Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі


-бап. Мемлекеттік монополия және арнайы құқық



бет46/70
Дата06.04.2023
өлшемі251,49 Kb.
#80114
түріКодекс
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   70
193-бап. Мемлекеттік монополия және арнайы құқық

1. Осы Кодексте көзделген тәртіппен енгізілетін, бәсекелестік нарықта қандай да бір тауарды өндіруге, өткізуге және (немесе) сатып алуға мемлекеттің айрықша құқығы мемлекеттік монополия болып табылады.


Бәсекелестік нарықта қандай да бір тауарды өндіруге, өткізуге және (немесе) сатып алуға нарық субъектісінің заңда бекітілетін айрықша немесе артықшылықты құқығы арнайы құқық болып табылады.


2. Мемлекет тауарларды бәсекелестік нарықта өткізу конституциялық құрылыстың, ұлттық қауіпсіздіктің, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, халықтың денсаулығын сақтаудың жай-күйіне теріс әсер етуі мүмкін қызмет салаларында тауарды өндіруге және (немесе) сатуға, сатып алуға немесе оны пайдалануға мемлекеттің айрықша құқығын заңмен бекіту не нарық субъектісіне заңмен арнайы құқық беру арқылы бәсекелестікті шектеуге құқылы.


3. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясын, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын, мемлекеттік техникалық қызметті қоспағанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған мемлекеттік кәсіпорын ғана мемлекеттік монополия субъектісі бола алады.


Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен айқындалған мемлекеттік кәсіпорын, акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі серіктестік арнайы құқық субъектісі бола алады.


4. Акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) бір жүз пайыздан азы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғаны арнайы құқық субъектісі деп айқындауға акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) бір жүз пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғаны арнайы құқық субъектісі деп айқындау мүмкін болмаған кезде ғана жол беріледі.


5. Монополияға қарсы орган мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілерінің мемлекеттік тізілімін қалыптастырады және жүргізеді.


6. Мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілеріне:


1) тауарларды өндірумен технологиялық тұрғыдан байланысты қызметті қоспағанда, мемлекеттік монополия, арнайы құқық саласына жатпайтын тауарларды өндіруге;


2) басқа заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) иеленуге, сондай-ақ олардың қызметіне өзгеше түрде қатысуға;


3) мемлекеттік монополияға, арнайы құқыққа байланысты құқықтарды басқаға қайта беруге;


4) өндірілетін немесе өткізілетін тауарларға мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган монополияға қарсы орган айқындайтын тәртіппен белгілеген бағалардан ерекшеленетін бағаларды белгілеуге тыйым салынады.


Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген шектеулер "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына, мемлекеттік техникалық қызметке және Тауарларды таңбалау мен қадағалап отырудың бірыңғай операторына қолданылмайды.


Дүлей зілзала, эпидемия, эпизоотия кезінде, сондай-ақ негізгі қызметін одан әрі жалғастыруға кедергі келтіретін шектеулер болған кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектісіне негізгі қызметін қайта бастағанға дейінгі кезеңге технологиялық тұрғыдан негізгі қызметіне жақын өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыру құқығын береді.


7. Мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілері жария мүдделі ұйымдар болып табылады және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес міндеттерді атқарады.


Мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілері әрбір қызмет түрі бойынша, оның ішінде технологиялық тұрғыдан байланысты қызмет түрлері бойынша кірістерді, шығындар мен тартылған активтерді бөлек есепке алуды жүргізуге міндетті.


8. Мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілерінің қызметін мемлекеттік реттеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.


9. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндірумен технологиялық тұрғыдан байланысты қызмет түрлерінің тізбесін мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган монополияға қарсы органмен келісу бойынша бекітеді.


10. Мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілерінің осы баптың 6-тармағында белгіленген шектеулерді сақтауын бақылауды осы Кодекске сәйкес монополияға қарсы орган жүзеге асырады.


11. Мемлекеттік монополия, арнайы құқық енгізілген кезде мынадай шарттар сақталады:


1) нарық субъектілері осы шешім туралы ол қолданысқа енгізілгенге дейін кемінде алты ай бұрын хабардар етілуге тиіс;


2) мемлекеттік монополия, арнайы құқық қолданысқа енгізілгеннен кейін алты ай мерзім бойы осы тауарды өндірумен, сатумен айналысқан немесе пайдаланған нарық субъектілері, орындалу мерзімі жоғарыда көрсетілген мерзімнен асатын мәмілелер жасауды қоспағанда, осы тауарды өткізуді жүзеге асыруға құқылы;


3) нарық субъектілеріне мемлекеттік монополияны, арнайы құқықты енгізу нәтижесінде келтірілген залал Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен өтеледі.


12. Арнайы құқық субъектісі мәртебесінен айыру аталған субъект осы баптың талаптарын күнтізбелік бір жыл ішінде екі және одан да көп рет бұзған немесе ол тауар нарығындағы өзінің монополиялық жағдайын теріс пайдаланған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.


13. Монополияға қарсы орган бекітілген кестеге сәйкес мемлекеттік монополияның, арнайы құқықтың жекелеген субъектілерінің қызметіне жыл сайын талдау жүргізеді және есепті жылдан кейінгі жылдың 5 қаңтарынан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекеттік монополия, арнайы құқық саласына жатқызылған қызметті бәсекелес ортаға беру жөнінде ұсыныстар жібереді.


Бәсекелес ортаға беру кезінде тиісті тауар нарығында монополиялық жағдайдың туындауына және (немесе) бәсекелестікті шектеуге жол берілмейді.


14. Осы баптың ережелері бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыруға ықпал ететін және (немесе) қаржы нарығы инфрақұрылымының бір бөлігі болып табылатын еншілес ұйымдарының, табиғи монополия субъектілерінің қызметіне қолданылмайды.


Ескерту. 193-бап жаңа редакцияда – ҚР 03.01.2022 № 101-VII (01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

18-тарау. БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ҚОРҒАУ


194-бап. Мемлекеттiк, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдардың бәсекелестiкке қарсы әрекеттерi (әрекетсіздігі), келiсiмдерi

Ескерту. 194-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 28.12.2016 № 34-VI Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).


1. Конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдар мемлекеттік функцияларды іске асырған немесе мемлекеттік қолдау шараларын көрсеткен кезде олардың әрекеттерінен (әрекетсіздігінен), актілер не шешімдер қабылдаудан көрінетін, бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға алып келген немесе алып келуі мүмкiн бәсекелестiкке қарсы әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тыйым салынады және олар толығымен немесе iшiнара жарамсыз деп танылады.


2. Мемлекеттiк, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдардың бәсекелестiкке қарсы әрекеттерi (әрекетсіздігі) болып мыналар да танылады:


1) қызметтiң қандай да бiр саласында нарық субъектiсiн құруға қатысты шектеулер енгiзу;


2) нарық субъектiсiнiң қызметiн жүзеге асыруына негiзсiз кедергi келтiру;


3) тауарлардың еркiн қозғалысына қатысты – тыйым салуларды белгiлеу немесе шектеулерді енгізу, нарық субъектiсiнiң тауарларды өткiзу құқықтарына өзге де шектеулерді енгiзу;


4) нарық субъектiсiне сатып алушылардың белгiлi бiр санаты үшiн тауарларды бiрiншi кезекте беру не белгiлi бiр сатушылардан (өнiм берушiлерден) тауарларды бiрiншi кезекте сатып алу немесе басымдықты тәртiппен шарттар жасасу туралы нұсқаулар;


5) тауарларды сатып алушылар үшін осындай тауарлар ұсынатын нарық субъектiлерiн таңдауына шектеулер белгiлеу;


6) бағаларды көтеруге, төмендетуге немесе ұстап тұруға бағытталған әрекеттер;


7) тауар нарығын аумақтық қағидат, тауарлардың сатылу немесе сатып алыну көлемi, өткiзiлетiн тауарлардың ассортиментi бойынша не сатушылардың (өнiм берушiлердiң) немесе сатып алушылардың құрамы бойынша бөлуге бағытталған әрекеттер;


8) нарық субъектiлерiнiң тауар нарығына кiруiн, тауар нарығына шығуын шектеу немесе одан нарық субъектілерін ығыстырып шығару;


9) нарықтың жекелеген субъектiлерiне оларды бәсекелестеріне қатысты артықшылық жағдайға қоятын жеңiлдiктер немесе басқа да артықшылықтар беру немесе бәсекелестермен салыстырғанда қызметтерінде қолайсыз немесе кемсiтушілік жағдайлар жасау;


10) нарық субъектiлерiн шарттарды басымдықпен жасасуға, тауарларды тұтынушылардың белгiлi бiр тобына бiрiншi кезекте беруге не тауарларды белгiлi бiр сатушылардан (өнiм берушiлерден) бiрiншi кезекте сатып алуға тiкелей немесе жанама мәжбүрлеу;


11) нарық субъектілеріне жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімділік бермеу.


3. Конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк, жергілікті атқарушы органдар, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдар арасындағы немесе олар мен нарық субъектiлерi арасындағы келiсiмдерге, егер мұндай келiсiмдер бәсекелестiктi шектеуге немесе жоюға алып келетін немесе алып келуі мүмкiн болса, тыйым салынады.


3-1. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну кезінде:


1) нарықтың жаңа субъектілері үшін мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуді шектеуге;


2) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне өз мазмұны бойынша мемлекеттік қолдау нысанасына қатысы жоқ қосымша міндеттемелер жүктеуге;


3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген алымдар мен өзге де төлемдерді алуға;


4) мемлекеттік қолдау шараларын алушылардың қызметін, егер бұл әрекет бәсекелестікті болғызбауға, шектеуге немесе жоюға алып келсе немесе алып келуі мүмкін болса, үйлестіруге тыйым салынады.


3-2. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын енгізу, жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау шараларын көрсету тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық актінің жобасы осы баптың 3-1-тармағының талаптары сақтала отырып, монополияға қарсы органмен келісуге жатады.


Монополияға қарсы органмен жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын енгізу, жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау шараларын көрсету тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық актінің жобасы келісілген кезде мыналар есепке алынады:


1) тауар нарығының шоғырлану деңгейі;


2) тауар нарығына кірудің экономикалық, технологиялық, әкімшілік кедергілерінің болуы;


3) шағын, орта кәсіпкерліктің қатысу үлесі;


4) нарықтың жаңа субъектілерінің пайда болу серпіні;


5) тауар нарығының теңгерімі, ішкі сұранысты қанағаттандыру;


6) тиісті тауар нарығында кәсіпкерлікке мемлекеттің қатысу деңгейі;


7) мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарымен бекітілген тауар нарығындағы мақсаттарға, нысаналы индикаторларға, міндеттерге және бәсекелестікті дамыту көрсеткіштеріне қол жеткізу;


8) тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйі ескеріле отырып, жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларының басымдығын айқындайтын өзге де құжатпен расталған мән-жайлар.


3-3. Осы баптың 1, 2, 3-1 және 3-2-тармақтарының ережелері Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша бастама жасалған, экономиканы қолдау, халықтың іскерлік белсенділігі мен жұмыспен қамтылуын ынталандыру үшін дағдарысқа қарсы іс-шаралар кешенін іске асыру кезінде қолданылмайды.


4. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіне қатысты Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қорытындының жобасы тергеп-тексеру объектісіне тергеп-тексеру аяқталғанға дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын мерзімде тапсырылады немесе хабарламасы бар хатпен жіберіледі.


5. Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қорытынды жобасында келтірілген дәйектермен келіспеген және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі тергеп-тексеру аяқталғанға дейін кемінде күнтізбелік жиырма күн бұрын мерзімде өтініш жасаған жағдайда, монополияға қарсы органның лауазымды адамы (лауазымды адамдары) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қорытындының жобасын келісу комиссиясының қарауына шығарады, оның құрамына Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және монополияға қарсы органның өкілдері кіреді.


6. Келісу комиссиясы енгізілген қорытындының жобасын енгізілген күнінен бастап күнтізбелік бес күннен аспайтын мерзімде тергеп-тексеруге қатысатын адамдарды отырысқа шақыра отырып, оның толықтығы мен Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық фактілерінің онда келтірілген дәлелдемелерінің сапасы тұрғысында қарайды.


7. Қорытындының жобасын қарау нәтижелері бойынша келісу комиссиясы ескертулерін және ескертулердің болуы (болмауы) туралы ұсынымдарын шығарады.


Қорытындының жобасына ескертулер қабылданған жағдайда монополияға қарсы орган оны пысықтауды жүзеге асырады және күнтізбелік бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде келісу комиссиясының қарауына қайта ұсынады.


Монополияға қарсы орган қорытындының жобасына ескертулерді қабылдамаған кезде келісу комиссиясының атына келіспеу себептерінің негіздемелері ұсынылады.


Монополияға қарсы органның қорытындыны бекіту туралы шешімі келісу комиссиясының қорытынды жобасына ескертулері болмаған жағдайда қабылданады және тергеп-тексеру аяқталған күннен бастап күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімде монополияға қарсы органның бұйрығымен ресімделеді.


8. Келісу комиссиясының әрекет ету тәртібін және оның құрамын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкімен келісу бойынша монополияға қарсы орган айқындайды.


Ескерту. 194-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.01.2022 № 101-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

195-бап. Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу



Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу мақсатында монополияға қарсы орган:


1) тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау;


2) экономикалық шоғырлануды реттеу;


ЗҚАИ-ның ескертпесі!

3) тармақша 01.01.2017 дейін қолданыста болды - ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексімен.




3) үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің қызметіне мониторинг;


4) тауар нарықтарындағы бағаларға мониторинг жүргізеді.


Ескерту. 195-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 352-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

195-1-бап. Монополияға қарсы комплаенс



1. Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі шаралар жүйесі монополияға қарсы комплаенс болып табылады.


2. Монополияға қарсы комплаенсті енгізу үшін нарық субъектісі (субъектілері) монополияға қарсы комплаенс актілерін:


1) тиісті тауар нарығындағы нарық субъектісінің (субъектілерінің) саясатын және адал бәсекелестік қағидаларын көздейтін сыртқы актіні;


2) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды жасау тәуекелдерін бағалау әдістерін, тәсілдерін, нарық субъектісінің (субъектілерінің) тәуекелдерді басқару жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруы тәртібін көздейтін, монополияға қарсы орган бекітетін әдістемелік ұсынымдарға сәйкес әзірленетін ішкі актіні қабылдауға құқылы.


3. Нарық субъектісі (субъектілері) монополияға қарсы органға монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісінің жобасын Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының нормаларына оның сәйкестігін анықтау үшін жіберуге құқылы, ол монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісінің жобасы келіп түскен кезден бастап бір ай ішінде қаралуға жатады.


4. Монополияға қарсы орган қараған монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісінің жобасы Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының нормаларына оның сәйкестігі анықталған жағдайда нақты нарық субъектісіне (нақты нарық субъектілеріне) қатысты немесе нақты жағдайға қолданылатын Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын түсіндіру актісі болып табылады.


5. Монополияға қарсы комплаенстің ішкі актісін әзірлеу және ендіру жөніндегі әдістемелік ұсынымдарда:


1) монополияға қарсы комплаенстің ішкі актісін әзірлеу және ендіру кезеңдері;


2) монополияға қарсы комплаенстің ішкі актісін әзірлеу және ендіру жөніндегі іс-шаралардың мазмұны;


3) нарық субъектісінің қызметімен байланысты монополияға қарсы комплаенс-тәуекелдерге бағалау жүргізу әдісі (әдістері);


4) монополияға қарсы комплаенс-тәуекелдерді ішкі бақылау жүйесін құру;


5) монополияға қарсы комплаенстің ішкі актісінің жұмыс істеу тиімділігіне бағалау жүргізу әдісі (әдістері);


6) монополияға қарсы комплаенстің ішкі актісін әзірлеу және ендіру жөніндегі өзге де ережелер көзделеді.


6. Нарық субъектісінде тиімді жұмыс істейтін монополияға қарсы комплаенстің ішкі актісінің болуы Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтар туралы істерді қарау кезінде ескеріледі.


Ескерту. 18-тарау 195-1-баппен толықтырылды - ҚР 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 28.10.2019 № 268-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.01.2022 № 101-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

196-бап. Тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау



1. Тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау бәсекелестік деңгейін айқындау, үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерін анықтау, бәсекелестікті қорғау мен дамытуға, монополистік қызметтің алдын алуға, шектеуге және жолын кесуге бағытталған шаралар кешенін әзірлеу мақсатында, оның ішінде мынадай:


1) экономикалық шоғырлануды реттеу;


2) бәсекелестікке қарсы келісімдер мен келісілген әрекеттердің, үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдаланудың белгілерін қарау кезінде нарық субъектісінің үстем үлесін айқындау;


3) мемлекеттің кәсіпкерлік ортаға қатысуының орындылығын белгілеу жағдайларында жүргізіледі.


2. Тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау монополияға қарсы орган бекітетін, бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізу жөніндегі әдістемелерге сәйкес:


1) тауар нарықтарында;


2) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша қаржылық көрсетілетін қызметтер нарықтарында жүргізіледі.


3. Тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау мынадай кезеңдерді қамтиды:


1) тауарлардың өзара алмастырылу өлшемшарттарын айқындау;


2) тауар нарығының шекараларын айқындау;


3) тауар нарығын зерттеудің уақыт аралығын айқындау;


4) тауар нарығында жұмыс істейтін нарық субъектілерінің құрамын айқындау;


5) тауар нарығының көлемі мен нарық субъектілерінің үлестерін есептеу;


6) тауар нарығындағы бәсекелестік ортаның жай-күйін бағалау;


7) бәсекелестіктің дамуына ықпал ететін, нарық субъектілерінің қызметіне кедергілердің, қиындықтардың не өзге де шектеулердің болуын куәландыратын мән-жайларды немесе белгілерді айқындау, оның ішінде тауар нарығына кіру тосқауылдарын айқындау;


8) тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне жүргізілген талдау нәтижелері бойынша қорытындыда көрсетілетін тұжырымдар.


4. Егер тауарды немесе өзара алмастырылатын тауарды осы аумақтың шегінен тыс жерден сатып алу экономикалық, технологиялық және басқа себептер бойынша орынсыз болса, тауар нарығының шекаралары тұтынушылардың оларды сатып алатын аумағын айқындайды.


Осы Кодекстің 8, 90-6, 120, 160 – 231-баптарында тауар деп азаматтық айналым объектісі болып табылатын тауар, жұмыс, көрсетілетін қызмет түсініледі.


Тұтынушы оларды тұтыну (өндіру) процесінде бірін-бірімен алмастыра алатындай, өзінің функционалдық мақсаты, қолданылуы, сапалық және техникалық сипаттамалары, бағасы, сондай-ақ басқа да өлшемдері бойынша салыстыруға болатын тауарлар тобы өзара алмастырылатын тауарлар болып табылады.


5. Тауар нарығының шекаралары тауарларды сатып алудың қолжетімділігі ескеріле отырып, мынадай өлшемшарттар бойынша айқындалады:


1) осы аумақта тауар сатып алу мүмкіндігі;


2) көлік шығындарының тауар құнына қатысты алғанда негізділігі мен өзін-өзі ақтайтындығы;


3) тауарды тасымалдау кезінде оның сапасы, сенімділігі және басқа да тұтынушылық қасиеттерінің сақталуы;


4) тауарларды сатып алуға-сатуға, әкелуге және әкетуге шектеулердің (тыйым салулардың) болмауы;


5) өз шегінде тауарлардың өткізілуі, берілуі жүзеге асырылатын аумақта бәсекелестікке тең жағдайлардың болуы.


6. Алып тасталды - ҚР 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.


7. Тауар нарығының көлемі тауардың немесе өзара алмастырылатын тауарлардың әкеліну және әкетілу көлемдері ескеріле отырып, нарық субъектілерінің тауарды немесе өзара алмастырылатын тауарларды нарықтың шекаралары шегінде өткізуінің заттай көрсеткіштердегі немесе құн көрсеткіштеріндегі сомасы ретінде айқындалады.


Нарық субъектісі өз өнімінің бір бөлігін өз мұқтажына пайдаланған жағдайда, өткізу көлеміне тауар нарығында өткізілген көлем ғана қосылады.


8. Нарық субъектісінің тиісті тауар нарығындағы үлесі нарық субъектісінің тауарды немесе өзара алмастырылатын тауарларды нарықтың географиялық шекаралары шегінде өткізу көлемінің тиісті тауар нарығының жалпы көлеміне қатынасы ретінде айқындалады.


9. Нарық субъектілерінің үлесін айқындау өнім беру көлемінің үлесі өнім берудің жалпы көлемінде сексен бес пайыздан асатын субъектілерден ақпарат болған кезде мүмкін болады.


10. Нарық субъектілері, олардың бірлестіктері мен басшылары, мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, оның ішінде мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган, мемлекеттік кіріс органдары, олардың лауазымды адамдары монополияға қарсы органның осы Кодексте көзделген өкілеттіктерді жүзеге асыруы үшін қажетті анық құжаттарды, жазбаша және ауызша түсініктемелерді және өзге де ақпаратты, оның ішінде коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты монополияға қарсы органның талап етуі бойынша монополияға қарсы орган белгілеген, бес жұмыс күнінен кем болмайтын мерзімде беруге міндетті.


11. Нарық субъектісінің (субъектілерінің) үстем үлесін (үлестерін) айқындау мақсатында экономикалық шоғырлануды реттеу, сондай-ақ бәсекелестікке қарсы келісімдер мен келісілген әрекеттердің, үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдаланудың белгілерін анықтау кезінде тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне осы баптың 3-тармағының 6) және 7) тармақшаларында көзделген кезеңдерді қамтымайтын талдау жүргізіледі.


Егер үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілерін анықтау кезінде тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау нарық субъектісінің үлесі отыз бес пайыздан асатынын, бірақ елуден кем құрайтынын немесе нарық субъектілерінің жиынтық үстемдігі орын алғанын көрсеткен жағдайда, тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау осы баптың 3-тармағында көзделген барлық кезеңдер сақталып жүргізіледі.


Мемлекеттің кәсіпкерлік ортаға қатысуының орындылығын анықтау мақсатында талдау монополияға қарсы орган айқындайтын тәртіппен осы баптың 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген кезеңдер негізінде жүргізіледі.


12. Тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган, мемлекеттік органдар, нарық субъектілері және олардың бірлестіктері беретін ақпараттың, сондай-ақ осы баптың 9-тармағына сәйкес берілетін ақпараттың негізінде жүзеге асырылады.


Нарық субъектісі монополияға қарсы органға өзінде бар маркетингтік зерттеулер нәтижелерін ұсынуға құқылы, оларды да монополияға қарсы орган талдау жүргізу барысында пайдалануы мүмкін.


Ескерту. 196-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.01.2022 № 101-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

ЗҚАИ-ның ескертпесі!

197-бап 01.01.2017 дейін қолданыста болды - ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексімен.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   70




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет