Байланысты: Bilim beru Akademiyasy - adistemelik nuskaulyk
Арнайы мектеп оқушыларын бағалау жүйесі Оқушыларды оқыту нәтижелерін бағалауда оқу жетістіктерін бағалаудың критериалды жүйесі қолданылады. Формативті бағалау барысында мұғалім білім алушылардың оқу материалын меңгерудегі қиындықтарын анықтайды және оларды жеңу жолдарын белгілейді. Оқу пәндері бойынша оқу жетістіктерін бағалау кезінде арнайы оқу бағдарламаларында немесе оқушының жеке оқу бағдарламаларында ұсынылған оқу мақсаттарына бағдарлануы қажет.
Мұғалім дифференциалды және/немесе жеке бақылау тапсырмаларын қолдана алады, сондай-ақ білім алушының ерекшеліктерін ескере отырып, бағалау критерийлеріне өзгерістер енгізе алады. Ерекше білім беруді қажет ететін білім алушылар мен жеке оқу бағдарламалары бойынша білім алушыларды қорытынды аттестаттауды өткізу қажеттілігі туралы мәселені білім алушылардың жеке ерекшеліктеріне сәйкес педагогикалық кеңес шешеді.
Арнайы білім беру ұйымдары мен жалпы білім беретін мектептердегі арнайы сыныптарда білім алушылардың ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қорытынды аттестаттаудың емтихан материалдарын аудандық, қалалық білім бөлімдері немесе білім басқармасы әзірлейді. Түзету компонентінің пәндері бойынша балдық бағалар қойылмайды.
Жеңіл және орташа ақыл-ой кемістігі бар білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау үшін оқушыларға сараланған және жеке бақылау тәсілі қолданылады. Сараланған тәсіл негізінде ақыл-ой кемістігі бар оқушылардың педагогикалық жіктелуі жатыр (В.В.Воронкова бойынша).
Жетістіктерді бағалау кезінде түрлі типологиялық топтарда оқушылардың мүмкіндіктерін ескере отырып, деңгейлік мақсат қою негізінде критериалды бағалау жүйесі қолданылады.
Жеңіл ақыл-ой кемістігі бар білім алушылардың жетістіктері бес балдық шкала бойынша бағаланады.
Дайындық топтары мен 1-сыныптарда баллдық бағалар қойылмайды.
Оқытудағы алға жылжу нәтижесі оқушылардың өнімді қызметін талдау, сөйлеу, жазу жұмыстары, суреттер, қолөнер және сабақтардағы қызметті бақылау негізінде анықталады және сипаттама түрінде болады. Ақыл-ой кемістігі орташа білім алушылардың жетістіктерін бағалау кезінде жеке оқу бағдарламасының мазмұны негізінде сипаттамалық критериалды бағалау қолданылады. (Ақыл-есі кеміс диагнозымен білім алушыларды критериалды бағалау бойынша әдістемелік ұсынымдарды білім беру ұйымдарының сайтында табуға болады. Ы.Алтынсарин (www.nao.kz). Ақыл-ойы бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп/сынып оқушылары екінші жылға қалдырылмайды.
9 (10) және 11 (12) сыныптарды аяқтау бойынша қорытынды аттестаттау ҚР БҒМ 2018 жылғы 18 наурыздағы № 125 «Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылаудың, оларды аралық және қорытынды аттестаттау жүргізудің үлгі қағидалары» бұйрығына сәйкес жүргізіледі.
9 (10) сынып білім алушылары үшін қорытынды аттестаттау мынадай нысандарда өткізіледі:
1) қазақ/орыс тілі және өзбек,ұйғыр,тәжік тілінде білім беретін мектептер үшін ана тілі (оқыту тілі) бойынша эссе нысанында жазбаша емтихан; гуманитарлық цикл пәндерін тереңдетіп оқытатын мектеп оқушылары үшін жазбаша жұмыс (мақала, әңгіме, эссе);
2) математикадан (алгебрадан) жазбаша емтихан;
3) орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік тілдерінде оқытатын сыныптардағы қазақ тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан және қазақ тілінде оқытатын сыныптардағы орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан;
4) таңдау пәні (физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын, француз, неміс), информатика бойынша жазбаша емтихан.
9 (10)-сыныптың білім алушылары үшін емтихан жұмыстарының материалдарын (тапсырмалар мен балл қою схемалары) облыстардың, Нұр-сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары, Түркістан облысының адам әлеуетін дамыту басқармасы (бұдан әрі – білім басқармасы), республикалық мектептердің 9 (10) - сыныбының білім алушылары үшін және мектептердің 11 (12) - сыныбының білім алушылары үшін – ҚР БҒМ дайындайды.
Қорытынды аттестаттаудың мазмұнын анықтайтын талаптар мен күтілетін нәтижелер әрбір пән мен оқыту тілі бөлінісіндегі ерекшелікпен реттеледі. Қайта қорытынды аттестаттаудың емтихан материалдарын мектептер дербес әзірлейді.
Қорытынды аттестаттауды қайта тапсырған 9 (10) сыныптың білім алушыларына №125 бұйрықпен бекітілген негізгі орта білім туралы аттестат беріледі.
№125 бұйрықтың 39 тармағына сәйкес 11 (12) сынып білім алушыларын қорытынды аттестаттау мынадай нысандарда өткізіледі:
1) қазақ/орыс тілі және өзбек/ұйғыр/тәжік тілінде білім беретін мектептер үшін ана тілі (оқыту тілі) эссе нысанында жазбаша емтихан:
2) алгебра және анализ бастамалары пәнінен жазбаша емтихан;
3) Қазақстан тарихынан тестілеу;
4) орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде қазақ тілінен және қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілінен тестілеу;
5) таңдау бойынша пәннен (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет, шетел тілі (ағылшын, француз, неміс), информатика) тестілеу.
Қайта қорытынды аттестаттау кезінде «қанағаттанарлықсыз» баға алған 9 (10) сыныптың білім алушылары келесі оқу жылына қалдырылады.
Қайта қорытынды аттестаттау кезінде «қанағаттанарлықсыз» баға алған 11 (12) сынып оқушылары № 289 бұйрықпен бекітілген нысанға сәйкес білім алуды аяқтамаған тұлғаларға берілетін анықтама алады.
Халықаралық алмасу желісі бойынша шетелге оқуға шыққан және ол жақта білім беру мекемелерін аяқтаған 11 (12) сыныпты бітірушілер шетелдегі оқуды аяқтаған соң 11 (12) сынып үшін Қазақстан Республикасының мектептерінде қорытынды аттестаттаудан өтеді.
Қорытынды аттестаттау басталғанға дейін мектеп комиссиясының шешімімен аталған мектеп бітірушілер «Қазақстан Республикасының бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы» ҚР БҒМ-нің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8170 болып тіркелген) үлгілік оқу жоспарының инварианттық компонентінің пәндері бойынша аттестаттаудан өтеді.
Қорытынды аттестаттауды өткізу мерзімі педкеңестің шешімімен белгіленеді.
Қорытынды аттестаттаудан өткен соң шетелде оқыған пәндер бойынша бағаларын, Қазақстан Республикасының мектептерінде алдыңғы сыныптарда алынған жылдық және қорытынды бағаларын ескере отырып, оларға №39 бұйрықпен бекітілген жалпы орта білім туралы аттестат беріледі.
Халықаралық алмасу желісі бойынша шетелге оқуға шыққан және онда білім беру мекемелерін бітірген, сондай-ақ Қазақстан Республикасында немесе шетелде оқу кезеңінде 5 сыныптан 11 (12) сыныпты қоса алғандағы оқу кезеңінде барлық пәндер бойынша жылдық, қорытынды бағалары «5» болған және қорытынды аттестаттау бағалары «5» болған бітірушілерге №39 бұйрықпен бекітілген нысанға сәйкес жалпы орта білімі туралы «Алтын белгі» аттестаты және «Алтын белгі» белгісі беріледі.
Білім беру ұйымдарында қорытынды аттестаттауды ұйымдастыру және өткізу бойынша әдістемелік ұсынымдар www.nao.kz сайтында қолжетімді.