Жаратылыс заңдылықтарының жалпы мазмұны мен бірлігі
Жаратылыстануды табиғат құбылыстары мен заңдары туралы ғылым немесе жүйе ретінде анықтауға болады. Бізді қоршаған әлем туралы білім және оларға жету үшін әрекеттер. Қазіргі уақытта ғылымның тереңдеуіне байланысты биология, астрономия, география т.б білім, ғылымдарды сабақтас салаларға бөлу, мысалы, физикалық химия, химиялық физика, геофизика, биофизика, биохимия және басқа да көптеген пәндер.
Жаратылыстану ғылымдары адамзаттың рухани мәдениетінің құрамдас бөлігі болып табылады. Сыртқы түрі және ғылымның, сондай-ақ дін, өнер, адамгершілік сияқты рухани мәдениеттің басқа элементтерін дамыту т.б., адамның айналасындағы әлемді және ондағы мақсатын түсінуге ұмтылуымен байланысты.
Әлемнің жаратылысты – ғылыми бейнесін (картинасын) тікелей жасайтын ғылымдар – астрономия, космология, космогония және физика. Ғылымның күрделі творчествалық іс деп саналуының бір себебі сол, онда тәжірибеден теорияға көшетін бір өткелі жоқ. Оның ғылыми жолы — салыстыру, абстракциялау, жалпылау, талдау, синтездеу сияқты жалпы әдіс – тәсілдерді қолдану арқылы іске асатын диалектикалық таным жолы [2,31б.].
Жалпы жертану немесе физикалық география (грекше фюзис – табиғат) табиғат денелері мен құбылыстарының Жер бетінде таралу заңдылықтарын зерттейді. Географияның бұл саласы табиғаттың құрамдас бөліктерінің (жер бедері,ауа райы, жер беті суы, топырақ, өсімдік және жануарлар) бір-бірімен өзара байланысын,бір-біріне тигізетін әсерін, соның негізінде олардың аумақ бойынша сараланып таралуын анықтауды мақсат етіп қояды.
Өсімдіктану немесе ботаника өсімдіктердің сыртқы және ішкі құрылысын, өсуі мен дамуын, өсімдіктерде жүретін физиологиялық процестерді, сонымен қатар жекеленген өсімдіктер мен олардың қауымдастықтарын, олардың таралу заңдылықтары мен өсімдіктер әлемінің маңызын жан-жақты зерттейтін ғылым.
Жануартану немесе зоология- жануарлар дүниесін әр түрлі жағынан зерттейтін ғылым саласы.
Тіршіліктің пайда болуы аса қызықты да күрделі мәселе болып саналады. Жаратылыстану ғылыми дәлелдеріне қарағанда, жер бетіндегі тірі материяның пайда болғанына 3,8 млрд жылдай болыпты, ал оған дейін әлем ондаған млрд жылдай өмір сүріпті. Олай болса, жер бетінде тіршілік, тірі организмдер дүниесі қалай жєне неден пайда болды деген сұрақтың жауабы адамзатты көптен бері ойландырып, толғандырып келеді. Жер бетінде тіршіліктің пайда болуы жайлы, жалпы алғанда 4 түрлі концепциялар бар.
а) Креоционизм деп аталатын жаратушы құдайды мойындайтын діни концепция.
ә) Тірі дүние әуел бастан бар, мәңгі, тұрақты құбылыс деп түсіндіретін концепция.
б) Тіршілік жерден тыс кеңістікте пайда болды деуші панспермия концепциясы.
в) Физикалық және химиялық заңдылықтарға бағынатын процестердің нәтижесінде тарихи пайда болған деп түсіндіруші концепция [2,8б.].
Тірі организмдердің барлығы қазіргі кезде қандай болса, дәл сондай күйінде бір кездерде жаратылған, олар ешқашан өзгермеген және өзгермейді деген тұрпайы түсінік мыңдаған жылдардан бері адам санасында мекендеп келеді. Тірінің бәрін құдай өзгермейтін етіп жаратқан деп түсіндіруші концепция креоционизм деп аталады.
Жаратылыс заңдылықтарын жекелей ғылымдар негізінде шектеуді көптеген ойшылдар өздерінің еңбектерінде келтіріп те кетеді. Айталық, биосфера, ноосфера және сана сферасы туралы ілімді ұсынған атақты ғалым В. И. Вернадский «Казіргі кезде ғылыми жұмыс пен оны зерттеушінің ғылыми ой-өрісін тармақталған жеке ғылымдар шеңберімен шектеу мүмкін емес. Зерттеушілер қарастыратын мәселелер көбіне қалыптасқан шеңберден шығып жатады. Қазір ғалымдар ғылым салалары бойынша емес, проблемалар бойынша маманданады, яғни ғылымның, оның ішінде жаратылыстанудың негізгі құрамдас бөлігі –ғылыми проблема және оны шешу жолы», -деп тұжырымдаған [2,24б.].
Қазіргі жаратылыстанудың сипаты біздің ғасырдың екінші жартысында жекеленген биология өзінің молекулалық деңгейдегі обьекті мен құбылыстарын зерделей бастағанда жаратылыстану ғылымдары табиғаттың жан-жақты көрінісін тұтас зерттей бастады. Жанды және жансыз табиғаттың сырын білуге енген сайын оның тұтастығындағы жалпы мәселелермен қатар дара «спецификалық» сарқылмайтын көптүрлілігі аян болады.
Жаратылыстану табиғат құбылыстарын әр түрлі ғылымдар тұрғысынан қарастырады, жалпы белгілері мен заңдылықтарын анықтайды. Осылайша, табиғат заңдар мен құбылыстардың барлық алуан түрлілігі араласқан ажырамас жүйе ретінде пайда болады.
Жаратылыс обьективті түрде өмір сүретін болғандықтан, ондағы заттар мен құбылыстары алдымен санада бейнеленеді. Ол көру, сезіну, түйсіну арқылы сезім мүшелерге материалдық түрде әсер етеді де бала оларды қабылдайды. Қабылдау барысында сыртқы сезім мен ішкі сезімдер біріге отырып танымды нақтылай түседі. Сезім арқылы таныған дүниені ғылыми біліммен байланыстырғанда ғана білім қалыптасады. Осыдан- ақ байқалады, ешқандай жаратылыстың құрылымынан хабары жоқ жас бала өзіндік туа біткен таным қызығушылығының әсерінен түрлі әрекеттер арқылы тануға бағыт алады. Бұл дегеніміз зерттеу нышандары деп қабылдаймыз. Ендеше жаратылыстану пәнінде осы нышандар одан әрі жетілдірілуі қажет және жаңа мақсатты бағыттармен толығуы керек. Сондықтан жаңа оқулық мазмұны осы ұстанымдармен жұмыс жасауды талап етеді және солай құрастырылған да. Тек мұғалім өзіне арналған нұсқаулықты басшылыққа алса болғаны [7 б.].
Табиғат жайлы ғылымдардың барлығы айнала дүниенің даму барысын түсіндіру, табиғаттың даму заңдылықтарын ашу негізін қарастырады. Табиғат құбылыстарының қарапайым байланыстарын және өзара тәуелділігін анықтайды. Тірі және өлі табиғат арасындағы айырмашылықтарды, байланыстарды түсіндіреді. Табиғат құбылыстарының жүру жағдайларын, оның себебі мен салдарын түсіндіруге тырысады.
Жаратылыстағы ғажайып құбылыстармен таныстыру, олардың мән-мәнісін ұғындыру арқылы баланы жан-жақты тәрбиелеуге, нақтырақ айтқанда оның қабылдауын, зейінін, ойын, тілін дамытуға болады. Балаларды ерте жасынан-ақ өзін қоршаған ортаның ішкі сырларын үлкендерден сұрап білгісі келетін белсенділігі туа пайда болады. Айталық, балаға қыс пен жаздың, қар мен жаңбырдың және т.б. құбылыстардың пайда болуы жұмбақ. Осыны білгісі келген бала: «Күн қайдан пайда болды?», «Жаңбыр неге жауады?», «Қар неге жауады?» деген сияқты сұрақтар арқылы жауап алғысы келетіні бар. Білуге деген құмарлық сияқты туа біткен қасиетті жетілдіріп, дамыту бастауыш сыныпта жаратылыстану сабақтары арқылы танымдық, ғылыми түрде жүзеге асады.
