1-дəріс. Кіріспе
1. Фонетика ғылымының қалыптасу, даму кезеңдері жəне қазіргі күйі
2. Фонетиканың басқа да тіл білімінің салаларымен байланысы
1. Қазақ хандығының орыс патшалығы қол астына енуі екі елдің бір-бірімен қарым-қатынасын
күшейтті. Осы кезде қазақ даласын жаппай қоныстандыру саясаты қолға алынды. Мұның өзі орыс
шенеуніктеріне қазақ халқының тілін, дінін, əдет-ғұрып, салт-дəстүрін білуді жандандырды. Осы
ретте, қазақ халқының бай əдеби мұрасын орыс графикасымен жазып алу, қазақша–орысша, орысша-
қазақша сөздіктер шығару жүзеге аса бастады. Алайда, алғашқы кезде бұл ғылыми негізде, жоспарлы
түрде жүргізілмесе де, кейінгі дəуірдің зерттеу жұмысына баспалдақ болғаны сөзсіз. Əдетте, қазақ тіл
білімінің зерттелуі жайын ХІХ ғасырдың 2-жартысынан бастаушылық бар.
Қазақ тіл білімі тарихының алғашқы беті орыс миссионері Н.И.Ильминскийдің есімімен
байланысты. Ол 1860 ж. Қазан университетінің жазбаларында «Материалы к изучению киргизкого
наречия» деген еңбегін жариялайды. Бұл қазақ тіл білімі жөнінде тұңғыш еңбек болған соң, мұнда
кемшіліктер де аз емес. Дыбыс бөлімі атты саласында қазақ тілінде 8 дауысты (а(ə), е, ы, і, о, ө, ұ, ү),
19 дауыссыз (п, б, м, у, т, д, н, ж, з, ш, с, р, л, й, к, г, қ, ғ, ң) дыбыстар бар деп, дауысты дыбыстарды
жуан-жіңішкеге бөліп, жұп-жұбымен орналастырған.
Н.И.Ильминский дауыссыз дыбыстарды өзара артикуляциялық жуықтығына қарай орналастырып
көрсеткен: п, б, м, у – ерін дауыссыздары; т, д, н, ж, з, ш, с, р, л - тіл алды дауыссыздары; й – тіл
ортасы; қ, ғ, к, г, ң – тіл арты дауыссыздары. Н.И.Ильминский қазақ тіліндегі дыбыстардың
редукциясына, өзара үндесу, алмасуына да көңіл бөлген. Сонымен қатар, қазақ сөздері не бірыңғай
жуан, не бірыңғай жіңішке болатыны, екпін сөздің соңына түсетіні де назардан тыс қалмаған.
1875 жылы Санкт-Петербургте М.А.Терентьевтің «Грамматика турецкая, персидская, киргизская и
узбекская» деген еңбегі жарық көреді.
Түркі тілдеріндегі фонетика мəселесі зерттелуінің жаңа кезеңі В.В.Радлов еңбектерінен
басталады. 1882 ж. оның «Солтүстік түркі тілдерінің фонетикасы» атты еңбегі Лейпциг қаласында
неміс тілінде басылып шығады. Бұл – түркі тілдеріндегі тұңғыш салыстырмалы фонетика. Мұнда
қазақ тілі мəселелері, атап айтқанда, дыбыс құрамы, дыбыстардың тіркесуі заңдылығы, сингармонизм
біршама шешімін тапқан.
Қазақ тіл білімінің дамуына біршама үлес қосып, еңбек еткен миссионер – Петербург
университетінің проф., орыс-шығыс зерттеушісі, көрнекті түрколог П.М.Мелиоранский. Ол 1894-1897
жж. «Краткая грамматика казах-киргизского языка» атты 2 томдық еңбегін жариялайды. Еңбектің 1-
томының 21 беті фонетиканы баяндауға арналады. Оның өзі екі тарауға: дауысты дыбыстардың
фонетикасы (5 парагр.), дауыссыз дыбыстардың фонетикасы (4 парагр.) болып бөлінеді. Дауысты
дыбыстардың фонетикасының 1-параграфы сингармонизм заңына байланысты. П.М.Милиоранский
дыбыстардың редукциясына, өзара алмасуына тоқталады.
1897 жылы В.Катаринскийдің «Грамматика киргизского языка» деген еңбегі жарияланады. Автор
еңбегінде дыбыстардың редукциясына, өзара алмасуына баса назар аударады. 1900 ж. И.Лаптевтің
«Материалы по казах-киргизскому языку» атты кітабы, 1912 ж. Н.Созонтовтың «Записки по
грамматике киргизского языка» деген еңбегі – орыс миссионерлерінің қазақ тілі жөніндегі хронология
бойынша соңғы зерттеулері. Қысқасы, қазан төңкерісіне дейін орыс тіліндегі əдебиеттерде қазақ тілі
фонетикасына қатысты негізгі де қарапайым ұғымдар танымдық мақсатта жалпы баяндалады. Қазақ
сөздерін орыс графикасымен жазу тəжірибесі қалыптаса бастайды.
Қазақ топырағында тіл білімі зерттелуінің көшбасы қазақ халқының «рухани көсемі», қазақ тіл
білімінің атасы А.Байтұрсынұлы есімімен байланысты. А.Байтұрсынұлы қазақ тілінде 24 дыбысты
көрсетіп, оларды дауысты (о, а, ы, ұ, и, е), жарты дауысты (у, й), дауыссыз дыбыстар деп бөлген.
Автор қ, ғ, к, г дауыссыз дыбыстарын жуан-жіңішкелік белгісіне қарай тоң дыбыстар деп таниды.
Ғалымның бұл еңбегі 1925 жылы Қызылорда қаласында қайтадан басылып шығады. Онда
дыбыстарды екіге бөліп, дауыстылардың а, о, ұ, ы, е түрлерін көрсетсе, дауыссыздарды беске
топтайды: жарты дауысты дыбыстар: р, л, и, у; қатаң: б, п, т, с, ш, қ, к; ұяң: м, н, ң; ымыралы: з, ж;
ымырасыз: д, ғ, г.
А.Байтұрсынұлы еңбектерінде халықаралық деп жүрген терминдерді мүлде пайдаланбай, қазақ
тілінде өзінше атаулар жасап, тіл дыбыстарын талдайды. Оның 1914 ж. мен 1925 ж. жарық көрген
«Тіл - құрал» атты кітаптарында өзгешелік кездеспесе де, 1927 ж. шыққан «Дыбыстарды жіктеу
туралы» деген мақаласы мен 1928 ж. шыққан «Тіл жұмсар» атты кітабы бүгінгі таңдағы дыбыстарды
топтастыруға біршама жуық еңбек болып табылмақ.
А.Байтұрсынұлынан кейін қазақ тіл білімінің зерттелуіне өз үлестерін қосып, құнды мұра
қалдырған Е.Омаров, Қ.Кемеңгеров, Т.Шонанов, С.Жиенбаев, Қ.Басымұлы сынды ғалымдарымыздың
еңбектері тіл білімінің алға басуына септігі тигені анық. Олардың заман талабымен жазылған
зерттеулері соңғы кезде де өз қолдауларын тауып келеді. Қазақ тілінің дамуына татымды еңбек етіп,
елеулі үлес қосқан қоғам қайраткері – Х.Досмұхамедұлын да айта кету орынды. Оның «Қазақ-қырғыз
тіліндегі сингармонизм заңы» (1924) атты еңбегі қазіргі кезде де өз құндылығын жойған жоқ.
Сингармонизмге арналған осындай ірі зерттеулердің бірі – 1941 ж. «Халық мұғалімі» журналының 3-4
сандарында шыққан Ғ.Бегалиевтің «Сингармонизм деген не?» деген 10 беттік мақаласы.
Қазақ тіл білімінің арнаулы бір қалыпқа түсіп зерттелуі 30-шы жылдардан басталады. Бұл кезең
ғалым Қ.Жұбанов есімімен байланысты. Оның 1935ж. 6-сыныпқа арналған «Қазақ тілінің
грамматикасы» атты оқулығының 4-5 тараулары фонетикаға арналған. Автордың еңбегі жоғарыдағы
талданған зерттеулермен салыстырғанда, бір жүйеге түскен, яғни дыбыстар, дыбыстау мүшелері,
буын, екпін, дыбыстардың үндесуі рет-ретімен қарастырылған.
Фонетика 40-шы жылдардың аяқ кезіне дейін арнайы зерттелмей, мектеп оқулықтары көлемінде
ғана сөз болып келді. Олардың қатарына М.Балақаевтың 1941 ж. шыққан «Қазақ тілінің
грамматикасы», С.Кеңесбаев пен С.Жиенбаевтың «Қазақ тілі грамматикасы» (1950), С.Кеңесбаев пен
К.Ахановтың «Қазақ тілі грамматикасы» (1951), А.Ысқақов мен К.Ахановтың «Қазақ тілі
грамматикасы» (1953), Ғ.Бегалиев, Н.Сауранбаев «Қазақ тілі грамматикасы» (1948), педучилищеге
арналған Н.Сауранбаевтың «Қазақ тілі» (1953) еңбектерін жатқызуға болады.
Жинақтай келе, қазақ тілі фонетикасының төл тілінде алғашқы соқпақ салып зерттелуі мектеп
грамматикасы тұрғысында жүзеге асады. Мектеп оқулықтары көлемінде жазылған еңбектер қазіргі
ғылыми фонетиканың қол жеткен биік шыңынан көрінуіне септігі тигені анық.
Жоғары оқу орындарының ашылуы, кадрлардың сапалы білім алу үшін, оқу құралдарын қажет
етті. Сондай туындылардың бірі – 1954 ж. шыққан «Қазіргі қазақ тілі» атты монография. Оның
фонетика бөлімін І.Кеңесбаев жазған. Ол еңбек 1962 жылы əрі қарай толықтырып, дамытылып баспа
бетін көреді. Оқулық лексика жəне фонетика пəндеріне арналып «Қазіргі қазақ тілі» деп аталды.
Лексиканы – Ғ.Мұсабаев, фонетиканы – І.Кеңесбаев жазды. Бүгінгі таңда қазақ тілінің фонетика
саласының зерттелуі айтарлықтай жоғары дəрежеге жетті. Оның зерттелуіне зор үлес қосып, еңбек
сіңірген ғалымдар: С.Мырзабеков, Ə.Жүнісбеков, М.Жүсіпов, С.Татубаев, Н.У.Түрікбенбаев, Ж.Əбуов,
З.М.Базарбаева, А.Есентемирова т.б. Аталмыш ғалымдар фонетика саласының кейбір мəселелерін
жаңа қырынан қарап, зерттеу үстінде.
2. Адам баласының тілі – дыбыстық тіл. Тіл дыбыстары - əрбір тілдің өмір сүру тəсілі. Тілдің
дыбыстық жағы – сөздер мен грамматикалық тəсілдердің өмір сүруінің формасы болып танылады.
Тілдегі лексикалық жəне грамматикалық құбылыстар тіл дыбыстарымен, тілдің дыбыстық
жүйесіндегі фонетикалық құбылыстармен əрдайым байланысты, қарым-қатынаста болады.
Лексикалық элементтер болсын, грамматикалық элементтер болсын, белгілі бір дыбыспен немесе
дыбыстардың тіркесімен айтылады, сол арқылы өмір сүреді. Мұнымен бірге тілдің дыбыстық
жағының өзіне тəн қасиеттері мен ерекшеліктері жəне əр түрлі заңдары болады, сондықтан тіл
дыбыстары, дыбыс заңдары тіл білімінің арнаулы бір саласы – фонетиканың зерттеу нысаны болып
саналады.
Фонетика лингвистика ғылымының арнаулы бір саласы бола отырып, тілдің лексикасымен де,
грамматикасымен де астарласып, байланысып жатады. Бұлай болатындығы фонетикалық құбылыстар
мен үрдістер тілдегі сөздерден тыс емес, қайта əрдайым сөздердің ішінде болады, ал сөздер
грамматикамен тығыз байланыста, əрқашан қарым-қатынаста болады. Омонимдерді қоспағанда,
тілдегі сөздер бір-бірінен дыбыстық айырмашылықтары арқылы ажыратылады.
Фонетика грамматиканың морфология саласымен де, синтаксис саласымен де байланысты.
Морфология сөздердің өзгеру, түрлену ережелерін белгілей отырып, фонетиканың қағидаларынан
аулақ кете алмайды. Дыбыстардың алмасуы морфологиялық қызмет атқаруы да мүмкін.
Фонетиканың синтаксиспен байланысы мынадай жайлардан көрінеді: сөйлемдердің əрбір түрі
өзіне тəн интонациямен айтылады. Сөйлем пауза, фразалық екпін жəне мелодика арқылы мүшеленеді.
Фонетиканың теориялық жағымен қатар, тəжірибелік жағының да үлкен мəні бар. Фонетиканың
тəжірибелік мəні əр саладан көрінеді. Мектептерде дұрыс оқытудың да, дұрыс жаздырудың да
методикасының көптеген мəселелері фонетикаға негізделеді. Сауаттылыққа үйрету тілдің жазба түрі
мен ауызша түрінің арасындағы айырмашылықтар мен күрделі байланысты бірдей ескерген жағдайда
ғана нəтижелі болмақ. Тілдің орфографиясы мен орфоэпиясына қатысты алуан түрлі мəселелерді
оқып меңгеру – ең алдымен, тілдің дыбыстық жүйесін, ондағы жеке дыбыстардың табиғаты мен
фонетикалық заңдарды жете білуді қажет етеді.
2-дəріс. Дыбыс туралы жалпы түсінік
1. Фонетиканың зерттеу салалары: сипаттамалы, тарихи, салыстырмалы жəне салғастырмалы
2. Дыбысты қарастырудың аспектілері
1. Фонетика – дыбыс туралы ілім, тілдің дыбыс жүйесін зерттейтін тіл білімінің бір саласы.
Дыбыс жүйесі қарастыратын мəселелер: тіл дыбыстарының пайда болуы, олардың түрлері, іштей
жіктелуі, өз ішінде біріне бірі ықпал етіп, үйлесіп, үндесуі, буын, екпін, сөйлеу мен жазудың
арақатынасы, орфография, орфоэпия т. б. Зерттеу мақсатына қарай фонетика сипаттамалы, тарихи,
салыстырмалы жəне салғастырмалы болып бөлінеді.