Көмек беру Тек қонақтың ішіндегі кедей күйін жақсы түсінетін есті-басты адамдар ғана Сейіттің сырын аңдып, жең ұшынан жалғасып, азды-көпті көмек етіп жүр.
Ым-жымы бір болып, ауыз жаласу Екеуіңе анық серттесіп айтар сөзім: жең ұшынан жалғасып, дүниеге сатылып жүрмеңдер, – деді Абай Жиренше мен Оразбайға [71].
Жоғарыда берілген мысалдарда фразеологизмнің ішкі формасы бір болғанымен, көркем шығарма аясында, қолдану мақсатына қарай екі түрлі мағынаны білдіретінін көріп отырмыз. Демек, бір ішкі форма бірнеше мағынаның қалыптасуына негіз бола алады деген тұжырым жасауға негіз бар.
Әр ұлттың өзінің даму тарихы, салт-дәстүрі, наным-сенімі ғасырлар бойы қалыптасып, тілінде көрініс тапқан. Осы орайда Г.Н. Смағұлованың: «Қазақ тіліндегі фразеологизмдер айналадағы қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарға этнос тұрғысынан баға беру, сипаттау арқылы сол ұлттың менталитетін, көзқарасын, дүниетанымын аңғартады» деген пайымдауымен келісеміз [46, б. 148].
Қазақ тіліндегі жерден жеті қоян тапқандай фразеологизмі халықтың наным-сенімі негізінде қалыптасқан. Бұл фразеологизмнің тарихы мен этимологиясына, ішкі формасына, уәждемесіне үңілетін болсақ, оның төркіні түркі тілдес алтайлықтар тілінде жатыр екен. Олар бас сүйегі бүтін өлген қоянды, тіпті болмаса, тек оның бас сүйегін тауып алуды жақсылыққа жориды. Ол баланың дүниеге келу рәсімімен байланысты деген сенім бар. Осындай бас сүйекті тауып алған үй иесі оны беліне байлап жүрген. Ал балалар саны жеткілікті шақта, оны қадірлеп, сандыққа салып, сақтаған. «Бақыт» күші оны тауып алған адамның үй ішіне ғана емес, оның малына да құт әкеледі деп сенген, яғни, қоянды береке, молшылықтың символы ретінде таныған [72]. Сонымен тұрақты тіркестің ішкі формасында, мағынасында жерден бір қоянның басы түгіл, жеті қоянның өзін тауып алғандай қуаныш деген астар жатыр.
А.Г. Назарянның пайымдауынша, фразеологизмнің ішкі формасы оның семантикалық құрылымын, семантикалық эволюциясын алдын ала анықтайды [73]. Ғалымның бұл пайымдауымен келісе отырып, фразеологизмнің мағынасы оның ішкі бейнесін құрайтын сөз тіркесін метафоралық тұрғыдан қолдану нәтижесінде пайда болады деп есептейміз.
Фразеологиялық бірліктердің этномәдени ерекшеліктеріне байланысты тілші ғалымдардың көптеген пікірлері бар. Сол пікірлерді негізге ала отырып, этномәдени семантикаға ие фразеологизмдерді анықтаудың төмендегі критерийлерін ұсынып отырмыз:
1) фразеологиялық бірлік құрамында реалия-сөздердің болуы (айрандай аптап, күбідей күптеп; алтын бесік; Elvis has left the building, barrel of laugh);
2) этномәдени семантика тұтастай алғанда фразеологиялық бірлік арқылы көрініс табуы мүмкін, яғни бұл жағдайда ұлттық таным ерекше орын алады (шәй қайнатым уақыт, ет асым уақыт, against the clock, in the doghouse).
Қорыта айтқанда, фразеологизмнің ішкі формасы және этномәдени семантикасы оның қай уақытта, қандай тарихи жағдайда пайда болғаны туралы мәлімет бере алады. Фразеологизмнің ішкі формасы денотативті, сигникативті және коннотативті мағыналардың тоғысуына ықпал етеді және этномәдени ақпараттың көзі болып табылады, сондай-ақ ішкі форма семантикалық деңгейде көрініс табады.
Фразеологизмнің ішкі формасы мен этномәдени семантикасын анықтағаннан кейін ғана оны дәл аударуға болады деп пайымдаймыз. Қазақ көркем мәтінін аудару, онда қолданылған фразеологизмдердің этномәдени семантикасын айқындау, тіларалық берілуін сараптау мәселесінің маңыздылығы мәдениетаралық қарым-қатынас тұрғысынан алғанда арта түседі. Осы бағытта әлі де көптеген ғылыми зерттеулер жүргізіп, тың тұжырымдарға қол жеткізуге болатыны айқын.