым қараңғы, сәулесі жоқ алабың:
Надандықтан құтқаруға халқыңды,
Сөзің еркін, болсын күшті қаламың.
Ғабидоллаһ Балақадырұлы,
Ташкент
АЗИЯ
(Европаға)
Сұм Европа арам, залым тас болдың,
Бүліншілік, жауыздыққа бас болдың,
Адамзатқа жол көрсеткен ерлерге,
Неге мұнша, уа Европа қас болдың?
Зина, сату, арамдықта шіріген,
Жан - тәніңді, мерез толып іріген.
Орап көрген перделермен жасырдың,
Сұмдығыңды дүниеден асырдың.
Өзі әдепті, һәм сыпайы сөзіңе,
39
Сырты көркем маңызданған өзіңе,
Сыртқы жұрттар шыны осы деп танғандай,
Көңілі толып, көзі тойып қанғандай.
Балаларың бірін-бірі шабысты,
Сұм жыландар ысылдасты, шағысты.
Өлтірісіп, қарындасын қандасын,
Күліп ойнап іле артынан табысты.
Мұны неге, уа Европа! көрмейсің?
Мұнша неге дұрыстыққа көнбейсің?
Қара пәле тұншықтырды әлемді, —
Қарындасқа қолың үшін бермейсің?
Мен жібердім семитімнен Мұсаны.
Ибраһимді Дәуіт пенен Исаны.
Жіберіп һәм көп пайғамбар мен саған,
Ақырында Мұхамедті жұмсағам.
Адамзаттың шыңырауға батқанын,
Былғанышта ұяласып жатқанын,
Әуелден-ақ, құтқарушы сен бол деп,
Семитімнің ұрпағына артқанмын.
Халық жолды дін деп атап ашты олар.
Бар әлемге жарықтарын шашты олар.
Адамзатты құтқаруға пәледен,
Мехнет шекті, төкті талай жасты олар.
Алға қарсы хақиқатқа тұрдың сен,
Ақырында мұндай сұмдық құрдың сен:
Иса жолын алған болып сен залым,
Өтірікке хақиқатты бұрдың - сен.
Өзіңменен тұрмай залым аздырдың,
Көп баламды тура жолдан жаздырдың.
Сұмдығыңа, құлдығыңа үйреттің,
Былғаттың сен, араластың сиреттің.
Талай сені, адамдыққа шақырдым,
Көбін саған мен жұмсадым ақылдың.
Көнбеген соң, туысқандық сөзіме,
Талай саған қылыш алып ақырдым.
Мен жібергем қару-сайман жарақпен:
Ғұн, Мадияр, Болғар, Маур, Араб пен
Түрік, татар, моңғолды көргенсің;
Олар сені ұшықтаған садақпен.
Күндер өтті, сен жөніңмен тұрмадың,
Дүниені жауыздықпен шырмадың.
Қара пәле тұншықтырды әлемді,
40
Адамзатқа адамшылық қылмадың!
Тазартуға, дүниенің ластығын,
Жібітуге жүрегіңнің тастығын.
Семитімнің көп ұрпағын тағы да,
Жұмсадым мен Маркс қылып бастығын.
Семитімнің балалары жылайды,
Тозған жалпы сорлыларды құрайды.
Жан иманын бәйгі қылды көп үшін,
Дәтің қайтып, енді шіркін шыдайды?
Сұм Европа! Енді жібі тас болма!
Кәрі жәллеп! Енді өтірік жас болма!
Семитімнің балалары қиналды,
Кел бауырым! Енді оларға қас болма!
Тепсінбесең паң ғып ұстап өзіңді,
Таңдамасаң бұл жалынған сөзімді,
«Күшпен үйіріп мынаны!» деп жұмсармын,
Монғолымды, - қиғаш садақ көзімді.
Монғол талай асауларды үйреткен,
Талай көрдік омыртқасын күйреткен.
Арқан салып, мойнына талайдың,
Тақымымен ойға - қырға сүйреткен.
Орнымен құртқан, талай қаланы,
Өрт жүргендей қылған талай даланы.
Шикі ет жеген, алақандап қан ішкен,
Найза ұшына ілген талай баланы!
Монғолымның адам қорқар ісі бар,
Найзасының қайтпас болат ұшы бар.
Тағы арыстан ашуменен ақырса,
Жер менен көк қалтырайтын күші бар.
Қой бауырым! Әлі де болса, тас болма!
Бүліншілік, жауыздыққа бас болма!
Семитімнің балалары бастады,
Ер соларға, енді оларға қас болма!
Сәкен,
1922 жыл, 10 июнь
ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚ-АҒАРТУ ІСІ
Өткен күндерде Түркістан халық - ағарту істері жаһангерлермен жүргізілген түрлі
тәжрибелерді басынан өткізді. Әрине, ол жаһангерлердің ұстаған түп мақсаты - ұсақ
ұлттардың ұлттығын жойып, заң ресімін құртып, өз дініне кіргізбек еді. (Мәселен, осы
күні Алжирдегі француз школдары, англия школдары). Түркістандағы жергілікті орыс
школдарының да көздеген мақсаты да сол болды. Бұл жұмыстың сол бағытта екенін соңғы
41
кездердегі шыққан жобалардан қарап, байқап тексермей-ақ, тарихи қимылынан һәм онан
да гөрі солай екенін хүкімет тарапынан болған бұйрықтардан ап-анық білуге болады.
Бұған Уфа ағарту министрінің 1870-жылда шығарған тәртіп құралдарын оқып көрмек
керек. Соның 343-бабында, 835-бетінде мынадай дейді: «Әрине, бір жергілікті халықтың
ортасына оқу халық ағарту ісінің жүргізіп отырғандағы мақсатымыз - ішімізде отырған
бөтен халықтарды орыс қылып өзімізге қосып алмақ. Ұлттықты жойып, өзіне қосып алу
деген жол мұнан артық қандай болады». Патша заманында Түркістанда жүргізілген халық
ағарту істерінің тарихына көз салсақ, шірік саяси жолмен ғана білдірмей келе жатқан.
II
Түркістанда әдептен қазақ-қырғыз үшін арналып ең әуелі Ақмешіт қазағы уездерінде орыс
мектептері ашылды. Ол мектептердің жобасын төтенше жобаның даусы положениені
негізіне алайық. 1862-жылы Орынбор мен Самардың генерал-губернаторы Бизаков
бекітті. Бұл мектептерде Отан тіл қоспастан орысша тілмен оқытылуы міндетті болды.
Ілгері қарай қадам басқан сайын мектеп басшылары мүмкін қатар ептеп өз көрпесінің
ішіне кіргізуге тырысты.
1868-жылы Түркістан генерал-губернаторы Кауфманның бекіткен жобасы: Балаларды
орыстікі, қазақтікі демей барлығын бір даярлап келешекте ұлтқа бөлініп, мұсылман
школдарды орыс школдарынан бөлектенбес үшін оқудың негізгі жолына орысша тілді
мұсылмандікіне де қосып, барлығын орысша оқытуға керек деген.
Әрине, бұл жобалар шым-шымдап өзіне қарай тартуға себеп болса да, құрған мақсатын
тегіс орындай алмай, мұсылманды түбінен қопарып өзіне қоса алмады. Енді не қылу
керек? Тағы да бөтен шара қарастыру керек болды.
1870-жылы барлық аймақтық оқу ісін басқару үшін, төбе ағасы Брутский қылып бір
комиссия сайланды. Комиссия жасап шығарған жобасының ішінде мынадай дейді:
Аймақтағы халық ағарту ісінің түп мақсаты, жалғыз орыстың керегін ғана түгендеу,
бағыттау болу керек!.. Ол қай керегі екен? Ол керегі баяғы, 363-бапта айтылған керек.
Сөйтіп ағарту ісін қу қазыққа байлап, хүкіметтің ызғарлы қарауылдарына бақтырып
қойған. Түркістан аймағындағы халық школдарының инспектор басшыларының
қолдарына берілетін нұсқасының 21-бабында тағы мынандай дейді: Хүкімет ақшасы мен
яки, оның жәрдемі мен ашылып тұрған басқа діндес халықтар, школдарының
басқарушыларын инспекторлар қырағы көзімен бақылап, аңдып отыру керегін һәм оларға
бөтен діндес халықтардың ұлттығын сақтауға себепші болатын школдың жобасына
кіргізілген шарттарды шығарып тастап, сауысқаннан да сақ болсын.
Міне, сөйтіп, байқатпай ғана бір ұлттың ұлттығын жойып, мәдени жолынан шығарып
өзіне қосып алуға жақындап қалған. Ол заңды өздері қарап мақсаттарын орындау үшін
аяқтарымен таптады. Мұның жолын халық сезіп, мектеп істеріне дұшпан көздерімен
қарап, балаларын оқытуға тартынып беретін болды. Тіпті бермейін десе де тіршілік оқу,
өнерсіз жүрмейтін болды.
III
Октябрь төңкерісіне таянған кезде Түркістан халқы әсіресе, қазақтары ілім керектігін
анық біліп, балаларын жаңа тәртіп жолына лайықтап құрылған мектептерде оқыту үшін
42
Уфа, Қазанға жібере бастады. Октябрь төңкерісі болып, патша заманында қолданып келе
жатқан саяси жолының бөгеті бұзылып, кім қайда оқыса ерікті болды. Жерлі жұрттардың
тілі шет халықтың тілдерімен теңелді. Сөйтіп Октябрь төңкерісінен кейін кеңшілік болып,
һәр ұлт өз туған тілінде өнер үйреніп, білім тауып, мәдениет жолында алдыңғы қатардағы
жұрттарға жету қамына кірісті.
Кеңес хүкіметінің оқу оқыту ісі туралы істеген жақсылығы ілгері тіршілікте яки, тарихта
болмаған ісі еді. Сондықтан оны ұялғандай қылып орындау үшін көп қаражат, үлкен
бейнет істеу қажет болды. Кеңес хүкіметі аянған жоқ. Бірақ кемістік, жоқтық күннен-
күнге асты. һәм қайратын салып қарманғанменен, хүкіметтің қолынан халықтың мұң-
мұқтажын орындау келетін емес. Бұған халықтың, өздерінің қарасулары керек. Мұны
халық ұғынуы керек. Қалтасынан соқыр тиын сұрауға қиынсынбай, қалтырап
ауырсынбай, игілік істен тартынбау керек. Сөйтіп, көптің көшімен ілім қорғанын тұрғызу
қажет.
Енді бақыт жұлдызы туып, ілім таңы атып, тұрмысымызға жол ашылсын. Түзелсін, һәм
қазақ халқы мұны қуанышты өлеңмен қарсы алуы тиіс.
Сұлу батыр
БҰЙРЫҚ, ЖАРЛЫҚТАР
Түркістан Кіндік атқару комитетінің, 1922-жыл 5-сентябрьде шығарған ІІІ-нөмірлі
қаулысы:
Түркістанда еңбек мөлшеріменен жер пайдалану туралы бүкіл Россиялық кіндік
комитетінің төмендегі негізгі заңы Түркістан аймағында қолданылсын.
Түркістан Кіндік атқару комитетінің бастығының орынбасары:
С. Қожанов
Хатшысы: Юмакаев
Түркістанда еңбек мөлшеріменен жер пайдалану негізгі заңы: Бүкіл Россиялық Кіндік
атқару комитеті жанындағы жер істері, құрама комитетінің һәм Түркістан Кіндік атқару
комитетінің барлық мүшелерінің 2-жалпысы жиналысында қабыл етілген, жергілікті
шарттарға қарай, еңбек мүшелеріменен жер пайдаланудың негізгі заңына кіргізген
Түркістанда еңбек өлшеміменен жер пайдалану туралы өзгертулерін қарап һәм Россиялық
Кіндік атқару комитетінің бас құрамасының автономиялы һәм, ортақтас Республикаларда
жер дауларын шешушінің тәртіптері туралы, 30-июльде 1912-жылда шығарған қаулысы
бойынша, Түркістанда төмендегі ретте еңбек мөлшеріменен жер пайдалану негізгі заңын,
Россиялық Кіндік атқару комитеті қабыл етеді:
1-баб
Еңбек мөлшеріменен жер пайдаланудың тәртіптері туралы:
1) Осы заңның 5-бабына ылайық пайдалану үшін бекітіп жер алған әрбір жер ұйымының
жасы толған мүшелерінің (еркек - әйел демей тең 18 жастағылардың) көпшілігінің қарары
бойынша, жер пайдалануды қайсы түрін қолданамын десе де ықтияры бар.
Жер ұйымының ішінде жер пайдалану түрлері мынадай болса керек:
43
а) Көп арасындағы жерді үй басына кезінде бөліп алу реті;
б) Белгілі бір аудан жердің ішінде әр үйдің өзіне тиісті жерді бөліп және де меншікті жері
бір ауданда болса да аудан ішінде әр жерде яки бөлек-бөлек болу;
в) Көш бір кетіп жерді үлкейтіп, ортақтық ретіменен жерді пайдалану жолы;
г) Бір аудандағы әр жердің ыңғайына қарап, түрлі-түрлі ретпенен аралас пайдалану жолы;
д) Бұрынғы дихандардың һәм байлардың мүлік етіп алынған жерлерінде отырған
диқаншылық ұйымдарында, ол жерлер уақытында жер бөлімдерінің яки, кеңестер
съездерінің қарарыменен берілген болса, жер пайдаланудың қандай түрін қолданса да
ықтияр беріледі;
Диқаншылық ұйымынан шығамын дегендер диқаншылық ұйымының хүкіметтен қарызға
алған ақша яки, мал жәрдемінің өзіне тиісті сыбағасын қайтып беріп кетуге міндетті.
Ескерту: Халық арасына бөлінбей, түрлі мекеме ұйымдарына берілген жерлерге орнаған
диқаншылық ұйымдарының бітуі шарт. Тәртіптері, әдебі өз алдына шығарылатын
нұсқаларменен белгіленеді.
4) Срогы толып, жерді қайта төлеуде көпшіліктен шығамын дегендер болса, көпшілік
ықтияр. Бермесе, шығуға ықтияр көпшіліктен айырылып шығушылардың бір орнынан
өздеріне тиісті жерлерін алуға ықтиярлы бірақ, жер берілгенде жердің маңызы еске
алынып, бөлініп шығушыларға жер пайдаланудың керекті түрін қолдануға ықтиярда
берілмейді.
5) Срогы толмай-ақ, көпшіліктен шығамын дегендер болса, көпшіліктің ықтиярыменен
шығуға ерік беріледі. Уақыты толмай-ақ көпшіліктен шығамын дегендерге, көпшілік
ықтияр бермесе де, көпшіліктен шығуға ерікті. Бірақ, барлық шығушылардың саны,
барлық Россиялық Кіндік комитетінің қасындағы жер құрама комитеті менен ТурЦиктің
Түркістанның һәр ауданына белгіленген санынан кем болмауы тиіс.
Бос һәм бөлек жатқан жерлерге бөлініп шығамын деушілерге әр уақытта ерік беріледі.
Бірақ, көпшіліктен шығамын деушілердің шығатындығынан көпшіліктің арасында жер
қайтадан бөлінбейтін болуы шарт.
Қосымша: Барлық Россиялық Кіндік атқару комитетінің жанындағы жер құрама комитеті
менен ТурЦиктің һәм ауданға лайықтап көпшіліктен шығамын деушілердің санын
белгілегенше, көпшіліктен шығамын деушілер болса, олардың саны көпшіліктің жалпы
санының бестен бірінен кем болмауы яки, 250 үйлік диханнан көпшіліктен шығатындар
50 үйден кем болмасқа тиіс.
