16. Үміткердің арызын өтініш келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде кадр қызметімен прокуратураның ішкі қауіпсіздік бөлімшесімен бірлесіп қарайды.
Үміткерлердің өтініштерін қарау бойынша жұмысты үйлестіруді Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының кадр қызметі (бұдан әрі – Бас прокуратураның кадр қызметі) жүзеге асырады.
17. Прокуратураның кадр қызметі өтінішті үміткердің заңдарда және өзге де құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкестігіне қарайды.
Үміткерлерді тестілеу мен емтихандарды тапсыруға жіберу туралы шешімді Бас прокуратураның кадр қызметі қабылдайды.
Құжаттарды қарау қорытындысы бойынша Бас прокуратураның кадр қызметі тестілеуді және емтихандарды тапсыруға жіберілген үміткерлердің тізімін және оларды өткізу кестесін қалыптастырады.
18. Үміткерлерге қатысты прокуратураға қызметке күруге кедергі келтіретін мәліметтер мен фактілерді, көрінеу жалған ақпаратты, мемлекеттік (құқық қорғау, арнайы мемлекеттік, әскери) қызметте болумен байланысты шектеулерді сақтамау және прокуратурада лауазымдарды атқаруға кедергі келтіретін деректерді ұсыну фактілерін анықтау конкурстан тыс іріктеуге қатысудан бас тарту үшін негіз болып табылады.
19. Бас Прокурордың шешімі бойынша ерекше білімге ие не белгілі бір мамандықтар бойынша елеулі жұмыс тәжірибесі адамдар прокуратураға қызметке конкурстан тыс іріктеуден өту тәртібімен тестілеуден өтусіз және емтиханды тапсырусыз қабылдануы мүмкін.
4-тарау.Тестілеуден өту және емтихандарды тапсыру
20. Тестілеу мен емтихандар үміткердің кәсіби дағдысын, іскерлік сапасын және психологиялық ерекшеліктерін анықтайды.
21. Тестілеу мен емтихандарды Бас прокуратураның кадр қызметі прокуратура органдарының қорғалған байланыс арналары бойынша аудио-бейнеге жаза отырып, бейнеконференцбайланысты қолдану арқылы ақпараттық жүйеде «Он-лайн» режимінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар құралдарын пайдалана отырып жүргізеді.
22. Тестілеу мен емтихандар үміткерді тестілеуден өтуге және емтихан тапсыруға жіберу туралы шешім қабылданған күннен бастап отыз жұмыс күннен кешіктірілмей прокуратурада жүргізіледі.
23. Тестілеу мен емтиханнан өту үміткердің таңдауы бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде және міндетті түрде ЖСН бар Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжат болған кезде жүзеге асырылады.
24. Тестілеу мен емтихан басталмас бұрын кадр қызметінің өкілі үміткерлер үшін нұсқаулық өткізеді және олардың туындаған сұрақтарына жауап береді.
25. Тестілеу мен емтиханды жүргізу кезінде үй-жайда тек үміткерлер ғана болады. Бұл ретте үй-жайда кадр қызметінің, сондай-ақ техникалық маманның міндетті түрде болуы қажет. 26. Егер үміткер емтихан басталғанға дейін өзін нашар сезінсе, ол туралы кадр қызметінің өкіліне хабарлайды. Бұл жағдайда бұл үміткердің тестілеу және емтихан тапсыруы тестілеу мен емтихандарды тапсыру кестесіне сәйкес басқа күні өткізіледі.
27. Тестілеу мен емтихандар жүргізіліп жатқан үй-жай ұялы байланыс белгісін басқышпен және ақпараттық қауіпсіздік пен емтихан процесін бейне-аудиотіркеуді жүргізуді қамтамасыз ететін басқа да техникалық құралдармен жарақталады.
Үміткердің жұмыс орны үміткерді суретке түсіру және емтихан тапсыру процесін бейнеге жазу үшін веб-камерамен жабдықталуы мүмкін.
28. Тестілеу мен емтиханды тапсыру кезінде дәлелді себептермен кадр қызметі өкілінің ілесіп жүруімен үй-жайдан шығу қажеттігінен басқа үміткерлерге тестілеу мен емтихандар жүргізіліп жатқан үй-жайдан шығуға, басқа үміткерлермен сөйлесуге, материалдармен алмасуға, электрондық құрылғыларды (оның ішінде ұялы телефондарды, дербес компьютерлер және өзге де электрондық құрал-жабдықтар), қағаз тасымалдағышын қолдануға рұқсат берілмейді.
29. Осы Қағиданың 28-тармағының талаптарын бұзған кезде кадр қызметінің өкілі тестілеуді немесе емтиханды тоқтатады және бұзушылық жасаған үміткерді үй-жайдан шығарып, осы Қағиданың 3-қосымшасына сәйкес нысандағы бұзушылық туралы акт жасайды.
Үміткердің тестілеу немесе емтихан нәтижелері жойылады.
Бұзушылық туралы акт жасалған үміткер конкурстан тыс іріктеуге қатысудан шығарылуға жатады.
30. Еңсерілмейтін күш салдарынан (табиғи құбылыстар, әскери іс-әрекеттер) тестілеуді немесе емтихандарды жалғастыруға мүмкіндік болмаған кезде, сондай-ақ техникалық ақаулар себебінен тестілеу немесе емтихан тоқтатылады және осы Қағиданың 4-қосымшасына сәйкес нысан бойынша тестілеу немесе емтихан рәсімін тоқтату туралы акт жасалады.
31. Үміткерлерді тестілеу осы Қағиданың 5-қосымшасына сәйкес Компьютерлік тестілеу бағдарламасына сәйкес жүргізіледі.
32. Тестілеуді орындауға арналған уақыт – 90 минут (120 сұрақ). 33. Тестілеу бойынша төменгі шектік мәні жалпы сұрақтар санынан 70% кем емес дұрыс жауапты құрайды. 34.Тестілеуден өту кезінде төменгі шектік мәннен төмен баға алған үміткерлер тестілеудің бастапқы нәтижелерін алған күннен бастап, үш айдан ерте емес қайта тестілеуден өтуге жіберіледі. 35. Тестілеуден өту кезінде төменгі шектік мәннен жоғары баға алған үміткер емтихан тапсырады. 36. Тестілеу мен емтихан арасындағы үзіліс 5 минуттан кем емес уақытты құрайды.
37. Емтихан өзіне мынадай кезеңдерді қамтиды:
1) ситуациялық тестілік жаттығулар (бұдан әрі - жаттығу);
2) интеллектіні анықтауға арналған тестілер (IQ-тест);
3) психологиялық тестілер;
4) берілген тақырыпқа арналған эссе (бұдан әрі - эссе).
Жаттығуларды шешу мыналарды анықтауға бағытталған:
проблеманы түсінуіне;
қолданыстағы заңнамада бағыт табуы;
Қазақстан Республикасының заңнамасын тәжірибеде қолдану қабілеті; Шешімді тәжірибеде қолдануға болатынын және қабылданған шешімдердің салдарларын талдау қабілеті.
Интеллектіні анықтауға арналған тестілер (IQ-тест) интеллект деңгейін анықтауға бағытталған.
Психологиялық тестілер жеке-психологиялық және моральдық-этикалық қасиеттерін анықтауға бағытталған.
Эссе мынадай мақсатты көздейді:
өз ойын нақты білдіруі және қысқа айтушылығы;
хат жазу сауаттылығы;
үғымдарды берілген тақырыпқа сәйкес пайдалану алу икемділігі;
үйлестірілген қорытындылар мен нәтижелер шығара алу икемділігі.
38. Емтиханды орындауға бөлінген уақыт:
1) жаттығуларды шешу – 90 минут (30 жаттығу);
2) психологиялық тестілеу – 40 минут (190 сұрақ);
3) интеллектіні анықтауға арналған тестілер (IQ-тест) – 15 минут (50 сұрақ);
4) эссе – 60 минут (500 сөз) құрайды;
39. Осы Қағиданың 38-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген емтихан кезеңдері арасындағы үзіліс 10 минуттан кем емес уақытты құрайды.
40. Осы Қағиданың 38-тармағының 1) тармақшасында көзделген емтихан кезеңдерінің төменгі шектік мәні жаттығулардың жалпы санынан 70% кем емес құрайды.
41. Осы Қағиданың 38-тармағының 2) – 4) тармақшаларында көзделген емтихан кезеңдеріне жаттығуларды шешу нәтижелері бойынша төменгі шектік мәннен төмен емес баға алған үміткерлер жіберіледі.
Бұл ретте осы Қағиданың 38-тармағының 2) – 4) тармақшаларында көзделген емтихан кезеңдері жаттығуларды шешу аяқталғаннан кейін жиырма минуттан кешіктірілмей жүргізіледі.
42. Психологиялық тестілеуді орындау нәтижелері бойынша шынайылық шкаласының төменгі шектік мәні асырылғанын анықтаған кезде үміткер сол күні 45 минуттан кем емес уақытта психологиялық тестілеуден қайтадан өтеді.
43. Тестілеуді және емтиханның әрбір кезенін орындауға бөлінген уақыт өткеннен кейін бағдарлама автоматты түрде жабылады. 44. Осы Қағиданың 38-тармағының 1) – 3) тармақшаларында көзделген тестілеу және емтихан кезеңдерінің дұрыс жауаптарын есептеу автоматты түрде компьютерлік бағдарламаның көмегімен жүзеге асырылады.
45. Интеллектіні (IQ-тест) анықтауға арналған тест, психологиялық тестілеу және эссе барысында алынған ақпарат ұсыным сипатында беріледі және оны комиссия шешім қабылдаған кезде ескереді. 46. Тестілеуден өту кезінде төменгі шектік мәннен жоғары баға алған және емтиханды сәтті тапсырған үміткер (осы Қағидалардың 2-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген адамдардан басқа) мыналардан:
1) әскери-дәрігерлік комиссияда (бұдан әрі - ӘДК) медициналық және психофизиологиялық куәландырудан, оның ішінде полиграфологиялық зерттеуден;
2) міндетті арнайы тексерістен өтеді.
ӘДК мен міндетті арнайы тексерісті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткізуді ұйымдастыру конкурстан тыс іріктеуден өту жері бойынша прокуратураның кадр қызметіне жүктеледі.
47. Үміткер ӘДК-нің және арнайы тексерістің оң нәтижелерін (осы Қағидалардың 2-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген адамдардан басқа) алғаннан кейін әңгімелесуге жіберіледі.