Полат Е.С.и др. Новые педагогические и информационные технологии в системе образования: Учебное пособие для студентов педвузов и системы повышения квалификации педкадров. Москва: «Академия», 1999-224стр.
Халыкова К.З. Информатиканы оқыту әдістемесі. Алматы. Білім, 2000
Лекция №3 Мектепте информатиканы оқытудың мақсаттары мен міндеттері
Компьютерлік сауаттылық - оқыту сапасының алғашқы сипаты. Оның белгілеріне - ЭЕМ көмегімен есептеу, оқу, жазу, сурет салу, информацияны іздеу жатады. Мұғалімге тәуелсіз компьютермен тиімді жұмыс істеу жоғары қалыптасқан сауаттылықтың көрінісі.
Компыотерлік білімділік - оқыту сапасының екінші сипаты. Оның белгілері: а) мамандыққа сәйкес компьютерлік әдебиеттерді үзбей оқу; ә) көпшілікке танымал программалар туралы ой-өрісінің кең болуы; б) жұмысқа қажетті программалық құралдарды таңдай білу; в) программалық құралдардың сапасы туралы пікір айту; г) программалық кұралдар кітапханасын жасау; д) программалық құралдарды сапалы және сапасыз деп жіктей білу; е) ЭЕМ-ді қолданудағы шектеулер мен оның басымдылықтарын түсіну.
Мектеп информатикасы мұндай білімді толық қамтамасыз етуді мақсат етпегенімен, оның қажеттілігін мұғалім оқушыларға сезіндіруі тиіс.
Информациялық мәдениеттілік - оқыту сапасының үшінші сипаты. Ол қоғамның даму деңгейіне, адамның ойлау түрлеріне тәуелді қарастырылады. Ең алдымен, оқушыларға компьютерді пайдалану тәртібі айтылады. Мысалы, әдейі немесе байқаусызда басқа оқушылардың информациясын өшірмеу, өзгенің программасын "ұрламау", өзі табынатын тұлға іздемеу. Бұл оқушыларды компьютерлік '"фанатизмнен", "хакерліктен" сақтандырады. Сонымен бірге, өтіріктен аулақ болу, жеткілікті білмейтін программалар туралы пікір айтпау, компьютерге ұқыпты қарау, артық информациялармен компьютер жадын толтырмау, кездойсоқ өшірілген информацияларды қайта қалпына келтіру әрекеттері информациялық мәдениеттіліктің белгісі болып табылады. Информациялық мәдениеттіліктің мазмұнына қысқа да түсінікті алгоритмдер құру, жұмыс нәтижелерін көркем безендіру, т.б. жатады.
Информациялық мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде өзіндік тәртіпті айтуға болады. Оған алгоритмдерді, текстерді, берілгендерді белгілі бір құрылымда жазу, жазған программаларының қолданушыларға түсінікті болуын ескеру, белгілеулердің қатаң жүйесін пайдалану, берілгендерді сақтаудың тиімді жолдарын ойластыру, компьютермен жұмыс істеудің өнегелі дағдыларын қалыптастыру жатады.
Оқытудың білімділік мақсаты бойынша - компьютерлік білімділік; практикалық мақсаты бойынша - компьютерлік сауаттылық; тәрбиелік мақсаты бойынша - информациялық мәдениеттілік қалыптасады. Оқушылардың ЭЕМ-ді меңгеру деңгейлері мен компьютерлік сауаттылық, білімділік және информациялық мәдениеттілік арасында бір мәнді байланыс болмайды. Мысалы, программалауды білмейтін пайдаланушы компьютерді белгілі бір деңгейде меңгерген болуы мүмкін, ал "фанат-программист" өзінің сүйікті СИ тілінен басқа тілдерді білмеуі мүмкін. Вирус жасаушы сауатты, білімді болғанымен сол білімін қолдануда мәдениеттілігі төмен болып есептеледі. Егер компьютерлік білімділік пен информациялық мәдениеттіліктің деңгейлері сәйкес болмаса, онда компьютерлік программаларға "қастандық" көбейіп кететінін жоққа шығаруға болмайды.
Информатиканы оқыту мақсаттарына байланысты кейбір мәселелерде әртүрлі пікірлер айтылуы мүмкін. Мысалы, "программалауды оқушылардың барлығы білу керек пе?" - деген сұраққа "иә" десек, келесі кезекте оны қандай деңгейде үйрету қажет? - деген сұрақ туындайды. Егер сабақта программалауға көп уақыт бөлінсе, онда компьютерлік бідімді жетілдіруге бөлінген уақыт кемиді. Бұдан кейін "қандай программалау тілін үйрету керек?", "информатика сабағында модельдеумен айналысу қажет пе?" - деген секілді сұрақтар туындайды. Бұл сұрақтарға жауап беру барысында "керек" немесе "керек емес" деп бір мәнді жауап қатпай, оқушылардың танымын ескеріп, әлемнің ғылыми келбетін ұғынуын, жүйелі-логикалық ойлауын дамытудағы нақты міндеттерге байланысты үйлесімді жауаптарды қарастырған жөн. Себебі, әрбір оқушы программист еңбегінің мәнін ұғынуы тиіс. Қазіргі кезде дайын программаларды қолдану жағына көбірек көңіл бөлінуде.