Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі


-1-бап. Негізгі қуатқа тең қолжетімділікті қамтамасыз ету



бет44/70
Дата06.04.2023
өлшемі251,49 Kb.
#80114
түріКодекс
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   70
176-1-бап. Негізгі қуатқа тең қолжетімділікті қамтамасыз ету

1. Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісінің тауары, инфрақұрылым объектісі (бұдан әрі – негізгі қуатты иеленуші) негізгі қуат болып табылады, оларға қол жеткізбей басқа да нарық субъектілері тиісті немесе сабақтас тауар нарығында тауарды өндіруді және (немесе) өткізуді жүзеге асыра алмайды.


2. Нарық субъектісінің тауары, инфрақұрылым объектісі мынадай шарттардың жиынтығы кезінде:


1) технологиялық ерекшеліктерге байланысты тауарды, инфрақұрылым объектісін қайталау мүмкін болмаса немесе экономикалық тұрғыдан орынсыз болса;


2) негізгі қуатты иеленуші тиісті тауарды, инфрақұрылым объектісін иеленуге, пайдалануға және оған билік етуге құқылы болса;


3) негізгі қуатты иеленушіде тиісті тауарға, инфрақұрылым объектісіне қолжетімділікті беру мүмкіндігі болса;


4) негізгі қуатты иеленушінің тиісті тауарға, инфрақұрылым объектісіне қол жеткізуден негізсіз бас тартуы бәсекелестікке теріс әсер ететін болса;


5) негізгі қуатты иеленушінің тиісті тауар көлеміне, инфрақұрылым объектісіне қолжетімділік биржалық сауда-саттық арқылы берілмесе, негізгі қуат деп танылады.


3. Тиісті негізгі қуатқа қол жеткізудің өзге тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен регламенттелген жағдайды қоспағанда, негізгі қуатты иеленушілер монополияға қарсы орган бекітетін негізгі қуатқа тең қол жеткізу қағидаларына сәйкес басқа да нарық субъектілеріне негізгі қуатқа тең қолжетімділік беруге міндетті.


Егер негізгі қуат шикізат тауары болып табылған жағдайда, тиісті негізгі қуатты иеленушілер оған көрсетілген шикізатты пайдаланатын тауар өндірушілерге ғана тең қолжетімділік беруге міндетті.


Егер негізгі қуат бағдарламалық өнім болып табылған жағдайда, оған қолжетімділік Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.


4. Негізгі қуатқа тең қолжетімділік нарықтық шарттармен беріледі.


5. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген талаптар одан әрі қайта сату мақсатынсыз, өз мұқтаждары үшін және (немесе) олармен бір тұлғалар тобына кіретін тұтынушылар пайдаланатын көлемде негізгі қуатты иеленушілерге қолданылмайды.


Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережесі квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қолданылмайды.


Ескерту. 15-тарауды 176-1-баппен толықтырылды – ҚР 03.01.2022 № 101-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

16-тарау. ЖОСЫҚСЫЗ БӘСЕКЕЛЕСТІК


177-бап. Жосықсыз бәсекелестік ұғымы

1. Қазақстан Республикасының заңнамасына, іскерлік айналым ғұрыптарына, парасаттылық, зерделілік пен әділдік талаптарына қайшы келетін және басқа да нарық субъектілеріне – бәсекелестерге зиян келтірген немесе келтіруі мүмкін не олардың іскерлік беделіне нұқсан келтірген немесе келтіруі мүмкін нарық субъектісінің (тұлғалар тобының) немесе бірнеше нарық субъектісінің (тұлғалар тобының) кәсіпкерлік қызметте артықшылықтар алуға бағытталған кез келген әрекеттері жосықсыз бәсекелестік болып табылады.


2. Жосықсыз бәсекелестікке оның ішінде мынадай әрекеттер жатады:


1) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ авторлық құқық объектілерін дараландыру құралдарын құқыққа сыйымсыз пайдалану;


2) басқа өндірушінің тауарын құқыққа сыйымсыз пайдалану;


3) бұйымның сыртқы түрін көшіріп алу;


4) нарық субъектісінің беделін түсіру;


5) көрінеу жалған, жосықсыз және анық емес жарнама;


6) мәжбүрлі ассортиментпен тауар өткізу (сатып алу);


7) бәсекелестің сатушысына (өнім берушісіне) бойкот жасауға шақыру;


8) сатып алушыны (өнім берушіні) кемсітуге шақыру;


9) нарық субъектісін бәсекелеспен шартты бұзуға шақыру;


10) сатушының (өнім берушінің) қызметкерін сатып алушылық;


11) сатып алушының қызметкерін сатып алушылық;


12) коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалану;


13) тұтынушыға тауардың сипатына, өндірілу тәсілі мен орнына, тұтынушылық қасиеттеріне, сапасы мен санына және (немесе) оны өндірушілерге қатысты анық емес ақпарат ұсына отырып, тауарды өткізу;


14) нарық субъектiсiнiң өзi өндiретiн және (немесе) өткiзетiн тауарларын нарықтың басқа субъектiлерi өндiретiн және (немесе) өткiзетiн тауарлармен орынсыз салыстыруы;


15) тауар сатушыны (берушіні) ауыстыруға кедергі жасау.


Ескерту. 177-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 03.01.2022 № 101-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

178-бап. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ авторлық құқық объектілерін дараландыру құралдарын құқыққа сыйымсыз пайдалану



Бөгде тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, фирмалық атауын, тауар шығарылған жердің атауын немесе біртекті тауарлар үшін олармен ұқсас белгілерді заңсыз пайдалану немесе құқық иеленушінің немесе осыған уәкілеттік берілген тұлғаның рұқсатынсыз әдеби, көркем шығармалардың, мерзімді басылымдардың атауларын пайдалану немесе оларды қаптамада тұтынушыны тауардың сипатына, өндірілу тәсілі мен орнына, тұтынушылық қасиеттеріне, сапасы мен санына қатысты немесе оны өндірушілерге қатысты жаңылыстыруға ұшыратуы мүмкін болатындай етіп пайдалану тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді дараландыру құралдарын, сондай-ақ авторлық құқық объектілерін құқыққа сыйымсыз пайдалану болып табылады.


Ескерту. 178-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 20.06.2018 № 161-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

179-бап. Басқа өндірушінің тауарын құқыққа сыйымсыз пайдалану



Құқық иеленушінің немесе осыған уәкілеттік берілген тұлғаның рұқсатынсыз өндірушінің белгілерін өзгерту не алып тастау жолымен басқа өндірушінің тауарын өз белгісімен шаруашылық айналымына енгізу басқа өндірушінің тауарын құқыққа сыйымсыз пайдалану болып табылады.

180-бап. Бұйымның сыртқы түрін көшіріп алу

1. Нарықтың басқа субъектісі бұйымының сыртқы түрін қайта жасап шығару және оны тұтынушыны тауар өндірушіге қатысты жаңылыстыруға ұшыратуы мүмкін болатын шаруашылық айналымға енгізу бұйымның сыртқы түрін көшіріп алу деп табылады.


2. Бұйымның сыртқы түрін немесе оның бөліктерін көшіріп алу, егер мұндай көшіріп алу олардың функционалдық қолданылуына ғана байланысты болса, құқыққа сыйымсыз деп танылмайды.

181-бап. Нарық субъектісінің беделін түсіру

Нарық субъектісінің қызметіне байланысты көрінеу жалған, анық емес мәліметтерді кез келген нысанда тарату нарық субъектісінің беделін түсіру болып табылады.

182-бап. Көрінеу жалған, жосықсыз және анық емес жарнама

Жосықсыз, анық емес және көрінеу жалған жарнаманың белгілері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленеді.

183-бап. Мәжбүрлі ассортиментпен тауар өткізу (сатып алу)

Сатушының (өнiм берушiнiң) немесе сатып алушының тауарды өткiзуі (сатып алуы) кезiнде сатушының (өнім берушінің), тұтынушының құқығына қысым жасайтын және өзiнiң мазмұны бойынша немесе iскерлiк айналым дәстүрiне сәйкес мәмiленiң нысанасына қатысы жоқ қосымша талаптарды немесе шарттарды белгiлеу жөнiндегi кез келген әрекеттерi мәжбүрлi ассортиментпен тауар өткiзу (сатып алу) болып табылады.

184-бап. Бәсекелестің сатушысына (өнім берушісіне) бойкот жасауға шақыру

Бәсекелестің тікелей өзі немесе делдал арқылы ұйымдастырған, сатып алушылардың бәсекелестің сатушысымен (өнім берушісімен) шарттық қатынастар орнатудан немесе оның тауарларын сатып алудан бас тартуға бағытталған әрекеттері бәсекелестің сатушысына (өнім берушісіне) немесе оның тауарына бойкот жасауға шақыру болып табылады.

185-бап. Сатып алушыны (өнім берушіні) кемсітуге шақыру

Сатып алушы (өнім беруші) бәсекелестің тікелей өзі немесе делдал арқылы өнім берушіні (сатып алушыны) шарт жасасудан бас тартуға немесе мәні бірдей шарттар бойынша өзге де сатып алушыларға (өнім берушілерге) кемсітушілік шарттар қолдануға мәжбүрлеуге бағытталған әрекеттері сатып алушыны (өнім берушіні) кемсітуге шақыру болып табылады.

186-бап. Бәсекелеспен шартты бұзуға шақыру

Нарық субъектісінің тікелей өзі немесе делдал арқылы материалдық сыйақы, басқа да артықшылықтар беру немесе ұсыну не нарық субъектісінің өз қызметін жүзеге асыруына негізсіз кедергі келтіру арқылы бәсекелеспен шартқа қатысушының – нарықтың өзге де субъектісінің шарттық міндеттемелерді орындамауына немесе тиісінше орындамауына бағытталған әрекеттері бәсекелеспен шартты бұзуға шақыру болып табылады.

187-бап. Сатушының (өнім берушінің) қызметкерін сатып алушылық

Сатып алушы бәсекелестің тікелей өзі немесе делдал арқылы сатушы (өнім беруші) қызметкерінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін оған мүліктік немесе мүліктік емес игіліктерді беруі, бұл сатып алушы бәсекелесінің сатып алушы алдында белгілі бір артықшылықтар алуына және (немесе) сатып алушының залал шегуіне әкеп соқса немесе әкеп соғу мүмкін болса, сатушының (өнім берушінің) қызметкерін сатып алушылық болып табылады.

188-бап. Сатып алушының қызметкерін сатып алушылық

Сатушы (өнім беруші) бәсекелестің тікелей өзі немесе делдал арқылы сатып алушы қызметкерінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін оған мүліктік немесе мүліктік емес игіліктерді беруі, бұл сатушы (өнім беруші) бәсекелесінің сатушы (өнім беруші) алдында белгілі бір артықшылықтар алуына және (немесе) сатушының (өнім берушінің) залал шегуіне әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, сатып алушының қызметкерін сатып алушылық болып табылады.

189-бап. Коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалану

Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтерді құқық иеленушінің рұқсатынсыз пайдалану коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалану болып табылады.

190-бап. Тұтынушыға тауардың сипатына, өндірілу тәсілі мен орнына, тұтынушылық қасиеттеріне, сапасы мен санына және (немесе) оны өндірушілерге қатысты анық емес ақпарат ұсына отырып, тауар өткізу

Анық емес ақпарат ұсына отырып, тауар өткізу тұтынушыға тауардың сипатына, өндірілу тәсілі мен орнына, тұтынушылық қасиеттеріне, сапасы мен санына және (немесе) оны өндірушілерге қатысты кез келген нысанда анық емес ақпарат ұсыну болып табылады.

191-бап. Нарық субъектісінің өзі өндіретін және (немесе)өткізетін тауарларын нарықтың басқа субъектілері өндіретін және (немесе өткізетін) тауарлармен орынсыз салыстыруы

Өз тауарының бәсекелестің тауарынан мәлімдеген артықшылығын құжаттамалық растауы (өз тауарын бәсекелестік тауарына қосу) болмаған кезде артықшылық дәрежесін пайдалануды қоса алғанда, өз тауарларын нарықтың басқа субъектілерінің тауарларымен салыстырылатын (тауарларға қосылатын), кез келген нысанда және кез келген құралдардың көмегімен жүзеге асырылатын жария айту, мәлімдеу, бекіту нарық субъектісінің өзі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарларын нарықтың басқа субъектілері өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлармен орынсыз салыстыруы болып табылады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   70




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет