Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі


-1-бап. Инвесторлар үшін "бір терезе" қағидаты



бет62/70
Дата06.04.2023
өлшемі251,49 Kb.
#80114
түріКодекс
1   ...   58   59   60   61   62   63   64   65   ...   70
282-1-бап. Инвесторлар үшін "бір терезе" қағидаты

1. Инвесторлар үшін "бір терезе" қағидаты деп инвесторлардың құжаттарды жинау мен даярлауға қатысуын барынша азайтуды және олардың мемлекеттік органдармен тікелей байланысын шектеуді көздейтін, инвестициялар тарту саласындағы ұлттық компанияның және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктерінің, инвестициялар тарту саласындағы өңірлік ұйымдардың тарапынан мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ өзге ұйымдар көрсететін басқа да қызметтерді алуда инвесторларға жәрдемдесудің орталықтандырылған нысаны түсініледі.


2. Инвесторлар үшін "бір терезені" ұйымдастыру қағидаларын, сондай-ақ инвестициялар тарту кезінде өзара іс-қимыл жасау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді және олар "бір терезе" қағидаты бойынша көрсетілетін қызметтерді алу үшін экономиканың нақты салаларында инвестициялар мөлшерін, сондай-ақ:


1) Қазақстан Республикасында инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында инвестициялар тарту саласындағы ұлттық компанияның және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктерінің, инвестициялар тарту саласындағы өңірлік ұйымдардың "бір терезе" қағидаты бойынша инвесторды қолдап отыруды ұйымдастыру;


2) инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның орталық және өңірлік деңгейлерде инвестициялар тарту үшін инвестициялық жобаларды қолдап отыруды ұйымдастыру мәселесі бойынша инвестициялар тарту саласындағы ұлттық компаниямен және оның өңірлік өкілдерімен және өкілдіктерімен, инвестициялар тарту саласындағы өңірлік ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;


3) инвестициялар тарту саласындағы ұлттық компанияның және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктерінің, инвестициялар тарту саласындағы өңірлік ұйымдардың инвестициялар тарту мәселелері бойынша шетелдік мекемелермен, мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен, ұйымдармен, сондай-ақ өзге де мемлекеттік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;


4) инвесторлардың инвестициялық қызметін жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар көрсететін мемлекеттік және басқа да қызметтерді көрсету процесін мониторингтеу, сондай-ақ инвестициялар тарту үшін инвестициялық жобаларды қолдап отыруды мониторингтеу тәртібін айқындайды.


Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік және басқа да қызметтерді көрсетуге жауапты мемлекеттік органдармен бірлескен бұйрықпен инвесторларға осы қызметтерді көрсету шеңберінде өзара іс-қимыл жасау және мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда оларды қолдап отыру үшін жауапты тұлғаларды айқындайды.


3. Инвестициялар тарту саласындағы ұлттық компания және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктері, инвестициялар тарту саласындағы өңірлік ұйымдар инвесторлар үшін "бір терезе" шеңберінде орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ өзге де ұйымдар алдында инвестордың өтінішін қарау туралы өтінішхат беруге және мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарға мемлекеттік және басқа да көрсетілетін қызметтерді алу бөлігінде инвесторлардың құжаттарын енгізуге құқылы.


Ескерту. 25-тарау 282-1-баппен толықтырылды - ҚР 03.04.2019 № 243-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

283-бап. Инвестициялық преференциялар ұғымы және түрлері



1. Инвестициялық жобаны iске асыруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына және инвестициялық жобаны іске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы үшін қаржы лизингі шарты негізінде технологиялық жабдықты инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде импорттайтын лизингілік компанияларға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берiлетiн атаулы сипаттағы артықшылықтар инвестициялық преференциялар болып табылады.


Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы – Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен құрылған заңды тұлға, оның ішінде шетелдік қатысуымен құрылған заңды тұлға.


2. Инвестициялық жоба (оның iшiнде инвестициялық басым жоба) бойынша инвестициялық преференциялардың мынадай түрлерi берiледi:


1) кедендiк баждар және импортқа қосылған құн салығын салудан босату;


2) мемлекеттiк заттай гранттар.


