2. Қазақ емлесінің кейбір мәселелері жайында. Орфографиялық ережелер мынадай мәселелерді қамтиды:
1) кейбір дыбыстардың жазылуы;
2) түбір сөздердің және қосымшалардың жазылуы;
3) сөздердің бірге, бөлек және дефис арқылы жазылуы;
4) шылаулар мен одағайлардын жазылуы;
5) бас әріптердің қолданылуы;
6) сөздерді тасымалдау.
Қазақ тілі орфографиясында д а у ы с т ы, д а у ы с с ы з дыбыстардың жазылуының барлығы бірдей қиындық туғызбайды.
Олардың көпшілігі сөздің кез келген жерінде қолданылып, өз әрпімен жазыла береді. тәжірибеде бірсыпыра қиындық келтіріп жүрген тұстар - дауысты ә, ы, і, и дыбыстарын таңбалайтын әріптер мен дауыссыз х, сонор й, у дыбыстарын таңбалайтын әріптердің емлесі.
Ә әрпі орфографиялық ереже бойынша көбінесе сөздің екінші, үшінші, соңғы буындарында жазылмайды, бірақ алдыңғы буындағы жіңішке дауыстының әсерімен келесі буындағы жуан а дыбысы ә болып жіңішке айтылатын (естілетін) сәттерде қай әріпті жазу қиындық келтіреді. Мысалы, тәкаппар, кітап сияқты сөздерді тәкәббар, кітәп деп те айтамыз (немесе оқимыз). Әдетте орфография (сөздерді дұрыс жазу) нормалары мен орфоэпия (сөздерді дұрыс айту) нормалары барлық сәттерде бір-біріне сай түсе бермейді. Әсіресе бұл - сөздерді сойлем ішінде қолданғанда, яғни сөйлеу үстінде айқын көрінеді.
Орфоэпия нормалары бойынша жеке сөздер немесе сөйлем ішіндегі сөздер әрдайым жазылуынша айтылмайды, олар бір-бірімен үндескен, тілдің фонетикалық заңдарына бағынған, “сынған” күйінде айтылады. Осы себептен барлық сөзді естілуінше жазу қандай қате болса, жазылуынша айту (дыбыстау, оқу) сондай өрескелдік болар еді. Мысалы, көгалагөйлөкті ұзұнғыз бізгеғарай жалтпұрұлт деген сөйлемді осылай естілуінше (айтылуынша) жазу қандай ыңғайсыз болса, көк ала көйлекті ұзын қыз бізге қарай жалт бұрылды деп жазылуынша айту (оқу) да сондай сәтсіздік болмақ.
Түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде де сөз басында келген ж, ш дыбыстары (бір буынды сөздерде) мен үнді (сонор) й дыбысының аралығында а дыбысы тұрса, ж, ш дыбыстарының өздері де жіңішкеріп, дауысты дыбысты да жіңішкертіп жіберетін қасиетін ғалымдар әлдеқашан байқағанды. Мысалы, қосымшасыз жеке айтылғанда жәй, шәй болып естілетін сөздер бар. Ал бұларға жалғау- жұрнақтар жалғанғанда, олар жуан қосымшаларды қабылдайды: жайыңа отыр (жәйіңе отыр емес), жайсыз тиді (жәйсіз тиді емес), жайғасу (жәйгесу емес), жайлау (жәйлеу емес), жайша жүру (жәйше жүру емес), жайылым (жәйілім емес), жайырақ (жәйірек емес) т.т. Сондай-ақ шайға кел (шәйге кел емес), шайсыз қалу (шәйсіз қалу емес). Сондықтан жеке келгенде де, қосымшалармен қолданылғанда да, жай, шай сөздерінде жуан а әрпі жазылады.