Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері манкеева жамал Айтқалиқызы кіріспе



бет214/248
Дата29.09.2023
өлшемі4,42 Mb.
#111426
1   ...   210   211   212   213   214   215   216   217   ...   248
Байланысты:
антология- Тіл білімінің негізгі мәселелері (1)

Лингвоелтану аспектісінде тек белгілі бір ұлтқа ғана тән, сол ұлттың жеке өзіндік ерекшеліктерін танытатын лексемалар зерттелінеді. В.Маслова лингвоелтану пәні лингвомәдениеттанудың бір саласы деп көрсетеді [24]. Демек, лингвоелтанымдық теория сөздің бойындағы елтанымдық ақпараттарды ашып талдауға негізделеді және ол әрбір сөзді “өн бойына” жалпыхалықтық немесе жеке тұлғалық санаға тән ақпараттарды сіңіретін тіл бірлігі” деп тануды негіздейді.
Бұл теорияның негізіне сүйену арқылы сөз мағынасының ұлттық-мәдени компонентін анықтауға мүмкіндік туады. Тілдегі лексиканың елтанымдық қырларын, қатпарларын (пласт) айқындауға септігін тигізеді. Ол үшін сөздің мына сипаттары анықталады:
-белгілі ақпаратты сақтаушы;
- қазіргі қолданымдық аясы бар;
- елтанымдық құндылығы бар қызметтері мен қасиеттері.
Яғни, лингвоелтанудың міндеті – елдің мәдениетімен таныстыру, тілдік бірліктер арқылы ел тарихын, елге тән өзіндік қасиеттерін таныту. Ол әсіресе, мәдениаралық коммуникацияда тиімді қызмет ететін аударма тәжірибесінде айқын көрінеді.
Олай болса, белгілі бір ұлттық мәдениеттің жалғастық, құжаттық қасиетіне сай тек сол ұлттың мәдени кеңістігінде ғана қалыптасатын мәдени мұраның тілдік ақпарат арқылы басқаға танылуы мен қабылдануын тиімді іске асыру лингвоелтану саласының еншісінде екенін тәжірибе танытып отыр. Мысалы, сұр түсімен байланысты неміс тілінде – серый рынок (сұр базар) деген фразеологиялық тіркес бар. Оның мағынасы – “полулегальный рынок” (жартылай заңдастырылған базар). Ал қазақ тілінде сұр түсіне қатысты бұл мағыналы тіркес жоқ екені белгілі. Немесе сол тілдегі – серая теория тіркесінің қазақ тіліндегі баламасы – құрғақ теория. Бұл тектес деректер неміс тілінің түс қасиетін сипаттауы қазақ тілінен ерекше екенін көрсетеді.
Осы сияқты қазақ халқының күнделікті тұрмысы мен ата кәсібіне, төл мәдениетіне сәйкес ерекшеленетін, мысалы, жылқы ұғымының мағынасының мынадай семалық құрылымын жіктеп көрсетуге болады: Жас мөлшері – 1) жаңа туғаннан үш айға дейінгі кезең (құлын, құлыншақ); 2) енесінің бауырындағы, яғни үш айдан бір жылға дейінгі кезең (жабағы); 3) жыныстық жағынан жетілген және одан кейінгі кезең (тай, еркек тай, ұрғашы тай) байтал, құнан, дөнен, бие, айғыр, бесті, т.б.). Жылқы мінезі: – мама бие, тарпаң бие, асау бие, жершіл (бошалауық) бие, шақар айғыр, қызба жылқы, теліншек құлын, т.б.
Сол сияқты ата кәсібіне сай қазақ мәдениетін сипаттайтын баламасыз лексика құрайтын, мысалы, малдың төлдеуіне байланысты атаулар: тоң, үшен, тұмса түйе, мекер, өркен, қағанақ суы, арамза бота, қызылшу, т.б. Осы тектес тілдік деректердің арнайы жіктеліп, жүйелі түрде зерттелуін, мазмұнын зерделеу, қарастырылған этномәдени тілдік бірліктердің зерттеу нысанын кеңітіп, айқындай түсу қажеттігін көрсетеді. Атап айтқанда, лингвомәдениеттанымдық зерттеу бағыттарының негізгі ұстанымы мен әдіс-тәсілдерінің өзара ұқсастығын, айырмашылығын анықтау міндеті туындайды. Ол өз кезегінде лингвомәдениеттанымдық зерттеу нысанына алынатын тілдік материалды сұрыптау мен жинақтаудың негізгі критерийлерін айқындауды қажет етеді.
Осы орайда ұлттық мәдениет пен болмысты тіл арқылы таныту қызметін елтанымдық тұрғыдан зерттеудің тиімді әдіс-тәсілдері ретінде этнопсихологиялық, этносемантикалық, этнофразеологиялық т.с.с. сипаттар қолданылады. Соның негізінде елтанымдық таңбалар ретінде мифологемалар, прецеденттік атаулар, реалийлер мен фразеологиялық, паремиологиялық жүйелердегі таза ұлттық наным-сенімді, ырымды білдіретін сөздер т.б. талданады. Олардың жүйесі бөлек тілдердегі танымдық мазмұны мен вербалдану ерекшеліктерін салыстыру арқылы елтанымдық таңбалары айқындалады. Осы арада басын ашып алатын негізгі мәселе тіл мен мәдениет сабақтастығы арқау болатын лингвомәдениеттану мен лингвоелтану салаларының шегін ажыратып, айқындау (Бұл мәселенің нақты айқындалуын А.Әмірбекованың мақаласынан қараңыз) [25].
Тілімізде ұлттық мәдениеттің өзегін құрайтын ғасырлар бойы ата-бабаларымыз ұлттық тәрбиенің мұраты ретінде дәріптеп, белгілеген, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан қастерлі ұғымдар бар. Тілдік қазынамызда олар сан түрлі тілдік құралдарымен айшықталған. Олардың мәніне тереңдеп, табиғатын тану, қазіргі қоғамдық сана мен мәдениеттің бүгінгі деңгейіне сабақтастырудың “кілті” олардың “тілдік бейнесінде”, “тілдік әлемінде” анықтау лингвомәдениеттаным еншісінде.
Олар сол тілдік ұжымның өмір сүру, тұрмыс сипатын бейнелеп, белгілі дәрежеде сол мәдениеттің ерекшеліктерін деректейді. Осымен байланысты ғалым А.Вежбицкая дүниенің біртұтас тұжырымдалуы (концептуализация) ортақ импликациялық сипатта, ал әрбір тілдің ерекешілігіне сай қалыптасатын әртүрлі тілдердегі концептілік жүйесі экспликациялық сипатта деп санайды. Яғни тілдердің сөздік құрамының әртүрлі болуы әртүрлі мәдени қауымдастықтардың өзектік құндылықтарына сәйкес. Сондықтан А.Вежбицкая кез келген мәдениетті тілдегі “тірек сөздер” (“ключевые слова”) арқылы зерттеп, анықтауға болады деп тұжырымдап, оның теориялық негізі ретінде кең тілдік салыстыру арқылы айқындалатын “табиғи семантикалық метатілді” ұсынады. Нақтылап айтқанда, осы ұстанымға сәйкес барлық тілдердегі тілдік бірлік (сөздер) әмбебап сипатта, себебі олардың барлық тілдерде баламалары, сәйкестіктері болады [26].
Сонымен, лингвоелтану – этностық дәуірден бастап, адамзаттың рухани және материалдық әлемінде қалыптасқан құндылықтардың тіл арқылы сақталған қоры. Соның негізінде таза ұлттық белгілердің баламасыз тілдік көріністері лингвоелтанымдық аспектіде қарастырылған мәдени константалардың ұлттық нышандары, ұлттық болмыс-бітімі, халықтық мінез-құлқы мен тұрмыстық ерекшеліктерін ажыратып көрсететін тілдік ұғымдар мен белгілері анықталады. Лингвоелтанымдық аспектіде зерттеу тілдің мәдениетаралық сипаттағы коммуникативтік құдіреті ұғымын тереңдетеді. Лингвоелтанымдық зерттеулердің дені лингвомәдениеттанудың, этнолингвистиканың жалпы теориялық-әдістанымдық негіздерінде жасалып, нақты зерттеу нысандарының кеңейіп келе жатқан даму барысын сипаттайды.
Ал лингвомәдениеттанудың негізгі міндеті – дүниенің тілдік бейнесіндегі ұлттық-мәдени ерекшеліктер мен сөз мазмұнындағы мәдени мәнділіктерді айқындау, оларды тілдік әрі мәдени субъектінің когнитивтік санасымен тығыз байланыста қарастыру. Осымен байланысты антрополингвистикалық бағыттағы зерттеудлердің өзектілігінің мәні дүние бейнесі ~ тіл ~ мәдениеттің өзара күрделі байланысын біртұтастықта қарастырудан айқындалады. Солардың ішінде тілдің ұлттық тәжірибені тек сипаттап қоймай, сөз қазынасы арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын қызметі де маңызды.
Қорыта айтқанда, қазақ ұлтының этностық табиғатына сай мәдени-танымдық ерекшеліктерді бойына жинақтау арқылы қазақ тілі қазақы шындық болмысты жинақтайды. Демек, тіл ақиқатты сезіну, қабылдау тәсілдерінің бірі ретінде бір ұжым мүшелерін тек тілдік жағынан ғана емес, мәдени-танымдық жағынан да өзара жақындастырады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   210   211   212   213   214   215   216   217   ...   248




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет