Осылайша манихейзм Орта Азияда кең құлаш жаяды. Сол кезден қалған мани дінін уағыздаушы көне түркі жазба ескерткішінің бірі – Хуастуанифт. Манихейші сенімде Мани суретшілердің, мүсіншілердің пірі болып саналады. Осыған байланысты сурет салу, ағаш бедерлеу, мүсін жасау аса мақтанышты ғамалдар, хатта (тіпті) құлшылықтың асқан түрі деп бағаланған. Ойғырлар осы дінге кірген соң сурет пен мүсін жасау жағынан тым шебер болған[25, 126].
Демек, христиан діні алғаш тарағанда құдайдың суреті бейнеленген иконалар болмаған. Христиандарда Исаның суретін шіркеуде ілу кейінгі дәуірлерде өзінен кейін дүниеге келген манихейзмнің әсерінен келіп шыққандығын аңғаруға болады. Батыстық дінтанушы ғалымдардың өзі бейнелеу өнерінің ежелгі Иран мен Византия жерінен тарағандығын айтады. Ол турасында орыс зерттеушісі Лев Любимов өзінің «Ежелгі орыс өнері» атты кітабында былай деп жазады: «Византия империясының шығыс облыстарындағы бүкіл көркем творчествода ассириялық-вавилондық мәдениеттің, әсіресе, сол кезде жаңа әшекейлік, динамикалық өнер пайда болған Иранның ықпалы сезіледі. Византия жеріне сол жақтан, осы өнердің әуенімен бірге, ерекше көзге түсетін аса әсерлі өрнегімен толық көркемдік табыс табатын, ең шалғайдағы дала кеңістігінің жан тебірентер қиял мұңы екен. Өнердегі мәңгі келе жатқан әшекейлік нәзіктік пен бейнелеу қуаттылығы арасындағы сымбатты, бірақ кейде мәнсіз өрілудің шексіздігі мен дәлме-дәл шектелген кеңістікте нақты көрініс тапқан образды әсерлілік арасындағы жарыс тағы да білінді» [26, 21].
Осылайша Византия, Иран, Сирия секілді кезінде көркемдеу өнері ерекше дамыған елдер ҮІІ ғасырдан кейін тоқырауға ұшырай бастады. Оған себеп болған ислам мәдениетінің ықпалы еді. Ислам діні тараған соң шариғат заңына орай адам суретін бейнелеуге тиым салынды. Ислам діні күшейген тұста манихей діні тарих сахнасынан жоғалды. Христиан дінінде де иконаға қарсы бірнеше толқулар болып өтті. Иконадан безушілер құдайды адам келбеттес етіп бейнелеуге болмайды, өйткені мұндай бейнелеулер діннің қадірін кетіру болып табылады деп санады. Иконаны қастерлеу санаға орнығып қалды, ол бір жағы адам жадынан қалмай келе жатқан фетишизм, пұтқа табынушылықтың жаңа бір формасын туғызғандай болды. Бірақ монастырьларға орнығып алған икона қадірлеуші топтар мен сән-салтанаты мол тұрмыс құрған бай ақсүйектер, өздері тақуалық пен діни бастаудың басшылығын уағыздаса да, табиғи бейнесі жоқ құдайға халықтың сене қоюы қиын деп қарсы шыққан. Империяның шығыс облыстарында кең өріс алған өнерді таза өрнектілік немесе абстрактылық елеске айналдыруға ұмтылушылық енді адамды бейнелеуге тыйым салған исламдық өнер үлгісін негіздеген араб ықпалына түсті. Осы ағымды басқарған әскери жер иеленуші ақсүйектердің ырқымен кеткен императорлық өкімет иконаға табынуға тыйым салады. Соның нәтижесінде Христос пен христиандық әулиелерді бейнелеген өнер шығармалары жаппай құртыла бастады. Олардың орнына шіркеулер, замандастарының бейнелеп айтуы бойынша, «бау-бақшалар мен құс базарына айналған» өсімдіктер мен құстар бейнеленген сәндік әуендегі суреттермен безендіріледі. Түптің түбінде иконаны қастерлеушілер жеңіп шығып, олар өз тарапынан мұндай суреттер мен мозаикаларды, олардың көркемдік құндылығына қарамай құртып жіберді[26, 33].
Христиан әлемінде болып жатқан біресе иконаны құрту, енді бірі мозаикаларды құрту үшін болған толқулар бір жағы мұсылман әлеміне еш әсер етпегендей көрінеді. Алайда, «Мың бір түн» ертегісінде суретке ғашық болу, бау-бақшаның, құстардың бейнесі салынған мозаикалар туралы неше түрлі хикаялар бірінен соң бірі туындап жатты. Бұл жағынан алып қарағанда «Мың бір түн» сол дәуірдегі тараған барлық діни ағымдардан қалған көне сюжеттер мен мотивтерді мейлінше мол қамтыған энциклопедияға ұқсап кетеді. Мұның барлығы ҮІІ-ҮІІ ғасырларда Шығыс пен Батыс елдерінің ұстанған діни нанымдарына орай қоғамда орын алып жатқан тарихи оқиғалар болатын. Қытайдан Римге дейінгі аралықта кең өріс жайған мани діні басқа діни ұйымдарға қайшы келгендіктен будда, ислам, христиан секілді нанымдағы дін басшыларының ашу-ызасын туғызып отырған. Мани ағымындағы дін басшылары мен будда, несториан секілді діни ағымдарды ұстанатын қауымның арасында бірнеше рет жанжал да туып отырған. Бұл жеккөрушіліктен туған қайшылықтар ақыры манихейзм дінін тұншықтырып, құрдымға жібереді. Тарих бетінде орын алған осы бір жәйттер турасында Л.Н.Гумилев мынадай тұжырым айтады: «Таким образом, у манихеев мир – не творение, заслюживающие любви, а результат катастрофы и подлежит уничтожению. Это учение – весьма последовательно, и именно поэтому оно вызывало отвращение всюду, где преповедовалось: в Риме, Иране, Китае. Римлян шокировало нетерпимость манихеев и их задумная натурфилософия, претендовавшая на то, чтобы вносить поправки в естествознание, в то время достаточно совершенное (т.е. воинствующее невежество); персов и арабов – безбожие и ложь, не только разрешенная, но и прямо предписанная манихейским «верным» как средство борьбы с материей: китайцев – запрещение семьи и изнутрение плоти путем искезы и коллективного разврата, чтобы вызвать в себе обращение к жизни; буддистов – жестокость по отношению к людям и животным, которых манихей считали «злыми», т.е. не согласными с их учением». Только уйгуры приняли манихейство как государственную религию. И тогда в Великой степи впервые начались гонения за религиозные взгляды» [27, 19].
ҮІІІ ғасырдың екінші жартысында дүниеге келген Ұйғыр қағанатының ресми діні болған манизейзм Ұйғыр қағанаты құлағанға дейінгі жүз жыл аралықта ерекше дамыды. Алайда, Қытайдан Еуропаға дейінгі аумаққа жайылып бес жүз жылдан астам өмір сүрген мани діні Ұйғыр қағанатының құлауына алып келді. Оның күйреу себебі турасында Л.Гумилев тағы да былай дейді: «Манихейская непримиримость привела Уйгурию к гибели. Уйгурские ханство было конфедерацией шести племен с собственными вождями, и давление правящей кучки на народ не могло быть значительным. Племенные беги зависели от родовичей, которые издавна исповедовал теистический культу тенгри-Неба. Они нуждались в вере в Бога, потому что только он мог помогать кочевникам против злых духов ночной степи: яка иычкака, чулмусов и албастов. А манихейство – система атеистическая, хотя и мистическая» [27, 19].
Ұйғыр қағанаты құлаған соң, манихейзм діні тұсында түркі даласында тұрғызылған небір мүсіндер мен суреттер кейінгі дәуірлерде қиратылған. Оның бір себебі мани дініне сол дәуірдің өзінде қарсы шығатын басқа дін өкілдері аз болмаған. Мани дінінің өкілдері қолдаушыларынан айырылған соң-ақ қуғынға ұшырай бастады. Ұйғыр қағанаты құлаған соң манихейшілер тек Самарқандта ғана сақталып қалды. Ислам діні күшейген соң манихейзм діні тарих қойнауына біржола көшті. Соған қарамастан мани дінінің элементтері, сол тұста уағыздалған суретшілік өнері туралы аңыздар мен сенімдердің біржола жоғалып кетпегендігі байқалады. Бұның әсері басқа сенімге де ықпалды болғандығы байқалып тұрады.
ҮІІІ-ІХ ғасырларға қарап тарих сахнасынан өше бастаған мани діні із-түссіз жоғалмаған, әсіресе, оның суретшілік өнерін дамытуы көптеген елдерге аңыз болып тарап үлгерген. Бұл сюжет дами отырып кейін суретке ғашық болу мотивіне ұласқан. Сурет салу өнері туралы хикая аңыздар шығыстық новеллалық ертегілер мен романдық дастандарда, ортағасырлық парсы, араб, түрік прозаларына ене бастаған. Қытайдан Еуропаға дейін тараған манихейзм дінінің салдары еуропалық рыцарлар жайлы туған дастандарға да сіңіп үлгерген. Бұл сюжет тікелей мани дініне байланысты дүниеге келгендігіне қарамастан, оның өзгерген түрі (реликті формасы), басқа кейіпкерлерге телінген суретке ғашық болу мотиві түрінде сақталып қалған.
Низами мен Ә.Науаи жырлаған дастандарда тарихи кісі есімдері сақталған. Маниға өз дінін таратуға рұқсат берген Иран патшасы І Шапурдың аты, Хұсрау патша, Ануширван мен оның баласы Шируе секілді тарихи кісі есімдері ұшырасады. Ғашықтық дастанда тарихи оқиғалар дәл қайталанбағанымен Манидің кезінде өмір сүрген адам аттары ұшырасып отырады. Демек, кезінде ел жадында сақталған Мани мен оның өрбіткен суретшілік өнері турасындағы аңыздар мен Фархад тауы мен Шырынға байланысты ел жадында сақталған мифтік аңызға сүйенген шығыстың ұлы шайырлары сол аңызды қайта жандандырып, ғашықтық дастанды дүниеге алып келгендігінің куәсі боламыз.
Пайдаланған әдебиеттер:
Гумилев Л.Н. Көне түріктер: көпшілік оқырман қауымға арналған. Алматы. «Білім», 1994 – 480 бет.
С.Қаржаубай. Орхон мұралары. 1-кітап. Тарихи-танымдық этнографиялық әдебиет. Астана. 2003. 392 б.
Әбілғазы. Түрік шежіресі. – Алматы: Ана тілі, 2006 ж, 200 бет.
Еңсегенұлы Т. «Ырқ бітіг» – «Алдыңды болжап бал ашатын кітап» түркі руна жазуымен қағазға түсірілген философиялық өлеңдер жинағы. Монография. Алматы: «Толғанай Т» – 2012, 160 бет.
Қондыбаев С. Қазақ даласы және Герман тәңірлері – Алматы: «Зерде», 2000. – 140 бет.
Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы. – Алматы: Ғылым, 1984. – 272 бет.
С.Жолдасбайұлы. Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақ елінің тарихы. Жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқулық. /Алматы, С.Жолдасбайұлы. «Кітап» баспасы, 2010. 336-б.
«Оғыз-наме», «Мухаббат-наме». Алматы: Ғылым, 1986. – 208 б.
Х.Короглы. Огузский героический эпос. Изд-во «Наука». Главная редакция восточной литературы. Москва, 1976.
Н.Рахмонов. Руханиятдаги нур муроди. Тошкент, 2002. – 128 б.
А.М.Сагалаев. Мифология и верования Алтайцев. Центрально-азиатские влияния. Новосибирск. Изд-во «Наука». Сибирское отделение. 1984. – 120 с.
Қоңыратбаев Ә. Қазақ эпосы және түркология. Алматы: «Ғылым», 1987. – 368 б.
Зәртошт. Ежелгі Иран пайғамбары/Құрастырған және түсінігін жазған Хашим-е Рази. Тегеран: Бехджат, 2001. – 280 б.
Шекен Жандос. «Моңғолдың құпия шежіресі»: Фольклорлық, әдеби негіздері. Монография. – Қарағанды: ЖШС «Гласир», 2006. – 160 б.
Эренджен Хара-Даван. Чингис-хан – как полководец и его наследие. Алма-Ата. Изд-во «Крамдс-Ахмед Яссауи», 1992. - 272 с.
«Фархад-Шырын» (эпос). (жинаған, алғы сөзін жазған: Қ.Саттаров). Ташкент: «Фан», 2004. – 144 б.
Бұлұтай М.Ж. Ата-баба діні? Түркілер неге мұсылман болды? – Алматы: Білім, 2000. – 504 б.
24.Любимов Лев. Ежелгі орыс өнері. (оқу кітабы). Ауд. Қ.Қасымбеков, С.Тәжіғұлов. – Алматы: Өнер, 1989. – 240 б.
25.Гумилев Л.Н. Тысячилетие вокруг Каспия. М., ТОО «Мишель и К». 1993.