Қазақ тілі тарихын зерттеудің жаңа үрдісі
Қазіргі қазақ тіліндегі жалпытүркілік қабаттың, лексикалық қордың өзегін құрап, өз бойында тілдің сан ғасырлық тарихи даму жолын сақтап, тұтынушы халықтың материалдық-рухани мәдениетін бейнелейтін түбір және тарихи туынды сөздердің түпнегізін анықтау бірқатар түркітанушы ғалымдардың назарын аударғаны белгілі. Осымен байланысты түркітануда олардың ата түркі дәуіріндегі жалпытүркілік ежелгі түрін салыстырмалы-тарихи негізде жаңғырту арқылы байырғы қалпына келтіруге бағытталған талай зерттеулер жүргізілді.
Солардың қатарында қазақ тілі деректері негізінде тікелей түбір мәселесін тарихи-динамикалық категория ретінде зерттеген көшбасшы ғалымдардың бірі – профессор М.Томанов.
Бұл арада ғалымның мұрасына талдау жасап, мазмұндық сипаттауды артық деп санаймыз. Бүгінгі әңгіме – профессор М.Томановтың зерттеулерінің қазақ тілі тарихын ұлт болмысымен сабақтас қарастыратын қазіргі тіл білімінің жаңа бағыттары мен нәтижелерінің үрдісіндегі жалғастығын көрсету.
Өзінің артында қолжазба ретінде қалып, кейін жарық көрген (1992 ж.) «Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасын» ғалым: «Түркі тілдері, олардың жалпы сипаты немесе жеке түркі тілінің өзіндік ерекшелігі жайлы айтпас бұрын олардың бәріне тән ортақ заңдылықтар қандай дейтін мәселеге тоқтау орынды» деп бастайды да [1, 7], түркі тілдерінің негізгі жүйелік ерекшеліктеріне (фонетикалық жүйе, морфологиялық құрылыс, лексикалық қор, синтаксистік құрылыс) тоқталады. Соның ішінде тілдің даму үрдісіндегі тарихи өзгерістердің ықпалымен түбір құрылымының көнеруін анықтауда фонетикалық заңдылықтардың мәнін ерекше атап көрсеткені белгілі [2, 100].
Ғалым байырғы сөздік қордың фоно-морфо-семантикалық құрылымы туралы Э.Севортянның, Ә.Қайдардың т.б. түркітанушы ғалымдардың ізденістерін жалғастырып, қазақ тіліне қатысты нақты тілдік деректермен дәйектейді.
Түбірдің бір буындығына қатысты ғалымдардың сүйенер тірегі – түркі тілдеріндегі түбірдің құрылымының тұрақсыздық (диффузность) сипаты. Осыған орай моносиллабтардың құрылымы фоно-морфо-семантикалық корреляция негізінде қатар зерттеліп, соның нәтижесінде түркі түбірінің ең кең тараған түрі үш дыбысты түбірдің басындағы (анлауты) да, соңғы дыбысының (ауслауты) да өзгермелі екендігі оның тұрақсыздығын тудыратыны Э.Севортян, А.Н.Кононов, Ә.Қайдаров, Е.Қажыбеков, М.Томанов еңбектерінде дәлелденгені белгілі. Нақты айтқанда, профессор М.Томановтың жылысу, кірігу, фузия т.б. құрылымдық өзгерістер мен модификацияға қатысты қазақ тілінің нақты тілдік деректерін талдаулары мен қазақ тілінің тарихи-фонетикалық, фонологиялық жүйесінің қалыптасуы туралы пікірлерінің құндылығы моносиллабтық және көптеген дисиллабтық түбір құрылымының табиғатын жалғамалылық, сөзжасамдық үдерісімен қатар қарауында.
Осымен байланысты М.Томановтың зерттеулерінде түбір морфемалардың қалыптасуына қатысты көрсетілген көптеген күрделі мәселелердің күрмеуін шешудің тетігі тек тілдік жүйенің бір деңгейі негізінде ашылмайтынын қазіргі кешенді тіл білімінің сипаты көрсетіп отыр. Атап айтқанда, қалыптасқан ғылыми көзқарастар тұрғысынан тарихи фонетикалық заңдылықтар ретінде түсіндіріліп келген морфемалық құрылымда кездесетін ығысу, жылысу т.б. құбылыстардың ерекшелігі мен сырлары қазіргі тіл білімінде морфология мен фонетика тоғысында қалыптасқан морфонологияда қарастырылады [3].
Бұл мәселе қазіргі тілді зерттеу деңгейінің функционалдық сипатына сай жаңа сапада өзектеліп отыр. Осы тұрғыдан бағамдап қарасақ, қазақ тіл біліміндегі түбір құрылымына қатысты ғылыми болжамдардың жаңаша сипатын профессор Б.Сағындықұлы, профессор А.Салқынбай еңбектерінен көруге болады. Осыған орай ішкі флексия, архисема, идеофон, силлабофонема т.б. ұғымдардың өзектелуі түбір құрылымын жаңғыртуда тиімді сипатқа ие болуда [4].
Осы орайда шартты түрде «өлі түбірлер» деп аталып жүрген тарихи туынды түбірлерді сөзжасам өрісінің өзегі мен перифериясының арасында тұрған тілдік бірлікті реликтілік түбір морфема деп қарайтын Н.И.Букетованың зерттеуін де профессор М.Томановтың түбірді динамикалық жүйе деп болжаған идеясының жаңа ғылыми деңгейдің дәйегі деп қараған жөн [5].
Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде таным көкжиегін кеңейтіп келе жатқан өрелі өріс-руханияттың көне дәуірлердегі негіздері және ұлттық сана мен болмыстың күретамырлары іспетті тарихи тілдік деректерді зерттеудің кешенді де терең тану үрдісі Ғ.Айдаров, Ә.Құрышжанов, М.Томанов сияқты ғалымдардың еңбектерінен бастау алғаны белгілі. Қазіргі таңда ежелгі түркі дүниесін танытатын көне түркі ескерткіштерінің мазмұны мен мәтіндеріндегі көркем ойлау жүйесі бүгінде іштей қайта түлеп, жаңғырып жатқан түркі халықтарының бірі қазақ елінің рухани-әлеуметтік және тілдік қазынасының тарихнамасы іспетті антропоөзектік аспектіде танылуда.
Кейінгі буын зерттеушілерінің өкілі М.Ескееваның: «Жалпы түркілік тектілден (протоязык) өрбіп, өзара тоғысу, қайта ыдырау тәрізді тілдік үдерістерді бірнеше мәрте басынан өткізген, өзіндік ерекшеліктермен, бітім-болмысымен сараланатын, сан ғасырлық дербес даму жолынан өтсе де, жалпы түркілік табиғатын сақтап келе жатқан, қазіргі түркі тілдерінің қалыптасу ерекшеліктерін, өзара туыстық деңгейін анықтауға арқау болып отырған құнды тілдік дерек VII-IX ғасырлардан жеткен көне түркі ескерткіштерінің тілі» [6] деген тұжырымын ғылыми сабақтастықтың жаңа деңгейі деп санаймыз. Нақты айтқанда, жас ғалымның Орхон, Енисей, Талас ескерткіштерінің тіліндегі моносиллабтарды қазіргі қыпшақ тілдеріндегі нұсқаларымен салыстыра отырып, сабақтастығын фонокорреляттар негізінде қарастырған зерттеуі түбіртану деңгейін ғылыми да, деректік те тұрғыдан дәйектелген жаңа сапаға көтерді.
Осы арада М.Томанов қазақ тіл білімінде арнайы дереккөзі ретінде пайдаланған көнетүркілік жәдігерлерді зерттеуде оның мазмұнындағы түркі жұртының ұлттық мәдени, тарихи-әлеуметтік негіздегі тұтастығын бейнелейтін тілдік мұра ретінде жаңа ғылыми парадигмада қарастырыла бастағанын да ғылыми жалғастықтың жаңа деңгейі деп бағалаған жөн. Атап айтқанда, Н.Г.Шаймерденованың «Репрезентация в языке древнетюркской картины мира» атты еңбегінде ежелгі түркілердің санасы бейнеленген тілдік деректерді когнитивтік жүйеде қарау ескерткіштер тіліндегі түбірлердің семантикалық құрылымын жаңғыртуда мәні ерекше екенін нақты дәлелдейді [7].
Осы ретте тілдің таным құралы ретіндегі (қарым-қатынас құралы ғана емес) және құжаттық-мұрагерлік қызметін дәйектейтін көне тілдік деректердің лингвомәдени аспектіде қаралуы – соның нақты айғағы [8]. Белгілі бір уақыт пен кеңістіктегі тілдік қолданыс аясын архетиптік ұлт мәдениетімен сабақтастыру бағзы замандардан бастау алып, халық санасына сіңіп, жадында жатталған көне сөздердің тарихи сырын тіл тұтынушының іс-әрекетімен байланысты. Бұл жайт тіл тарихының ұлт тарихынан ұзақ екенін негіздейді.
Профессор М.Томановтың ареалдық лингвистика тұрғысынан жасаған талдауларының кешенді де нақты деректік зерттеу жалғасын түркі тілдеріндегі түбіртану мәселесіне қатысты жаңа теориялық-танымдық бағдар ұстанудың үлгісін көрсеткен башқұрт ғалымы А.Шайхуловтың еңбегінен көруге болады [9]. Ғалым түбір табиғатын зерттеуде теориялық-танымдық бағытты да ұстанып, имманенттік талдау мен когнитологиялық талдауды ұштастыруға тырысады. Ол қыпшақ тобына жататын татар, башқұрт, қарақалпақ тілдері мен туыстас чуваш, моңғол, тұңғыс-маньчжур тілдері деректері негізінде ғалам бейнесінің ортақ құрылымдық-семантикалық өзегін түбірлік деңгейде ажыратуға болатынын идеографиялық парадигма негізінде дәлелдейді.
Ұстаз тәлімін көрген және түбір теориясын динамикалық тұрғыдан анықтауға үлес қосқан ғалым мұрасын терең зерделеу барысында біз де: «Түбір онтологиялық деңгейдегі бірлік ретінде үнемі өзгерістерге ұшырап отырады, соның нәтижесінде белгілі бір хронологиялық деңгейдегі түбірдің жалғыз ғана моделінің ататілде қолданылу мүмкіндігін жояды. Бұдан шығатын қорытынды: түркітануда анықталған түбір құрылымдарының (CV, VC, CVC және т.б.) әртүрлі хронологиялық деңгейі тек бір ғана модельге негізделмейді» деген жорамал ұсындық [10, 6].
Бұл модельдердің біреулері тұлғалық, мағыналық белгілерін сол күйінде сақтаса, енді біреулері тұлғасын сақтап, мағыналық өзгерістерге ұшыраған немесе мағынасын өзгертпей, тұлғалық ауытқуларға ұшыраған. Мұндай құбылыстардың қалыптасуының интралингвистикалық, экстралингвистикалық жүйелі себептерін құрылымдық тіл ғылымындағы заңдылықтың аясында анықтауға келмейді. Алғашқы моносиллабтардың СV моделінің бірнеше нұсқалары болғанымен, одан кейінгі лингвоэволюциялық үдерісте ортақ идея мен дефинициялық белгілердің негізінде оның жаңа морфо-семантикалық тұлғасы қалыптасады. Сондықтан V және СV модельді түбірлес моносиллабтарды бір ғана тұлғада жаңғырту (реконструкциялау) нәтиже бермейді. Себебі олардың архитұлғасы мен архисемасы кешенді сипатты бейнелейді. Ал келесі тарихи даму кезеңінде бұл моносиллабтардың VС, VСС, СVС, СVСС модельдерінде нақтылау үрдісі байқалады.
Жоғарыда көрсетілген профессор М.Томановтың құнды ғылыми тұжырымдарының қазіргі тіл біліміндегі зерттеулерде жалғасуы, біріншіден, бүгінгі ұлттық сананы тіл арқылы жаңғыртуға ерекше мән беріліп жатқан антропоөзектік бағытымен байланысты. Екіншіден, қазіргі тіл ғылымы көкжиегінің қағидасы келесі ұрпақтың ана тілдің өміршеңдік қызметінің қуаты мен құдіреті негізінде ұлт болмысының тілде бейнеленген түп тамырларын танып білудің кепілі екендігінде. Ал профессор М.Томанов тектес ғалымдардың, ұстаздардың ұлылығы осы бастаулардың көзін ұлттық болмысты бейнелейтін тарихи-ақпараттық мазмұндағы көне тілдік, диалектілік, ауызекі сөйлеу тілі, фольклор т.б. деректер бойынша іздеп, соның нәтижесі ретіндегі ғылыми болжамдары мен тұжырымдарының ежелгі заманнан күні бүгінге дейін ұласқан тарихи-рухани даму барысының үзілмес желісі іспетті бүгінгі күнмен сабақтасуында.
Достарыңызбен бөлісу: |