Қазан төңкерісі (орыс. Октябрьская революция) — 1917 жылдың 25 қазан (7 қараша) күні Санкт-Петербургта болған ірі әлеуметтік-саяси, тарихи оқиға. Көтеріліс Владимир Ленин басқарған большевиктер партиясының жетекшілігімен Ресей уақытша үкіметіне қарсы жүзеге асырылды.
Оған Санкт-Петербург жұмысшылары, қала гарнизонының солдаттары мен Балтық флоты матростарының өкілдері қатынасты. Көтеріліс жеңіске жеткен күні кешкісін Петроградта ашылған Кеңестердің Бүкілресейлік ІІ съезі Уақытша үкіметтің құлатылғандығын және бүкіл елдегі өкімет билігі Кеңестердің қолына көшкендігін жариялап, Владимир Ленин дайындаған Бітім және Жер туралы декреттерді қабылдады. Алғашқысында 1914 ж. басталған І-дүниежүзілік соғысқа қатысушы елдердің үкіметтері мен халықтарына аннексиясыз және контрибутциясыз демократиялық бітім жасау ұсынылса, Жер туралы декретте жерге жеке меншік жойылып, ол жалпы халықтық мемлекеттік меншік болып жарияланды. Съезе Ленин басқарған және жұмысшы-шаруа үкіметі аталған Ресей ХКК құрылды. Сонымен қатар Кеңестердің Бүкілресейлік ОАК-нің (БОАК) жаңа, большевиктендірілген құрамы сайланды. Съез Лениннің жұмысшыларға, солдаттар мен шаруаларға арналған үндеуін қабылдап, ол арқылы халықты барлық жерде жаппай Кеңес өкіметін орнатуға шақырды. Қазан төңкерісі кеңестік тарихнамада, Кеңес Одағы Коммунистік партиясының құжаттарында күллі адамзат тарихына түбірлі өзгеріс енгізген, жаңа заманды капитализмнен социализмге өту дәуірін ашқан 20 ғ-дың басты оқиғасы деп дәріптеліп келді. Шын мәнінде Қазан төңкерісі көп ұлтты Ресейдің, оның құрамына енген көптеген елдер мен халықтардың табиғи, эволюцияның даму жолын күштеп революцияшыл қайта өзгерістер үрдісіне түсірді. 74 жыл өмір сүрген Кеңес Одағында ел өмірінің барлық салалары (экономика мен саясат, мәдениет пен руханият) сталиндік нұсқада, әміршілдік мәндегі тәжірибелер жасау алаңына айналды. Атап айтқанда, Республиканың материалдық өндіріс жүйесі түбегейлі жаңарды, халықтың білім деңгейі күрт өсті, сапалы ғылым жүйесі қалыптасты, адамдар арасындағы қарым-қатынастар жақсарды.