Алтайстика
Алтайстика – алтай тілдерінің шығу тегін арнайы зерттейтін тарихи-
салыстырмалы тіл білімінің дербес саласы. Алтайстиканың негізгі
мақсаты – алтай тілдері тобына жататын түркі, монғол, тұңғыс-маньчжур
тілдерінің өзара жақындастығын, төркіндестігін анықтау. Алтайстика
саласындағы арнайы зерттеулер түркі, монғол, тұңғыс-маньчжур
тілдерінің кейбір типологиялық, структуралық ерекшеліктеріне сүйеніп,
олардың арасында шынында да көптеген ұқсастықтарды, кейбір ұқсас
грамматикалық тұлғалардың, фонетикалық заңдылықтардың және ортақ
сөздердің бар екенін анықтап отыр. Бірақ бұл ұқсастықтардың себебін,
мән-жайын түсіндіруде алтаист ғалымдардың арасында күні бүгінге дейін
бір ауыздылық жоқ. Бірқатар ғалымдар (Б.Я.Владимирцов, Г.Рамстедт,
Е.Д.Поливанов, М.Рясянен, Н.А.Баскаков, К.Г.Менгелс т.б.) алтай тілдері
о баста бір тілден тараған, шығу тегі бір деп топшыласа, енді біреулері
(Л.Лигети, В.Котвич, Дж.Клоусон, Г.Дерфер, Г.Д.Санжеев, А.М.Щербак
т.б.) алтай тілдерінің арасындағы ұқсастық олардың тарихи ұзақ дәуірлер
бойы өзара тығыз қарым-қатынаста болуының және бір-біріне күшті
әсер етуінің нәтижесі деп жорамалдайды. Бірақ алтай теориясы осындай
әртүрлі талас тудырып келе жатса да, тілші ғалымдар алтай тілдерінің
арасында грамматикалық, лексикалық және фонетикалық ұқсастықтың
бар екенін толық мойындайды. Бұл тілдерге тән ортақ заңдылықтың
сыры тіл білімпаздарының назарын барған сайын көбірек аударып келеді.
Осының нәтижесінде алтайстика ғылымы да жан-жақты дамып, алтай
тілдерінің табиғатын ашуда белгілі нәтижеге жетіп отыр. Алтайстика
проблемасымен совет ғалымдары да, шетел ғалымдары да шұғылдануда.
Өйткені бұл проблеманың дұрыс шешілуі алтай тілдерінің тарихи даму
заңдылықтарын әлі де болса терең, түбегейлі зерттей түсуді талап етеді.
Қазақ совет энциклопедиясы. 1 том. –Алматы. 1972. – 292 б.
22
Түркітанудың бүгіні мен ертеңі
Түркітану – Еуропа мен Азияның сайын даласына кеңінен тарап‚
Адамзат өркениетіне өз үлесін еселеп қосып келе жатқан түрік тілдес
халықтардың барша болмысын зерттеп‚ зерделеуші және бұл үрдісінде
көп табысқа ие болған‚ алдына қойған мақсаты игі‚ нағыз инсани (адами)
ғылымдардың бірегейі. Оның дүниеге келгеніне де‚ міне‚ талай ғасыр өтті.
Оның жаңаланып‚ жаңғырып‚ шарықтау шегіне жеткен үкілі кезеңдері де‚
тағдырдың тәлкегіне ұшырап‚ тынысы тарылған‚ мешеу дамыған дәуірлері
де аз болған жоқ. Қалай болғанда да‚ отандық түркітану ғылымы өзінің ұзын
сонар үрдісін бір сәт те тоқтатып‚ тоқыраған емес. Өйткені бұл ғылымның
артында жалпы саны 150 миллионнан астам‚ 30 шақты ірілі-ұсақты тілде
сөйлейтін “ТҮРКІ ӘЛЕМІ” деп аталып келген іргелі қауым тұр. Міне‚
сол қауымның алдағы дәуірде жаңаланып‚ жаңғырып‚ өркениет өріне
көтерілетін жаңа бір дәуірі‚ арайлап атқан таң мен ал қызыл боп батқан күн
шұғыласынан оның кең жатқан көгілдір көкжиегінің нышаны байқалатын
сияқты. Ғалымдардың жобалауынша‚ міне‚ осы алдымыздағы ХХХ ғ.
Аталмыш түркі дүниесін тереңнен танып‚ тәптіштеп зерттеудің‚ тарихын
айғақтап‚ оның өркениеті мен мәдениетіне Түркітану ғылымының қосқан
қомақты үлесіне де‚ әлі де қосары мол жаңа табысы мен жарқын болашағына
да зор сеніммен қарайтын сәтті кезеңі болмақшы.
Қазақстанның “Рухани астанасы” деп аталатын қасиетті Түркістан
қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік
университетінің құзырында өткізіліп отырған бүгінгі (8.10.2002 ж.)
халықаралық келелі мәжілісте түркі әлемінің әйгілі ғалымдары мен
зиялыларының бас қосуы сол жарқын болашақтың сәтті қадамы болса екен
деп тілеймін.
Түркітану ғылымының ұзақ тарихы бар. Ол бүгін өзінің сол даму
тарихындағы жаңа бір кезеңін басынан кешіріп отырған сияқты. Ғасырлар
бойы қалыптасқан‚ өз дәстүрі‚ өзіндік үрдісі бар отандық түркітану
ғылымының “жаңа бір тарихи даму кезеңі басталды” дегенде біз жаңа
ғасырдың басында осы ғылымның дүниеге келіп‚ қалыптасып‚ дамыған
отаны – (бұрынғы Ресейдің) Советтер Одағының объективті себептерге
байланысты күйреуінен кейінгі өмірімізде жүз беріп отырған зор тарихи‚
саяси-әлеуметтік өзгерістерді айтып отырмыз. Бұл өзгерістер отандық
түркітану ғылымына да өз әсерін тигізбей қойған жоқ.
Мызғымас берік көрінген кешегі советтік құрылымның бір
сәтте-ақ қабырғасы қақырап‚ іргесі сөгіліп шыға келуі‚ түркология
23
саласында тұрақтанған ғылыми-ұйымдастыру жүйе мен түрколог-
ғалымдар арасында қалыптасқан ғылыми-шығармашылық қарым-
қатынастарға нұқсан келтірген сияқты. Шынын айтсақ‚ поссоветтік
дәуірдегі түркология саласында біз сезінген алғашқы өзгерістер міне‚
осы. Бір ортақ ғылым маңында ұзақ жылдар жіті араласып‚ көп мәселені
ақылдасып шешуге дағдыланып қалған ғалымдар одағы ыдырап‚ олардың
арасы бірден алыстап кетті. Орталықтардағы есімі әлемге әйгілі ғұлама
ғалымдар мен жергілікті (“перифериялық”) ұлт кадрлары арасындағы
байланыс үзілді‚ ғылымдағы нағыз “томаға-тұйықтық” басталғанды
сезініп отырмыз. Әрине‚ бұдан “түркітану ғылыми үрдісінен жаңылып‚
өз дамуын тоқтатты‚ тоқырады” деген ұғым тумаса керек.
Жоқ‚ олай емес‚ қоғамдағы бұл өзгерістер нәтижесінде түркітану
саласында жүз берген жаңа кезеңнің де жақсы жақтары мен қатар
кемістік жақтары болды деп айтуға болады. Осы тұрғыдан‚ біз
кезінде зор табыстарға қолы жеткен отандық түркітану ғылымының
елеулі еңбектерін ауыз толтырып айта отырып‚ оның әсіресе түркі
халықтардың ұлттық мүддесіне‚ өмірлік талабына‚ рухани талғамына
қажетті еңбектердің жеткіліксіз болғанын да мойындағанымыз жөн.
Және біз оның себебін де жақсы білеміз: ол зерттеуші ғалымдардың
жеке басынан көрі‚ үстемдік етіп келген құрылымның тоталитарлық
режиміне‚ ұстанған саяси-идеологиялық үрдісі мен ғылымға берген
бағдар-бағытына байланысты болды. Ғалымдар: тіл cаласында – “Ұлт
тілдерін өзара жақындастырып барып‚ тоғыстыру” саясатын уағыздауға‚
әдебиет саласында – “социалистік реализм принципін” берік ұстануға‚
тарих саласында: “түркі халықтарында тарих болған жоқ” деген жалған
ұғымды насихаттауға мәжбүр болды. Міне‚ осындай идеологиялық
қыспақтың нәтижесінде ғылым нәтижелері қарапайым халықтың
игілігіне айнала қойған жоқ. Ашық болмаса да‚ ретін тауып‚ ұзақ
жылдар бойы астыртын жүргізіліп келген осы саясаттың салдарынан
қалың жұртшылық түркі әлемінің әлем өркениетіне қосып келген келелі
үлесі мен жарқын болашағын ойлау тұрмақ‚ ана тілінің болашағының
жоқтығына‚ “жазуы жоқ сауатсыз ел”, “өз тарихы жоқ жетесіз ел”,
“өзіндік салт-дәстүрі‚ рухани байлығы болмаған надан жұрт” деген
қауесетке де сене бастағандай еді.
Атап айту керек: түркітану ғылымының біз көрсетіп отырған тарихи
дамуының жаңа кезеңінде қол жеткен елеулі табыстары тоталитарлық
қоғамға тән осы бір жақты идеологиялық үрдістің бағыт-бағдарын
өзгертіп‚ демократиялық арнаға ауыстырудан басталды деп айта аламыз.
24
Бұл тек Қазақстанда ғана емес‚ басқа түркі мемлекеттерінде де байқалатын
ортақ құбылыс. Түркі әлемінде байқалып отырған бұл жаңа үрдістің бір
айқын айғағы ретінде біз Қазақстан бойынша‚ мәселен‚ ғасырлар бойы
қағажу көріп‚ шетқақпай болып‚ қоғамдық өмірден аулақтай бастаған қазақ
тілінің мемлекеттік биік мәртебеге (статусқа) ие болуын‚ әдебиет‚ мәдениет
саласындағы ұлан-ғайыр рухани байлығымыздың толық күйінде (100 томдық
ауыз әдебиетін айтып отырмыз) халқымен қайта қауыша бастауын‚ қалың
жұрттың тарихи санасы оянып‚ ұлттық болмысының қайнар бұлақтарының
көзін кең ашып‚ терең тани бастауын атаған болар едік.
Түркітану – әлемдік ғылым. Ғалымдары онымен шұғылданбайтын жер
жүзінде өзін-өзі сыйлайтын бірде-бір ірі мемлекет жоқ десе де болады. Ол
өзінің құнарлы бір бастауын өткен ғасырда Ресейде болған швед офицері
Иоган Стрален бергтің алғаш көзіне ілігіп‚ ғылым дүниесіне белгілі болған
және Вильгельм Томсен‚ В.В.Радлов тарапынан құпия сыры ашылып‚
дүниені дүр сілкіндірген көне түркі жазба ескерткіштерінен алды десе де
болады. Бұл игілікті істі В.В.Радловтың шәкірті С.Е.Малов және оның
ондаған‚ жүздеген шәкірттері жалғастырып келеді. Соның нәтижесінде
“Орхон-Енисей”, не “көне түркі жазба ескерткіштері” деп аталатын бұл
ғылымның мәнді де маңызды зерттеу нысандары айқындалып‚ көптен бері-
ақ отандық түркітанудың үлкен бір саласына айналып отыр.
Бұл салаға бүгінгі барша түркі халықтарының қатысы бар. Қазақ
халқы болса‚ ол ескерткіштерге “мұрагерлік еншіміз бар” деп қарайды.
Өйткені үш топтан – Орхон‚ Енисей‚ Талас – тұратын бұл руникалық жазба
ескерткіштердің үлкен бір тобы – Талас тасжазбалары – қырғыз бен қазақ
жерінен табылған дүниелер.
Сондықтан да болар‚ 50-жылдардың басында С.Е.Маловтың “Памятники
древнетюркской письменности” атты іргелі еңбегі (ол Алматыда жазылған)
жарияланғаннан кейін түркі республикаларында көне жазба ескерткіштерін
зерттеу істері жандана түсті. Бұл әрекет Қазақстанда да‚ міне‚ сол кезден
басталған болатын. Ол ескерткіштер тілін зерттеуші ғалымдар (Қ.Айдаров‚
А.Аманжолов т.б.) өсіп жетілді.
Алайда‚ бұл игілікті іс Қазақстанда өз кезінде кең етек жайып кете
алмады. Проф. Ғ.Мұсабаев бастаған топ көп жылдар бойы руникалық
жазулар мен петроглифтерді іздеумен шұғылданды.... Бұл істің нәтижелі
болмауының объективті себептері де жоқ емес еді.
Түркітанудың біз айтып отырған тарихи жаңа кезеңінде бұл
мәселеге жұртшылықтың көңілі қайта ауа бастады деп айта аламыз. Оның
ең басты себебі – егемендік алып‚ еңсесін көтеріп‚ есін жиған халық
25
алдымен өзінің кім болғанын‚ өткен өмірін‚ рухани қазынасын білгісі келуге
талпыну болса‚ соның алғашқы қадамы Еуразия даласының сүбелі аймағы
саналатын Дешті Қыпшақта құрылған жер жүзіндегі ең ірі мемлекет – Түрік
қағанатының (империясының) негізін салып дәуірлеген ата-бабаларымыздың
өз қолымен тасқа шегіп жазған‚ өз аузымен келешек ұрпаққа арнап айтқан
даналық сөздері мен тарихи шежірелерінің бірегейі – Күлтегін бабамызға
бағышталған тас мүсінді ескерткіштің көшірме нұсқасының Қазақстанға келіп
орнауынан басталады деп айта аламыз. Әрине‚ бұл ескерткіштің араға 13-14
ғасыр салып өз ұрпағымен қайта қауышуы оңай болған жоқ. Ол ескерткіштің
өзі тұрған жері – МХР-нан емес‚ сонау жер түбіндегі Жапония елі арқылы
алынып‚ Қазақстанға әкелінуі елбасы Н.Назарбаевтың ыстық ықыласы мен
мемлекет қайраткері әрі түрколог-ғалым Иманғали Тасмағамбетов мырзаның
қызу араласуы арқылы жүзеге асқандығын түркология тарихы есінде сақтап‚
түрколог ғалымдардың біле жүргені жөн.
“Күлтегін” ескерткішінің Жапониядан әкелініп‚ республикамыздың
байтақты – Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы университеттің
құзырына қойылу салтанатына бағышталған халықаралық түркітану
құрылтайда бұдан кейін “Көне түркі жазба ескерткіштеріне” бағышталған
арнаулы ғылыми зерттеулердің ең үздіктері үшін берілетін В.Томсен
мен Л.Н.Гумилев атындағы екі алтын медаль тағайындау туралы шешім
қабылданған болатын.
Өкімет тарапынан қабылданған бұл шешімді кезекті бір шара емес‚
Қазақстанда бұдан кейін де түркітанудың құнарлы бір саласы – “Көне түркі
жазба ескерткіштерін” тұрақты түрде зерттеудің негізі салынуының кепілдігі
деп санаған жөн.
Айта кету керек‚ зәулім биік көк тасқа даналық сөздер жазылған
“Күлтегін” ескерткіші орнатылған университеттің кең залында ескерткіштің
екі жағына қойылған екі “Алтын адам” (біреуі Жетісудан‚ екіншісі
Атыраудан табылған) бейнесі‚ сондай-ақ ертеден сақталып келген басқа
да жазба ескерткіштер‚ қалың жұрттың көз алдына бір сәт болса да‚ көне
заманның көзайым бір көрінісін елестеткендей еді. Оларды көріп әсерленген
ырымшыл‚ сенімшіл жұрттың біразы бұл көне дүниелерді қолымен сипап
көріп‚ тәу етіп жатты.
Бұл әрекеттердің бәрін түркітануға тікелей қатысы бар‚ оның даму
тарихындағы жаңа бір кезеңнің рухына сәйкес істеліп жатқан игіліктіістер
деп таныған жөн.
Алайда‚ түркология тек көне дүниені ғана зерттейтін ғылым емес.
Тіл білімі‚ соның ішінде қазақ тіл білімі де – бүгінгі түркологияның бір
26
қара шаңырағы. Бұл басқа түркі тілдеріне де қатысты ортақ жағдай. Енді
сол қазақ тілінің бүгінгі жағдайы туралы бір-екі ауыз пікірімізді айта
кетейік.
Түркологияның біз айтып отырған тарихи жаңа кезеңіне байқалатын
қазақ тілінің‚ демек қазақ халқының да‚ қол жеткен елеулі табыстарының
бірі‚ біз жоғарыда көрсеткендей‚ оның мемлекеттік мәртебеге ие болуы.
Біздің пайымдауымыз бойынша: бүгінгі қазақ тіл білімінде тіл
құбылыстарынан‚ тілдің өз табиғатынан жаңалық іздейтін‚ оның даму
заңдылығын ашатын теориялық ізденістерден көрі‚ сол мемлекеттік
тілдің атқаратын қоғамдық-әлеуметтік қызметтеріне (функциясына)
қажетті ғылыми-практикалық‚ оқу-әдістемелік проблемаларымен
шұғылдану басымырақ.
Екінші бір байқалатын құбылыс: тіл мамандарының кейінгі кезде қазақ
тілінің грамматикалық‚ фонетикалық және лексикалық құрылымына тән
жеке-дара категориялардың жаңа түрлерін айқындап‚ оларды тереңдете
зерттеуі көп байқалмайды. Мұның есесіне‚ кейінгі 15-20 жыл бедерінде
теориялық негізін неміс ғалымы Вильгельм фон Гумбольдт (1767-1835)
қалаған этнолингвистикалық бағыттағы зерттеулердің кең етек алып
отырғанын көреміз. Бұл теория бойынша қазақ тілін зерттеушілер сол
этнос тілінің коммулятивтік қызметіне‚ яғни ғасырлар бойы қалыптасқан
оның асыл қазынасын өз бойында сақтап‚ атадан балаға‚ ұрпақтан
нәсілге ауыстырып отыратын сирек қасиетіне сүйене отырып‚ сол
байлық негізінде этностың бүгінгі болмысын‚ әдет-ғұрып‚ салт-дәстүрін‚
дүниетанымын т.б. ұлттық қасиеті мен ментальдық ерекшеліктерін
танып-білуге байланысты түркология саласына елеулі үлес қосып келе
жатқанын айта аламыз (М.М.Копыленко. Основы этнолингвистики.
Алматы‚ 1995. С.180; Ә.Қайдар. Қазақ этнолингвистикасы. // Қазақ
тілінің өзекті мәселелері. Алматы‚ “Ана тілі”‚ 1998. 8-29 бб.). Халықтың
өзін-өзі танып-білуге деген ынтасына сәйкес бұл бағытты бүгінгі таңның
талабына сай деп атауға болады.
Қазақ тілінің тарихына байланысты зерттеулер де түркологияның
өзекті мәселелеріне жатады. Дәл бүгінге дейін түркі тілдерінің жалпы
тарихы жазылмағандықтан жеке түркі әдеби жазба тілдерінің тарихын
анықтау да түркітану үшін аса қажетті мәселе. Бұл салада да қазақ
тілшілерінің табысы мол деп айта аламыз. Алайда‚ тіл тарихының бір
негізі – қазақ халқының этникалық негізі саналатын ру-тайпалардың
тілінде жатыр десек‚ диалектолог ғалымдардың көп жылдық қажырлы
еңбектерінің нәтижесі осы тарихтан өз орнын әлі таба алмаған сияқты.
27
Ұзақ жылдар бойы жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде айқындалып‚
сұрыпталған деректер негізінде тілші ғалымдар “Қазақ тілінің академиялық
грамматикасын” аяқтап‚ жариялауға даярлап отыр.
Міне‚ айта берсек‚ осы тәрізді тіл саласында басталған‚ жалғасын
тапқан‚ жоспарланған істер баршылық. Алайда‚ осы істердің жаңа кезеңге
сай бағасы баспа бетінде беріле қойған жоқ. Өйткені қазіргі жағдайда
дүниеге келіп жатқан жаңа еңбектерге объективті ғылыми пікір айту жоқтың
қасы‚ ал үлкен түрколог ғалымдар бұл істерге араласуын қойды. Қазақ тіліне
байланысты тіл мамандарының алдына қойылып отырған міндеттер де аса
зор‚ әрі қиын. Себебі қазақ тілінің өткендегі өміріне байланысты жіберілген
кешірілмес кемістіктер мен идеологиялық қыспақтардан көрген құқайы
көп болды. Сондықтан да ең алдымен оны мүшкілдік халінен‚ басқа тілге
бағынышты жағдайынан құтылдыру‚ одан соң мемлекеттік тіл ретінде
қорғау‚ (жазу-емле‚ сөйлеу‚ стильдік‚ грамматикалық т.б.) нормаларын
қалыптастыру‚ оларды дамыту т.б. сол сияқты саяси‚ ғылыми-практикалық
және теориялық проблемаларын мүмкін болғанынша тез шешу міндеті
тұр. Қазақ тілінің әлі реттеле‚ жүйелене‚ мағына-мәні ашылып‚ қолданыс
аясы айқындала қоймаған ұлан-ғайыр сөз байлығын бір жерге жинақтап‚
компьютер жадына жазып‚ ең асыл қазына ретінде мемлекет қамқорлығына
алу да алдағы зор міндеттердің бірі.
Айта берсек‚ тіліміздің мұндай проблемалары өте көп. Түркі халықтары
үшін тілдің (сондай-ақ әдебиет‚ өнер‚ этнографияның да) кез келген мәселесі
түркологиялық зерттеу нысанына жатады.
Қалай болғанда да‚ істің тетігі маман-кадрға байланысты екендігі
рас. Басқаша айтқанда‚ сөз жүзінде біз қандай жоспар‚ қандай бағдарлама
жасамайық‚ оларды іс жүзінде орындау‚ сайып келгенде‚ өз ісін‚ өз кәсібін
жіті меңгерген білікті де білімдар маман – тілші ғалымдарды дайындығына
байланысты.
Ал‚ бұл салада айтылар әңгіме көп. Бұрыннан қалыптасқан дәстүр
бойынша тіл мамандарын бізде аспирантура‚ докторантура арқылы және
ізденуші ретінде дайындалатыны және олардың жұмыстары ЖАК тарапынан
ресми бекітілетіні де белгілі.
Ал‚ осы жүйе бұрыннан келе жатса да‚ бүгінгі таңда үлкен өзгеріске
(деформацияға) ұшыраған сияқты. Бүгінде тілден (басқа салалардан да
солай) диссертация қорғау байсалды да пайымды ғылым жолымен емес‚
қаурыт та қарбалас науқан түрінде өтіп жатқан сияқты. Ал‚ бұл жағдайдың
бірнеше себебі де жоқ емес: біріншісі – республикада атақ-лауазымды тіл
мамандарына мұқтаж жоғары оқу орындарының саны бұрынғыдан 3-4 есе
28
асып кетуі‚ екіншісі – атақ-дәрежелі маман оқытушылардың‚ ғалымдардың
жалақысы басқаларға қарағанда көтеріңкі; үшіншісі мұғалімдерді көбірек
ұстау университет‚ институттар деңгейінің бір көрсеткіші болып саналуы.
Асығудан туатын қарбалас себептері‚ міне‚ осылар. Ал‚ бұл объективті
жағдайдан туындап отырған ғылымдағы бәсеке-жарыс‚ қарбалас атақ-
дәрежелі жас ғалымдардың деңгейін сан жағынан бұрынғыдан көп есе
асырып жібергенімен‚ сапа жағынан сол мөлшерде төмендетіп отырғанын
байқау қиын емес. Демек‚ бұл процес белгілі дәрежеде түркология деңгейіне
де‚ оның бүгіні мен болашағына да қатысы бар. “Қойшы көп болса‚ қой арам
өледі” дегеннің кері келуі де мүмкін.
Тіл саласындағы түркологияның жаңа кезеңдегі дамуына ерекше назар
аударатын бір мәселе‚ міне‚ осы.
Түркологиялық конференциялар бұрынғыдай емес‚ қазір ТМД елдерінде
өте сирек өтеді. Осындай жоғарыда әлемдік деңгейде түрколог-ғалымдардың
басын жиі қосып‚ бұл ғылымның дамуына ерекше қамқорлық жасап келе
жатқан Түркия елінің үкіметі мен ғалымдарына ерекше ризашылығымызды
білдіреміз. Бүгінгі конференцияға да олардың тікелей қатысы бар деп
ойлаймыз.
Түркологтардың бүгінгі кең түрде бас қосуын пайдалана отырып‚ мен
бұл ғылымның тарихи жаңа кезеңде атқаруға тиісті сан алуан көп те‚ күрделі
міндеттерінің қатарына мынандай нақтылы шараларды (бұл ұсыныстардың
біразы бұрын да айтылған) қосқым келеді:
1. А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
құзырында құрылған Түркологиялық ғылыми-зерттеу институтының
ғылыми-техникалық базасын дамыта түсіп‚ соның негізінде Халықаралық
түркологиялық музей-кесене құру шараларын қарастыру.
2. Болашақта түркітану ғылымының тарихын жасауға‚ оны жан-жақты
дамытуға‚ табыстарын барша түркі әлеміне уағыздауға қажетті көптомдық
“Түркітану библиографиясын” жасауды жоспарлап‚ оны әр саладан мамандар
шақырып орындату.
3. Түркі халықтары тілінің бір буынды ортақ түбірлерінің
(моносиллабтарының) академиялық нұсқау корпусын жасауды жоспарлау.
4. Қазақстанның‚ жалпы мұсылман әлемінің рухани астанасы болып
саналатын Түркістан қаласындағы А.Ясауи университетінің құзырында
Түркологиялық орталық ашылса деймін.
«Алыс сапар да алғашқы қадамнан басталады» дегендей‚ Түркітану
ғылымының ХХІ ғасырдан басталатын алыс сапарына‚ жарқын болашағына
бағышталған алғашқы қадам – бүгінгі игілікті істеріміз құтты болғай!
29
Қыпшақтанудың бір бұлағы – тіл
Түркі әлемін танып-білуге, яғни түркология ғылымының
қалыптасуына үш рухани бұлақ негіз болды десек, соның бірі – барша
түркі халықтарының өлі және тірі тілдері, екіншісі – сол халықтардың
бай ауыз әдебиеті, үшіншісі – этнографиясы мен этнологиясы.
Міне, осы бір үш бұлақтың тұңғиық сыры тереңдей зерттеліп, бір
арнаға тоғысуынан пайда болған тұтас бір ғылым саласының үш тағанды
іргетасы қаланып, дүниежүзілік гуманитарияның өзіндік бір үрдісі мен
дәстүрі бар дербес қара шаңыраққа айналғаны баршаға мәлім.
«Түркітану» деп аталатын ғылымды жер бетінде (әртүрлі
құрылықта, әртүрлі мемлекет құрамында) жасайтын бүгінде жалпы саны
130 миллионнан астам ірілі-кішілі түркі халықтарының (этностарының)
өткен тарихы мен бүгінгі болмысын және болашағын зерттеуге
бағышталған төл ғылымы деп санауға әбден болады. Өйткені, ғылымды
тек «ғылым» деп атау үшін ғана емес, тұтас бір этникалық топтың, жер
жүзі өркениетіне өз үлесін қосып келе жатқан халықтардың тарихи-
әлеуметтік тағдырын, рухани, мәдени байлығын, адамзат қоғамындағы
алып отырған орнын анықтауды мақсат ететін игілікті іс деп қараған жөн.
Айта кеткен жөн: түркітанудың өз алдына дербес ғылым саласы
болып қалыптасуындағы ең басты ерекшеліктерінің бірі – шығу тегі,
салт-дәстүрі ортақ, тілдері төркіндес бүгінде миллиондап (шамамен
130 миллиондай) саналатын түркі нәсілдес халықтардың осынау ортақ
қасиеттерін көптен бері жан-жақты, әрі үздіксіз зерттеп, зерделеу
нәтижесінде өзін жержүзілік деңгейде таныта білуінде болып жатыр
1
.
Міне, осы ғылымның қайнар көзі саналатын үш өзекті бұлағының бас
бұлағы болып отырған үш тағанды іргетасының бел ортасында жатқан
қомақты да құнарлы құрамына түркі тілдерінің еншісіне тиетіні, басты
элементтерінің біріне жататыны сөзсіз. Өйткені тіл феноменін айқындап
алмай тұрып, түркі тектес халықтарының ауыз әдебиеті саласындағы
рухани байлығы мен этнографиясы және этнологиясы туралы көп нәрсені
айта қою қиын. Баршаға белгілі мұның себебі: этностың этнос болып
қалыптасуы, дамуы, өркениет әлемінен өз орнын алуы оның тілі болмаса
мүмкін емес. Айта берсек, кез келген этностың мәңгі-бақи бірегей этнос
болып қалуы да, эволюциялық (заңды) процесс барысында ру, тайпа,
ұлыс, халық, ұлт кезеңдерін бастан кешіріп, дамуы да, сайып келгенде,
тіл факторынан тыс болмайтын құбылыс.
1 Қайдаров Ә. Түркология // Қазақ ССР. 4-томдық қысқаша энциклопедия. Алматы, 1988.
3-том. 552-554 б.
30
Сондықтан болар, түркітанудың қалыптасуына негіз болған және
оның құнарлы да күрделі саласы саналатын қыпшақтанудың өзекті де
келелі проблемаларын шешуде де тіл факторын аттап өтуге болмайтынын
мойындаған жөн. Түптеп келгенде: әлемдік мәні бар қыпшақтанудың бір
сыры – біздің пікірімізше: «тарихи қыпшақ тілінің» (?) немесе «қыпшақ
Достарыңызбен бөлісу: |