6) Көпшіліктен шығудан ілгері барлық халыққа арналып жерді бөлу мөлшері белгіленеді.
Соның ішінде, егін һәм шабындықтар да тең бөлініп, көпшілікте шығушылар санына
қарай, жұрттың бәріне тең мөлшерменен тиісті сыбағасы беріледі.
Қосымша: Үй арқасындағы һәм үй салынған жерлерменен пайдалану үшін өз алдына
тәртіптер шығарылады;
7) Жерді бөлуде шығушылар, һәм қалаушылардың пайдасын тең ойлап, жердің берекесін
алмас үшін жерді бүйректесе арасына кісі жері қосылып бөлшектенбей жер арасы
44
қашықтанбай су һәм жолдарменен пайдалану жағы тағы бұзылмай, һәм жердің шекарасы
қисаймай осылар сияқты басқаша реттерде еске алынып бөлінуі тиіс.
Жер бөлініп шығудың жолдары осы қаулының ІІ-бөлімінде көрсетілген;
8) Көпшілік жер пайдаланудың бір түрінен екінші түріне өтіп, оның үстіне бөлініп
шығатындарды шығарып болған соң, тағы бөлінушілерді бөліп жердің тиесі болса тағы
бөлінушілерге ерік беріледі. Бірақ, ауыл үшін Совнаркомның 30-апрель 1920-жылда
шығарған қарарындағы шарттарын орынға келтірулері міндетті;
9) Жергілікті шарттарға һәм шаруаның ыңғайына қарай һәр облысқа яки ауданға
лайықтап, өз алдына жер мөлшерін белгілеу үшін облыс жер бөлімдерінің ұсынысы
бойынша, облыс исполкомдарға ықтияр беріледі. Бірақ жер мөлшерін белгілеу үшін жер
комиссариаты менен жер комитетінің разылығы болуы шарт.
Облыс исполкомдары жер мөлшерін белгілегенше, дихандар ұйымының мөлшерінің
көпшілігінің қарары менен қабыл алынған жер мөлшері қолданылады.
Облыс исполкомдардың шығарған мөлшері бойынша, дихандар ұйымының белгіленген
мөлшері менен бөлінген жерлердің уақыты бітпей қайтадан бөлінуі міндетті емес.
10) 20-апрель 1920-жылғы Совнаркомның қаулысына лайықтап жерді қайта бөлгенде,
бөлінетін көпшіліктің жері менен жалғас еңбекшіл жеке мүлікті дихандардың жерлері
жылжып жеті кесіліп яки, өзі бөлініп кетпесін;
11) Осы қаулыға лайықтап жер пайдаланудың бір түрінен екінші түріне өту үшін жерді
қайта бөлу һәм көпшіліктен шығушылар қолдану үшін төмендегі тәртіпті амалдану керек.
а) Әуелі мәселелер тиісті көпшіліктің мүшелерінің жалпы жиылысында қаралып өтеді.
б) Дау яки, наразылық болмаса көпшіліктің қарары уездік жер бөліміне білдірілген соң,
тіршілікке жүргізіле беріледі. Бірақ уездік жер бөлімі ондай жұмыстарды бір айдан қалмай
қарап отыруы тиіс.
в) Дау шықса, наразы жағы жер дауларын шешу үшін арнап шығарылған тәртіпке
лайықтап ізденуге ерікті. Дау ашылып жұмыс шешілген соң, жер мекемесі тиісті тиянағын
жазып қояды.
г) Осы законның 5-бөлімінде айтқан реттерменен көпшіліктен шығамын деушілер болса,
олар да осы «Б» һәм «В» бөлімшедегі жолдарменен қаралып тіршілік жүзіне шыға береді.
Достарыңызбен бөлісу: |