Туынды сөздердің Синтагматика – сөйлеуде
синтагматикалық қатынасы не жазу мәтінінде жүйелі
орналасқан тілдік
бірліктердің арасында пайда болатын қатынас. Синтагматикалық қатынас дыбыстардың, сөздердің, сөзжасамдық тұлғалардың, сөз тіркестерінің сыңарлары арасында, сөйлемдердің құрамының бір-бірімен байланысы арасында көрініс табады. Тілдік бірліктер арасындағы синтагматикалық қатынастарды ерекше бөліп қарастыру Ф. де Соссюр мен Бодуэн де Куртене еңбектеріне тән. Синтагматикалық талдаудың екі түрлі тәсілі бар: валенттілік талдау (көрші тұрған тілдік бірліктердің мағыналық қатынасы) және дистрибутивті талдау (бірліктердің лексикалық және грамматикалық мағынасын ескермей, мәтіндегі бірліктердің қоршаған ортасын зерттеу).
Синтагматикалық және парадигматикалық қатынас тілдің жүйелі құрылым екенін көрсететін негізгі фактор. Синтагматикалық қатынас – сөйлеу не жазу кезіндегі тілдік бірліктердің көлденең бағыттағы бірінен кейін бірі байланысып келе алу қабілетін, байланыса алу қасиетін айқындайды.
Синтагматикалық қатынас сөзжасамдық жүйеде де нақты көрініс табады. Бұл заңды да. Сөзжасамдық тұлғалардың бір-бірімен қосарлануы, тіркесуі, жалғануы, бірігуі нәтижесінде жаңа атау жасауы үшін синтагматикалық қатынастың орындалуының өзіндік ерекшелігі бар. Сөзжасамдық тұлғалардың белгілі тәсіл арқылы жаңа атау жасауы үшін, мағыналық, тұлғалық, ұғымдық жақындығы, синтагматикалық қатынасқа түсе алуы, тілдік нормаға сай болуы қажет.
Сөзжасамдық синтагматикалық қатынас дегеніміз – туынды сөз құрамындағы сөзжасамдық тұлғалардың бірінен кейін бірі тұлғалық, мағыналық және ұғымдық жағынан жүйелі байланыса алу қабілеті. Синтагматикалық қатынас – көлденең бағытта болады да, тік бағыттағы сөздердің құрылымы арқылы айқындалатын парадигматикалық қатынасқа қарама-қарсы қойылады.
Сөзжасамдық тұлғалардың бір-бірімен синтагматикалық қатынасқа түсе алуы әрбір тұлғаның ішкі мағыналық құрылымымен, таңбаның формасымен, жаңадан жасалатын атаудың ұғымдық мәнімен тікелей байланысты болады. Мұның өзі, түптеп келгенде, халықтық танымның көрінісі болғандықтан, ұлттық дүниетаныммен астасып жатады. Халықтық дүниетаным негізінде орындалатын сөзжасамдық процестер әдеби норманы қалыптастырады. Сөзжасамдық тұлғалардың синтагматикалық қатынасы мынадай факторлар арқылы анықтала алады:
екіншілік мағына туғызушы сөзжасамдық тұлғалар атаудың ұғымдық мазмұнына сай болуы;
жаңа туынды атау жасау үшін сөзжасамдық тұлғалардың мағыналық құрылымдарының сәйкес келуі;
сөзжасамдық тұлғалардың бір-бірімен байланысу-ында тұлғалық ыңғайлыстықтың (сингармониялық заңдылықтың) сақталуы;
туынды сөздердің әдеби нормаға сәйкес келуі.
Мысалы: жорт (жүр сөзінің тұлғалық және мағыналық жағы да тарихи тұрғыда осы атаумен байланысты) себепші негізі арқылы жорту, жортақ, жортақтау, жортақы, жортаң, жортқыш, жортуыл, жортуылшы, жортуылдау; жорық, жорықсыз, жорықтас, жорықты, жорықтық, жорықшы, жорықшылық; жорға, жорға-жортаң, жорға-жүйрік, жорғала, жорғалағыш, жорғалат, жорғалау, жорғалаушы, жорғалы, жорғалық, жорғаша, жүр – жүргінші, жүргіш, жүріс, жүргізу, т.б. туынды атаулар жасалып, бір сөзжасамдық ұя құрайды. Бұл атаулардың жасалуында, қалыптасуында жоғарыдағы көрсетілген факторлар толықтай орындалады. Валенттілік заңы негізінде сөзжасамдық синтагматикалық қатынас сақталады. Жорт сөзінің әуелгі негізгі мағынасы белгілі бір нысанның қозғалысы, жай қозғалысы емес, алға қарай бағытталған, қатты, жылдам жүрісі. Жорға атауының екіншілік мағынасы түбірдегі жүру семасы арқылы уәжделіп, жылқының төрт аяқты тең салып, тайпала басқан жайлы жүрісі деген мағынада орныққан. Жорға атауының тұлғалық сипатының жорқа, жорга, жорха, жорһа т.б. бола алмауының мәнісі қазақ тіліндегі сөздердің фонетикалық заңдылықтар негізінде жасалуымен байланысты. Жорға атауының жорт сөзі арқылы негізделуі ұлттық таныммен байланысып жатады. Сөзжасамдық процесс негізінде пайда болған атау халықтық танымды таңбалап, бірте-бірте өзінің жеке қолданысында жеке атау ретінде қалыптасып, тілдік нормаға айналған.
Туынды сөздің жасалуының негізгі шарты – олардың синтагматикалық қатынаста болуы. Синтагматикалық қатынасты талдау екі түрлі жолмен айқындала алады: валенттілік талдау және дистрибутивті талдау әдісі. Сөзжасамдық мағына туғызудағы синтагматикалық байланыс жүйесінде халықтық тілдік дәстүр сақталады. Ғасырлар қойнауында қалыптасқан халықтық таным мен тілдік дәстүрді кешенді қарастыру лазым. Сөзжасамдық мағына тұлғалардың жай ғана қосылысынан туындамайды, ойдың, танымның жемісі, тілдік таңбадағы көрінісі ретінде қалыптасады. Туынды сөздердің жасалу жолы мен тәсілі, сөзжасамдық тұлғалардың орын тәртібі (жұрнақтардың жалғану реті, заттың сапасын білдіретін сөздердің зат атауынан бұрын келуі, т.б.) – тілдік дәстүрдің нәтижесі.
Пайдалануға қажетті негізгі әдебиеттер:
Әл-Фараби. Избранные трактаты. – Алматы, 1994.
Қашқари М. Түбі бір түркі тілі. – Алматы, 1993.
Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. –Алматы, 1996.
Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі, -Алматы, 1989.
Оразов М. Етістік. Алматы, 2003.
Оралбаева Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. –Алматы, 2002.
Қалиев Ғ. Қазақ тіліндегі сөзжасам мәселелері. – Алматы, 2002.
Салқынбай А.Б. Тарихи сөзжасам. Семантикалық аспект. - Алматы, 1999.
Салқынбай А.Б., Абақан Е.М. Лингвистикалық түсіндірме сөздік. Алматы, 1998.
Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. - Алматы, 1998.
Қасым Б.Қ. Қазақ тіліндегі күрделі сөздер: уәждеме және аталым. – Алматы, 2001.
Құрманәлиев К. Қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұя проблемаларының ғылыми-теориялық негіздері. Алматы, 2002.
Күрделі зат есімдер сөздігі. –Алматы, 1999.
Земская Е.А. Словообразование как деятельность.- М., 1992.
Кубрякова Е.С. Теория номинация и словообразования. // Языковая номинация. М., 1977.
Апресян Ю.Д. Лексическая семантика. Синонимические средства языка. –М., 1995.
Улуханов И.С. Словообразовательная семантика в русском языке. – М., 1977.
Тапсырма:
Әл-Фараби – атау теориясы туралы.
М.Қашқари – сөзжасам туралы.
Сөзжасамдағы атау теориясының мәні.
Туынды сөз мағынасының қалыптасуындағы негізгі ерекшеліктер.
Сөзжасам мен атау теориясының байланысы.
Сөзжасам және уәждеме.
Сөзжасамдық тұлғалар туралы.
Себепші негіз және оның сөзжасамдағы мәні.
Етіс – сөзжасамдық тұлға.
Шырай – сөзжасамдық тұлға.
Сөзжасамдық мағына.
Сөзжасамдық ұя.
Сөзжасамдық тізбек.
Сөзжасамдық қалып.
Түбірлес сөздер.
Сөзжасамдық парадигматика.
Сөзжасамдық синтагматика.