* елті=
Көнетүркі сөздігінде el жалаң тұлғасы кездеспейді, ал «алып жүру», «тасу», «әкету» мағынасында elt= етістігі бар. Э.В.Севортян осы етістіктің бастапқы негізі el деп санайды және дәлел ретінде мынадай тұлғаларды келтіреді: көне өзбек тілінде – äl= «жақындау», «жеткізу», түрік тілінде – eл «әкету» /ЭСТЯ. 1 Т. С.268/. Егер осы этимологияны қабылдасақ, онда – elt= құрамындағы бұйыру аффиксі -t. Ол да айт, қайт етістіктеріндегі сияқты жағдайда тұр. Қазақ тіліндегі elt= туынды түбірін елті=, елік=, елір= етістіктерімен бір қатарға қоюға болады.
*жері=
Ортатүркі ескерткіштер тілінде jӓr= ( «жиіркену» – ШФ.), көнетүркі ескерткіштерінде – er= «жақтырмау», «менсінбей қарау», «теріс айналу»; jer= «кері итеру», «жиіркену»; еr= «жақтырмаушылық», «менсінбей қарау», «елемеу», är= «қанағаттанбау», «жиіркену» дегенді білдіреді /ДТС. С.174, 175 /.
Қазіргі қазақ тілінде көнетүркі сөздігіндегі er=етістігіне туыстас, оған семантикалық жақын фонетикалық варианты ретінде жері=, жирен=, жиіркен= т.б. етістіктерін санауға болады.
*еңкей=
Ең= түбірлік элементін көнетүркі жазбаларындағы «ию», «еңкею» мағынасындағы eƞ//eg тұлғасымен /ДТС. C.174/ және қырғыз тілінде сақталған ең= етістігімен бірегейлестірген дұрыс. Қараңыз: ең= «еңкейіп қолын жерге тигізу» (салты атты мен кейбір жыртқыш құстар туралы) /ЮКРС. С.955/.
* жөрме=
Қазақ тілінде * жөрме=, жөргем, жөргек, жөргеп: жөргеп тігу т.б. туынды түбірлеріндегі ортақ элементті (жөр=) түбір деп жорамалдасақ, оны құмандықтардың диалектіндегі «ішек пен асқазаннан оралып жасалған тағам», «қой еті мен майының тілімдері қосылған ішек, шұжық» (ОРС.С.57 ) мағынасындағы дьор= етістігімен бір төркіндес деп, ол қатарға тарихи даму көріністері ретінде өр=, ора= етістіктерін де қосуға болады.
*жасыр=
М.Қашқарида jaš= «жасырыну» түбірі кездеседі /МК. ІІІ Т. С.60/, көне өзбек тілінде -йашын= «тығылу» /ФСЯ. 1 Т. С.497/, сары ұйғырлардың тілінде йас= «ашылу», «тығылу»198, Вамбериде -йаш= «жуас» (С.Е.Маловта көрсетілген)199, қазіргі әзірбайжан тілінде йаш= «жасырыну»200.
Қазақ тілінде *жас түбірі жалаң күйінде қолданылмайтындықтан, «өлі» түбірге айналған.
*жылжы=
Қырғыз тілінде жыл= «қозғалу», «жерге етпетінен жатып жылжу» мағынасында қолданылады /ЮКРС. C.279/, алтайша – чыл= «жорғалау», татарша– шылу= «жылжу», «кетіп қалу», «бой тасалау» /ТРС. С.295/, якутша – шыл= «жорғалау» (ЯРС).
Қазақ және өзге тілдерде *жыл= түбірінен жасалған туынды сөз «жорғалау» мағынасындағы жылжы етістігі және жылан атауы кездеседі.
* күнде=
Осы етістік түбірінен туындаған «қызғану» мағынасының басқа түркі тілдерінде де кездесуі оның құрамынан аффикстік тұлғаны жіктеп, *күн= өлі түбірін жорамал түрінде бөліп көрсетуге болады. Қараңыз: күнне - хакасша, көн-лә= - татарша, кунуле – қырғызша және т.б.
* көтер=
Якут тілінде köt= «ұшу», «аспандау»201, köty= Вамбериде – «көтеру», көнетүркі тілінде – «көтерілу» /ДТС. С.319/, моңғолша kötül «төбе», ал қазақ тілінде, басқа да қазіргі тілдерде көтер етістігі қолданылатыны белгілі.
* күрес=
М.Қашқарида kür – «батыл», «ержүрек» деп берілген /МК. С.324/; хакас тілінде – кÿр «бірбеткей » /ХРС. С.97/; көне өзбек тілінде –күр «батыл», «ержүрек» /ФСЯ. С.645/; қырғыз тілінде– күр «кемел шақ» /ЮКРС. С.286 / және В.В.Радлов сөздігінде күр – «батыл» /РСЛ. ІІ Т. С.1329/.
Синкретті түбір-негіз ретінде оны Е.Қажыбеков те көрсеткен: kür//gür//kör – С.251. Қазақ тілінде ол тек туынды түбір ретінде қолданылады: күрес=.
Достарыңызбен бөлісу: |