Жұбау тапты ел тұлыптарға мөңіреп, Бауырына бала кеткен талай жан; Шүкір айтып әр күн сайын он рет, Алданатын қара іздейді маңайдан. Сол сияқты Жұмекен өлеңдерінің «жұмбағын» ашуға да оның мәтінін лингвомәдениеттанымдық кеңістікте қарау мүмкіндік береді:
Қоңыр шешем қоңыр кешті жамылып, көзін саулап қалып еді қамығып, Қоңыр жолға түсіп едім мен өстіп, қоңырқай ой маза берер емес түк; Қоңырайып отыр алда жол әлі, Кеудем кейде қоңыр күйге толады. Қоңыр әнмен қазақ бесік тербетіп, өргізіпті-ау қоңыр-қоңыр баланы; Қоңыр күпі, қоңыр дала, қоңыр үн... Қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім. Қоңыр күзде қоңыр шаруа күйбеңмен, қоңсы қонған қоңыр қызға үйленгем; Қоңыр-қоңыр күй тыңдап ем жасымда, Шешем қалды қоңыр төбе басында. Қоянжонға қоңыр ымырт түскенде, Қоңырайып отырамын үстелге... Осы өлеңдегі қоңыр сөзінің қолданысы түстің мағынасын бермейтіні анық. Бұл - ата-баба заманынан бергі қазақтың тірлігін, тірлік кешіп жатқан ортасын, мінез-құлқын сипаттауға дәл келетін қоңыр түсінің символдық дәрежеге жеткен тұтас бейнесі.
Осындай концептуалдану үрдісі нәтижесінде сөздің нақты, жеке мағыналары көмескіленіп, сөзді бағалайтын оның әлеуметтік және мәдениет дерегі ретіндегі мәні өзектеледі.
Бұл өз кезегінде қазіргі тіл біліміндегі когнитивті бағыттың күшеюімен сипатталып, тілші-маманның негізгі назарын көркем мәтіннің шығармашылық кеңістігіндегі тілдік тұлғаның ойлау-сөйлеу қызметіне шоғырландырады. Көрсетілген сабақтастық продуциенттің (автордың) көркем идеясын терең түсінуге жол ашып, антрополингвистика тұрғысынан тілдің коммуникативті әлеуетін анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, М.Дулатұлының көркем шығармаларындағы ұлттық дүниетанымды сипаттап, автордың «Оян қазақ» идеясын айшықты тілмен өрнектейтін – лингвомәдени тұтастықта анықталатын тілдік бірліктер, авторлық метафоралар: «Екі ауылнай елдің жайлауы Саумалкөлге жағалай ауылдар қонып, былтырғы жұрттарына үй тігіп, көп ұзамай бие де байлайды; бір ауылды бір ауыл еруліккешақыра бастады; үй тіктіріп, лау байлатып, қой сойдыруға шыққан; Сүйінші, Сәрсеке! Шолпан жеңгем аман-есен босанып, тақия тігіп беретін тапты; бір қыз айттырды, кедей әмеңгер алып, молдекеңе мал әкел деп әмір етті, бата қылынып, сойылды, Жұманға құда болатын лайықты жер, киітке риза қылып, қайтарды, биыл «баламды ұрын жіберем» деген хабар келді; қыз-бозбала үшін мәжіліс-шілдехана болды, бір-бірін сүйіп қашқан қыз бен жігіт; Жамалжан, тұр, молданың кебісін сал, құман алып шық; бай қызы тоғыз жаста балиғ болады; айтылмыш қозы бата қылынып сойылды; Қалампыр бәйбіше сабадан қымыз құя бастап; батасы қырық жетінің малы, екі жүз теңге ақшаға келісіп» т.б. немесе М.Дулатұлы ұлт тіліндегі лингвомәдени бірліктерді заман келбетін бейнелеуде де шебер қолданады. Мысалы: «Ол күнде сайрағыш бұлбұлдар қамауда, қырағы сұңқарлар торда, жүйрік тұлпарлар матауда еді. Һәркімнің қолы байлаулы, аузына құлып салулы»; «Малы бар ауылдардың үстінен мылтық атып, шаңырағына қобыз тартып, қолынан болмаса жолынан алатын болдық; Алаңнан ойбайым артық;».
Осының нәтижесіндегі көркем мәтіндерді кешенді талдау мәселесі қазақ тіл білімі дамуының қазіргі антрополингвистикалық кезеңінде өзектілікке ие болып, ұлт тілі әлеуетінің көрсеткіші ретінде лингвомәдениеттанымдық аспектіде зерттелуде. Атап айтқанда, көркем мәтіндегі архетипті уәжделген бейнелерді, прецедентті номинация, символдану мен коннотация т.б. мәселелерді лингвомәдениеттанымдық кеңістікте қарау, біріншіден, жалпы ұлттық-мәдени-ассоциативті парадигманы, екіншіден, дара көркем антропологиялық көріністі анықтайды.
Мысалы, ұлы суреткер М.Әуезовтың қаламынан туған шығармаларында этнографиялық деректер, мәдени атаулар көркемдік-идеялық мазмұн мен поэтикалық құрылымның бір компоненті ретінде қызмет ететінін «Қилы заман» повесінің мәтінін лингвомәденитанымдық талдау дәлелдейді: Басына «қилы заман» тумастан бұрынғы туған жердің әсем суретін беру үшін қолданған қазақ тұрмысының асыл ұғымдарын білдіретін шымылдық пен бесік атауларының қолданылуын қараңыз: «Жаз жауынды, мол сулы, қалың шалғынды, қызықты, қалың Албанның ертегіндей бай, сұлу жайлаулары: Үш Мерке, Дөңгелек саз, Үш Қарқара, Сырт, Лабас – жаулау күндерінің жасыл торғын шымылдығы, көкжібек бесігі сияқты».
Демек, олар (шымылдық, бесік т.б.) М.Әуезовтің терең танып, көркем бейнелеуінде жас ұрпақтың өсіп-өрбуімен, өсіп-өнуімен тығыз байланысты қасиетті ұғымдар. Себебі, Үш Мерке, Дөңгелек саз, Үш Қарқара, Сырт, Лабас жайлаулары қалың Албан елінің ұйып отырған, өсіп-өнетін құт мекенін, шұрайлы жерін бейнелейтін прецеденттік атаулар.
Қарта – «жылқының қатпар-қатпар майлы ішегі» (ҚТТС, 6-шы том, 106-бет). Ал, қазақтың дәстүрлі тамағын білдіретін бұл атау «Қилы заман» шығармасында қазақ жерінің құйқасын жеп семірген саудагерлердің обыр бейнесін аша түсу үшін қолданылатын қарталану етістігі, біздіңше, М.Әуезовтің тілдік тұлға ретіндегі шығармашылығы мен шеберлігінің жемісі: «Сондықтан дәндеген, жетіскен, түртіншектеп, сауудың бабын білген саудагер бұл кезде қарталанып, толықсып болып, енді «пәлен байбатша», «түген байбатшаның» дәрежесіне жетіп, бұлдану, керігу, кесірленуді де тапқан»; «Бәрі де жәрмеңке ашылғаннан бері жоталанып, семіріп, қарталанып келе жатқан».
Ұлттық дүниетаным мен мәдениеті байланысында туындаған этносқа тән ғаламның тілдік бейнесін айқындаушы лингвомәдени бірліктер Махамбет поэзиясының да өзегін құрайды. Мысалы, Махамбеттің мұңға, күйінішке толы «Мұнар күн» атты өлеңіндегі ақынның Истайдан айырылып, қайғы тозағына түскен күйі сан алуан да күрделі эпитеттер мен метафоралар негізінде суреттеледі:
«Мұнар да мұнар, мұнар күн, Бұлттан шыққан шұбар күн.