Байланысты: антология- Тіл білімінің негізгі мәселелері (1)
2. ҚАЗАҚ ТІЛІ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУДЕГІ АНТРОПОӨЗЕКТІК ҮРДІС
Көне түркі ескерткіштері мен қазақтың төл мәдениетіндегі сабақтастықтың тілдік дәйектері Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде таным көкжиегін кеңейтуге ықпал етуші сана тәуелсіздігінің өрелі өрісі руханияттың көне дәуірлердегі тілдік дәйектерінің көзі ретіндегі ғажайып мәдени мұра – көне түркі ескерткіштерін терең тануға да жаңа серпін берді. Бұл – тіл мен мәдениет сабақтастығын арқау ететін тіл білімінің антропоөзектік бағытына сай ұлттық сана мен болмыстың күре тамырлары іспетті тарихи бастауларын кешенді де терең тану үрдісі.
Бірнеше дәуірдің тарихы, мәдениеті, баласының болашағы қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық т.б. күресі, рухани жаңғырулары ғасыр өтсе де, сол халықтың ұрпағынан-ұрпағына сол этностың тілі сақталуы арқылы жетеді. Соның арқасында ұрпақ ана тілдің өміршеңдік қызметінің қуаты мен құдіреті негізінде ұлтымыздың көне тарихы мәдениетін дұрыс танып-білуге бастау алады. Осы бастаулар көзі кешенді тіл ғылымының көкжиегінде ұлттық мәдениеттің көзі ретінде тағылымдық мәні зор ұлттық тілдің өн бойынан табылады. Осымен байланысты тіл табиғатының құпиясы ғылымның басқа салаларымен (психология, антропология, мәдениеттану, мифология т.б.) тығыз қарым-қатынастың нәтижесінде танылып, ашылып отыр. Өйткені кез келген ұлттың тілдің сырын шынайы тану үшін тілдің өзіндік заңдылықтарын білу жеткіліксіз, оның түпкі тамыры сол тілде сөйлеуші этностың сан дәуірдегі жүріп өткен тарихымен, күнделікті өмірде тұрмысына орнықтырған мәдениетімен, күн көрісіне арқау болған жан рухымен, ой-санасымен тікелей байланысты екені сөзсіз.
Осы орайда көнетүркі ескерткіштері тілдік деректерінің танымдық, рухани-мәдени маңызы қандай? Оны, біріншіден, тіл арқылы сақталған ұлттық танымның көне дәуірдегі тілдік негіздері мен тарихи күретамырларын зерделеу мен зерттеуден табамыз. Екіншіден, кестелі де кешенді көнетүркілік мұраны кешеден бүгінге жеткізген, бүгіннен енді ертеңгі ұрпаққа жеткізетін тілдің құдіретті құжаттық (кумулятивтік) қызметіне ерекше мән бере зерттейтін тіл білімінің жаңа бағыттарымен сабақтасады. Осыған орай тарихи-көркемдік кеңістікті тұтастықта қарап, көркемдік-танымдық заңдылықтары ұлттық болмысымен ерекшеленетін нақты тілді деректерді талдау арқылы, сонымен бірге туыстас түркі халықтары мен жалпыадамзаттың өркениетімен тамырласатын қазақ мәдениетінің өміршең сипаттарын санаға сініру, әрі жаңғырту – қазақ тіл білімінің жаңа бағыттарын белгілейтін өзекті мәселелерінің бірі. Осы әлеуметтік үрдісті нақты түрде іске асыру тіл білімінің лингвомәдениеттану деп аталатын саласының еншісіне тиіп отыр.
Демек, ежелгі дәуірлер мен тарихи кезеңдердегі қазақтың рухани-мәдени жүйесінің жаратылысы мен болмысын көнетүркілік тілдік деректер негізінде саралап тану – қазіргі тіл біліміндегі өркенді арна. Себебі ол тіліміздің көркемдік таным әлемін ғана емес, ұлттық мәдениетіміздің де арқауларын анықтап, ұлттық танымның ғасырлар тереңіндегі терең тамырларына жалғастырады.
Осы бағытта этностың, ұлттың мәдени-танымдық жүйесін зерттеу барысында теориялық-әдістемелік негіз ретінде антропоцентристік және когнитивтік лингвистиканың «ғаламның тілдік бейнесі» теориясының қағидалары басшылыққа алынады. Түркі әлемінде ол «Кұлтегін» ескерткішінде берілген: Көкте тәңірі, төменде қара жер пайда болған кезде екеуінің арасында адам пайда болды. Осы арада көнетүркілік жәдігерлерді зерттеуде оның мазмұнындағы түркі жұртының ұлттық-мәдени, тарихи-әлеуметтік негіздегі тұтастығын бейнелейтін тілдік мұра ретінде жаңа ғылыми парадигмада қарастырыла бастағанын да атап өткен жөн.208 Ежелгі түркілердің санасы репрезенттелген тілдік деректерді когнитивтік жүйеде қарау әсіресе ескертікштер тіліндегі түбірлердің семантикалық құрылымына жаңғыртуда мәні ерекше.
Қазіргі түркітанудағы түбіртану мәселесін зерттеуде дәстүрлі әдіс-тәсілдермен қатар, тың теориялық танымдық бағдар ұстанудың жаңа үлгісін көрсеткен башқұрт ғалымы А.Шайхулов Еділ-Жайық аумағын мекендеуші түркі халықтары тіліндегі моносиллабтардың құрылымы мен идеографиялық парадигмасын түркіаралық және жалпытүркілік лексиканың ареалдық континуумында зерттейді209.
Қазақ тілінің тарихи дамуы мен қалыптасуын, сонымен сабақтас мәдениетін анықтау барысында көнетүркі, ортатүркі, қыпшақ т.б. жазбаларының деректерін зерттеуге байланысты қазіргі қазақ тіл білімінде біршама еңбектерді атап өтуге болады (Ғ.Айдаров, М.Томанов, Ә.Құрышжанов, А.Ибатов, М.Сабыр т.б.).
Осыған орай көнетүркі жазбалар мен мәдени мұраларымыздағы ежелгі заманнан күні бүгінге дейін ұласқан рухани даму барысының үзілмес желісінің бүгінгі күнмен сабақтасуын уақыт пен кеңістік контексінде жүргізілетін зерттеулер нәтижесінде анықталған тілдік көрінісі этномәдениеттің метатілін көрсетеді. Мысалы, «Ескітүркі сөздігі» деректерінің негізінде көнетүркі жазба нұсқаларындағы мәдениетке қатысы бар жалпытүркілік лексиканың қазіргі тілде сақталған жүйесін көрсетуге болады: altun: altun kümüš kerjäksiz kelürti «олар алтын мен күмісті көп мөлшерде жеткізді» [ЕТС, 40]; belbay: altunluy belbayi birlä jiyačqa bayladi «алтынмен әшекейленген белбеумен ағашқа байлады» [ЕТС, 93]; eb // ev // üy // üv: bašmil jayidip ebimru bardi «бізге жау болған басмылдар менің үйімді (тұрағымды) шапты» [ЕТС, 162]; jalma: jaraqinta jalmasinta jüz artuq odun urti «оның сауыты мен желбегейіне жүзден аса жебе тиді» [ЕТС, 229]; jejim: ešäkni berginča bu jejimni jesün «есекті бермес бұрын ол жемін жеп алсын» [ЕТС, 253]; kidiz: ki[d]izig subda soqmiš «киізді суға салып қойды» [ЕТС, 306]; ujuq: bir qai bir ujuq čaruq «бір пар шарыққа бір ұйық» (шұлық) [ЕТС, 608]; sünüg: sünü qilič taz … bogda temir berka ort jalin bilan belgurtup «жалынмен бірге сүңгісін (найзасын), қылышын, тәжін, қанжарын көрсетіп ...» [ЕТС, 517]; oq: bir erig oqun urti «бір кісіге ол оқ тигізіп құлатты» [ЕТС, 368]; jemiš – жеміс; bagir – бақыр; jörgäk – жөргек; jügün – жүген; jüzük – жүзік; kerägü – кереге; kisän – кісен; kömäč – көмеш; bešik – бесік; bičak – пышақ; börk – бөрік; čit – шыт; čir – шыр: шыр біту; čaruq – шарық; ičuk – ішік; jignä – ине; qurut – құрт; sir – сыр; šonqur // šonqar – сұңқар; očaq – ошақ; qamči – қамшы; qumuz // qimiz – қымыз; tügmä < tüg – түйме < түй; süzmä – сүзбе; čačir // čatir > čač «шаш» – шатыр шаш; könläk > kön // kön «иленген тері» – көйлек.
Кейбір атаулар сол дәуірге тән материалдық өндіріс деңгейін, мәдениетін көрсетіп, кейбір жағдайда оның дамуы нәтижесіндегі жіктелуінің көрінісін бейнелейтін тәрізді. Мысалы: aδrim – ердің астына салатын киіз [МК, І, 66]; jetän – мақта мен жүнді тарайтын құрал; joγurt – ашыған сүт > joγur «мешать», «месить», «скатывать»; joγurγuč – оқтау; joγurqan – көрпе. Қазіргі қазақ тілінде жуырқан сөзі диалектілік ерекшелік ретінде қолданылады. Jörgömäč – iшекке орап, өріп пісірген тағам; jörgänču – 1) сырылған көрпе; 2) орау, шұлғау > jorqa kebüt – жасау ия сый ретінде берілетін халат, киім. Ол қазақ тіліндегі киіт сөзімен мәндес келетін тәрізді. Kerim – кілем > ker; кер > kerki – кішкентай балта; kešgü – кесуге арналған құрал; kepäz – мақта; kön – иленген тері. Ол қазақ тілінде – көн, көн терісі, көні жібу т.б. тіркестерінің құрамында кездеседі. Barčin – жібек мата; tösäklik barčin – төсектік мата. Қазақ тілінде баршын сөзінің түсті білдіретін мағынасы сақталған. Bögdä // böktä – кездік; buqarši // buqurši – темір тісті соқа; könäk – су таситын ыдыс. Қазақ тілінде – көнек // көнектей боп, т.с.с Köpčük – көпшік. Қазақ тілінде көпшік сөзі диалектілік ерекшелік ретінде «жастық» мағынасында қолданылады.