ОРФОГРАФИЯ ЕРЕЖЕЛЕРІ
1. ДАУЫСТЫЛАРДЫҢ ЖАЗЫЛУЫ
§ 1. А, е әріптері сөздің барлық буындарында жазылады: ал, ала, алақан, аспан, мақала, сарымсақ; ер, ереже, ерік, елгезек, имек.
Сөз басындағы ж, ш дыбыстары мен й дыбысының ортасында келген жуан дауысты а дыбысы көбінесе ә болып айтылады, бірақ а әрпі жазылады: жай (барлық мағынада да: жай жүр, жай сөйлем, жай отыр, жай түсу, дастарқанды жай, жайма шуақ т.б.) және осы түбірден өрбіген сөздер (жайбарақат, жайғасу, жайғызу, жайдан-жай, жай-жағдай, жай-жапсар, жай-күй, жайлы, жайсыз, жайлап т.б.); шай, шайы (көйлек).
§ 2. Ә әрпі көбінесе сөздің бірінші буынында және бір буынды сөздерде жазылады: ә-сем, ә-леумет, ә-демі, тәр-тіп, кә-сіп, Сәу-ле, дәу-рен, ән, әл, әр, жә (одағай).
Сөздің алғашқы буынындағы (не алғашқы буындарындағы) жіңішке дауыстының әуенімен келесі буында жіңішке айтылатын (естілетін) ә дыбысының орнына, негізінен, а әрпі жазылады: тәкаппар (айтылуы - тәкәппар), ләззат (айтылуы - ләззәт), рәсуа (айтылуы - рәсуә), Жәмила (айтылуы - Жәмилә), Сәбира (айтылуы - Сәбирә), Кәмила (айтылуы - Кәмилә) және тағы осы сипаттас жалқы есімдер.
Ескертулер. 1. Мына сөздердің екінші буындарында естілуінше ә өрпі жазылады: сірә, куә, күнә, кінә, іңкәр, зәмзәм (суы), жүдә, күмән, мүсәпір, дүдәмал, шүбә, мәмпәси (бұлардың жазылуын емле сөздіктерінен қарап білу керек).
2. Бірінші буыны жіңішке ү дыбысымен келген жалқы есімдердің (көбінесе кісі атгарының) екінші буынында да естілуінше ә әрпі жазылады: Күлән, Күләнда, Күләш, Күләй, Мүтән.
3. Біріккен сөздер мен қос сөздердің соңғы буындарында (яғни олардың екінші сыңарының алғашкы буынында) ә әрпі жазыла береді: ендігәрі (ендігіден// әрі), әжептәуір (әжеп//тә-уір), Гүлжәмила (Гүл//жә-мила), Бейсенәлі (Бейсен// ә-лі), әлсін-әлі (әлсін//ә-лі), кәп-кәрі (кәп//кә-рі), әп-әсем (әп//ә-сем).
§ 3. О, ө әріптері қазақтың көп буынды сөздерінің алғашқы буынында және бір буынды сөздерде ғана жазылады: о-рамал, о- тын, то-ры, до-лана, ө-сімдік, ө-кімет, кө-леңке, ол, от, ор, оқ, он, өс, өр, өн, тор, төс, төр, төрт.
Алғашқы буындағы еріндік ө дыбысының әсерімен екінші буындағы езулік е дыбысы ө болып естіледі (айтылады), бірақ жазуда е әрпі жазылады: бөрене (айтылуы - бөрөне), көбелек (айтылуы - көбөлек), жол-жөнекей (айтылуы - жолжөнөкей).
Достарыңызбен бөлісу: |