77 сұрақ: 77.Жылқыны шаруашылықта пайдалану мерзімі ЖЫЛҚЫ ӨСІРУ– жылқы шаруашылығы – мал шаруашылығының негізгі бір саласы. Бұған жылқы санын көбейту, сапасы мен өнімін арттыру, әр түрлі мақсаттарда ( ет және қымыз өндіруге, күш көлігі ретінде, спорттық жарыстарға қосуға, шет елдерге сатуға, т. б.) тиімді пайдалану жатады. Ж. ө. және бие сауу қазақ халқының ата кәсібі болып табылады. Қазақ халқы жылқыны үйірге (25–30 бие) бөліп, жақсы тұқымнан айғыр салатын болған. Мұндай айғырлар үйірін шашау шығармай, ит-құсқа жегізбей, қысы- жазы қорғайды. Бірнеше үйір қосылып қос құраған. Бір қоста 500-ден 1000-ға дейін жылқы болады. Айғырдан шыққан биелер 10 айдан кейін (сәуір-мамыр айларында) құлындайды. Құлындар отығып, жетілген кезінде байланып, бие сауылады. Алғашқы кезде бие тәулігіне 3 немесе 4 рет сауылады, ал онан кейін саууды көбейте береді (5 – 6 ретке дейін). Ағытылған бие құлынымен бірге жайылымда бағылады. Қазақ халқы биені 6 ай бойы сауады. Бие қымызының хим. құрамы үнемі тұрақты бола бермейді, ол малдың физиол. күшіне, азықтандырылуына, күтіп-бағылуына және тұқымына қарай өзгеріп отырады. Қымызда 1,8–2,2%-тей белок болады, сондай-ақ адам денсаулығына қажетті витаминдердің барлығы кездеседі. Әсіресе қымыз А және С витаминдеріне бай (қ. Қымыз). Жылқы етінің сапасы өте жоғары, сіңімді. Сондай-ақ, жылқыдан көптеген мал ауруларын емдеу үшін қолданылатын қан сарысуы алынады. Қазір Қазақстанда 1 млн-нан астам жылқы өсіріледі (2002). Жылына олардан 40 мың т-дан астам ет, 35 мың т-ға жуық қымыз өндіріледі. Ж. ө-дің жалпы мамандандырылу бағыты республикамыздың табиғи-шаруашылық аймақтарына байланысты айқындалған. Жылқының асыл тұқымдарын көбейту мақсатында Қазақстанда 13 асыл тұқымды жылқы з-ттары (Қызылорда, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, т.б. облыстарда), жылқы тұқымын асылдандыратын 39 мемл. шаруашылықтар (Ақтөбе облысы, Атырау облысы, т.б.) ат жарыстыратын алаңдар және асыл тұқымды жылқы фермалары ұйымдастырылған. Қазақстанда асыл тұқымды жылқы саны 9 мыңнан асты (2000). Республикада жылқының міністік, сыдыра желісті тұқымдары және қазақ жылқысы өсіріледі. Дала және құрғақ дала аймақтарында жылқы негізінен жұмыс көлігі ретінде пайдаланылады. Қуаң, қуаңшылық және тау бөктеріндегі аймақтарда ауа райы жылы, жылқыны жыл бойы жайылымда бағудың мүмкіншілігі бар. Бұл жерлерде жылқы ш. ет алу мақсатында ұйымдастырылған. Қазақстанның кең байтақ жайылымы бар орт., оңт., шығыс және батыс аймақтарының көптеген аудандарында жылқы үйірлеп бағылады. Жылқыны үйірлеп бағудың бірнеше әдісі бар. Бос бағуда жылқы жыл бойы жайылымда болады, қатты боран не көк тайғақ болғанда ғана пішен, жем беріледі. Табындап баққанда жылқы жынысына және жасына қарай табынға бөлінеді. Шаруашылықтағы жылқының санына байланысты табында 150 – 180 бие, 180 – 200 бойдақ жылқы, ал жазық далада 350 жылқыға дейін болады. Боран және аяздан қорғау үшін жайылымда жеңіл-желпі жылқы қора, қалқа, ықтасын лапас салынады, құдық қазылады, суаттар жасалады. Жайылым орталығына әр жылқыға 3 – 5 ц пішен, 0,5 – 1 ц жем қорын дайындайды. Құлынды 10 – 12 айлығында енесінен айырады. Қорада не қоршалған шарбақта 1 айғырға 20 – 25 биеден үйірлеп шағылыстырады. Қ ұстап баққан жылқыны қыста ашық, жылы күндері жайылымға шығарады, қатты боран, аязды күндері қорада ұстап пішен және жем береді. Орта есеппен әр жылқыға 30 ц пішен, 6 – 8 ц жем дайындайды. Қ ұстап баққанда бие мен айғырды сұрыптап таңдап алып шағылыстырады және қолдан ұрықтандырады. Жылқыларды 1,5 жасынан мінуге, жегуге үйретеді, үйірдегі жылқыны таңбалайды. Биелерді қорада құлындатады. Құлындаған биелерді күн жылынғанша құлынымен бірге қорада ұстап, құнарлы пішен мен жем береді. Құлынды 6 – 8 айлығында енесінен айырып бөлек күтеді. Қазақстанның оңт., орталық және батыс аймақтарында бие сәуір-мамырда құлындайды. Ерте туған құлын күзге дейін өсіп жетіледі де, қыста бағуға көнбісті келеді. Ет өндіру бағытында Ж. ө. кезінде жыл басында табын құрамында 35% бие, 6%байтал, 14% ұрғашы тай, 14% ұрғашы жабағы, 2% айғыр, 5% құнан, 10% еркек тай, 14% еркек жабағы; ет-сүт бағытында өсіргенде 45% бие, 5% байтал, 5% ұрғашы тай, 18% ұрғашы жабағы, 2% айғыр, 3% құнан, 4% еркек тай, 18% еркек жабағы болуы қажет. Қазақстанның әрбір аймақтарының табиғи экон. жағдайларына байланысты асыл тұқымды фермада ат қора-жайылым (көбінесе, қолда ұсталады) әдісін қолданғанда ат қорада әр жылқыға едені 10 – 14 м2 орын болады; ат қораның ауласын екіге бөледі: а) биенің күйтін байқайтын және шағылыстыратын алаң; ә) Тай мен құнандарды үйрету және баптау алаңы. Ат қораларда тайлар мен құнандарды жаттықтыратын және айғырларды серуендететін тапталған жол жасайды. Асыл тұқымды Ж. ө-тін фермасы жанынан мал емханасы салынады. Асыл тұқымды фермада жайылым – ат қора (көбінесе жайылымда бағылады) әдісін қолданғанда бие, айғыр және жас жылқылар тұратын жылқы қораларын салады, бас үйрететін және жаттықтыратын алаң жасайды. Жаттықтыруға және сатуға бөлінген жылқыны жеке қорада ұстайды. Ат қора жанына мал емханасын салады.