Айнала қоршаған ортада тек балаға ғана жұмбақ емес, бүкіл адамзаттың танып-білетін, зерттейтін жұмбақ сырлары әлі де мол, әлі де өзіне тартатын зерттеулер ауқымы кең [8, 14б.]. Айталық, жаратылыстағы құбылыстар мен процестерді ғылыми тұрғыдан түсіну заңдылықтары толық ашыла қойылған жоқ. Мәселен, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің даму себептері, бір түрдің жойылып кетуі, екіншісінің берік өмір сүруі көп жылдар бойы жұмбақ болып келді. Атақты ағылшын ғалымы табиғат зерттеушісі Ч.Дарвиннің табиғи сұрыптау теориясы олардың себептерін ғылыми негізде түсіндіреді. Қай уақытта болмасын дүниенің жаралуы, табиғаттың түрлі құбылыстары туралы адамның өзіндік көзқарасы, түсінігі болды дейді [7,21б.]. Ол түсініктер мен көқарастар эволюциялық жағдайда жаңарып, түрлене түсері анық.
Жаратылыста жүріп жататын құбылыстарды, яғни табиғаттағы өзгерістердің барлығы табиғат құбылыстары деп аталады. Денелер мен заттар үнемі өзгеріске ұшырап отырады. Мұндай өзгерістер тірі табиғатта да, өлі табиғатта да өтіп жатады. Ағаш биіктеп өседі, қартайғаннан кейін құлайды. Жан-жануарлар өседі, көбейеді, өледі. Аспанды бұлт торлайды, одан жауын-шашын жауады, найзағай ойнайды, күн күркірейді. Жер бетін су шайып тілімдейді, су шаюдан тас үгіледі және т.б [9].
Табиғаттағы болып жататын жоғарыдағыдай өзгерістер жаратылыстану ғылымдары құрылымына кірікккен түрлі дербес салалары арқылы түсіндіруге болады. Айталық, жауын-шашынның пайда болу жағдайларын жаратылыстану дың дербес саласы география ғылымының деректері арқылы түсіндіріп көрелік. Ауадағы ылғалдылық үнемі су буы түрінде болады. Ауа температурасы жоғарылаған сайын, ылғалдылық та арта береді. Белгілі жағдайдағы ылғалдылықта су буына қаныққан ауадан су тамшысы немесе қатты түйіршікті жауын-шашын пайда болады. Олар ауадан жерге шық, қырау, жаңбыр, қиыршық, бұршақ, қар түрінде жауған ылғал атмосфералық жауан-шашын түрлерін құрайды 9,21б..
Жер бетi ауаға қарағанда қатты суыса шық пен қырау түзiледi Ауадағы ылғал салқын заттарға (жапырақтарға, шөпке, жер бетіне) шық болып түседі. Ал, 0° температурадан төмендегенде қырау болып түседі. Қырау— ауадағы су буының салқындауынан топырақ бетіне, шөп сабақтарына, электр желілеріне, т.б. жерлерге қататын мұз қабаты. Желсіз ашық түнде, жылу өткізгіш қасиеті төмен заттардың бұдыр беттерінде пайда болады. Кейде күндіз, көлеңке жерлерде де байқалады. Шамалы аяздан құралған қырау кристалдары алтыбұрышты призма, ал қатты суық кездегі қыраудың кристалдары ұзынша ине тәріздес болады 9, 37б. Табиғаттағы тұман процесі қайдан қалай түзіледі? Тұман судың аса ұсақ тамшыларынан құралады, ол ауа жердің салқын тартқан бетімен жанасқанда, сондай-ақ кейде ауа массаларының әр түрлі температура және ылғалдылықпен араласқанда пайда болады. Сонымен тұман дегеніміз жер бетіне су тамшыларының іркіліп жиналуы.
