2 ҚАЗАҚ/АҒЫЛШЫН ТІЛДЕРІНДЕГІ ЭТИКЕТ ФОРМАЛАРЫ ЭТНОС МӘДЕНИЕТІНІҢ ҚҰРАМДАС БӨЛІГІ
2.1 Қазақ/ағылшын тілдеріндегі сөз этикеттерінің аппелятивтік қызметі
Біз күнделікті қарым-қатынас кезінде таныс, бейтаныс адамдармен, ағайын-туыспен, отбасы мүшелерімен, әріптестерімізбен, дос-жаранмен тілдесеміз. Қарым-қатынас барысында екінші бір адаммен тілдесу үшін, оның назарын аудару үшін белгілі бір сөздерді қолданамыз. Көп жағдайда екінші адамға жағымды әсер еткіміз, оған деген сый-құрметімізді білдіргіміз келеді. Бұндай қарым-қатынас тіл білімінде оқшау сөздердің бір түрі ретінде қаралатын қаратпа сөздер арқылы жүзеге асады. Қаратпа сөз – біреуге арналып айтылған сөйлемде оның кімге арналғанын білдіретін сөз не сөз тіркесі. Қаратпа сөз тыңдаушының көңілін аудару үшін жұмсалады. Қарым-қатынасқа түсерден бұрын коммуниканттар сөйлесетін, жөн сұрасатын, әңгімелесетін адамның жас мөлшерін, жынысын, қызметін, лауазымын, қоғамдағы орны мен әлеуметтік белгілерін басты назарда ұстайды. Себебі әр тұлғаның сөйлеу дағдысы осы нышанға лайық болуы керек. Қатысым әрекетінің негізгі мақсаты орындалуы үшін мұндай шарт міндетті түрде керек. Кез келген тілдегі сөйлеу этикеті формаларының ішінде қаратпа сөздердің өз орны бар. Күнделікті сөйлеу әрекетінде жиі қолданылады. Күнделікті қарым-қатынаста қолданылатын қаратпа сөздер ең алдымен өзінің коммуникативтік қызметімен ерекшеленеді. Яғни, қаратпа сөздер – коммуникативтік актінің басты дәнекері. Кез келген тілде қаратпа сөздердің белгілі бір жүйесі бар. Олар сол ұлттың өз ерекшелігіне, мәдениетіне, дүниетанымына, айналысатын кәсібіне, дініне т.б. байланысты қалыптасқан. Әр тілдегі қаратпалардың өз ерекшелігі, қолданылу аясы бар. Яғни, ұқсас жақтарымен қатар айырмашылықтары да жеткілікті. Кез келген тілдегі қаратпа сөздер ең алдымен адресаттың көңілін аудару, екіншіден, онымен байланыс орнату, үшіншіден, әлеуметтік ерекшелігін, белгісін көрсету, төртіншіден, конативті қызмет атқарады. Ағылшын сөз этикеті жүйесінде де, қазақ сөз этикеті жүйесінде де адресатқа тіл қату сияқты коммуникативті қажеттілікті өтеудің өзіндік амал-тәсілдері бар. Бұл амал-тәсілдердің ортақ сипатымен қатар, әр тілге тән өзіндік ерекшеліктері де жеткілікті. Бұл ерекшеліктер сол тілдің қзіндік заңдылығымен қатар ұлттық дүниетанымға, салт-дәстүрге, мәдениетке, қоғамда қалыптасқан нормаларға байланысты қалыптасқан [10, 36].
Адам аттары, туыстық қатынасты білдіретін сөздер, адамның кәсібіне, жынысына, жасына байланысты сөздер, сондай-ақ, басқа да деректі, дерексіз ұғымдар қаратпа сөз ретінде жұмсала береді. Шырағым, қарағым, шырақ, қарындас, інішек, ағай, апай, атай, әжей тәрізді қаратпа сөздер үлкен мен кішінің арасындағы ілтипатты білдіреді. Шырағым, қарағым, шырақ, қарындас, інішек қаратпаларын үлкен адамадар жасы кішіге қарата қолданса, ағай, апай, атай, әжей, тәте, тәтей қаратпалары жасы үлкен адамға қарата қолданылады. Мысалы,
«– Рахмет, тәте, тамақ ауыз тиейін...» [О. Бөкеев].
«Бір күні Гүлсара кешке жақын жүгіріп келді:
– Ағай, радио тыңдаңыз. Менің апайым ән салып жатыр» [М. Иманжанов].
Қаратпалар, негізінен, жалқы есімдер және адамның кәсібіне, туыстық қатынасына, жынысына, жасына байланысты айтылатын сөздер мен сөз тіркестері. Қазақ тіліндегі қаратпа сөздер құрылымы жағынан жалаң (бір сөзден тұрған) және жайылма (бірнеше сөзден құралған) болып келеді. Жалаң қаратпа сөздердің негізін жалқы есімдер құрайды. Мысалы,
«– Жәнібек, сен музыканы сүйесің бе?» [Б. Соқпақбаев].
Аппелятив қызмет атқаратын жалаң сөздерге атау тұлғадағы жекеше, көпше түрдегі, тәуелдік жалғаулы және тәуелдік жалғаусыз зат есімдер, зат есім орнына жұмсалатын есімше, сын есімдер де жатады. Мысалы,
«– Жігіттер, енді сендердің жолдарың болатын болды, – деген сыңғыраған, нәп-нәзік қыз даусы естілді» [Б. Соқпақбаев].
«– Ал, қош, сүйіктім, көріскенше күн жақсы болсын!» [З. Қабдолов].
«– Жазған-ау, таусылмасаңшы сонша, – деді апам» [С. Мұратбеков].
Сондай-ақ, балаға, жақсы көретін адамға т.б. қарата айтылатын, туыстық қатынасты, адамның қасиетін, мінезін, жынысын, лауазымын, кәсібін т.б. білдіретін жалаң қаратпалар қазақ тілінде тілдік қарым-қатынас барысында жиі қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |