3. Қысқаша мәлімет:
Үстеу сөздер іс-әрекеттің, қимылдың мезгілін, мекенін, сын - бейнесін білдіретіндіктен негізінен етістіктермен тіркеседі. Бірақ үстеу сөздердің есім сөздермен тіркесі де тілімізде жиі кездесетін құбылыс деуге болады.
Үстеудің сөз табы ретіндегі бір белгісі - оның лексика-семантикалық сипаты. Үстеу амал-әрекеттің әр алуан мезгілдік, мекендік, мөлшерлік, сындық, себептік. мақсаттық сипаттарын білдіреді. Осымен байланысты, олар мынадай мағыналық топтарға бөлінеді: 1. Мезгіл үстеулері. 2. Мекен үстеулері. 3. Мөлшер үстеулері. 4. Сын-қимыл (бейне) үстеулері. 5. Күшейткіш үстеулер. 6. Мақсат үстеулері. 7. Себеп-салдар үстеулері. 8. Топтау үстеулері.
Еліктеу сөздер ішкі мағыналық ерекшеліктеріне орай екі салаға бөлінеді, бірі - еліктеуіш (еліктеме) сөздер, екіншісі - бейнелеуіш (бейнелеме) сөздер аталады.
1. Еліктеуіш (еліктеме) сөздер дегеніміз - өзіне тән лексика-семантикалық мағынасы адамның есту мүшесі құлақ арқылы дыбысқа еліктеу ұғымын білдіретін еліктеу сөздердің бір мағыналық түрі.
Адамның тыныс мүшесі арқылы шығарылатын дыбыстау мағынасын білдіретін еліктеуіш сөздер тілімізде едәуір. Мәселен, бір ғана ұйықтауға байланысты еліктеу сөздер ішкі мағыналық реңіне қарай «қор-қор, пыс-пыс, быр-быр»сияқты сөздермен беріледі.
Адамның көңіл-күйіне қатысты күлудің он бес түріне Ш.Сарыбаев мына еліктеу сөздерді атайды: «ду күлу, жырқ-жырқ күлу, кеңк-кеңк күлу, қарқ-қарқ күлу, мыңқ-мыңқ күлу, мырс етіп күлу, сақ-сақ күлу, солқ-солқ күлу, сық-сық күлу, сылқ-сылқ күлу, сыңғыр-сыңғыр күлу, таңқ-таңқ күлу, тарқ-тарқ күлу, шаңқ-шаңқ күлу, ырқ-ырқ күлу, т.б.» келтіреді.
Түрлі жан-жануарлар, хайуан, аң-құстардың дауыстарына еліктеуден пайда болған түрлі еліктеуіш (еліктеме) сөздер де бар. Мысалы: «Бақ-бақ еткен текені, қар жауғанда көрерміз...» деген сөйлем ішінде келген «бақ» еліктеуіш сөзі еркек жынысты ешкі малы шығаратын дыбыс мағынасын білдірсе, «Құлындар шіңгір-шіңгір кісінесіп, ойнақтап тұяғымен көтерді шаң» деген өлең жолындағы «шіңгір-шіңгір», жылқы малының құлына тән кісінегенде шығаратын дыбысқа еліктеуден туған еліктеуіш сөз.
2. Бейнелеуіш сөздер -табиғаттағы құбылыстар мен заттардың және неше алуан жан-жануарлардың сыртқы сын-сипаттары мен әрекет қимылдарын көру мүшесі-көз арқылы қабылданған бейне-көріністердің атаулары. Бейнелеуіш сөздер адамның, нетүрлі заттардың қимыл-әрекетінің бейнелі еліктеу мағынасын білдіреді. Мысалы, «Саусақтары бұлың-бұлың етті де кетті» (Ғ.С.); «Аттар борт-борт желіді» (С.М.); «Бұланбай мен Алшағырдың үй іштері кешіп келіп, абыр-сабыр болып қалды»(Ғ. М.) - деген сөйлемдерде адам саусағының, аттың жүрісінің, адамдардың түрлі қимыл әрекетінің көрініс бейнелері «бұлың-бұлың, борт-борт, абыр-сабыр» бейнелеуіш (бейнелеме) сөздерінің мағынасы арқылы берілген.
Достарыңызбен бөлісу: |