Жеңіс Оразай -
1998 жылы 10 – қаңтарда Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген. Өскемен қалалық «Шабыт» ақындар мектебінің мүшесі.
Журналистика мамандығының 3-курс студенті.
* * *
Ахау керім! Көңілде ырғалар мұң.
Қиялымда ой бардым, қырға бардым.
Оңашада жаныммен сырласуға,
Он минутын өмірдің ұрлап алдым.
Күреңімнің кіршіксіз төбеліндей,
Бір сезім бар жүректе... Өлеңім бе, ей?
Әдебиет - әкемнің арда атына,
Дақ түсірмей, дариға, келемін бе, ей?!
Қайран қала, барады тұманы үдеп,
Қайтқан қазым көз жасын бұлады көп.
Қызы кеткен ауылдай күңірене,
Береді екен несіне мына жүрек?
Біз қалаған, білемін, жазылмайды ән.
Өмір деген қып-қызыл әзір майдан.
Жазғытұры жауған қар секілденген,
Көңіл бар ед әуелде. Қазір қайдам...
Секілденіп келіп ем сайып қыран,
Жүрегімнен тым мұңлы айықты ма ән?
Бәрінен де жалықтым, ертең таңғы,
Автобуспен ауылға тайып тұрам.
Жеңге
Тағы мұңлы қоштасуды қалай ма?!
Бұл қараша кетем дейді қалайда.
Су сұрасам айран беріп жеңешем,
У сіміріп жүрсің өзің алайда.
Менің де аққа белгілі ғой жар(ы)ғаным…
Жүрегімді шоқып ылғи қарға мұң.
Жылы күзді сен әлі де күтесің,
Жылы жаққа кету - менің арманым.
Сағат санап солды неге өңді рең?
Жеңге, жеңге тоңды жаным, тоңды дем.
Қарашығың қара түнді суарған,
Шақтарыңды Ол білмейді, Мен білем.
Жеңге, жеңге түсімде әлде өңімде,
Сынған айна сезімің бе, сенім бе?
Сенің ояу көздеріңді кезген Түн,
Тамағымды тырнап кеткен менің де.
Өкіндірген, өшіктірген, жандырған,
Тек сағыныш Түн ішінде жаңғырған.
Бірге қашып кетсек деуден қорқамыз,
Ол кісіден…Одан бетер Тағдырдан.
Сенің жаның осы күзді қалай ма?
Мен кетемін жылы жаққа, алайда.
Қара түнде қанжылаған қараша,
Жылатамын деп тұрғандай қалайда.
Сайтанкөбелек
Осы түн бозінген жыр боталады.
Бұлт мұңын жанарыма қотарады.
Сарылып жеткен сайтанкөбелегім,
Кірпігімнің ұшынан от алады.
Үркектей үнсіз қалам, тосыламын.
«Әй, қайда соғар» демен осы лаңым.
Сабалап күйіп жатқан қанатымен...
Ән салады Ол,
Мен оған қосыламын.
Солайша күн өреміз, түн өреміз.
Бұрымына жұлдыздың гүл өреміз.
Бос қабірдің тасына басымызды,
Сүйеп алып (неліктен?) түнереміз.
Соңғы айтқаны Дала, Жел, Тау болатын.
Ал сауғала жүректі, сауғала түн!
Жылай да алмай кеткен-ді қоштасарда,
Қолыма ұстата сап сау қанатын.
Алжасып біткен шақта ақылым да,
Күл болып кетті түннің жатырында.
Ол менің тағдырым ба дей беремін,
Өз отына өртенер ақырында.
Әй, Сайтанкөбелек-ай!
Достарыңызбен бөлісу: |