Томар оқ – қатты ағаштан ұшын мұқыл, томар етіп жасаған, жас сарбаздардың оқ атып машықтануына, не аң атып мергендікке жаттығуына арналған оқ.
Сүйек масақты оқ – масағына өнделген, суарылған сүйек беркітілген оқ.
Тобыршық – оқтың, жебенің берік сүйір ұшы.
Қандіке – жебенің жақтан шығатын жері.
Оқшонтай – жоғарғы жағын сүйірлеу, төменгі жағын доғалдау етіп былғарыдан тігіп, белдікке іліп оқ, жебе салып жүретін қалта.
Қылшан – қайыңның қабығынан жасалып, беті сүйекпен, ою-өрнекпен әшекейленген, кейде сырты терімен қапталған жебе, оқ сақтайтын қорап.
Қорамсақ – түрлі қымбат матадан (барқыт, парша) жасалған оқ сақтар қалта. Садақбау – садақты асынатын бау.
Көк садақ – көк теріден жасалған садаққап.
ҚАЗАҚТЫҢ БАЙЫРҒЫ БАСПАНА АТАУЛАРЫ
Абылайша (Абылай қос) – киіз үйдің бір түрі, қос. Керегесі болмайды. Тіккенде уығы жерге қадалып, шаңыраққа шаншылады да, есігі киізбен жабылады.
Киіз үй – ағаш сүйекті, киіз жабынды, жиналмалы жаздық үй. 4-18 қанаттылары (керегелілері) болады. Жабынды – туырлық, үзік, түндік киіздердің түстеріне қарай: қараша, боз, ақ үй, қосарлана тігілген көп қанаттылары ақ орда аталады.
Жаппа – керегесіз, киізбен жабылған баспана.
Жеркепе (жертөле) – тұтас немесе дені жер деңгейінен төмен қазылып орналасқан тұрғын жай, мекен орын.
Жолым үй – көшіп-қонғанда, жорықта тез тігуге ықшамдалған, шаншылған уыққа киіз жапқан, шаңырақсыз шошақ үй. Дабыл үй деп те аталады.
Қоржын үй – ауыз үйден оң және сол жаққа қабырғамен бөлектеніп тұрғызылған екі бөлмелі (қоржынды) тас үй.
Там – шатырсыз тоқал үй.
Үйтас – киіз үй пошымды тас үй.
Салма – киіз үйдің керегесін көтеріп, үстіне киіз жаба салған уақытша баспана.
Тасболат – төрт бұрышты, қоржынды, қарсы есікті (есігі түстікке қараған), биіктігі әртүрлі шағын үй.
Достарыңызбен бөлісу: |