1948 жылы жарияланған колхозды ауылдың жаңа кезеңін, ел өмірін суреттейтін «Миллионер» повесі «Шығанақ» романының заңды жалғасы іспеттес. Шығарманың кейіпкерлері Жанат, Жомарт, Жақып қайтсем еліме, жұртыма, жақсылық әкелем, қайтсем елге септігім тиеді деп, биік мақсатқа, ізгі мүддеге ұмтылатын патриоттық бейнеде алынған.
Ғ. Мұстафиннің «Қарағанды» романы – жұмысшы табының қалыптасу жолын кеңінен бейнелеп, терең ашқан, өндірістік ортаны суреттеген, жұмысшылар бейнесін жасаған, «Өмір мен өлім» негізінде қайтадан жазылған өндіріс тақырыбындағы тұңғыш роман. Роман кейіпкерлері: Мейрам, Жанәбіл, Ермек, Ардақ, Балжан, Жанат, Алма, Күлпаш жұмысшы табы мен техника маманының алдыңғы қатарлы өкілдерінің бейнесі ретінде шебер мүсінделген. Романның бас кейіпкері Мейрам үнемі рухани өсу үстінде суреттелсе, ең бір тартымды кейіпкер – табиғаты нәзік, аяулы жан – Ардақ қаршадайынан қиындық көріп өскен, дүние тарлығын басынан кешірген, «Бұлаңдап емес, булығып өскен бойжеткен. Көрген рақатынан бейнеті көп. Күлкісінен кірбіңі басым. Шаттығынан күрсінуі мол. Жалғыз-ақ үміті – жарқын болашаққа сеніммен» өмір сүретін бейнеде сипатталған. Романда қазақ жұмысшыларының өсіп, марқаюына, техника тетігін игеруіне қамқорлық жасаған Щербаков, Козлов, Лапшин, Потапов, Горбачев сияқты іскер адамдар да бейнеленген.
Ғ. Мұстафиннің Қазан төңкерісі мен қазақ ауылын көркемдік тәсілмен бейнелеген ең шоқтығы биік шығармасы – 1959 жылы шыққан «Дауылдан кейін» романы. Романда Қазақстанда жаңа экономикалық саясат басталғаннан байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу кезіндегі басты оқиғалар қамтылған. Шәкен бай бастаған үстем тап өкілдері мен Аман төңірегіне топталған кедейлер қауымының күресі нақтылы іс-әрекеттермен көрінген.
Жазушының көргені мен көңілге түйгені негізінде жазылған көркем мемуарлық шығармасы – «Көзкөрген» романы. Кейіпкері Сарбаланың ойы арқылы берілген роман сюжетінде ХХ ғасыр басындағы қазақ ауылының тыныс-тіршілігі кең суреттелген. Мақалаларының, рецензияларының, баяндамаларының, пікірлерінің жинағы «Ой әуендері» деген кітабы үшін Ғ. Мұстафинге Қазақ КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілген.
Жазушының өнер жолын саралай келіп, белгілі сыншы-ғалым З.С. Кедрина:«Ғ.Мұстафин – тың тақырып, соны жаңалыққа алдымен баратын батыл да ізденімпаз жазушы», – деп бағалаған.
Сан қырлы, алуан сырлы шығармаларымен халық ықыласына бөленген өр ойлы, нәзік сезімді, азамат жазушы Ғабиден Мұстафин 1985 жылы қайтыс болған.