Келтек – шағын шоқпар.
ОҚ
Оқ – дәрімен атылатын қарудың жез қалбырына ыңғайлап орнатылған домалақ немесе сопақша ұшты қорғасын.
Оқ – садақтың жебесі.
Сайгез – садақтың оғы.
Жасалған теміріне, ағашына, түріне және жасалу тәсіліне қарай: алабілек, қанжауыр, көк жебе, күшіген жүнді жебе, қармаулы қабыл жебе, қарға жүнді қысалаң жебе, сауыт бұзар жебе, алты қырлы ақ жебе, он екі тұтам жебе, доғал оқ, кез оқ, қамыс оқ, қайың оқ, сұр жебе, қозыжауырын жебе, сырлы жебе, сары жебе, сегіз қырлы жебе, тоқ санды жебе, сүйір ұшты жебе, сыйлы жебе, шал жебе, ысқырық жебе, төрт қырлы жебе.
Қамыс оқ – нар қамысты әртүрлі ұзындықта кесіп, бір ұшын үшкірлеп жонып, алысқа ұшуы үшін екінші ұшына құстың қауырсынын бекіткен, біздің заманымызға дейінгі бірінші ғасырда пайдаланылған оқ.
Қайың оқ – бұл да сол тәсілде қатгы қайың ағашынан жасалған.
Улы оқ – жебенің масағына (ұшына) жыланның уы, тағы басқа зәрлі қоспалар жағылған, жауды улап өлтіруге арналған оқ.
Кез оқ – қауырсынсыз, масақсыз, екі ұшы үшкір, ортан белі жуантық шаншылып атылатын аламан оқ.
Берен – ұшы үшкір, қырланып созылған жебе.
Қозыжауырын қу жебе – төрт қырлы темір масақты, түр-түсі қозының жауырынына ұқсатылып жасалған, масағының ұшы қысқа, бірақ үшкір, айыр ашалы болат.
Сауыт бұзар оқ – төрт қырлы, төрт қауырсынды, болат масақты, ромб тәріздес өте өткір, жау сауытын тесіп өтер үшкір оқ.
Қол оқ – ерекше әдіспен жасалған болат масақты сауыт бұзар оқтың бір түрі. Тіз оқ – масағы тұқыл, ою-өрнек салынып әшекейленген, сырланған қисық пішінді, межелі жеріне жеткенде көлденең ұшатын, жаугершілікте, аңшылықта қолданылатын оқтың әдемі түрі.
Масаты оқ (масаты – арабша болаттың мықты, берік түрі) – төрт қырлы, масағы болат сауыт бұзар оқтың бір түрі.
Бұлын – түзу, қатты ағаштан жонылып, қырланып, ортан белінен сырланып жасалған оқ.
Доғал оқ – қорамсақтағы жебені сындыруға, жаудың қару-жарақ қосын талқандауға арналған ұшы мұқыл оқ.
Достарыңызбен бөлісу: |