Үкі аяқ – жоғары жағына асыл тас орнатып, үкінің аяғын алтын, күміспен құрсаулап тағатын сәнді бұйым.
Тұмар (бойтұмар) – асыл тастарды тізіп әшекейлеп, алтын, күміс жалатқан қымбат бағалы металл не былғары қорапша (үш бұрышты, кейде төрт бұрышты) ішіне тіл-көзден, ауру-сырқаудан, пәле-жаладан сақтайтын дұға жазылған тұмар: ұлутас, үкі қауырсыны, киелі саналатын нәрселер салынады.
Жастық тұмар, қиық тұмар, лағыл тұмар, тұмарша түрлері бар.
Айшық– жаулықтың шекелігіне, сәукелеге қадайтын жарты Ай, жүлдыз пішінді күмістен соғылған әшекей.
Жыға – алтынды, асыл тасты бас киім әшекейі.
Басжақсы – сәукеленің әшекейлі бұйымдарының жалпы атауы.
Жақ – кимешектің екі бет тұсы мен иек астын ала тігілген оқалы, алтын, күміс шытыралы әшекей, сәнді кесте.
Жақтама – сәукелеге тағатын інжу, маржаннан жасалған төгілме моншақ.
Жақтау– күміспен, алтынмен апталған, жібек шашақтап жіпке тізілген, сәукеленің екі жағына бекітетін салпыншақ әшекей.
Жақ моншақ – алтын, күміс, асыл тастардан бұршақтап үзбелестіріп жасаған, келіншектер тағатын салпыншақты бас киім әшекейі.
Бет моншақ– сәукеленің екі жағына, маңдайына салбырата қадалатын бірнеше қатар төгілмелі моншақ.
Тал моншақ – тақияға бірнеше қатар тағылатын моншақ.
Өйкел – алқа тәрізді, зерделі барқыттан тігіліп, асыл тастармен безелген, сол иықтың үстінен түсіп, оң қолтықтың астынан түймеленетін бұйым.
Былқылдақ– бас киімге тағылатын үлкен маржан моншақ.
Добия – білезікке орнатылған қызыл моншақ.
Шортас – бас киімге қадайтын асыл тас.
Қозотаға – лауазымды, текті адамдардың бас киіміне қадайтын асыл меруерт тас.
Қоза – сабақтары қызыл, көк, жасыл су моншақтардан жасалып, әртүрлі теңгелермен, таналармен, сабақты түймелермен әшекейленген бұйым.
Шеттік – кимешектің жағына қадайтын әшекейлі күміс шытыра.
Бастырма – камзолға түйме орнына қадайтын әшекей.