Енді табиғат құбылысының тағы бір түрі жел. Жел қалай пайда болады? Осы сұрақтың төңірегінде қаншама адамның бас ауыртары сөзсіз. Өйткені, жел атаулы бір немесе екі күннің еншісіндегі дүние емес. Күні-түні далада жүрсек те, үйде жүрсек те жел атаулының жақын екенін сезінеміз. Өйткені, солтүстіктен бастау алатын өзендер оңтүстікке, оңтүстіктен ағатын өзендер солтүстікке қарай бағыт-бағдарларын бұрғысы келіп тұрады. Бұл жерде бәрімізге түсінікті жердің айналу заңдылығының орындалатынын көреміз.
Біздің басты сұрағымыз: жел неге соғады? Бұл сұрақтың жауабына физикалық және химиялық, географиялық ілімдердің заңдылықтары көмектеседі. Жел де су сияқты, яғни кез келген толмай тұрған ортаға барып жиналады. Сол сияқты жел де ауа қысымы жоғары жерден ауа қысымы төмен жерге қарай соғады. Ол дегеніміз, температурасы жоғары жер мен төмен жердің ортасында жел пайда болады. Ал жел үнемі неге бір бағытта соқпайды, оның себебін жердің үнемі айналып тұратыны, онда жел де өздігінен табиғаттағы тартылыс заңына бағынатыны туралы білім түсіндіре алады. Ең алғаш рет осы заңдылықтарды орыстың атақты ғалымы Бэр ашқан болатын. Ол су мен желді бөліп алып қарастыруға келіспеген. Және ізденіс үстінде жүріп, қысым туралы өзінің ғылыми жұмыстарын жазып қалдырған 9,54б..
Жел—ауаның жер бетіне қатысты көбінесе горизонталь бағытта қозғалуы; метеорологияның негізгі ұғымдарының бірі. Жел атмосфера қабаттарында қысымның біркелкі таралмауынан пайда болады әрі жоғары қысымнан төменгі қысымға қарай бағытталады. Ауа қысымы уақыт пен кеңістікте тұрақты болмайтындықтан желдің жылдамдығы мен бағыты үнемі өзгеріп отырады [8,47б.].
Жел тұманның түсуі мен тұру ұзақтығына едәуір әсер етеді. Ауа тымық кезде тұман жиі түседі. Өйткені салқын жер беті үстінде ауа массасы ұзақ тұрғандықтан және ауа қабаттарының арасында турбуленттік алмасу болмағандықтан жер бетінде жақын ауа массасы салқындайды да тұманның пайда болуына жағдай туады. Бұл жәйт, әсіресе радиациялық тұмандарға тән. Жел жылдамдығы 1-2м/с-тан аспаса, тұман түсу жиілігі азаяды да, ал жел жылдамдығы 2-4 м/с болса, тұман түсу мүмкіндігі арта түседі. Оның себебі ауа мүлдем тымық тұрған жағдайда жер бетінің салқындығы оған таяу тұрған ауа қабаттарына атмосфера құрамындағы газдар молекулаларының ретсіз қозғалысы арқылы беріледі 9, 41б.
Бұршақмөлшері 5-тен 55 мм-ге дейін және одан да ірі жұмырланған мұз түйіршіктерінен тұратын атмосфералық жауын-шашын. Қалың жаңбырлы будақ бұлттардан, әдетте, қатты найзағай кезінде енсіз, ұзын өңірде жауады.
Бұлт — атмосферада қалқыған өте ұсақ су буы тамшыларының және мұз кристалдарының жиынтық жүйесі. Ол жер бетінен 2 — 18 км-ге дейінгі биіктікте атмосфераның төмен бөлігінде құралады. Бұлттар ауа құрамындағы су буының қоюлануы нәтижесінде пайда болады. Бұлттарды құрайтын су түйіршіктерінің және мұз кристалдарының көлемі ұлғайып, олар бұлттардан бөлініп, атмосферадан жауын-шашын түрінде (жаңбыр, қар, ұлпа, бұршақ т.б.) жер бетіне түседі. Бұлтты құрайтын тамшылар өте ұсақ, диаметрі бірнеше мкм-ден 200 мкм-ге дейін болады. Бұлт ауа массасының ағыны әсерінен қозғалады.