3. Инвестициялық басым жоба бойынша салықтар бойынша преференциялар (бұдан әрі – инвестициялық басым жоба үшін инвестициялық преференциялар) беріледі.


4. Алып тасталды - ҚР 25.12.2017 № 122-VI Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).


5. Арнайы инвестициялық жоба бойынша инвестициялық преференциялар (бұдан әрі – арнайы инвестициялық жоба үшін инвестициялық преференциялар) түрінде:

кедендік әкелу баждарын;


Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтарды салудан босату беріледі.


Ескерту. 283-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 399-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

284-бап. Инвестициялық жоба



Инвестициялық жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын, оның ішінде концессиялық жобаны іске асыру барысында құрылған, кеңейтілген және (немесе) жаңартылған өндірістерді қоса алғанда, жаңа өндiрiстер құруға, жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейтуге және (немесе) жаңартуға инвестициялар көздейтiн iс-шаралар кешенiн білдіреді.


Инвестициялық басым жоба деп:


жаңа өндірістерді құру бойынша, заңды тұлғаның жаңа өндірістік объектілердің құрылысына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және инвестициялық преференцияларды беруге арналған өтінім берілген күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің екі миллион еселенген мөлшерінен кем емес мөлшердегі инвестицияларды жүзеге асыруын көздейтін;


жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту бойынша, заңды тұлғаның негізгі құралдарды өзгертуге, оның ішінде өнім шығаратын істеп тұрған өндірістік қуаттарды жаңартуға (реновациялау, реконструкциялау, жаңғырту) республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және инвестициялық преференцияларды беруге арналған өтінім берілген күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің бес миллион еселенген мөлшерінен кем емес мөлшердегі инвестицияларды жүзеге асыруын көздейтін инвестициялық жоба түсініледі.


Заңды тұлға жаңа өндірістерді құру және (немесе) жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту бойынша инвестициялық басым жобаны тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетін белгiлi бiр басым қызмет түрлерi бойынша жүзеге асырады.


Арнайы инвестициялық жоба деп арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы немесе Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес еркін қойма иесі ретінде тіркелген Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы іске асырған (іске асыратын) және (немесе) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысынан сатып алынған не моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы іске асырған инвестициялық жоба түсініледі.


Ескерту. 284-бап жаңа редакцияда - ҚР 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 03.04.2019 № 243-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.04.2021 № 34-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

285-бап. Инвестициялық преференцияларды алу тәртiбi



1. Инвестициялық преференцияларды алу үшiн Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органға инвестициялық преференциялар беруге өтiнiм және өтiнiм берушiнiң осы Кодексте белгiленген талаптарға сәйкес келетiнiн растайтын құжаттарды инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша жiбередi.


2. Инвестициялық преференциялар инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган мен инвестициялық жобаны iске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы арасында жасалған инвестициялық келiсiмшарт негiзiнде берiледi.


Инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органның инвестициялық басым жобаны iске асыратын инвесторларға "бiр терезе" қағидаты бойынша инвестициялық преференциялар беру қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.


3. Алып тасталды - ҚР 25.12.2017 № 122-VI Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).

Ескерту. 285-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 25.12.2017 № 122-VI Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).

286-бап. Инвестициялық преференциялар беру шарттары



1. Инвестициялық преференциялар:


1) инвестициялық жоба, инвестициялық басым жоба бойынша – Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына;


2) арнайы инвестициялық жоба бойынша - арнайы экономикалық аймаққа қатысушы немесе еркін қойма иесі ретінде қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына, өнеркәсіптік құрастыру туралы тиісті келісім болған кезде - көлік құралдарын және (немесе) олардың компоненттерін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын және (немесе) оның компоненттерін өндірушілерге;


3) инвестициялық жоба бойынша – инвестициялар туралы келісім жасасқан заңды тұлғаға беріледі.


2. Алып тасталды - ҚР 29.06.2020 № 352-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

3. Алып тасталды - ҚР 25.12.2017 № 122-VI Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).


4. Заңды тұлға Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен басым қызмет түрлерiнiң тiзбесiне енгізілген қызмет түрлерi бойынша осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес инвестициялық жобаны iске асырған кезде инвестициялық преференциялар берiледi.

Басым қызмет түрлерiн айқындау техникалық реттеу саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен экономикалық қызмет түрлерiнiң жалпы сыныптауышына сәйкес жүзеге асырылады.


Инвестициялық басым жобаларды iске асыру үшiн айқындалған басым қызмет түрлерiнiң тiзбесiне мына қызмет түрлерi енгiзiлуге жатпайды:


1) ойын бизнесi саласындағы қызмет;


2) көмір қабаттарындағы метанды өндіруді қоспағанда, жер қойнауын пайдалану саласындағы қызмет;


3) "Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексiнiң (Салық кодексi) 462-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 5) және 6) тармақшаларында көзделген мұнай-химия өнімдерін өндіруді, акцизделетiн тауарларды өндіруді, құрастыруды (жинақтауды) қоспағанда, акцизделетiн тауарлар өндіру жөнiндегi қызмет.


Инвестициялық басым жобаларды iске асыру үшiн айқындалған басым қызмет түрлерiнiң тiзбесiн қоса алғанда, басым қызмет түрлерiнiң тiзбесi жылына екі реттен артық қайта қаралмайды.


5. Инвестициялық басым жоба үшiн инвестициялық преференциялар мынадай шарттар сақталған кезде беріледі:


1) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы алушы болып табылады;


2) заңды тұлға республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және инвестициялық преференцияларды беруге арналған өтінім берілген күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің екі миллион еселенген (жаңа өндірістерді құру бойынша) немесе бес миллион еселенген (жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту бойынша) мөлшерінен кем емес мөлшердегі инвестицияларды жүзеге асырады.


Тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларында инвестициялық қызметтің жаңа объектілерін құру кезінде заңды тұлға инвестицияларының мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және инвестициялық преференциялар беруге арналған өтінім берілген күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің кемінде бір миллион еселенген мөлшерін құрайды;


Басым туристік аумақтарда туристің қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын объектілерді құру кезінде заңды тұлға инвестицияларының мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және инвестициялық преференциялар беруге өтінім берілген күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің кемінде екі жүз мың еселенген мөлшерін құрайды;


3) алып тасталды – ҚР 29.06.2020 № 352-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);




4) заңды тұлға:


Қазақстан Республикасының салық заңнамасына және Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасына сәйкес дербес білім беру ұйымы;


Қазақстан Республикасының салық заңнамасына және Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйым болып табылмайды;


5) құйма өнімді өндіруді қоса алғанда, машина жасау саласындағы Қазақстан Республикасының заңды тұлғасын қоспағанда, мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің - Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретіндегі үлесі жиырма алты пайыздан аспайды;


құйма өнімді өндіруді қоса алғанда, мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің - машина жасау саласындағы Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретіндегі үлесі елу пайыздан аспайды.


Мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің - Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретінде қатысуы инвестициялық келісімшарт тіркелген күннен бастап бес жылдан аспайтын мерзімді құрайды, бұған құйма өнімді өндіруді қоса алғанда, мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің - Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретінде қатысуы инвестициялық келісімшарт тіркелген күннен бастап жиырма жылдан аспайтын мерзімді құрайтын машина жасау саласындағы инвестициялық басым жобалар кірмейді. Мемлекет және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісі бес жыл ішінде Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшылары және (немесе) қатысушылары (акционерлері) құрамынан шығуға міндетті. Бұл шарт орындалмаған жағдайда инвестициялық преференцияларды қолдану ол (олар) Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшылары және (немесе) қатысушылары (акционерлері) құрамынан толық шыққанға дейін, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады.


Тоқтатыла тұрған кезең ішінде Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшылары және (немесе) қатысушылары (акционерлері) құрамынан шығу туралы шартты орындамау инвестициялық келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатуға және бұрын берілген инвестициялық преференцияларды қайтаруға әкеп соғады.


Осы тармақшаның ережелері мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретіндегі үлесі елу пайыздан кем болатын квазимемлекеттік сектор субъектісі өз қызметін көмір қабаттарындағы метанды өндіру жөніндегі инвестициялық басым жобаны іске асыру шеңберінде жүзеге асыратын жағдайда қолданылмайды;


6) алып тасталды – ҚР 29.06.2020 № 352-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);




7) инвестициялық қызмет мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, оның ішінде концессия шарты шеңберiнен тыс жүзеге асырылады.


5-1. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес арнайы инвестициялық жобаға инвестициялық преференцияларды қолданудың мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы мынадай шарттардың біріне сәйкес келуге тиіс:


1) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ретінде тіркеледі;


2) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес еркін қойманы иеленуші ретінде тіркеледі;


3) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасасады;


4) алып тасталды – ҚР 29.06.2020 № 352-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);


6. Инвестициялық преференцияларды қолдану мерзiмi осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде белгiленедi және инвестициялық келiсiмшартта инвестициялық преференциялардың әрбiр түрi бойынша көрсетiледi.

7. Инвестициялық преференциялар инвесторға осы Кодекстің 292-бабында көзделген, инвестордың қойылатын талаптарға сәйкес келетiнiн растайтын құжаттар ұсынылған кезде берiледi.


8. Инвестициялық преференцияларды қолдану осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады.


Ескерту. 286-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 28.04.2016 № 506-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2016 № 34-VI Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.04.2019 № 243-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 352-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 399-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.04.2021 № 34-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

287-бап. Кедендік баждар салудан босату



1. Инвестициялық келiсiмшарт шеңберiнде инвестициялық жобаны iске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес технологиялық жабдықтың, оның жинақтауыштары мен қосалқы бөлшектерiнiң, шикiзаттың және (немесе) материалдардың импорты кезiнде кедендiк баждар салудан босатылады.


Лизингтік компания инвестициялық жобаны іске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы үшін қаржы лизингі шарты негізінде инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде жеткізілетін технологиялық жабдықтың импорты кезінде кедендік баждар салудан босатылады.


Технологиялық жабдық деп инвестициялық жобаның технологиялық процесiнде пайдалануға арналған тауарлар түсініледі.


Жинақтауыштар деп жиынтығында технологиялық жабдықтың конструкциялық тұтастығын құрайтын құрамдас бөлiктер түсініледі.


Шикізат және (немесе) материал деп кез келген пайдалы қазба, компонент, бөлшек немесе технологиялық процесс арқылы дайын өнім алу үшін пайдаланылатын өзге де тауар түсініледі.


1-1. Арнайы инвестициялық келісімшарт шеңберінде арнайы инвестициялық жобаны іске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес технологиялық жабдықтың, оның жиынтықтаушы және оған қосалқы бөлшектердің импорты кезінде кедендік баждар салудан босатылады.


Арнайы инвестициялық келісімшарт негізінде арнайы инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары әкелген пайдаланылған шикізатты және (немесе) материалдарды кедендік баждар салудан босату еркін кеден аймағының немесе еркін қойманың кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталған кезде, осындай шикізат пен материалдар алынған өнімде сәйкестендірілген және шартты түрде шығарылған тауарларды нысаналы пайдаланылуы танылған жағдайда жүзеге асырылады.


2. Технологиялық жабдықтың және оның жинақтауыштарының импорты кезiнде кедендік баждар салудан босату инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмiне, бiрақ инвестициялық келiсiмшарт тiркелген кезден бастап бес жылдан аспайтын мерзiмге берiледi.


3. Технологиялық жабдықтың қосалқы бөлшектерiнiң импорты кезiнде бес жылға дейiнгi мерзiмге кедендiк баж салудан босату тiркелген активтерге салынатын инвестициялардың көлемiне қарай және инвестициялық жоба Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен басым қызмет түрлерiнiң тiзбесiне сәйкес келген жағдайда Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына берiледi.


Шикiзаттың және (немесе) материалдардың импорты кезiнде кедендік баждар салудан босату жұмыс бағдарламасы бойынша тіркелген активтер пайдалану берілген күннен бастап бес жыл мерзімге ұсынылады.


Кедендік баждар салудан босату инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмiне, бiрақ жұмыс бағдарламасы бойынша тiркелген активтер пайдалануға енгiзілген күннен бастап бес жылдан аспайтын мерзiмге берiледi.


Жұмыс бағдарламасы өндiрiс пайдалануға берiлгенге дейiн инвестициялық жобаны iске асыру жөнiндегi жұмыстардың күнтiзбелiк кестесiн айқындайтын, инвестициялық келiсiмшартқа қосымшаны білдіреді.


Егер жұмыс бағдарламасында екi және одан көп тiркелген активтердi пайдалануға енгiзу көзделетiн жағдайда, технологиялық жабдықтың қосалқы бөлшектерiн, шикiзатты және (немесе) материалдарды әкелуге кеден бажын төлеуден босату мерзiмiн есептеу жұмыс бағдарламасы бойынша бiрiншi тiркелген актив пайдалануға енгiзiлген күннен бастап жүргiзiледi.


Осы тармақтың күші арнайы инвестициялық жоба үшін инвестициялық преференциялар беру шарттарына қолданылмайды.


3-1. Арнайы инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде кедендік әкелу баждарын салудан босату:


1) арнайы экономикалық аймақтарға қатысушыларға он бес жыл, бірақ арнайы экономикалық аймақтардың әрекет ету мерзімінен аспайтын мерзімге;


2) еркін қоймалар иелеріне, арнайы инвестициялық келісімшарт тіркелген кезден бастап он бес жылдан аспайтын мерзімге;


3) моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына арнайы инвестициялық келісімшарт тіркелген кезден бастап он бес жылдан аспайтын мерзімге беріледі.


4. Осы баптың 2-тармағына сәйкес қабылданған шешiм туралы хабарламаны инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган бес жұмыс күнi iшiнде кеден органына жiбередi.


Ескерту. 287-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 30.12.2020 № 397-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

288-бап. Мемлекеттiк заттай гранттар



1. Мемлекеттiк заттай гранттар Қазақстан Республикасының меншiгi болып табылатын, Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына инвестициялық жобаны iске асыру үшiн уақытша өтеусiз пайдалануға берiле отырып, не уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен ұсыныла отырып, кейiннен меншiкке не жер пайдалануға өтеусiз берiлетін мүлiкті білдіреді.


2. Мемлекеттiк заттай гранттарды осы Кодексте белгiленген тәртiппен инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi уәкiлеттi органмен және (немесе) жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органмен, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдармен келiсу бойынша, инвестициялық келiсiмшартқа сәйкес инвестициялық мiндеттемелер орындалған жағдайда уақытша өтеусiз пайдалануға не уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен ұсына отырып, кейiннен меншiкке не жер пайдалануға өтеусiз бередi.


Инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның шешімі ұсынылған мемлекеттік заттай грантты меншікке немесе жер пайдалануға өтеусіз беру үшін негіз болып табылады, ол инвестор мен инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган арасында жасалған инвестициялық келісімшартқа сәйкес инвестордың инвестициялық міндеттемелерді орындауын көздейтін аудиторлық есеп алынған күннен бастап үш айдан кешіктірмей қабылданады.


3. Мемлекеттiк заттай гранттар ретiнде: жер учаскелерi, ғимараттар, құрылыстар, машиналар мен жабдықтар, есептеу техникасы, өлшейтiн және реттейтiн аспаптар мен құрылғылар, көлiк құралдары (жеңiл автокөлiктi қоспағанда), өндiрiстiк және шаруашылық құрал-саймандар берiлуi мүмкiн.


4. Мемлекеттiк заттай гранттарды бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен олардың нарықтық құны бойынша жүзеге асырылады.


5. Мемлекеттiк заттай гранттың ең жоғары мөлшерi Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының тiркелген активтерiне салынатын инвестициялар көлемiнiң отыз пайызынан аспайды.


Егер сұрау салынған мемлекеттiк заттай гранттың бағаланған құны көрсетілген ең жоғары мөлшерден асып түскен жағдайда, Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының сұрау салынған мүлiктi оның бағаланған құны мен мемлекеттiк заттай гранттың ең жоғары мөлшерi арасындағы айырманы төлеп алуға құқығы бар.


Ескерту. 288-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2021 № 87-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

289-бап. Қазақстан Республикасының заңнамасы өзгерген кездегі тұрақтылық кепілдігі



1. Осы Кодекстің 286-бабының 5-тармағына сәйкес келетін инвестициялық басым жобаларды іске асыратын немесе 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған инвестициялық келісімшарттар бойынша инвестициялық стратегиялық жобаларды іске асыратын немесе инвестициялар туралы келісім шеңберінде инвестициялық жобаны іске асыратын заңды тұлғаларға:


1) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес Қазақстан Республикасының салық заңнамасы;


2) шетелдік жұмыс күшін тарту саласында Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасы өзгерген кезде тұрақтылыққа кепілдік беріледі.


Осы тармақтың бірінші бөлігіндегі ерекшелік жағдайды осы Кодекстің 295-2-бабының 5-тармағында көзделген жағдайлар құрайды.


2. Инвестициялық келісімшарттың қолданылуы осы Кодексте белгіленген тәртіппен мерзімнен бұрын тоқтатылған жағдайда, Қазақстан Республикасы заңнамасының тұрақтылығына кепілдіктің қолданылуы күшін жояды.


3. Осы Кодекстің 295-3-бабына сәйкес инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасқан заңды тұлғаларға "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес он жыл мерзімге Қазақстан Республикасы салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беріледі.


Ескерту. 289-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 352-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 399-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2021 № 87-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

290-бап. Салықтар бойынша преференциялар



1. Салықтар бойынша преференциялар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда беріледі.


2. Салықтар бойынша преференциялардың түрлері:


1) инвестициялық басым жобалар үшін:


есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын 100 пайызға азайту;


жер салығының мөлшерлемелеріне 0 коэффициентін қолдану;


мүлік салығын салықтық базаға 0 пайыз мөлшерлемесі бойынша есептеу;


2) инвестициялық басым жобаларды қоспағанда, инвестициялық жобалар үшін – инвестициялық келісімшарт шеңберінде шикізаттың және (немесе) материалдардың импортын қосылған құн салығынан босату;


3) арнайы инвестициялық жобалар үшін – арнайы инвестициялық келісімшарт шеңберінде шикізаттың және (немесе) материалдардың импортын Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес қосылған құн салығынан босату.


3. Инвестициялық келісімшартта салықтар бойынша преференциялардың әрбір түрінің қолданылу мерзімі белгіленеді, бірақ "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес айқындалған оларды қолданудың шекті мерзімінен аспайды.


4. Инвестициялық келісімшарттың қолданылуы осы Кодексте белгіленген тәртіппен мерзімнен бұрын тоқтатылған жағдайда, салықтар бойынша преференциялардың қолданылуы күшін жояды.


Ескерту. 290-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 25.12.2017 № 122-VI Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).

291-бап. Инвестициялық субсидия



Ескерту. 291-бап алып тасталды – ҚР 02.01.2021 № 399-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

292-бап. Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiмге қойылатын талаптар

1. Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiм:


1) заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;


2) заңды тұлға басшысының қолтаңбасымен және мөрімен куәландырылған заңды тұлға жарғысының көшірмесі болған кезде инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган белгілеген нысан бойынша қабылданады және тiркеледi.


Егер заңды тұлға жеке кәсіпкерлік субъектісі болып табылған жағдайда, құжаттарды мөрмен бекемдеу талап етілмейді;


3) инвестициялық жобаның инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган белгiлейтiн талаптарға сәйкес жасалған бизнес-жоспары;


4) алып тасталды - ҚР 25.12.2017 № 122-VI Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).


5) өтiнiм берген Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы сұрау салған мемлекеттiк заттай гранттың мөлшерiн (құнын) және оны беру алдын ала келiсiлгенiн растайтын құжаттар;

6) 01.01.2017 дейін қолданыста болды - ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексімен.


7) тартылатын шетелдік жұмыскер паспортының немесе жеке басын куәландыратын құжатының (қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасымен қоса), жұмыс беруші мен тартылатын шетелдік жұмыскер арасында жасалған еңбек шартының (қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасымен қоса), оның біліктілігін және (немесе) білімін растайтын құжаттардың (қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасымен қоса) көшірмелері болған кезде инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган белгілеген нысан бойынша қабылданады және тiркеледi.

Инвестициялық басым жоба басым туристік аумақтарда іске асырылған жағдайда, туристік қызмет саласындағы мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы органның басым туристік аумақтарда инвестициялық басым жобаның іске асырылуын растайтын хаты да қоса беріледі.


1-1. Арнайы инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде инвестициялық преференциялар беруге арналған өтінім арнайы инвестициялық келісімшарт жасасу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша және тәртіппен қабылданады және тіркеледі.


2. Егер инвестициялық преференциялар беруге арналған өтінімде салықтар бойынша преференциялар беру көзделген жағдайда, инвестор Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен құрылыс жобаларына басшының қолтаңбасымен куәландырылған ведомстводан тыс кешенді сараптаманың қорытындысын ұсынады.


Ескерту. 292-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.04.2019 № 241-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.04.2019 № 243-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 295-VІ (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізілді); 29.06.2020 № 352-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 399-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.04.2021 № 34-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

293-бап. Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiмдi қарау мерзiмдерi



1. Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiм инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органға қарау үшін берiледi, ол осы Кодекстің 285 және 286-баптарында белгіленген талаптарға сәйкес өтiнiм тiркелген күннен бастап жиырма жұмыс күнi iшiнде шешiм қабылдайды.


Инвестициялық субсидия түріндегі инвестициялық преференция беруге арналған өтінімді қарау тәртібі инвестициялық субсидия беру қағидаларында айқындалады.


2. Инвестициялық преференцияларды беруге арналған өтiнiмдi қабылдау, тiркеу және қарау тәртiбiн инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган айқындайды.


3. Осы баптың ережелері арнайы инвестициялық жоба үшін инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiмдерге қолданылмайды.


Ескерту. 293-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

294-бап. Инвестициялық келiсiмшарт жасасу



1. Инвестицияларды жүзеге асыруды және инвестициялық преференциялар беруді көздейтiн инвестициялық жобаны іске асыруға арналған шарт инвестициялық келiсiмшарт болып табылады.


2. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган инвестициялық преференциялар беру туралы шешiм қабылданған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде үлгілiк келiсiмшарттың ережелерiн ескере отырып, инвестициялық келiсiмшартты қол қоюға дайындайды.


Үлгілiк келiсiмшарт деп Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн және инвестициялық келiсiмшарттар жасасқан кезде пайдаланылатын үлгiлік келiсiмшарт түсініледі.


3. Инвестициялық келiсiмшартты инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган қол қойған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде тiркейдi және тiркелген күнінен бастап күшiне енедi.


Инвестициялық келісімшартты инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган тіркеген күн оның жасалған күні болып табылады.


4. Инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi инвестициялық преференциялардың қолданылу мерзiмiмен айқындалады. Жұмыс бағдарламасы бойынша жұмыстарды аяқтау мерзiмi инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейін кемiнде тоғыз ай бұрын аяқталуға тиiс.


Қаржы лизингі шартын жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялық жобаны іске асырған жағдайда, инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi қаржы лизингі шартының қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейін тоғыз ай өткен соң аяқталуға тиіс.


Ескерту. 294-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 34-VI Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).

295-бап. Инвестициялық келiсiмшартты бұзу жағдайлары



1. Инвестициялық преференциялардың қолданылуы инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi өткен соң тоқтатылады не осы бапта белгiленген тәртiппен осындай мерзiм өткенге дейiн тоқтатылуы мүмкiн.


2. Инвестициялық келiсiмшарттың қолданылуы:


1) тараптардың келiсуi бойынша;


2) бiржақты тәртiппен мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.


3. Инвестор инвестициялық келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаған кезде және келісімшартқа өзгерістер енгізу үшін инвестор инвестициялық жобаның одан әрі іске асырылу мүмкіндіктерін негіздейтін құжаттарды ұсынбаған жағдайда инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган хабарлама жіберілген күннен бастап үш ай өткен соң біржақты тәртіппен инвестициялық келісімшарттың қолданылуын мерзімінен бұрын тоқтатады.


Инвестициялық келісімшарт бұзылған жағдайда, көрсетілген заңды тұлға инвестициялық келісімшарт бойынша берілген инвестициялық преференциялардың салдарынан бюджетке төленбеген салықтар мен кедендік баждардың сомаларын төлейді.


4. Инвестициялық келiсiмшарт жасасқан Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының бастамасы бойынша инвестициялық келiсiмшарт бiржақты тәртiппен мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде аталған заңды тұлға инвестициялық келiсiмшарт бойынша берiлген инвестициялық преференциялар нәтижесінде төленбеген салықтар мен кедендік баждар сомаларын төлейдi.


5. Инвестициялық келiсiмшарт тараптардың келiсуi бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде инвестициялық келiсiмшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялық келiсiмшарт бойынша берiлген инвестициялық преференциялар нәтижесінде төленбеген салықтар мен кедендік баждар сомаларын төлейдi.


6. Инвестициялық келiсiмшарт мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде инвестициялық келiсiмшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы өзiне мемлекеттiк заттай грант ретiнде берiлген мүлiктi заттай не инвестициялық келiсiмшарттың талаптарына сәйкес оның берiлген күнгi бастапқы құнын қайтарады.


6-1. Инвестициялық келісімшарт бұзылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялық келісімшарт бойынша төленген инвестициялық субсидияның сомасын толық көлемде өтейді.


7. Мемлекеттiк заттай грантты қайтаруды инвестициялық келiсiмшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органның инвестициялық келiсiмшартты мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы шешiмі қабылданғаннан кейiн күнтiзбелiк отыз күн iшiнде жүзеге асырады.


Ескерту. 295-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 25.12.2017 № 122-VI Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).

295-1-бап. Арнайы инвестициялық келiсiмшартты жасасу және бұзу



1. Арнайы инвестициялық жоба үшін инвестициялық преференциялар беруді көздейтін шарт арнайы инвестициялық келісімшарт болып табылады.


2. Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, арнайы инвестициялық келісімшарттарды жасасу жөніндегі уәкілетті орган арнайы инвестициялық жоба үшін инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiм келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, арнайы инвестициялық келісімшарттарды жасасу жөніндегі уәкілетті орган бекітетін үлгілік арнайы инвестициялық келісімшарттың ережелерін ескере отырып, арнайы инвестициялық келісімшартты қол қою үшін дайындайды.


3. Арнайы инвестициялық келісімшартты жасасу және бұзу тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, арнайы инвестициялық келісімшарттарды жасасу жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.


4. Арнайы инвестициялық келісімшарттың қолданылу мерзімі инвестициялық преференциялардың қолданылу мерзімімен айқындалады.


5. Тараптардың келісімі бойынша арнайы инвестициялық келісімшарт мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде арнайы инвестициялық келісімшартты жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы арнайы инвестициялық келісімшарт бойынша берілген инвестициялық преференциялар салдарынан төленбеген кедендік баждардың сомаларын төлемейді.


Ескерту. 25-тарау 295-1-баппен толықтырылды - ҚР 28.12.2016 № 34-VI Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 03.04.2019 № 243-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

295-2-бап. Инвестициялар туралы келісім



1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген тұлға мен заңды тұлға, оның ішінде "Астана" халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясында тіркелген заңды тұлға арасында жасалатын, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің кемінде жеті жарым миллион еселенген мөлшерінде инвестицияларды жүзеге асыруды көздейтін инвестициялық жобаны іске асыруға арналған шарт инвестициялар туралы келісім болып табылады.


2. Инвестициялар туралы келісімдер Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін қызмет түрлерінің тізбесіне сәйкес келетін инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жасалады.


3. Инвестициялар туралы келісімде инвестициялық преференциялардың түрлері, оларды берудің шарттары мен тәртібі айқындалады.


4. Инвестициялар туралы келісімнің мерзімі, оны өзгертудің және бұзудың тәртібі мен шарттары инвестициялар туралы келісімде айқындалады.


5. Инвестициялар туралы келісімге тараптардың келісуі бойынша өзгерістер енгізілген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасы өзгерген жағдайда инвестициялар туралы келісімнің ережелері жасалған күнінен бастап жиырма бес жыл бойы өз қолданысын сақтайды.


6. Инвестициялар туралы келісім жасасқан заңды тұлғаның "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 80-1-тарауына сәйкес қосылған құн салығы мен акциздер есепке алынбай, құрылыс-монтаждау жұмыстары құнының жиырма пайызына дейін өтем алуға және жабдық сатып алуға құқығы бар.


Ескерту. 295-2-баппен толықтырылды – ҚР 02.01.2021 № 399-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   58   59   60   61   62   63   64   65   ...   70




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет