Зерттеу жұмысы нәтижелерінің талқылануы мен жариялануы. Диссертациялық зерттеу жұмысының тақырыбы бойынша 17 ғылыми еңбек жарияланды. ҚР БжҒМ бақылау комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда 5 мақала, Қазақстанда және шет елдерде орын алған халықаралық ғылыми конференция материалдарының жинақтарында 7 мақала, шетелдік ғылыми журналдарда 3 және Scopus дерекқорына енетін журналдарда 4 мақала жарық көрді.
Диссертациялық зерттеу жұмысының негізгі мазмұнын құрайтын тұжырымдар мен нәтижелер төмендегі ғылыми-практикалық конференция материалдарының жинақтарында және шетелдік ғылыми журналдарда жарияланды: «Фундаментальные и прикладные исследования в современном мире» (Санкт-Петербург, 2015), «Білім және ғылым-2016» (Астана, 2016), «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ 20 жылдығына арналған ғылыми - практикалық конференция» (Астана, 2016), «Традиции и инновации в современной науке» (Мәскеу, 2016), «Scientific enquiry in the contemporary world: theoretical basiсs and innovative approach» (Сан-Франциско, 2016), «Современные научные исследования и разработки» (Мәскеу, 2016), «Science and Practice: a New Level of Integration in the Modern World» (Шеффилд, 2016).
Зерттеу жұмысының тұжырымдамалық нәтижелері ҚР БжҒМ Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті бекіткен тізімдегі республикалық ғылыми басылымдарда: Ш. Уәлиханов атындағы КМУ Хабаршысы (Көкшетау, 2016, 2018), Л.Н. Гумилева атындағы ЕҰУ Хабаршысы (Астана, 2017), Scopus дерекқорына енетін: XLinguae, Eropean Scientific Language Journal, Slovenská Vzdelávacia a Obstarávacia s.r.o., Nitra, Slovak Republic, 2017, Media Watch, India, 2020 және Astra Slavensis, Romania, 2021 журналдарында жарық көрді.
Зерттеу жұмысының құрылымы.Жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.
1 ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ ЭТНОМӘДЕНИ СЕМАНТИКАСЫ. АУДАРМА НОРМАСЫ МЕН МОДЕЛЬДЕРІ
1.1 Көркем мәтіндегі фразеологизмдердің салғастырыла және аударматану тұрғысынан зерттелуі Фразеология ғылымы дербес пән ретінде ХХ ғасырдың 60-шы жылдары пайда болып, дами бастады. Орыс ғалымы В.В. Виноградов ең алғаш болып фразеологизм ұғымының анықтамасын беріп, фразеологизмдердің классификациясын ұсынды, сол себепті ол фразеология ғылымының негізін салушылардың бірі санатына жатады.
Кейінгі жылдары «адам факторы» аударма саласында орын алып жатқан зерттеулерге негіз болып отырғаны белгілі. Себебі, аудармашы, ең алдымен, тілді қатынас құралы ретінде пайдаланатын белгілі бір этностың және мәдениеттің өкілі [2]. Демек өзінің танымдық және психологиялық ерекшеліктерімен танылатын жеке тұлғаның (аудармашының) тілдік бірліктерді қалай түсініп, оларды басқа тілге қандай амалдар арқылы жеткізгенін, аударма барысындағы ұтымды тұстары мен орын алған сәйкессіздіктерді анықтау, салғастыра зерттеу маңызды [3].
Қазақ этносының сан ғасырлық тарихымен қатар қалыптасып, жасасып, дамып келе жатқан қазақ тілінің фразеологиялық қоры тұтастай халқымыздың тарихын бойына сіңіріп, материалдық, рухани мәдениеттің аса құнды сарқылмас көзіне айналып отыр. Фразеология саласындағы мәселелерді, тұрақты тілдік бірліктерді зерттеп, талдай келе қазақ халқының дүниетанымы, тарихы, салт-дәстүрі, рухани, материалдық құндылықтары жайында баға жетпес құнды ақпараттарды ала аламыз.
Жаһандану үдерісі орын алған қазіргі заманда өзге ұлттармен, мемлекеттермен қарым-қатынас жасаудың ерекше маңыздылыққа ие екені сөзсіз. Жер шарында өмір сүретін кез келген ұлтты танудың маңызды жолы оның тілін оқу және зерттеу. Ұлттың болмысын, табиғатын тану үшін сол этностың рухани қазынасы болып табылатын тілдің фразеологиялық қорына ерекше көңіл бөлу маңызды. Өйткені, тілде көрініс табатын халықтың сан ғасырлық тарихи дүниетанымы фразеологиялық бірліктердің тұрақтылығы арқасында кейінгі ұрпаққа, ұлттық рухани құндылықтар көзі ретінде жетіп отырады. Сол себепті бүгінгі таңда тілдің фразеологиялық қорын зерттеуде этномәдени, лингвомәдени, әлеуметтік лингвистика аспектісіндегі ізденістердің саны артып келеді [4].
Фразеология – тіл білімінің үлкен бір саласы. Әлем тілдерінің барлығында да фразеологияға қатысты қарастырылып жатқан мәселелер ауқымды. Бірнеше онжылдықтар бойында жүргізіліп жатқан көптеген зерттеулерге қарамастан, бұл салаға қатысты зерттеуді қажет ететін мәселелер әлі де ұшан-теңіз. Себебі, фразалардың, фразеологизмдердің тілде атқаратын рөлі ерекше және олар үлкен маңыздылыққа ие.
Фраза (грек тілінің «phrases» – сөйлемше деген мағынаны білдіреді) – сөйлеу әрекетінің ең қысқа және бүтін бірлігі. Дәлірек айтсақ, фраза – тілдегі сөйлеудің ең бір мәнді де тұтастай қалыптасқан тізбектері мен тіркестері. Осындай тіркестер кемінде екі сөзден құралады, алайда бүтін сөйлем түрінде де кездеседі. Фразаны сөйлеу әрекетінің мәнді бірлігі деп танимыз. Мысалы, сүттен ақ, судан таза; аузынан мәйегі төгілген; бес биенің сабасындай; қыпша бел; ат кекілін кесісу; әулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып т.б. [5].
Фразеологизмдерді әлемнің барлық тілдерінде кездесетін тұрақты тілдік бірліктер деп айтуға болады. Тілдің құнарлылығы, байлығы, өткірлігі, елдің тарихы, халықтың салт-дәстүрі, наным-сенімі, ділі, діні т.б. туралы ерекше ақпарат бере алатын тіл қазынасы – фразеологизмдер.
Тіл – халықтың ұлттық мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін, қоғамдық қарым-қатынастың ерекше сипатын білдіретін құнды құрал. Ұлттық тілдің байлығын, оның көркемдігін, әуезділігін, ерекше нақышын халықтың көркем әдебиетінен көре аламыз.
Заманауи зайырлы қазақ қоғамында ұлттық рухани жаңғыру мен ұлттық бірліктің сақталып, дамуының бірден-бір тірегі – ұлттық тіл. Бұл мәселе ұлттық тілді заман сұранысына орай насихаттауды, зерттеуді талап етеді. Оның бірден-бір жолы – ұлттық тілдің өзіндік ерекшелігін, байлығын, этномәдени қорын, болмысын ашу, яғни тілді тек сөйлеу құралы ретінде ғана емес, сол тілде сөйлеуші халықтың тарихымен, дәстүрімен, ой-санасымен, дүниетанымымен терең байланыста қарастыру.
Көркем шығармалардың қай-қайсысын алсаңыз да тілдің осы этномәдени элементтерінің алуан түрін кездестіруге болады. Көркем туындының бейнелілігі мен дәлдігін, ұлттық тілдің сүбелі сөздік қорын көрсететін тілдік құралдардың бірі – фразеологизмдер. Тілдің фразеологиялық қоры халықтың өткені мен бүгінінің, тұрмыс-тіршілігінің, рухани және материалдық мәдениетінің көрсеткіші іспеттес. Демек, кез келген елдің жазушысы өз шығармасына идиоэтникалық сипат, ұлттық реңк беру мақсатында этномәдени сипатқа ие бірліктерді қолданады. Жұмысымызды фразеологизмдердің этномәдени семантикасының тіларалық берілуі мәселесіне арнағанымыздың себебі де осында. Біздің пайымдауымызша, фразеологизмнің тілдік табиғаты этнос тарихына, мәдениетіне қатысты сан алуан мәселелерді айқындауға мүмкіндік береді.
Бұл мәселеге байланысты теориялық материалды талдау барысында фразеологизмнің қыр-сырын зерттеген ғылыми жұмыстардың саны өте көп екендігі анықталды. 1964 жылы «Проблемы фразеологии» деп аталған жинақта 500-ден астам мақалалар ұсынылған екен. Әрине, бүгінгі таңда бұл бағыттағы еңбектердің саны едәуір өскені анық. І. Кеңесбаевтың басшылығымен 1977 жылы жарыққа шыққан «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» (әрі қарай ҚТФС деп беріледі) – отандық лингвистиканың фразеология саласындағы елеулі табыстарының бірі [6].
Сонымен фразеологизмдер мәселесіне қатысты зерттеулерге шолу жасап, қорыта келе, І. Кеңесбаев ұсынған фразеологизмдерді танып білудің төмендегі үш критерийіне (принципіне) сүйенеміз:
1) мағына тұтастығы (белгілі бір фразеологизмнің ішіндегі сөздер бастапқы мағынасынан түгел немесе ішінара жартылай айырылып қалады да, шоғыр тіркес бір мағына береді);
2) тіркес тұрақтылығы (белгілі бір фразеологизмнің ішіндегі сөздер бір-бірімен жымдаса байланысады, олардың орын тәртібі нық келеді, барлық жағдайда дерлік бір шоқ тіркесу өз қалпын сақтайды);
3) қолдану тиянақтылығы (белгілі бір фразеологизм әрдайым айна-қатесіз, өлеңдегі қайырма тәрізді бұлжымай қайталана қолданылады) [7].
І. Кеңесбаев осы мәселеге қатысты: «Қазақ тіліндегі тиянақты тіркестер (фразеологизмдер) – тіл ішінде өз заңдылықтарына сәйкес өмір сүретін айырықша категория. Олардың әр алуан ірілі-ұсақты ерекшеліктері мен айырым белгілерін саралай зерттейтін дербес пән – фразеология» деген анықтама берді [7, б. 205].
Заманауи зайырлы қазақ қоғамында ұлттық рухани жаңғыру мен ұлттық бірліктің сақталып, дамуының бірден-бір тірегі – ұлттық тіл. Бұл жайт ұлттық тілді зерттеу, насихаттау жолында ғылыми-әдіснамалық негіздің заманға сай, жаңаша құрылуын қажет ететіні анық. Оның бірден-бір жолы – ұлттық тілдің өзіндік ерекшелігін, байлығын, этномәдени қорын, болмысын ашу [8]. Яғни тілді тек сөйлеу құралы ретінде ғана емес, сол тілде сөйлеуші халықтың тарихымен, дәстүрімен, ой-санасымен, дүниетанымымен терең байланыста қарастыру. Жоғарыда айтып өткеніміздей, тілдің фразеологиялық қоры – халықтың тұрмыс-тіршілігінің айнасы.
1981 жылға дейін қазақ тіл білімінің лексикология, фразеология мәселелері тіл тарихы, диалектология, терминология, ономастика және т.б. салаларымен сабақтастырыла зерттелді [9].
Тіл білімі институты ғалымдарының жұмыстары негізінде қазақ тілінің түсіндірме, фразеологиялық, этимологиялық, диалектологиялық, т.б. сөздіктер жарық көріп, қазақ тіл білімінің ілгері дамуына зор үлестерін қосты.
Аударма, оның ішінде көркем аударма, әртүрлі ұлттар мен мәдениеттер арасындағы тосқауылдарды жоюда маңызды рөл атқарады. Жаһандану заманындағы XXI ғасыр өркениетінің басты мақсаты – әлемнің әр түкпірінде өмір сүретін халықтар арасындағы толеранттылықты, өзара түсіністікті және достықты нығайтып, ортақ, әмбебап мәдениетке қол жеткізу деп айтсақ қателеспейміз [10]. Әлемде орын алып жатқан қатыгездікті, халықтар мен мемлекеттер арасындағы қақтығыстарды тек қана мәдениетті насихаттау арқылы жеңе алатынымыз айқын. Дана халқымыз ежелден «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп бекер айтпаған. Тәуелсіз, егеменді еліміздің зиялы, білімді, өз ұлтын, тілін, тарихын, мәдениетін қастерлеп, оны әлем сахнасында абыроймен және мақтанышпен көрсететін, сонымен қатар өзге халықтардың рухани құндылықтарын құрметтей алатын ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Елімізде 2004 жылы тұсауы кесілген «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының маңызды аспектілерінің бірі әлемге төл мәдениетіміздің бай ұлттық рухани қазынасын паш ету еді. Аталған жоба мақсаттарын жүзеге асыру барысы отандық көркем аударма саласының жаңа даму кезеңіне аяқ басуына негіз болды [11].
Халықаралық қатынастардың кең қанат жаюына байланысты әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатқан халықтар арасындағы мәдени диалогтың жаңа арналарын іздестіру жолында тіл, этнос, мәдениеттің ортақ мәселелерін шешуде салыстырмалы, салғастырмалы этнолингвистикалық ізденістердің де қажеттігі туындап отыр. Әр халықтың тілдік, тарихи, этномәдени ерекшеліктерін ескеру көркем аударма жасауда негізгі талаптардың бірі болуы тиіс. Бұл мақсатқа жетудің өзара тығыз байланысып, тоғысып жататын көптеген жолдары бар. Солардың ішінде, көркем аударма мәселесі де ерекше орын алады. Әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне және төл әдебиетіміздің үздік үлгілерін әлем тілдеріне аудару арқылы даму тарихы, мәдениеті, діні, ділі әртүрлі халықтардың арасында мәдениет пен достықтың «көпірі» орнатылатыны айқын. Осы себептен де болар, бүгінгі таңда отандық аударматану саласында көркем әдебиет мәселелеріне қатысты тың зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді.
Көркем мәтіндегі фразеологизмдер және олардың этномәдени семантикасы мәселесіне тоқталуымыздың да өз себебі бар. Тілдің фразеологиялық жүйесі әлемнің тілдік бейнесінің ерекшелігін айқындап, тіл мен мәдениеттің өзара тығыз байланыстылығын көрсетеді. Түпнұсқа және аударма мәтіндерді салыстыру және әртиптес тілдердің фразеологизмдерін салғастыра зерттеу барысында тілдің тұрақты бірліктерінің этнолингвомәдени ерекшеліктері, түпнұсқа және аударма мәтіндері авторларының аялық білімнің өзгешелігі байқалады [12]. Аудармашы, ең алдымен, өзінің дүниетанымы, ұлттық ділі мен ұстанымдары қалыптасқан белгілі бір ұлт және мәдениет өкілі, сол себепті аударма үдерісі барысында ол белгілі бір көркем шығарманың өз тіліндегі бірлескен авторы ретінде қабылдануы тиіс деп пайымдаймыз. Аудармашы мәтінді қаншалықты түпнұсқаға жақын, ұлттық реңкін сақтап аударғысы келгенімен, оның аялық білімі аударма үдерісіне өз ықпалын тигізіп отыратындығы заңды [13]. Аудармашының басты мақсаты – көркем аударма мәтінін өз оқырмандары үшін бейімдеу. Зерттеу жұмысы аясында фразеологизмнің этномәдени семантикасының тіларалық берілуі мәселесіне тоқталған себебіміз де осыған байланысты. Зерттеу барысында «Түпнұсқа аударылатын тіл мәдениетіне бейімделсе, фразеологизм этномәдени семантикасының тіларалық берілуі мүмкін бе және мүмкін болса, оның қандай жолдары бар» деген сұрақтарға жауап табуға тырысамыз.
«Көркем мәтіндегі фразеологизмдердің этномәдени семантикасы және оның тіларалық берілуі» тақырыбы аясында фразеологияның жалпы бөлек ғылым ретінде қалыптасу мәселесіне тоқталуды жөн көрдік.
Шетелдік зерттеушілер заманауи фразеологияның жаңа сатыда, яғни лингвистиканың барлық салаларында (аударматану, компьютерлік лингвистика, лингводидактика және т.б.) дамып келе жатқандығын ерекше атап өтеді [14]. Біз де бұл пайымдаумен толығымен келісе отырып, ХХІ ғасырдың басы фразеологияның, оның ішінде отандық фразеология саласының дамуындағы ерекше кезең екендігін ерекше атап өткіміз келеді. Отандық фразеология өзіндік ғылыми пән ретінде қалыптасып, өзінің теориялық және әдіснамалық аясын кеңейтіп, жалпы тіл теориясында ерекше орын ала бастаған кезең екендігі анық. Сондай-ақ фразеология мәселесі салыстырмалы, салғастырмалы негізде, аударматану тұрғысынан және басқа да ғылым салаларымен ұштастырыла, жан-жақты зерттеле бастады.
Фразеология ғылымының бүгінгі жағдайы оның тарихи қалыптасу барысына тікелей байланысты. Осыған орай, зерттеу жұмысымызда фразеологияның даму тарихына назар аудару дұрыс деп ұйғардық.
Ғалымдар фразеологияның ғылым ретінде даму тарихын негізгі үш кезеңге бөледі [15]. Бұл кезеңдердің әрқайсысына қысқаша шолу жасайық.
Фразеология ғылымының қалыптасу тарихына қатысты еңбектерге сүйенер болсақ, оның бірінші «классикалық» кезеңі шамамен XX ғасырдың 30-жылдарында бастау алып, 70-жылдары аяқталды. Бұл кезең фразеологияның жеке ғылым ретінде қалыптасу үдерісімен сәйкес келеді [16]. Осы кезеңнің негізгі міндеті – басқа лингвистикалық салалардан фразеологияның ара-жігін ажыратып, оның зерттеу нысанын, мақсат-міндеттерін, әдіс-тәсілдерін т.б. нақтылау еді. Осы кезеңге қатысты ғылыми ізденістер негізінен жоғарыда аталған міндетті жүзеге асыру мақсатында жүргізілді, атап айтқанда, фразеологизмдердің зерттеу әдіснамасын, олардың типологиясын және фразеологияның зерттеу өрісін анықтап, дамытуға бағытталған [17]. Дамудың классикалық кезеңі барысында фразеологиялық бірліктерді жүйелі зерттеудің негізгі бағыттары анықталып, фразеологизмдердің «деңгейлік» белгілерін, құрамындағы компоненттердің рөлін анықтау мақсатында ізденістер жүргізілді [18]. Сонымен қатар, фразеологизмдердің бір жағынан, сөз тіркестерін жеке сөздерден ажыратудың негізгі белгілерін айқындау; екінші жағынан, мағыналық байланыс және фразеологиялық мағына ұғымдары енгізіліп, оның ерекшелігіне баса назар аударылды; фразеологизмдердің вариативтілігі және тұрақтылығы, жаңғыруы (воспроизводимость) мәселелерін жүйелі зерттеуге алғышарттар жасалып, сонымен қатар, фразеологиялық полисемия, синонимия, антонимия, омонимияны, фразеологизмдердің тақырыптық топтары, семантикалық жіктелімі т.б. бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілді. В.Н. Телияның пікірінше, фразеологиялық бірліктерді деңгейлік стратификациялау негізінде оның алатын орнын дәйектеу немесе оның корпусын тілдің фразеологиялық ішкі жүйесі ретінде сипаттау маңызды. Осы жүйелердің арасында фразеологизм-идиома ішкі жүйесі жан-жақты зерттеліп, фразеологияның «ядросы» дәрежесіне ие болды [19].
Классикалық кезеңнің фразеологиясын қалыптастыруға ерекше үлес қосқан ғалымдар: А.А. Шахматов, В.В. Виноградов, А.И. Смирницкий, Б.А. Ларин, А.В. Кунин, Н.М. Шанский, Н.Н. Амосова, В.Л. Архангельский, В.Г. Гак, Л.И. Ройзензон, В.Н. Телия, В.М. Мокиенко, І. Кеңесбаев, Ә. Қайдар, М.М. Копыленко, Ө. Айтбаев және т.б. Сондай-ақ шетелдік ғалымдар Х.Э. Палмер, В.Г. Смит, Ч. Хоккет, К. Пайк, Ю. Вайнрайх, Ф. Ньюмайер және т.б. Классикалық кезең барысында фразеологиялық зерттеулер: құрылымдық, семантикалық, грамматикалық-синтаксистік, стилистикалық, контекстік, лексикографиялық тәрізді негізгі бағыттар бойынша жүргізілді [15, c. 111].
Фразеологияның классикалық даму кезеңі әртүрлі тілдер фразеологизмдерін жан-жақты зерттеу бағытымен ерекшеленеді. Сипаттама және тарихи тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар, фразеологияның дербес және толыққанды зерттеу пәні болып қалыптасуына тікелей ықпал еткен, теориялық-әдіснамалық негіздерін анықтауға үлес қосқан салыстырмалы-салғастырмалы зерттеулер де кеңінен жүргізілді. Фразеологияның жалпы теориясының қалыптасуы тіл білімінде структурализмнің үстемдік етуімен тұспа-тұс келгендіктен, фразеологиялық «классика» «құрылымдық (структуралық)» сипатқа ие болды [20].
Фразеология дамуының «постклассикалық» кезеңі 60-жылдардың соңынан басталып, ХХ ғасырдың 90-жылдарына дейін жалғасады. ХХ ғасырдың 70-жылдарының басында жалпы және жеке фразеологиялық теорияны дамытуда көптеген жетістіктерге қол жеткізілді. Алайда осы уақытқа дейін маңызды нәтижелермен қатар бұрынғы әдістер арқылы шешімі табыла қоймаған бірқатар мәселелер жинақталды. Фразеология ғылым ретінде қалыптасты және белгілі бір уақытқа дейін «құрылымдық» бағытта дамыды, алайда әрі қарай осы бағытта даму едәуір қиындық туғызды. Сондықтан да, фразеологияның «құрылымдық» және «сипаттамалық» классикалық кезеңінің орнына постклассикалық кезең келді, оның басты ерекшелігі – ғылыми білімнің жаңа парадигмасы – антропологиялық парадигма еді [16, с. 142].
Фразеология теориясындағы антропологиялық парадигма фразеологизмдерді зерттеудің жаңа басымдықтарын айқындады, жаңа мақсат-міндеттерді және жаңа зерттеу бағыттарын белгіледі. Осы кезеңнен бастап фразеологиялық бірліктерді зерттеуде олардың ішкі формасына, мағынасына, мағына астарына зейін қойыла бастады.
Салыстыра алғанда постклассикалық кезең мүлде жаңа ғылыми бағытта дами бастады деп айтуға толық негіз бар. Тың ғылыми көзқарастар фразеологияның басқа да лингвистикалық және лингвистикалық емес ғылыми салаларымен байланыстырылып, олардың зерттеу жұмыстарын өзара бірлесе жүргізуіне ықпал етті.
Фразеологияның постклассикалық даму кезеңіне грамматика, атап айтқанда, трансформациялық-генеративті грамматика ерекше әсер етті. ХХ ғасырдың 50-60 жылдарындағы тіл білімінде Н. Хомский негізін қалаған трансформациялық генеративті бағыт фразеология саласына да «радикалды» өзгерістер әкелді. Н. Хомскийдің менталды теориясы нақты мінез-құлықтың, оған әсер ететін психикалық негізді, шындықты зерттеуге бағытталды. АҚШ, Батыс Еуропа, Жапониядағы фразеологиялық зерттеулерде бұл теория кеңінен таралды. Аталған теорияны негізге алып, зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдардың қатарына U. Weinreich, B. Fraser, A. Makkai, M. Wood, A. Radford және т.б. жатқызуға болады. Осылайша фразеологияның дербес ғылым ретінде қалыптасуының постклассикалық кезеңі В.Н. Телия ұсынған, бір жағынан, лексикология және синтаксис әдістерінің «ұласуының» нәтижесінде, екінші жағынан, фразеологиялық бірліктің прагматикалық функциялары, оның сөйлеу актісіндегі рөлі және мәтінді құрастырудағы рөліне талдау жасауға бағытталған жаңа әдістердің меңгерілуімен сипатталады [16, c. 160].
Бұл кезеңдегі фразеологиялық зерттеулер пәнаралық сипатқа қарқынды түрде ие бола бастады. Әсіресе, категориялау (топтау) және репрезентациялау, тану механизмдері, ми мен таным үдерістерінің өзара байланысы, когнитивтік процестер мәселелерімен айналысатын психологиялық, атап айтқанда, гештальтпсихология және когнитивті психология теориялары мен идеялары фразеологиялық зерттеулерде кеңінен қолданыла бастады. Алайда психологиядан басқа, классикалық емес кезеңнің фразеологиясының ғылыми көкжиегі гуманитарлық циклдің антропология, этнология, тарих, әлеуметтану және т.б. ғылымдары есебінен бірте-бірте кеңейе бастады.
Фразеологияның постклассикалық даму кезеңі күрделі өзгерістердің орын алуымен ерекшеленеді. Фразеология құрылымдық және антропологиялық парадигмалар тоғысуында дамып, уақыт өте келе құрылымдық парадигманың маңыздылығы кеми бастаса, антропологиялық парадигма фразеологиялық зерттеулер аясында қанатын кең жая бастады. Нәтижесінде, фразеологиялық бірліктердің түпкі және тұтас мағынасын тереңірек зерттеу және құрамындағы мағынасы күңгірттеу компоненттерді зерделеу, түсіну мақсатында жаңашыл теориялық қағидалар мен ғылыми концепциялар пайда бола бастады.