Фразеологизмнің этномәдени семантикасы – белгілі бір этносқа тән мәдени ақпараттың фразеологизм мағынасындағы көрінісі.
Фразеологиялық аналог – түпнұсқа тіл мен аударма тіліндегі мағынасына қарай барабар, бірақ бейнелілігі жағынан ерекшеленетін фразеологизм.
Этномәдени лексика – халықтың мәдениеті мен тарихы жайында құнды ақпарат көзі болып табылатын лексикалық қабат.
Этнолингвистика – этнос және оның болмысын тіл арқылы зерттейтін лингвистиканың дербес саласы.
Этнолингвомәдени асимметрия – екі тіл және мәдениеттер арасындағы сәйкессіздік.
Этнолингвомәдени симметрия – тіларалық және мәдениетаралық сәйкестік.
Этномәдени асимметрия – екі мәдениет арасындағы сәйкессіздік.
Этномәдени симметрия – екі мәдениет арасындағы сәйкестік.
КІРІСПЕ
Әлем тілдері мен мәдениеттері арасындағы диалогта аударма өнері ерекше маңыздылыққа ие. Қазақстан Республикасы, әсіресе, өз тәуелсіздігін алған кезеңнен бергі аралықта әлемде өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдерін өзінің ұлттық мұрасымен таныстыруға қатысты мақсат-мүддесін жүзеге асырып келеді.
Тарихи деректерге сүйенер болсақ, 1995 жылдан бастап әлемнің қазақ әдебиетіне деген қызығушылығы ерекше арта бастағаны байқалады. 1990-2000 жылдар аралығында ЮНЕСКО қамқорлығымен қазақ әдебиеті классиктерінің бірнеше мерейтойы өтті. Атап айтқанда, А. Құнанбаевтың 150 жылдығы (1995), М. Әуезовтің 100 жылдығы (1997), С. Мұқановтың 100 жылдығы (2000), Ғ. Мүсіреповтің 100 жылдығы (2002), М. Өтемісұлының 200 жылдығы (2003) т.б. Сондай-ақ қазақ классиктерінің бірнеше туындылары шетел тілдеріне аударылды. Осы орайда Абайдың «Қара сөздері», «Ескендір» және «Масғұд» поэмалары ағылшын және француз тілдерінде, А. Құнанбаевтың таңдаулы шығармалары түрік, қытай, кәріс және монғол тілдерінде жарық көрді. М. Әуезовтің бірнеше туындылары, олардың ішінде, «Абай Жолы» роман-эпопеясы Тегеран және Анкарада басылды. Абай және М. Әуезовпен қатар шетел тілдеріне М. Өтемісұлы, Ә. Нұрпейісов, О. Сүлейменов, Ә. Кекілбаев және М. Шахановтың шығармалары да аударылды.
Бүгінгі таңда отандық көркем аударма саласы қарқынды даму үстінде деп айтуға толық негіз бар. Н. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталған мақаласында: «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз» деп аударма мәселелеріне қатысты алдағы атқарылар міндеттерді нақтылады [1]. Осыған орай қазіргі таңда шетел тілінен қазақ тіліне бірнеше оқу құралы, көркем әдеби шығармалар аударылды және бұл игі бастама жүйелі түрде жалғасын тауып келеді. Сонымен қатар, елімізде қазақ тілінен әлем тілдеріне аударма жасау мәселесі де белсенді түрде жүзеге асырылуда. Қазақ әдебиеті классиктерінің үздік туындыларын әлем тілдеріне аудару, тәуелсіз еліміздің тарихымен, салт-дәстүрімен, рухани қазынасымен әлем жұртшылығын таныстыру мәселесі тілші-ғалымдар мен аудармашыларға үлкен жауапкершілік артып, алдағы бірнеше онжылдықтарға созылар маңызды әрі күрделі істің бағыт-бағдарын айқындауға негіз болды.
Диссертациялық жұмыс аясында қазақ әдебиетінің классигі, жазушы, аудармашы М. Әуезов шығармаларының орыс және ағылшын тілдеріне аударылуы, нақтырақ айтсақ, түпнұсқа мәтіндегі фразеологизмдердің этномәдени семантикасының тіларалық берілуі мәселесін жан-жақты қарастыруды мақсат тұттық. Көркем сөз зергері М. Әуезовтің шығармалары әлемнің бірнеше тілдеріне аударылды. 1953 жылы «Абай Жолы» роман-эпопеясы ағылшын және неміс тілдерінде жарық көрсе, кейін бұл бірегей туындымен Болгария, Польша, Чехословакия, Венгрия және Румыния халықтары өз тілдерінде оқу мүмкіндігіне ие болды.
«Абай жолы» роман-эпопеясын қазақ тілінен орыс тіліне аударуға бірнеше маман атсалысқан, атап айтқанда, 1-бөлімін А. Никольская, Т. Нуртазин және Л. Соболев, 2-бөлімін А. Никольская және Л. Соболев, 3-бөлімін Л. Соболев және 4-бөлімін Н. Анов, З. Кедрина сынды аудармашылар жүзеге асырды. Бірінші кітабы 1942, екіншісі 1947, үшіншісі 1952, төртінші томы 1956 жылы жарыққа шықты.
Сондай-ақ зерттеу жұмысы барысында «Абай жолы» романының 2007 жылы А. Ким жасаған аудармасы да салыстырмалы негізде қарастырылды. «Абай жолы» роман-эпопеясының орыс тілінен ағылшын тіліне аударылған екі нұсқасы бар екені анықталды, олардың екеуі де Л. Соболев бастаған аудармашылар тобының орыс тіліндегі аудармасының негізінде жасалған. Бірінші нұсқасы екі кітаптан тұрады, аудармашы – Л. Наврозов. Екіншісі бір кітаптан тұрады, қысқартылған нұсқа ретінде Progress Publishers баспасы тарапынан ұсынылған.
Достарыңызбен бөлісу: |