123-бап. Техникалық және кәсіптік білім беру
1. Мекемелерде сотталғандарға техникалық және кәсіптік білім беру жүзеге асырылады.
2. Сотталғандарға техникалық және кәсіптік білім беруді ұйымдастыру үшін кәсіптер мен мамандықтар тізбесін еңбек нарығының мониторингін ескере отырып, жергілікті атқарушы органдармен келісу бойынша мекеме әкімшілігі қалыптастырады.
3. Техникалық және кәсіптік білім беруді ұйымдастыру білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
20-тарау. БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУҒА СОТТАЛҒАНДАРҒА
ТӘРБИЕЛІК ЫҚПАЛ ЕТУ
124-бап. Тәрбие жұмысы
1. Сотталғандармен тәрбие жұмысы олардың түзелуіне, заңдардың талаптарын сақтауға, еңбекке және өзге де қоғамға пайдалы қызметпен айналысуға, білім деңгейі мен мәдени деңгейін арттыруға, сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге бағытталған бағдарламаларға қатысуға ұмтылысын қалыптастыру мен нығайтуға бағытталған.
2. Мекемелерде қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес, имандылыққа, әлеуметтік-құқықтық, еңбекке, дене шынықтыруға тәрбиелеу және өзге де тәрбие түрлері жүзеге асырылады.
3. Сотталғандармен тәрбие жұмысы түзеу мекемесінің түрі, жаза мерзімі, ұстау жағдайлары ескеріле отырып, сараланып ұйымдастырылады. Ол психологиялық-педагогикалық әдістер қолданыла отырып, жеке, топтық және көпшілік нысандарда жүзеге асырылады.
Әрбір сотталған адаммен тәрбие жұмысы оның жеке басының дара ерекшеліктері мен жасаған қылмыстарының мән-жайлары ескеріле отырып жүргізіледі.
4. Сотталғандардың тәрбиелік іс-шараларға қатысуы оларға көтермелеу және жазалау шараларын қолдану, сондай-ақ олардың мінез-құлқын бағалау кезінде ескеріледі.
125-бап. Әлеуметтік бейімдеу және психологиялық көмек жөніндегі жұмыс
1. Мекемелердің әкімшілігі сотталғандармен жеке тәртіппен олардың қажеттіліктеріне сәйкес, әлеуметтік бейімдеу жөніндегі жұмыстар мен психологиялық жұмыс жүргізеді.
2. Сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу жөніндегі жұмыс мынадай:
1) сотталғандармен жұмыс жөніндегі жеке бағдарламаларды
әзірлеу;
2) сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге бағытталған бағдарламаларды әзірлеу, ұйымдастыру және іске асыру;
3) мемлекеттік органдарды, жергілікті атқарушы органдарды және жұртшылықты сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге тарту;
4) сотталғандардың жағымды әлеуметтік байланыстарын нығайтуға жәрдемдесу;
5) босатылатын адамдарға осы Кодекстің 27-тарауына сәйкес көмек көрсету нысандарында жүзеге асырылады.
3. Мекеме әкімшілігі сотталған адамды түзеу мақсатында оның қоғамның толыққанды мүшесінің әлеуметтік мәртебесінде қалпына келуіне, құқық нормалары мен жалпы қабылданған мінез-құлық нормалары негізінде оның қоғамда өз бетінше өмір сүруге оралуына жәрдемдеседі (қайта әлеуметтендіру).
4. Сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргізуге психолог тартылады, ол әрбір сотталған адамның жеке басының жеке-психологиялық ерекшеліктеріне диагностика жүргізеді және сотталғандардың оқшаулау жағдайларына, әлеуметтік ортаға және ұстау режиміне бейімделуіне, адамдар арасындағы қатынастарды оңтайландыруға, сондай-ақ босап шығуға дайындалуына психологиялық көмек көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |