Зерттеу жұмысының өзектілігі. Көркем әдебиет – күрделі жанр, сөз өнері. Оған жазушының қаламгерлік даралығы, танымдық қабілеті, білімі, қоршаған ортасы, өмір сүріп отырған заманы тәрізді факторлар ерекше әсер етеді. Сол себептен де болар, көркем мәтінді аудару ерекше қиындық туғызады.
Көркем аударма, оның ішінде көркем проза тілі фразеологизмдерінің тіларалық берілу ерекшеліктерін аударматану және этнолингвистика ғылымдарының ұштастығы негізінде зерттеу мәселесіне кейінгі кездері көңіл бөліне бастады.
Соңғы жылдары отандық аударматану саласындағы ғылыми ізденістерде көркем шығарма тілін талдау, түпнұсқа мен аударма сәйкестігі, аударма сапасы, тілдік бірліктердің аудармада берілу амалдары т.б. тәрізді мәселелер жан-жақты қарастырылып келеді. Оның себебі түсінікті де. ХХІ ғасырдың жаһандану үдерісі барысында Қазақстанның өзге елдермен экономикалық, әлеуметтік, серіктестік қарым-қатынасының кеңеюіне байланысты өзге ел өкілдерінің қазақ ұлтына, тарихына, тіліне, мәдениетіне деген қызығушылығы артты. Ал еліміздің, ұлтымыздың, тіліміздің байлығын, ерекшелігін көркем шығарма арқылы таныстыру тиімді және бірден бір дұрыс жол деп ойлаймыз. Сол себепті шығарма тілінің барлық нормаларына сай ұлттық, мәдени, тарихи мәліметті ұтымды жеткізе алатын сапалы аударма жасаудың маңызы зор.
Диссертациялық зерттеу жұмысы қазақ көркем мәтініндегі фразеологизмдердің этномәдени семантикасының ағылшын тіліне берілуін зерттеуге арналған. Ағылшын тілі – халықаралық, жаһандану және мәдениетаралық коммуникация тілі. Сол себепті халықаралық қатынастарды нығайту, өзге ел халықтарын әдебиетіміздің өнегелі үлгілерімен таныстыру мақсатында көркем аударма сапалы орындалуы шарт. Аталмыш диссертациялық жұмыста орыс тілі «дәнекер тіл» ретінде алынды. Ғылыми жұмыста бірнеше тілдің салғастырылып қаралуы, талдануы таңдалып алынған нысанның түбегейлі зерттелуіне септігін тигізеді деп ойлаймыз.
Диссертациялық зерттеу жұмысы аясында қазақ көркем мәтініндегі фразеологизмдердің орыс және ағылшын тілдеріне аударылу әдістерін, аударылу сапасын салыстыра, салғастыра зерттеу арқылы этномәдени семантиканың толыққанды және барабар берілу дәрежесі анықталды. Зерттеу барысында фразеологизмдердің ішкі формасы, мағынасы күңгірт, тілде сиректеу қолданылатын компоненттерінің этимологиясы анықталып, тілдік бірліктердің этномәдени семантикасы жан-жақты талданды. Жоғарыда аталғандар және көркем мәтіндегі фразеологизмдердің этномәдени семантикасының, оның тіларалық берілуінің отандық аударматану саласында алғаш рет арнайы зерттелуі жұмыстың өзектілігін көрсетеді.