Жаңбыр — бұлттан бөлініп жерге түсетін атмосфералық сұйық тамшылардың жиынтық атауы. Тамшылардың диаметрі 0,5 — 7 мм болады. Тропосфераның жоғарғы қабатында қалыптасқан қар, мұз түйіршіктері оның жер бетіне жақын қабатынан өткенде еріп жаңбыр тамшыларына айналады. Кейде жаңбыр бұлт арасындағы тым ұсақ тамшылардың бір-бірімен қосылуынан пайда болады. Жаңбыр — атмосфералық сұйық ылғалдың тамшыға айналып жерге себелеп түсуі. Жаңбырдың ұсақ тамшылы түрі: "ақ жауын" немесе "сіркіреген жауын", ал ылғалдың белгілі бір уақытта көп түсуі "нөсер" деп аталады 8, 58 б.
Қар-атмосферадан түсетін әр түрлі пішінді ұлпа мұз кристалдарынан ауа температурасы 0°С-тан төмендегенде бұлттардан жауады. Атмосфералық жауын-шашын мөлшері мен олардың жер бетіне таралуына сол жердің ендігі, күшті жел бағыты, теңіздің алыс-жақындығы, жердің рельефі, теңіздің жылы және судың ағыстары әсер етеді. Бұлттардан нөсер жауады. Найзағайлы құбылыс та, осыған байланысты.
Найзағай–бұлттар арасындағы және бұлтпен жер беті аралығындағы ауа арқылы пайда болатын электр ағыны. Бұл құбылыс–ауаның жоғары тік көтерілуіне байланысты қалыптасатын конвективті бұлттардағы электр өрісінен, түрлі макро және микрофизикалық процестердің жүруінен пайда болатын күрделі процесс [8,22б.].
Табиғат құбылыстарының бірі күн мен түннің ауысуы және күннің тұтылуы. Жарық күн мен қараңғы түннің алма-кезек ауысуының себебі жердің өз осінің төңірегінде үздіксіз айналуы болып табылады. Жердің айналуы барысында оның күн сәулесі түскен беті жарық болады да, ал қарсы көлеңке бетін түн басады. Күн мен түн алмасып отыруы, яғни жердің өз осінен және күнді орбита түзіп қозғалуынан туындаған салдары болып келеді. Оның салдары жыл мезгілдерінің ауысуын, яғни жердің күн төңірегіндегі қозғалысынан туындайды.
Ғылыми тұрғыдан алып қарағанда, кемпірқосақ тікелей түскен күн сәулесінің жаңбыр тамшыларынан сынған және тамшы бетінен шағылған, толқын ұзындығы әртүрлі сәулелердің дифракциялануы мен интерференциялануы нәтижесінде пайда болады. Оның айқындылығы мен жарықтылығы жауын тамшыларының үлкен-кішілігіне байланысты өзгеріп отырады. Тамшы неғұрлым үлкен болса, кемпірқосақ та соғұрлым анығырақ, жарық болып көрінеді. Негізгі кемпірқосақтан басқа, кейде онымен қабаттаса екінші кемпірқосақ байқалады. Оны қос кемпірқосақ деп атайды. Қос кемпірқосақ күн сәулесі тамшыға белгілі бір бұрыш жасай түсіп, оның ішінде екі рет шағылысуы нәтижесінде пайда болады. Ай сәулесінің әсерінен болатын кемпірқосақ ай кемпірқосағы деп аталады» [8,23б.]. Міне, осы секілді теориялық білімдердің мазмұнын жете түсінуде жаратылыстану ғылымының тұтастыру, кіріктіру заңдылықтары арқылы жүзеге асырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |