Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері манкеева жамал Айтқалиқызы кіріспе


Тілдің таңбалық сипаты мен мұрагерлік (кумулятивтік) қызметінің сабақтастығы



бет216/248
Дата29.09.2023
өлшемі4,42 Mb.
#111426
1   ...   212   213   214   215   216   217   218   219   ...   248
Байланысты:
антология- Тіл білімінің негізгі мәселелері (1)

1.4. Тілдің таңбалық сипаты мен мұрагерлік (кумулятивтік) қызметінің сабақтастығы.
Тілді адамның әлеуметтік тұрмысын қамтитын мәдениеттен, тарихтан тыс қарапайым таңбалық жүйе деп қарастыру ол туралы түсінікке кереғар әсер етеді және оны зерттеудің мүмкіндіктерін шектейді. Академик Ю.В.Бромлей сөзімен айтсақ: «Әрбір этноста мәдениет элементінің сыртқы көрінуі мен «ішкі» мазмұнында ерекшелік бар. Мағынасына байланысты барлық мәдени құбылыстар өзіндік екіжақтылыққа ие: өзінің «сыртқы» көрінісімен қатар, олардың «екінші өмірі» бар. Олар мағынасы арқылы айқындалады. Мағына затта жасырылған, ол ақыл-ой, эстетикалық сезіммен, адамгершілік интуициямен белгілі болады, бір көргеннен танылмайды. Мағынаның бұл мәні - мәдениетті тану кілті» [27,25]. Ал мұның өзі оның мәдени фонын зерттеуге әкеп тірейді. Мәселен, шаңырақ, сәукеле, жөргем т.б. Демек, тіл, көнеден айтылып келе жатқандай, таңбалар жүйесі ғана емес, ол осы жүйені көмкерген мәдениет, сондықтан да ол - әр халықтың ұлы мұрасы, ұлттың тарихи жетістігі.
Тіл - мәдениет дерегі, өйткені ол мәдениеттің құрастырушы бөлігі және тіл мәдениетті танудағы негізгі құрал, себебі ол арқылы біз мәдениетті меңгереміз. Тіл мәдениеттің жалпы сипатын танытады, негізгі ақпаратты жинайды, сақтайды және жеткізеді. Осыған сай тіл әрбір этникалық қоғамдастықта, бір жағынан, этностың мәдени өзгешелігінің факторы ретінде, екінші жағынан - тіл шеңберінде мәдениеттің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуын қамтамасыз етеді. Осылайша қазіргі, келер ұрпақты бір тұтастырып, бүтіндікте байланыстырады. Демек, тіл мәдениетте өсіп-өнеді, дамиды және соны бейнелейді. Мәдениет этномәдени ақпараттар береді. Ал этномәдени ақпараттар әр түрлі формаларда жүзеге асады. Олар материалдық және рухани мәдениеттің туындылары т.б. Атап айтқанда, белгілі бір этномәдени ортадағы өмір сүру жағдайы, эстетикалық норма, тұрмыстық дағдылар, пайымдаулар, этникалық көзқарас, жергілікті культ пен дәстүрлік тәжірибе - ғасырлар бойы қалыптасқан бай «мәдениет тілі». Мәдениет тілі — этномәдени әрекеттердің объективті және субъективті факторлары және ұлттық сана-сезімді айқындайтын генезис деп анықталады. Мәдениет тілін құрайтын таңба - символдар жиынтығы. «Мәдениет тілінің» мұндай дәстүрлі өзіндік құрылым элементтеріне кеңістікті бағдарлау, тұрғылықты жерді жоспарлау, тұрғын үй және оның ішкі жабдықтары, тағамның түрлері және оны жіктеу, киім түрлері және оны жіктеу т.б. жатады. Осымен байланысты мәдениеттің немесе оның жеке түрлері мен формаларының таңбалық сипаты туралы ой ертеде қалыптасқан. «Таңба» категориясының енуімен лингвистикадан тыс салт-дәстүр, әдет-ғұрып т.б. белгілі бір мәтін ретінде қарастыру көпмағыналы мәнге ие «мәдениет» терминінің астарында, қоғам тұтастай, салт-дәстүр, әдет-ғұрып жатқанын жеке алып қарауға мүмкіндік туды. Сондықтан мәдениет тілін адамзат әрекетін көрсететін таңбалар жиынтығы ретінде сипаттауға болады. Мұндай таңбалық құралдарды этнотаңбалар деп айтуға болады (Ю.М.Лотман т.б.)- Бірақ ең негізгі форма - сөздік ақпарат. Бұның негізін құрайтын этнографизмдер мәдениетті айқындап қана қоймай, оны символдау қызметін атқарады. Ал этнографизмдер дегеніміз - өткен тұрмысымызда болған, көбі әлі де қолданып келе жатқан тұрмыстық бұйымдардың, белгілі бір кәсіпке, шаруашылыққа, салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, наным-сенімге, баспанаға, киім-кешекке, ішер асқа, туыстық қатынасқа, ел билеу ерекшелігіне, заң тәртібіне, әдеттік правоға байланысты қолданылатын, халқымыздың тұрмыстық және тілдік өзіндік ерекшелігін көрсететін арнаулы атаулар мен сөз тіркестері.
Мысалы, кез келген зат күнделікті тұрмыс қажеттілігін өтеумен қатар, символдық, белгілік қатынаста да жұмсала алады. Оның нақты көрінісін фразеологиялық тіркестердегі этнотаңбалардан көреміз: байғазы беру, қалжа жеу, қанжығаға байлау, бесік құда, ежеғабыл құда, киіт кию т.б.
Сонымен, көне тамырлы этнолексика - халықтың этномәдени тарихы және тілдік процестері мен тілдік шығармашылығы туралы баға жетпес «ақпарат» көзі.
Демек, мәдениеттің өзегін жалғастық, мұрагерлік құрайды десек, мәдени мұралардың сақталуы, танылуы, қабылдануы, шығармашылықпен дамуы тілдік ақпараттар арқылы іске асады.
Бұл тектес еңбектердің тілдік дәйектері мен ғылыми дәлелдері, біздің ойымызша, тіл арқылы ұлтты тану мен танытудың кепілі мен қажетті шарты бола алады. Мысалы, зерттеушіге архаизм-терминдерді, прецеденттік, мифтік мәтіндердегі т.б. архетиптік ұғымдарды түсіндіруге, ең ежелгі мағынасын ашуға сол сөздіктерде берілген этнографиялық, тарихи, археологиялық, культурологиялық т.б. деректер этностың тұрмысы мен соған сәйкес терминнің пайда болу заңдылығы мен оны қолданыста бекітетін «тілден тыс» жағдайларын анықтауға мүмкіншілік береді. Кешенді лингвомәдени зерттеу барысында бір кезде күнделікті өмірде өте қажетті болған көптеген заттардың атаулары ғана қазіргі қазақ тілінде мәдениеттің, дәстүрдің және ұлттық мұраның жұрнағы ретінде сақталып қалғаны анықталады. Демек, атаулар жүйесінің қызметі тек атауыштық қана емес, танымдық та. Міне, осы тектес зерттеулер нәтижесінде тілдің негізгі коммуникативтік қызметіне қоса, ұлттың рухани қазынасын бойына сақтаған құжаттық, этномәдени мұралық (кумулятивтік) қызметінің нақты мазмұны ашылады.
Тіл байлығын бұлайша зерттеудің қағидасының дәстүрлі тіл білімінен ерекшелігіне сай академик Ә.Қайдар зерттеушіні бұл арада “тіл тамыршысы” бола білуі керек деп санайды.
Себебі кез келген халықты мәңгілікке ұластырып, жетілдіріп, кемелдендіріп отыратын мәдениетінің қазынасы – тілі.
Оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін ауыз әдебиеті, эпостық жырлар, шешендік-паремиологиялық-фразеологиялық, ономасиологиялық жүйе, ақын-жыраулар шығармашылығы т.б. Мұндай рухани-мәдени мұра үлгілерінің арқауы болған сөз өнері, айшықты тілі арқылы қазақ халқының этникалық тарихы мен мәдениеті, көркем ойлау жүйесі мен танымдық деңгейі заманнан заманға этнотаңбалық ақпарат түрінде жетіп отыр.
Ұлттың болмысын тілі арқылы сипаттайтын төл мәдениеттің этнотаңбалық деректерінің мәні жоғарыда көрсетілген үлгілерде, біріншіден, эстетикалық, екіншіден, тарихи-этникалық тұрғыдан уақыт пен кеңістік контекстегі әлеуметтік-функционалдық, үшіншіден, танымдық-аксиологиялық (құндылықтық) қызмет атқарады. Бұл мәселені зерттеу қазіргі қазақ тіл білімінде “ұлт пен тіл біртұтас” деген қағиданы ұстанатын антропоөзектік бағытқа сәйкес жүргізіле бастады.
Тілді зерттеудегі бұл үрдістің қазақ тіл біліміндегі бастау көзін проф. Қ.Жұбанов еңбектерінен табамыз. Олар – ғалымның қазақ тілінде сақталған, кейде қазіргі қолданысы тарихи-танымдық тұрғыдан жаңғыртылып, анықталған, иә мифтік таным деңгейіне сай қалыптасқан архетиптік сипаттағы тілдік деректердің, антропонимдердің, топонимдердің, терминдердің, фразеологизмдердің т.б. мәнін ұлт мәдениетімен байланыста қарастырған зерттеулері мен ғылыми топшылаулары. Мысалы, ғалым қазақ тіліндегі зат атауларының қалыптасуындағы негізгі қағидасын сөздің аталуының ұлттық ерекшелік, тарихи-мәдени, әлеуметтік-кәсіптік, т.б. жағдайларымен байланыстырады: «лошадь – жылқы, бірақ ол ат, байтал, айғыр емес. Ал, біздің ісек, тұсақ, құнан, құнажын, дөнен, дөнежін, деген сөздеріміз басқаларда жоқ. Қазақ синий, голубой, зеленый деген түстердің бәрін көк дейді. Адайларда, арабтарда түйе түлігінің аттары көп: Еділ, Каспий (Атырау) бойының қазақтары балық түрлерінің аттарын көп біледі. Демек, қолданылмаған затқа ат жоқ». Бұл пікірді ұлт болмысы сипатын танудың жолы десек, қазақ тіліндегі ұлттың әлеуметтік тұрмысын, тарихы мен мәдениетін белгілеген тілдік деректері-қазақ әлеуметтік-мәдени кеңістігінде қалыптасқан ұжымның этнотаңбалық жүйесі. Мысалы, тайға таңба басқандай, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман т.с.с. идиомалар көркемдік ойлау деңгейін ғана емес, ұлттың күнделікті тәжірибесінен қалыптасқан танымдық тұжырымын да белгілейді.
Ал, әрбір этностың ежелден қалыптасқан төл мәдениеті – оның тілі арқылы сақталған, таңбаланған ішкі мазмұны. Сол мазмұнды ашу арқылы ұлт мәдениетінің мәні айқындалады десек, «мәдениетті тану кілті» тіл арқылы сақталған мәдени ұғымдардың мәдени фонында астарланған.
Тіл құдыреті арқылы берілген мазмұндық-деректік – сол тілді тұтынушы этностың бүкіл рухани, мәдени байлығының асыл қазынасы. Осымен байланысты қазіргі тіл білімінде тілдің мұрагерлік қызметінің мәнін зерттеудің әлеуметтік лингвистика негізінде кеңейіп, ұлттық мазмұны тереңдей түсуде. Оның себебі, әр тіл – өз бойында ұлт тарихын, төл мәдениетін, танымы мен талғамын, мінезі мен санасын, кәсібі мен салтын, дәстүрі мен даналығын тұтастықта сақтаған таңбалық жүйе. Осындай мазмұнды құрылымына сәйкес ол – жай таңбалық жүйе емес, ұлт болмысының ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан тұрақты да тұтас сипаты.
Уақыт пен кеңістік сабақтастығында қарастырылатын кешенді лингвомәдени зерттеу барысында бір кезде күнделікті өмірде өте қажетті болған көптеген заттардың атаулары ғана қазіргі қазақ тілінде мәдениеттің, дәстүрдің және ұлттық мұраның жұрнағы ретінде сақталып қалғаны анықталады. Міне, осы тектес зерттеулер нәтижесінде тілдің негізгі коммуникативтік қызметіне қоса, ұлттың рухани қазынасын бойына сақтаған құжаттық, этномәдени мұралық (кумулятивтік) қызметінің, елдің мәңгілік құныдылықтарының нақты мазмұны ашылады.
Мәңгілік елдің тілдік дерегінің өзегі – елдігіміздің қайнаp бұлағы, саpқылмас қазынасы, бай мұpасы іспетті дәстүpлi қолөнеpi.
Олай болса, тәуелсіздіктің қалыптасқан кезеңінде ұсынылып отырған «Мәңгілік ел» идеясының негізі ұлтымыздың тілдік қазынасында екенін айқын көрсететін академик Ә.Қайдардың мына тұжырымын қайталап береміз: «Этностың басып өткен санғасырлық даму жолы, оның белгі-бейнелері біздерге тас мүсіндер мен жартастарға қашалған сына жазулар арқылы, мәдени ескерткіштер мен әртүрлі ғимараттар түрінде жетуі мүмкін. Бірақ бұлардың бәрі этнос өмірінің мың да бір елесі ғана. Оның шын мәнісіндегі даналығы мен дүниетанымы тек тілініде ғана сақталады. Әрбір дәуірде өмірге қажет болған құрал-сайманның, қару-жарақтың, киер киім мен ішер тамақтың, тұрмыстық заттар мен салт-санаға, әдет-ғұрып, наным-сенімге, ойын-күлкі, той-томалаққа байланысты ұғымдардың аты-жөні, сыр-сипаты т.б. тек тіл фактілері ретінде ғана, яғни жеке сөздер мен тіркестері, фразеологизмдер мен мақал-мәтел арқылы ғана бізге жетуі мүмкін».
Бұл қағиданың тілдік нақты дәйегі ғалымның «Қазақтар ана тілі әлемінде» атты үш томдық этнолингвистикалық сөздігінің, кешенді зерттеуінің мазмұнында жан-жақты көрсетілген.
Ұлт тарихынан да ежелгі болып саналатын тіл тарихын зерделеу арқылы анықталған этнотаңбалық тіл деректерінің кешенді зерттелуі «Мәңгі ел» ұғымын дәлелдеуге кепіл бола алады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   212   213   214   215   216   217   218   219   ...   248




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет