Генерал Панфилов
Бауыржанның әскери таланты ең алғаш 1941 жылы, Мәскеу түбіндегі ұрыстарда көрінген. Тапқырлығы мен көзсіз батылдығы үшін генералы Панфилов оны өте жоғары бағалаған. Сондай-ақ, Волокаламск тас жолын-дағы шайқастан кейін генерал Момышұлының батальонын тың күш ретінде жанында ұстап, ең қиын жағдайларға пайдаланып отырған. Сөйтіп, Бауыржан Ұлы Отан соғысы барысында 207 рет ұрысқа қатысып, 5 рет өлімнің құрсауында қалған, 2 рет өлімші болып жараланған. Бірақ өліммен бетпе-бет келген сәттердің барлығында да негізгі жауынгерлік құрамымен қоршаудан аман-есен шығып, өз дивизиясына қосылып отырған. Бұл, әрине, оның терең ойлай білетін әскери маман ретіндегі талантының арқасында жүзеге асқан.
Соғыс кезіндегі жол көрсетер ұстазы Иван Васильевич Панфилов жайында Б.Момышұлы барынша жылы ілтипатпен, сүйіспеншілікпен, құрметпен жазады. Генерал жайында: « Генерал Иван Васильевич біртуар әскери ойшылдардың бірі болатын. Біртуар қолбасшы адам болу үшін өжет, батыл, тактика мен әскери стратегияда жаңашыл болу қажет. Ол әскери ойлауда артықщылыққа, басымдылыққа ие болды, әрі өзінің дұшпанына қарағанда тактикалық жағынан әлдеқайда икемді болды. Өзі енгізген және бірсыпыра ауыр ұрыстарды жеңіспен аяқтауға көмектескен оның жаңашылдығы – бұл жұрт атап кеткендей Панфилов серіппесі болатын. Егер Панфиловты сипаттауға талпыныс жасасақ, онда шамамен былай кескіндеген болар едік: ол парасатты генерал, ақылгөй генерал, нақты есеп жүргізе білетін генерал, сабырлы генерал, табанды да қайсар генерал, мақсатты генерал болды.» Өз қолбасшысын сүймеген солдат, қолбасшысына ұқсағысы келмеген солдат – солдат па? Генерал Панфиловқа арнаған өлеңінде былай дейді:
...Қирата жойған дұшпанды,
Кідірместен бастаған,
Абыройға да, алға да,
Ерлердің ері қолбасшы,
Елдің ұлы қолбасшы,
Әскер көркі қолбасшы,
Қазынасы ақылдың,
Жетекшісі батырдың,
Арыстандай айбатты,
Қырық шілтендей келбетті,
Ауыр мінез салмақты,
Болып ед біздің қолбасшы.
И.В.Панфиловты сипаттаған, ақылына, көрегендігіне тәнті болған жүрек жарды жылы лебіздері А.Бектің «Арпалысында», Ә.Нұршайықовтың «Аңыз бен ақиқат» диалог-романы, өзінің «Москва үшін шайқас» романы шығармаларының өн бойында өріліп, жеке-жеке тоқталып өткен. Осы шығармаларды толықтай оқып шыққан кезде ғана генерал Панфилов жайында жалпы мағлұмат алып шығуға болады. Бұл оның ұстазына деген орасан құрметінің белгісі деп түсінеміз.
Оқушыларға аталған шығармалардың ішінен «Панфилов серіппесі» деген қандай тактика екенін тауып, оны түсіндіріп беру тапсырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |