МАТЕМАТИКА ЖӘНЕ ИНФОРМАТИКА» БІЛІМ САЛАСЫ «Математика және информатика» білім саласы бойынша жаратылыстану-математика бағыты және қоғамдық-гуманитарлық бағытта келесі пәндер оқытылады: «Алгебра және анализ бастамалары», «Геометрия», «Информатика». «Алгебра және анализ бастамалары», «Геометрия» (ЖМБ, ҚГБ) оқу пәндері Үлгілік оқу жоспарларының түріне байланысты білім беру ұйымдарында жалпы орта білім беру деңгейіндегі «Математика және информатика» білім саласы пәндерін оқытуға бөлінген оқу жүктемесінің көлемі әртүрлі болуы мүмкін.
«Информатика» оқу пәні 2021-2022 оқу жылында 10-11 сыныптарда «Информатика» оқу пәні ҚР БҒМ 2019 жылғы 7 наурыздағы № 105 бұйрығымен бекітілген жаңартылған мазмұн бойынша үлгілік оқу бағдарламасымен қоғамдық-гуманитарлық бағытта 15-қосымшаға және жаратылыстану-математикалық бағытта 14-қосымшаға сәйкес оқытылады.
10-11-сыныптарда «Информатика» оқу пәнін оқытуға бөлінген апталық жүктеме:
- қоғамдық-гуманитарлық бағытта 1 сағаттан;
- жаратылыстану-математикалық бағытта 2 сағаттан.
Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 10-11-сыныптарда «Информатика» пәнін оқытудың мақсаты білім алушыларды компьютерлік жүйелерді, ақпараттық объектілерді, ақпараттық процестер мен жүйелерді құру және өңдеу, қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды практикада тиімді пайдалану, жаңа қосымшалар әзірлеу үшін қажет базалық біліммен, дағдылармен қамтамасыз ету болып табылады.
Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пән мазмұны веб-жобалау, сайт құру, мобильді қосымшалар әзірлеуге қажет білім мен дағдыларды меңгеруге бағытталған. Қосымшалар дайындауда конструкторлық программалық жабдықтар қолданылады.
Жаратылыстану-математикалық бағыттағы 10-11-сыныптарда «Информатика» оқу пәнін оқытудың мақсаты білім алушыларды аппараттық және бағдарламалық қамтамасыз ету саласында терең біліммен, іскерлікпен және дағдылармен қамтамасыз ету, қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды практикада тиімді пайдалану үшін деректерді, ақпараттық процестер мен жүйелерді ұсыну, ақпараттық объектілерді, компьютерлік желілер мен ақпараттық қауіпсіздікті құру және өңдеу болып табылады.
Жаратылыстану-математикалық бағыт мазмұны компьютерлік техника мен ақпараттық технологияларды программалар дайындау үшін қолдануға қажет білім мен дағдыларды меңгеруге арналған. Веб-жобалау, сайт құру, мобильді қосымшалар әзірлеу программалау ортасында жүргізіледі.
10-11-сынып білім алушыларының оқу-ақпараттық құзыреттілігін дамытуда жеке немесе топтық зерттеу-жобалық жұмыстар жүргізіледі. Жобамен жұмыс істейтін білім алушылар жұмысты жоспарлау, мақсат қою, қажетті ақпаратты іздеу, гипотезаны ұсыну, дәлелдеу, эксперимент жүргізу, атқарылған жұмыс бойынша нәтижелерді ұсыну, талдау және бағалау жұмыстарын орындайды, сондай-ақ өз жобасын қорғайды.
«Информатика» пәні бойынша білім алушылардың біліміндегі олқылықтарды толықтыру жөнінде ұсынымдар:
2021-2022 оқу жылында «Информатика» пәні бойынша шектеу шаралары кезіндегі оқу жылдарында жіберілген білім алушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толықтыру және жаңа оқу жылының оқу бағдарламасын меңгерту бағытында мақсатты шараларды жыл бойы келесі кезеңдер бойынша жүргізу ұсынылады:
Диагностикалық жұмыс:
- пәннің оқу бағдарламасының мазмұны бойынша диагностикалық бақылау жұмысын жүргізу (өткен оқу жылындағы күрделі тақырыптар, оқу мақсаттары);
- білім алушыларға қиындықтар тудырған, білімінде олқылықтары бар тақырыптарды және оқу мақсаттарын анықтау;
Жоспарлау жұмысы:
- бөлімдер/бөлімшелер/тақырыптар бойынша білімдегі олқылықтарды ескере отырып, күнтізбелік-тақырыптық жоспарларды қайта қарау (оқу тоқсаны ішінде сағаттарды қайта бөлу);
- өткен оқу жылында игерілмеген күрделі тақырыптарды, оқу мақсаттарын анықтау, қайталау, жаңа оқу жылында оқыту;
- меңгерілмеген оқу мақсаттары мен тақырыптарын ескере отырып, қысқа мерзімді жоспарлар құру;
- білімдегі олқылықтардың орнын толықтыру бойынша білім алушының жеке жұмыс жоспарларын әзірлеу.
Жүзеге асыру және талдау:
- өтілген оқу материалдары бойынша оқу мақсаттары кіріктірілген қысқа мерзімді жоспардың негізінде сабақты ұйымдастыру;
- меңгерілмеген және қиындық тудыратын оқу мақсаттары, пән тақырыптары бойынша білім алушылар үшін қосымша оқу материалдарын дайындау;
- меңгерілмеген және қиындық тудыратын оқу мақсаттары мен тақырыптары бойынша білімдегі олқылықтардың орнын толықтыру үшін жеке кеңестер, қосымша сабақтар өткізу;
- оқушылардың білім сапасына жүйелі мониторинг жүргізу және мектеп әдістемелік бірлестігінде нәтижелерді талқылау;
- мониторинг қорытындысы бойынша ұсыныстар дайындау.
Шектеу шаралары кезінде білім алушылардың біліміндегі олқылықтарды анықтауды ауызша сұрақ қою, қарапайым практикалық тапсырмалар, өзара бақылау, жазбаша жұмыстар, тестілеу арқылы жүргізу ұсынылады.
Мысалы, «Информатика» пәні бойынша өткен оқу жылындағы меңгерілмеген оқу мақсаттарын оқу тапсырмаларында біріктіру ұсынылады:
10-сыныпта:
10.3.1.1 "реляциондық деректер қоры" ұғымын түсіндіру;
10.3.1.2 жол, жазба, индекс терминдерінің анықтамасын құрастыру оқу мақсаттары мен 9.2.2.1 "дерекқор, жазба, өріс" терминдерін түсіндіру;
9.2.2.2 электрондық кестеде деректер базасын жасау оқу мақсаттарын;
11-сыныпта:
11.3.4.3 дайын алгоритмдермен математикалық модельдеудің электрондық кестелеріндегі/ бағдарламаларындағы нейрондық желілерді жобалау оқу мақсатын жүзеге асыруда электрондық кестелерді қолдану арқылы есептерді шешу үшін кірістірілген функцияларды пайдалануды қайталау.
Сонымен бірге, 10-сыныптағы алгоритмдер мен программалар тақырыптарында негізгі алгоритмдік құрылымдардың орындалу реті мен программалау тілінде жазылу ережелерін үнемі қайталап еске түсіріп отыру керек.
Интернет – қолжетімді ақпарат көздерінің бірі болғандықтан 10-11-сынып білім алушыларының интернет-кеңістікте жұмыс істеу ережелерін, киберқауіпсіздік ережелерін, этикалық нормаларын сақтауы талап етіледі. Білім алушылардың болашақ мамандықтарын дұрыс таңдауы, оған қажет білім базаларын (оның ішінде «Информатика» пәні бойынша) анықтауы, мамандықтың қолдану салалары мен болашағымен танысуы үшін әр түрлі дерек көздерін тиімді пайдалануға бағыттау қажет. Сонымен бірге танымдық қызығушылықты, шығармашылық қабілеттілікті, бағдарлама компоненттерін өз бетінше үйрену, қолдану қабілеттерін дамыту мақсатында қашықтан оқу курстарын пайдалануға назар аудару ұсынылады.