Ұңғыры, ұңғырау, ұңғуыр – ыдыс-аяқты ағаштан жасағанда ішін үңгіп жонатын қайқыбас пышақ, қырғы.
Үгіндірік – металдарды қорыту кезінде көмірді жинақтап көсеп отыруға арналған, қол күймес үшін ұзын етіп жасалған темір көсеу.
Түтік – металды дәнекерлегенде шоқты ауызбен үрлейтін конус тәрізді ұзынша аспап.
Ақсақ темір – бір жағы ұзын, бір жағы қысқа циркуль сияқты өлшеуіш әрі ою салатын құрал.
Көземел ине – жасуы (көзі) үлкен ине.
Мәймөңке – ұшы қисық ине.
Шымшуыр – металды дәнекерлеген кезде қысып ұстайтын көмекші құрал.
Іскенже – ұсақ бұйымды егеген кезде қысып ұстайтын шағын ағаш атауыз.
Бәкі (шаппа) – серіппемен ашылып-жабылатын, асыл болаттан соғылған шағын өткір пышақ.
ҚАЗАҚ БАТЫРЛАРЫНЫҢ КИІМІ
Сауыт – садақ, найза, қылыш, айбалта сияқты қарулардан қорғануға арналған киім.
Бадана – (бадана көз кіреуке) – кіреуке сауыттың кең көзді түрі.
Берен (береңгі) сауыт – теріге, матаға болат, темір тақталарды шегелеп, қатарлап беркіту арқылы жасалатын сауыт.
Аймауыт – асыл болаттан соғылған, ұсақ шынжыр торлы сауыт.
Ақсырмал – оқ өтпейтін, қылыш кеспейтін, найза теспейтін сауыт.
Бектар – жағасы бар, жеңі жоқ, оқ дарытпайтын ақ кіреуке берік сауыт.
Жалаңқат – қалың темірден тұтастай соғылып, екі бөлік – кеуделік пен арқалықтан құрастырылған сауыт.
Зере сауыт – қола, жез, күміс сияқты жылтыр шығыршықтарды үзбелестіру арқылы жасалған сауыт.
Көбе – батырлардың соғыста кебенек (киіз кеудеше) сыртынан киетін сауыты.
Кіреуке сауыт – болат не темір сымды шығыршықтап өру арқылы жасалған сауыт.
Торғауыт (тоғыз қабат торғауыт) – терінің әртүрлі жіңішке, жуан тіліктерін бірнеше қабаттап жапсырып, түрлі өрнек салып бояп, бірімен бірін жалғап жасаған сауыт.
Қаттама – матадан, киізден қат-қабатталып тігіліп сырылған қалың, жағасы тік, ұзын жеңді, алды ашық, түймелі шапан-сауыт.
Достарыңызбен бөлісу: |