120-бап. Еңбек жағдайлары және оған ақы төлеу
1. Сотталғандардың еңбек жағдайлары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен айқындалады.
2. Сотталғандардың еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады және жалақының белгіленген ең төмен мөлшерінен төмен болмауға тиіс.
121-бап. Мекемені абаттандыру және онда тұру жағдайларын жақсарту жөніндегі жұмыстарға тарту
1. Сотталғандар кезектілік тәртібімен жұмыстан бос уақытта ұзақтығы аптасына екі сағаттан аспайтын:
1) камераларды, бөлмелерді және ортақ пайдаланылатын үй-жайларды абаттандыру бойынша;
2) негізгі қоршауда және ішкі тыйым салынған аймақтың шегінен тыс жерде орналасқан инженерлік-техникалық қадағалау, бақылау және күзету құралдары бар объектілерді қоспағанда, мекеменің аумағын және оған іргелес жатқан аумақты абаттандыру бойынша;
3) мәдени-тұрмыстық және санитариялық-гигиеналық тұру жағдайларын жақсарту бойынша ақысы төленбейтін жұмыстарға тартылады.
2. Стационарлық жағдайларда медициналық көмек алу үшін мекемелерде орналасқан медициналық ұйымдағыларды қоспағанда, сотталғандардың осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген жұмыстарды орындаудан бас тартуы осы Кодексте көзделген жазалау шараларын қолдануға әкеп соғады.
Ескерту. 2-бөлікке өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2021 № 95-VII Заңымен (мынадай:
қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторларында ұсталатын адамдарға қатысты – 2022 жылғы 1 шілдеден бастап;
қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдарға қатысты 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі).
Ескерту. 121-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
122-бап. Жалақыдан, зейнетақыдан, жәрдемақылардан және өзге де кірістерден ұстап қалу
Сотталғандардың жалақысынан, зейнетақысынан, жәрдемақыларынан және өзге де кірістерінен атқару парақтары немесе басқа да атқарушылық құжаттар бойынша сомаларды ұстап қалу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен, бірақ көрсетілген кірістердің жалпы сомасының елу пайызынан аспайтын мөлшерде жүргiзiледi. Ұстап қалудан қалған сома ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шотының есебіне жатқызылады.
Достарыңызбен бөлісу: |