Әдебиеттер тізімі:
1. Атырау облысы Жылыой ауданындағы «Теңізшевройл» ЖШС- не қарасты территорияда тарихи-
мәдени мұра объектiлерiн анықтау жөнiнде жүргізілген зерттеу жұмыстарының ғылыми есебі. Атырау,
2009 ж.
2. Атырау облысы Жылыой ауданындағы ТШО компаниясына қарасты Теңіз кеніші аймағының
археологиялық барлау экспедициясының қысқаша ғылыми есебі. (Касенов М.С.). Атырау, 2006 ж.
ӘОЖ. 903.3
ҚАЗАҚТЫҢ БАСПАНАСЫ МЕН ТҰРҒЫН ҮЙ-ЖАЙЫ ХАҚЫНДА
Алипова Д.Ж.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті
Материалдық мәдениеттің құрамдас бөлігіне айналған баспана көне дәуірлерден бері
адамдардың іс-әрекетінің жемісі ретінде қоршаған ортамен өзара тығыз байланыста қарастырылып
келе жатыр.
Табиғат жағдайы мен географиялық бітімге ыңғайланып қалыптасқан шаруашылық
халықтардың тұрмыс-салтын анықтады. Адамзат баласы табиғи ортаға бейімделу барысында жер
бедерінің ыңғайына қарай баспана мен тұрғын жайларды сала бастады[1].
Қазақтың көшпелі мал шаруашылығының өріс, қоныстары жылдың төрт маусымына қарай
қыстау, көктеу, жайлау және күзеу деп төртке бөлінді. Әдетте көктеу мен күзеу бір орында болды.
89
Қыстауда малшылар құйма кесектен немесе соқпа тамнан яқи тастан қаланған үйлерде, орманды
өңірлерде ағаштан қиылған үйлерде қыстады, жылдың басқа мезгілдерінде киіз үйде отырды.
Бірнеше үй бір ауыл есептелді. Ауыл дегеніміз – бір атадан таралған бірнеше туыстас отбасы.
Олардың өріс-қоныстары бір болды., шаруашылықты бірлесіп жүргізіп, бірге көшіп-қонып жүрді.
Қазан төңкерісіне дейін қазақтардың көшпелі өмір салтын ұстанып келгені белгілі. Көшпелі
өмірге ыңғайлы тұрақ киіз үй болды.
Киіз үй – ежелгі көшпелі өмір сүрген адамдардың жылжымалы негізгі баспанасы болған. Ол тез
жығылып, шапшаң тігуге ыңғайлы, көшіп-қонуға лайықталып жасалады. Киіз үйдің пайда болуы қола
дәуіріне тура келеді (б.з.б. 3 мың жылдық). Киіз үй біздің заманымыздан бұрынғы ҮІІ ғасырда кеңінен
пайдаланылып, киіз басу белгілі бір еңбек кәсібіне айналды[2].
Киіз үй – көктем, жаз және күз мезгілдерінде қоныстан қонысқа көшіп жүру жағдайына
қолайлы құрама үй. Оның қабырғасы айқыш сағанақтардан көктелген керегеден тұрғызылады. Кереге
әдетте екі түрлі болады. Оның бірі кең көзді кереге «жел көз» деп аталады. Бұл артуға жеңіл, бірақ
желге төзімсіздеу келеді. Екінші түрі тар көзді кереге «торкөз» деп аталады, ол артуға ауырлау
болғанымен, желге өте төзімді. Кереге жылжымалы болып бөлек-бөлек қанаттан жасалады. Ал
керегеден жоғары сидам, жіңішке ағаштан жұмырлап жасалып, қарны иілген уықтардан қаусырыла
күмбез шығарылады. Уықтардың аяғы дөңгелене жайылған керегенің аша басына айқастырыла
байланып, үші (қаламшасы) шаңырақтың көзіне шаншылады. Шаңырақ үй күмбезінің төбесі әрі
терезесі. Керегенің сыртынан әр алуан бояулы жүн оралып, өрнек түсіріліп тоқылған ши ұсталады.
Кереге мен уықтар кермебау, басқұр, құр және басқа да бау-шулармен бекітіледі. Үй ағашының
сыртынан арнаулы үй киіздері – қабырғасына туырлық, үстіне үзік,төбесіне түндік жайылады. Бұл үй
киіздері бау-шулар арқылы ұштастырылады. Киіз үйдің есігінің биіктігі бір жарым метр, ені 0,8 метр
келеді. Оның ағаштан оюлап жасалған «сықырлауық» деп аталатын жарма есік орнатылады.
Сықырлаық сыртынан ораулы шиден тоқып, оюлы киіз қаптағанжаппа есік түсіріледі. Үйдің ортасында
тамақ асатын ошағы (тағаны) яки дөңгелек темір пеш болады. Үйдің оң жағында төсек, оның тұсына
тұскиіз ұсталып, төсек қоршап шымылдық тартылады. Үйдің төріне жүкаяқ қойылып, оның үстіне
абдыра, көрпе-жастық, тағы басқа жүктер жиналады. Үйдің сол жағына кебеже, қазанаяқ, саба сияқты
ыдыстар қойылады.
Ауқатты отбасының үй іші сәнді болады. Үй-ішіне түрлі-түсті пұлдан оюланған тегеріштер,
туырлық қастар ұсталып, кереге түс киіз, кілем-кілшелер тартылады. Үй тағанына оюлы откиіз,
текемет, сырмақ, кілем-кілше төселеді. Кереге, уықтар сырланып, кейде жез, күміс қүймалар
қағылады, үйдің сырты дөдеге ою-өрнектермен әсемделеді.
Келінге арнап көтерілген үй «отау» деп аталады. Бұл отаудың барлық жасау- жиһазы жаңадан
жасалады, іші-сырты әшекей ою-өрнек, кестелермен безендіріледі.Той кезінде ұзатылған қызға
арналған барлық киім-кешек, жасау-жиһаз ішіне жайылып, гүл жайнап көз тартады. Бұл бейне қазақ
халқының ісмерлік өнері мен ою-өрнек кестелерінің көрмесі тәрізді.
Қатардағы шаруалардың төрт қанат, ауқатты байлардың алты қанат үйі болды. Ал сегіз қанат,
он екі қанат үйлер ірі феодал, хан-сұлтандарда ғана болады. Ол «Ақ Орда» деп аталады. Бұл ордалар
салтанатты мерекелерге арнап тігілетін болды. Қазақ кедейлерінің киіз үйлері өте жұпыны еді, киізі
тозып, түтін сіңіп кеткендіктен «қараша үй» деп аталды. Кедей-жалшылар шанышпа уықтар мен
шаңырақтан құралған «шанышпа қос», «лашық» атанған жұпыны үйлерде өмір өткізді[3].
Киіз үйлердің үлкен-кішілігін керегелер санына қарай белгілейді. Академик Ә.Марғұланның
айтуынша киіз үйлердің екі, үш қанаттан бастап он екі, он сегіз, отыз қанатқ дейін жететін үлкен
түрлері болған[4]. Киіз ақ үйлердің түрлері мен атаулары да көп. Бұларды ақ ала орда, ақ орда, ақ
шаңқан, алтын орда, алтын үзік деп атаған. Ал орташа шаруа мен кедей шаруаларға тән киіз үйлерді
алты қанат ақ үй, боз үй, қоңыр үй, қара үй, қара лашық, қалмақ үй, лашық аран, жаба салма,
көтерме туырлықты, кепе, ұранқай, күрке, қамсау, (шошала) отау, итарқа, жаппа деп атаған.
Ірі байлар 8-18 қанат сәнді үйлердің киіздерін ақ жүннен басып, үстінен күйдірген әкпен, ақ
бормен, күйген сүйектің күлімен ағартып бояған. Ал кішігірім қақыра немесе қалқа сияқты үйлер
көбінесе соғыста майдан шебіндегі далада, кейде қорған есебінде тігілетін.
Қазақ киіз үйлерінің негізінен «қыпшақ үлгісі», «қалмақ үлгісі» деп аталатын екі түрі болған.
Оның біріншісі – иығы шығынқы, мінсіз дөңгелек те, екіншісі - еңсесіз шошақ үй. Көне Дах
массагеттерде шошақ, не жартылай сфералық түрдегі, ағаш пен киізден тігілетін күрке немесе киіз үй
сияқты алып жүруге ыңғайлы жиналмалы тұрғын үйлерді пайдаланғанын дәлелдейді [5]. Қазақ киіз
үйлерінің «үзікті үй», «көтерме туырлықты» үй деп аталатын да түрлері бар. Көтерме туырлықты киіз
үйде бөлек үзік болмайды, оның орнына туырлық шаңыраққа бір-ақ жетіп тұратын биік қасты болып
жасалады [6]. Киіз үйдің жықпалы түрімен қатар, киіз формасында жасалған (дық, шошала), тұрақты
түрлері де болған. Бұл жөнінде Каспий теңізінен солтүстікке және солтүстік шығысқа қарай созылып
жатқан жерді мекендеген көшпелілердің тұрғын үйлерінің формалары туралы келтірген антик
тарихшылардың деректері аса қызық екенін академик Ә.Марғұлан да жазған.
90
Үнемі көшіп-қону жағдайына қарай батыс өңірінде, әсіресе Маңғыстауда үзігі мен туырлығы
бірге көтерме туырлықты үш, алты қанатты кішірек киіз үйлер кеңінен таралған. Көбінесе мұндай
үйлердің сүйегін шаңырағынан бастап төменгі іргесіне дейін тұтас жететін үш-төрт бөлек көтерме
туырлықтармен жабады. Киіз жамылыштың сыртынан екі белдеу арқанмен тартып: біріншісін,
керегенің дәл ортасынан жүргізсе, екіншісін, керегенің жоғарғы жағынан бастыра байлап тастайды.
Көтерме туырлықты үйлердің Ойыл және Сағыз өзендерінің бойындағы адай мен әлім
елдерінде де кездесетіндігін Батыс Қазақстанды зерттеген профессор С.И.Руденко да атап
көрсеткен[7]. Осы дәлелге қарағанда мұның өзі нағыз көшпелі адай және Оңтүстік Қазақстан
облысындағы бағаналы елдерінде сақталған киіз үй жамылышының ең бір ескі түрі болуының мүмкін
екенін профессор Х.Арғынбаев та көрсеткен[8]. С.И.Руденконың пікірі бойынша туырлығы үзігі бөлек
жасалатын киіз үй жамылышының түрі солтүстік жақтағы қазақтарға тіпті бертін пайда болды. Киіз үй
жамылышының «көтерме туурдук» деп аталатын мұндай түрі Талас өзенінің бойы мен Қырғызстанның
оңтүстігіндегі қырғыздар арасында да кездеседі. Қысы-жазы бірдей көшіп-қонып жүрген малды ауыл
киіз үйдің қадірін қашаннан-ақ жақсы білген. Әрине, киіз үйдің қыста жылы, жазда салқын болғаны
жөн. Ең абзалы, мұндай үй көшіп-қону кезінде тез сынып қалмайтын, берік әсіресе оның ағаш
бөлшектері ыстық-суыққа қақырап кетпейтін, төзімді болуы шарт. Осындай киіз үйдің көлемі мен
жасау жиһазы да Маңғыстау қазақтарының көшпелі өміріне бейімделе жарасқан, киіз үй жауында су,
ыстықта күн өтпеске жақсы, тынысы кең, ауасы таза, сырттағы тіршіліктің тынысын үнемі біліп
отыруға өте қолайлы. Оны 2-3 кісі жарты сағатта тез тігуге болады. Керек болған жағдайда үйді
жықпай, ішкі жағынан ірге аударып қонуға да ыңғайлы.
Батыс өңірі киіз үйлерінің жергілікті табиғат жағдайына сай көшіп-қонуға ыңғайлы, ықшамдығы
жағынан
ешбір
көшпелі
елдің
асып
түспегенін
әркездегі
зерттеушілер
атап
кеткен.
Маңғыстаулықтардың «түйенің қомында – аттың жалында» дегендей көшпелі өміріне байланысты
олардың көш-жөнекей тігетін кішкене киіз үйлерін – «адайдың жолма» үйі дейтін. Мұндай үйді басқа
ауданның қазақтары әдетте жылқы қосына беретін.
Талай ғасырлық көшпелі тұрмыс тәжірибесінен туған қазақтың киіз үйі – күннің аптабы мен
түннің дым-сызынан, жауын-шашын мен аңызақтан, бораннан сақтануға ыңғайлы, әрі ауалы, әрі
жарық болудың үстіне көші-қонға қолайлы болды; оны жарты сағат ішінде жығып-артуға да, жарты
сағатта көліктен түсіріп, тігіп алуға да болатын еді.
Қазақтардың қарашадан наурызға дейін отыратын тұрақты қонысы «қыстау» деп аталады.
Әдетте қыстау ықтасын жерлерге, өзен бойларына, шөбі шүйгін, суы мол, отынды, түңкелі жерлерге
салынды. Қыстаудағы үйлердің жағдайы сол өңірдің географиялық жаратылыстық жағдайларына және
ауа-райына байланысты болды. Қалың орманды жерлерде ағаштан, орманы аз жерлерде құйма
кірпіштен, соқпа дуалдан, таулы жерлерде тастан салынды. Бұл үйлер төрт бұрышты, текше төбелі
келеді. Үй ішіне балшық немесе темір пеш орнатылады. Бұл үйлермен қатар ерте заманнан келе
жатқан «шошала» деп аталатын шошақ төбелі үйлер болды. Шошаланың құрылысы қазақтың киіз
үйіне ұқсайды, оның аумағы дөңгелек яқи көп қырлы, керегесі тастан, яқи құйма кірпіштен 2,5 метр
биіктікте қаланып, үстіне уық тәрізді тарам-тарам сырғауылдар көлбей шаншылып, күмбез тәрізді
қауыстырылады. Сырғауылдардың түбі қаланған қабырғаларға тіркеліп, ұшы төбедегі шаңыраққа
таңылады да сыртынан тоқылған қамыс және шыбық жабылып, оның сырты балшықпен сыланады.
Ішіне төрт яки алты арыс қойылып, тіреу тіреледі. Шошаланың ортасына ашық жағылған оттың түтіні
шаңырақтан шығады, қыста осы шошалада тамақ пісіреледі және соғымның еті арыстарға
асылып,сүрленеді.
Қазан төңкерісіне дейінгі Қазақстанның көп жерінде ХҮІІІ ғасырдың аяғында тұрақты қыстақ
үйлер пайда бола бастаса, ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ халқының тұрақты қыстақтарда
тұруы бұқаралық сипат алды. Ал батыста, Маңғыстау, Ақтөбе өңірі қазақтары болса ХХ ғасырдың
басында да жыл бойы ағаш (киіз) үйде тұруын жалғастыра берді. Неміс профессоры Р.Карутц
Маңғыстауға соңғы рет 1909 жылы келген сапарында «адайлар ағаш үйде қыстайды»[9] деп жазды.
Мұның басты себебі Маңғыстаудың табиғи-географиялық ерекшелігі мен халқының мал
шаруашылығымен айналысу ерекшелігінен екенін көруге болады. Бұған Маңғыстау түбегінің қысты
күні жылы болуы да айтарлықтай әсер етті. Тіпті қыс қатты болатын жылдары қазақтар Хиуаға қарай
көшетіндіктен олар тұрақты үй салмай-ақ күн көре алған.
1926 ж. Батыс өңірінде болған СССР ҒА-ның С.И.Руденко бастаған экспедицияның
зерттеулерінде адайлар үй салып отырықшылыққа көшкісі келсе, кез-келген бұлақ жағасына үй салып
алуға ерікті болғандығын, мұндай жақтардың қора-қопсысы мен қыстақ үйіне, әдеттік құқы бойынша,
ешкімнің қол сұғуға хұқығы болмағандықтан, оның атадан балаға мұра есебінде қала беретіндігін атап
өткен. Маңғыстау қазақтарының алғашқы тұрғызған тұрақты үйлері қазақтың киіз үйіне еліктеп
жасалған-дық, шошала сияқты түрлері болған. Олар тас, қамыс немесе әртүрлі бұталардан жасалатын.
Бұлардың формасы басқа облыстардағы «шошала», «жертөле» сияқты болып келетін. Ал кейініректе
төрт бұрышты тас үйлер де салынатын болды[10]. Маңғыстаудағы жертөле салушылар тереңдігі 1,5 м.
91
жер қазып, қабырғаларына қамыс ұстап тас өріп, төбесін ұзын ағаш және қамыспен жауып,
топырақпен бастыратын. Төбеден жарық түсіп, түтін шығып тұру үшін саңылау тесік қалдырған. Ол
кездерде үй салу негізінен Қаратау мен Ақтау бойындағы суы бар жерлерге әркім өз бетімен
орналасуына байланысты жоспарсыз жүргізілді. Жоспарлы түрде тұрақты мекен салу тек ауыл
шаруашылығын ұжымдастыру кезінен басталады. Соның өзінде мұндағы осы күнге дейін берік
сақталып келе жатқан жақсы дәстүр киіз үйлерді жазды күні кеңінен пайдалану екені даусыз.
Қазақтың киіз үйі әлі ескірген жоқ, қайта етек алып жылдан-жылға көбеюде. Көшкенде алып
жүруге ыңғайлы әрі жайлы үй ретінде біздің елімізде ол кеңінен қолданылады. Киіз үй өнеркәсіп,
мәдениет, қоғамдық тамақтану саласында бара-бара қолданылуда, тіпті біздің елімізден басқалар да
оған көңіл аударуда.
Негізгі қарекеті мал шаруашылығымен сабақтас халқымыздың, оның ішінде Батыс өңірі
қазақтарының байырғы тұрғындары үшін ағаш киіз үйдің орны ерекше. Халықтың әл-ауқатының
жақсарып, талғамының кемелденуі ағаш үй мәдениетін жасақтауда да көрініс беруде.
Әдебиеттер тізімі:
1. Бикенов А. Қазақтың материалдық мәдениеті. Астана – 2010, 11-бет
2. Асанова С., Птицина А. Қазақтың ұлттық киімдері. Астана, 2011, 129-130 бб.
3. Нығмет М. Қазақтың қысқаша тарихы. А., Жалын баспасы, 1994, 378-379 бб.
4. Маргулан А.Х. Казахская юрта и ее убранство. Москва, 1964, стр.6.
5. Қазақстан тарихы. І том, 1966, 208-209-бб.
6. Қасиманов С. Қазақ халқыны қолөнері. Алматы, 1969, 124-125 бет.
7. Руденко С. Очерк быта казахов бассейна рек Улла и Сагиза, - Соныкі: Антропологические
особенности Западных казахов//сб. «Казахи», Л. 1927, вып.3
8. Арғынбаев Х., Захарова И. Оңтүстік Казахстан обылысында ұйымдастырылған этнографиялық
экспедиция жұмысының қорытындысы//ТИИАЭ, А-А., 1961, т.ХІІ, 102-бет.
9. Карутц Р. Среди киргизов и туркменов на Мангышлаке. СПБ., 1910, стр. 67.
10. Востров В.В. Новые материалы по этнографии казахов адаевцев// ТИИАЭ АН КазССР, А-А., 1960,
т.ҮІІІ, стр. 163.
ӘОЖ. 39
ҚАЗАҚ ЭТНОГРАФИЯСЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ, ҚАЛЫПТАСУЫ
Қыдыралин Ү.С.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті
Қазақстан тәуелсіз ел болғаннан кейін өткен тарихымызды, әдет-ғұрпымыз бен салт-
дәстүрімізді, материалдық мәдениетімізді жаңғыртуға бетбұрыс жасалуда. Орталық Азияның ірі
этностарының бірі, Евразияның үлкен кеңістігін алып жатқан қазақ этносының өткен тарихы мен
мәдениетіне байланысты көптеген мәселелерді зерттеуге назар аударылуда. Отарлық пен Кеңес
дәуіріндегі қасаң жүйе халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі мәдениетіне елеулі
өзгерістер енгізіп, тіліне қауіп төндірді.
Сондықтан ХХ ғасыр қазақ халқының ежелгі мәдениеті, дүниетанымы, әдет-ғұрпы,
шаруашылық дәстүрі қандай өзгерістерге ұшырады, оларға әлемдік өркениеттің ықпалы, халқымыз
XXI ғасырға қандай дәрежеде аяқ ала бастағаны жөнінде арнайы зерттеу жүргізіп, қорытынды
жасаудың маңызы ерекше. Сонымен бірге қазақтардың, осы жерді мекендеуші басқа да халықтармен
қарым-қатынасы, мәдениеттердің өзара ықпалы жөніндегі мәселеге де айрықша назар аударылуы
қажет.
Мемлекеттік хатшы Марат Тажин өткен Қазақстан Республикасының Ұлттық тарихын зерделеу
жөніндегі ведмоство аралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде былай деді;
«Кең байтақ жеріміздің иесі де, киесі де қазақ екендігінде дау жоқ. Ата-бабаларымыз бұл жерді бізге
аманат етіп қалдырған. Біз мемлекет құрушы ұлтпыз» дей келіп, Қазақстандағы басқа этностарды
жатсынбауға шақырды.
«Тағдырдың жазуымен елімізге келген басқа этностарды бөтенсінсек, біз алға дами алмаймыз.
Сондықтан бұл істе біздің халықтың жауапкершілігі зор. Қазақтар Еуразияның ең байырғы
халықтарының бірі екенін ғылыми тұрғыда бүкіл әлемге жария ете білсек, келешек ұрпағымызға
ешқандай қауіп болмайды»-деді ол. Бұл тарихи-этнологиялық ұғымдағы тұжырым.
92
Халықтардың тума өмір-тіршілігімен айналысатын ғылым саласы – этнография (этнология)
халықтар туралы ғылым – халықты зерттеу, халықтану, дүниежүзі халықтарының өмір-тұрмысы, салт-
санасы, шығу тегі тағы басқа көптеген өмірлік мәселелерді зерттейді.
Халқымыздың ғылым-білімінің этнография саласындағы рухани мұралары ұшан-теңіз. Оның
ілкі сілемі сонау Орхон-Енисей ежелгі түркі жазбаларынан (VI-VIIIғ.ғ.) басталып, қазан төңкерісіне
дейінгі 14 ғасырлық ұзақ мерзімді қамтиды. Бұл жерде ірі-ірі бел-белестерді ғана атап өтетін
болсақ, алдымен айтарымыз кезінде Шығыс Аристотелі атанған, қазақ жерінен шыққан
энциклопедист-ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби (х.ғ.), Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет
Иассауи, Мұхамед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири, Асанқайғы, Шалкиіз Бұхар жыраулардың, Хан-
сұлтан, билеріміздің аталмыш мәселеге қосқан үлестері де өз алдына бір төбе.
1724 жылы 1 Петр бұйрығы бойынша Петербург Ғылым академиясы құрылды. Жаңа құрылған
академия алғашқы жылдардан бастап ғылымның көптеген салаларына байланысты күрделі
мәселелерді ғылыми тұрғыда шешуді мақсат етті. Олардың бірі – Ресеймен көрші елдердің жер-суын,
табиғи байлығын, халықтың тұрмысы мен мәдениетін жан-жақты зерттеу болатын. Қазақстан
этнографиясының ғылыми зерттелуі де осы академияның құрылуынан басталады.
Ресей академиясының құрылуы Кіші жүз қазақтарының Ресейге бодан болып қосылу кезеңіне
сай келді де, қазақ даласын бұдан былайғы этнографиялық тұрғыда зерттеу үшін құрылған ғылыми
экспедициялармен қоса, патша өкіметінің отарлық саяси мақсатына сай әскери экспедициялар мен
ресми елшіліктер де ұйымдастырылды. Олар өздерінің негізгі мақсатын орындай жүріп, қазақ
өміріне байланысты көптеген құнды этнографиялық деректер жинады. Мәселен, Кіші жүз
қазақтарын Ресейге қосып бағындыруға көп еңбек сіңірген М.Тевкелевтің елшілігі Қазақ
этнографиясына зор үлес қосты. Мәмбет Тевкелев генерал-майор әскери атағы бар жан-жақты білімді,
көп тіл білетін дипломат-тілмаш болған. Ол қазақ ру-тайпаларының құрылыс-тізбегін алғаш рет қағаз
бетіне түсіріп жазған адам.
1734 жылы сенаттың обер-секретары И.К.Кириловтың (1689-1737) басшылығымен Орынбор
экспедициясы ұйымдастырылды. Ол 1735 жылы Ор өзенінің бойына Орынбор қаласын салдырды.
Қазақ өмірі туралы дәйекші хабарларды Ресей астанасы енді тек Кириловтан алып тұратын
болды. Орынбор өлкесінің алғашқы картасы Кириловтың басшылығымен жасалды.
1737 жылы И.К.Кирилов өлгеннен соң экспедиция басшысы болып орыстың көрнекті тарихшы-
ғалымы және мемлекет қайраткері В.Н.Татищев (1686-1750ж.ж.) тағайындалды. Ол алғашқы
жылдардан бастап қазақ өмірін тікелей зерттеуге кірісті. Кіші жүз және Орта жүз хандары мен
сұлтандарына тікелей кездесіп, олармен ауызба ауыз сөйлесіп, этнографиялық мағлұматтар жинады.
Олар «Ресей тарихы» атты көлемді зерттеуіне енді.
Әрине, бұл жұмыстың бәрі негізінен патша үкіметінің отарлау саясатына байланысты
жүргізілген еді. Сондықтан да олар бүкіл халық туралы толық сипаттама бере алмады.
Қазақ жері туралы мәліметті Ресей Ғылым академиясының ресей жерін географиялық және
этнографиялық тұрғыда зерттеу үшін 1733-1743 жылдары арнайы ұйымдастырған бірінші
академиялық экспедициясы біршама толықтыра түсті. Экспедиция мүшелері Г.Ф.Миллер, П.И.Рычков
қазақ халқының тұрмысы мен мәдениетін этнографиялық тұрғыда терең зерттеген ғалымдар. Қазақ
халқының әдет-ғұрпы, шығу тегі жайында да орынды пікірлер айтты. Ресей ғылым академиясының
тұңғыш корреспондент мүшесі, Орынбор экспедициясының тұрақты қызметкері, Орынбор өлкесінің
тұңғыш тарихшысы және Ломоносовы аталған П.И.Рычков кіші жүздегі қазақ даласын талмай
зерттеп «Орынбор топографиясы», «Орынбор тарихы» атты еңбектер жазды. Бұл кітаптарда қазақ
тарихы мен оның шығу тегі, үш жүзге, көптеген рулар мен тайпаларға бөліну жүйесі, тағы басқа
этнографиялық сипаттамалар, нақты деректер кездеседі.
XVIII ғасырда қазақ өмірін зерттеуде 1768 жылы ұйымдастырылған екінші академиялық
экспедицияның да маңызы үлкен. Бұл экспедицияда қазақ этнографиясы үшін шетелдерден
шақырылған үлкен ғалымдар П.С.Паллас, И.Г.Георги, И.П.Фальк және жоғарыдағы П.И.Рычковтың
баласы-Н.П.Рычковтың саяхаттары мен еңбектерінің маңызы зор болды.
Академик П.С.Паллас әсіресе біздің қалада болып, осы маңдағы қазақ ауылдарын аралап көп
материал жинады. Осындай саяхаттың нәтижесінде жинаған мәліметтердің негізінде өзінің басты
еңбегі болып саналатын «Россия империясының әр түрлі провинцияларына саяхат» атты кітабы 1773
жылы жарияланды. Бұл кітаптың қазақтарға арналған бөлімінде олардың көшпелі өмірі, мал өсіру
тәсілдері, үй кәсібі, материалдық және рухани мәдениеті, діни сенімдері, семья және некелік
қатынастары, әр түрлі әдет-ғұрыптары сипатталады. Бұл ғалымдардың жазып қалдырған еңбектерінің
қазақ этнографиясы үшін құндылығы күні бүгінге дейін жойылған жоқ.
XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ңасырдың басында әлемдік озық мәдениетке өлшеусіз
үлес қосқан шоқ жұлдыздар: Шоқан, Ыбырай, Абай, Шәкәрім, Сұлтанмахмұт сияқты біртуар
перзенттердің халқымыздың өзіндік ерекшелікке толы жан жүйесі, этнологиясы жайлы толғаныс-
тебіреністерінің алатын орны ерекше.
93
XX ғасырдың алғашқы ширегінде туған халқының жарқын болашағы, оның тәуелсіздігі мен
бостандығы, рухани өрлеуі жолында қалтқысыз қызмет етіп, осы жолда шыбын жанын пида еткен аса
көрнекті ғұлама қоғамдық қайраткерлер қазақ аспанында шоқ жұлдыздай жарқырап, рухани-мәдени
дамудың жаңа кезеңі қазақ Ренессансының (қайта өрлеу) іргесін қалаған Ә.Бөкейханов,
А.Байтұрсынов, М. Дулатов, Х.Досмұхамедов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев т.б. еді. Осынау біртуар
жандардың қазақ өмірін жетік біліп ғылымдар саласына сіңірген тәлім-тәрбиелік, этнографиялық
халықтану еңбектері ерекше. Әсіресе жан-жақты ғұлама ғалым Халел Досмұхамедовтың көп қырлы
ғылыми еңбектерінің көрнекті бір саласы-этнография, этнология немесе халықтану мәселесі. Осы
мәселенің бұрын соңды қалай зерттелгендігін әр кездегі әдебиеттерге көз жүгіртіп ізденімпаздықта
қазақ халқының дәстүр салтының өзіндік ерекшеліктеріне баса назар аударып өзінің жазба деректерін
қалдырды.
Сол сияқты қазақ этнографиясы деректері ұлы Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінде, одан
әрі академик жазушы М.Әуезовтың әйгілі эпопеясы «Абай» мен «Абай жолы» романдарында тұнып
тұр.
Қазан революциясынан кейін Ғылым академиясы Россия халықтарының этнографиялық
картасын жасау мақсатымен арнайы комиссия құрды. Қазақстан бойынша комиссия жұмысына
академик В.В.Бартольд басшылық етті. Комиссия мүшелерінің көп жылдар бойы жүргізген жұмысының
нәтижесінде 1928 жылы «Қазақ Асср-ның этнографиялық картасы» жасалды.
1926 жылы КСРО Ғылым академиясында кеңестік шығыс халықтарының ұлттық мәдениетін
зерттейтін ғылыми-зерттеу институты құрылды. Оның негізгі мақсаты жергілікті халықтардан этнограф
ғалымдар дайындаумен бірге олардың түрмысы мен мәдениетін зерттеу болды. Бұрынғы орыстың
георгафиялық қоғамның әртүрлі бөлімшелерінің негізінде Қазақстанды зерттейтін бірнеше жергілікті
өлкетану қоғамдары құрылды. Қазақ АССр үкіметінің сұрауымен 1926-1927 жылдары КСРО Ғылым
академиясы академик А.Е.Ферманның басшылығымен Қазақстанда жан-жақты ғылыми-зерттеу
жұмысын жүргізу үшін комплексті-кешенді экспедиция ұйымдастырылды.
Экспедиция бірнеше отрядтардан тұрды. Оның бірі – антропологиялық отряд профессор
С.И.Руденконың басшылығымен Қазақстанның батысында, әсіресе бұрынғы Маңқыстау, гурьев
облыстарының территориясында 1926 жылы зерттеу жұмысын жүргізіп, қазақтың этникалық тарихы,
шаруашылығы, мтаериалдық және рухани мәдениеті, қолөнері мен үй кәсібі жайында қыруар
деректер жинады. Сол деректер негізінде 1927-1930 жылдары бірнеше ғылыми еңбектер шығарды.
Олардың қазақ этнографиясының тарихындағы алатын орны өзгеше. Бұл экспедицияның
құрамында әйгілі қазақ өмірінің ғұлама білгірі, көрнекті ғалым-экономист, «Алаш» партиясын құрушы
Әлихан Бөкейханов Каспий өңірі қазақтарының мәдениеті мен тұрмысы, шаруашылығы жайында өте
құнды өзінің зерттеу жұмысын жинаққа енгізді. Сонымен бірге мұнда Ленинградтағы шығыстану
инситутының студенті Әлкей Марғұлан да (кейіннен академик, өмірінің соңына дейін Қазақстан ҒА
тарих, археология және этнография инситутының этнография бөлімінің меңгерушісі болды) болған
еді.
1932 жылы КСРО Ғылым академиясының қазақстандық базасы құрылды. Оның мақсаты
Қазақстанда жан-жақты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу болатын. 1936 жылы академиялық
базада аспирантура ашылды. 1938 жылы Қазақстандық академия базасы КСРО Ғылым
академиясының Қазақ ССР филиалына, 1946 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясына айналды да оның
құрамында тарих, археология және этнография институты ашылды. Этнографиялық зерттеулер енді
негізінен осы институттағы этнография бөлімінің үлесіне тиді.
Алғашқы жылдарда қазақ этнографиясының бүкіл Қазақстан жерінде ғылыми-зерттеу
жұмысын жүргізуге мүмкіндігі болмады.
Сондықтан КСРО Ғылым академиясының Миклухо-Маклай атындағы этнография институты Қазақ
академиясына ғылыми кадрлар даярлауда, этнографиялық экспедициялар ұйымдастыруда көп көмек
жасады.
Ал, қазіргі Қазақстанның өз алдына егеменді ел болған күнінде қазақ этнографиясының басы
қосылып, өз алдына жеке ғылыми-зерттеу бөлімі дәрежесіне жетті. Қазақ өмірі туралы сан-алуан
көлемді этнографиялық еңбектер шығарылып, диссертациялар қорғалуда. Атақты этнограф
ғалымдар академик Ә.Марғұлан, профессорлар Халел Арғынбаев пен Марат Мұқановтың ғылыми
дәстүрін жалғастырушы шәкірттері өсіп-жетілуде. Олар Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология
инситуты, этнология және антропология бөлімі меңгерушісі профессор С.Әжіғали, Еуразия ұлттық
университетінің профессоры Ж.Артықбаев, КазМҰУ-ң профессорлары У,Шалекенов, Б.Төлеубаев,
А.Калыш Қарағанды университетінің археология, этнология және Қазақстан тарихы кафедрасының
меңгерушісі, профессор Ж.Артықбаев, ҚазМҰУ-ң археология және этнология кафедрасының
меңгерушісі, профессор Б.Төлеубаев, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры
Ү.Қыдыралин, т.б. шәкірттер тәрбиелеп, Қазақстан этнографиясын дамытуға өздерінің үлестерін
қосуда.
94
Империялық өктем саясаттан арылған шақта, рухани-мәдени өміріміздің айнасы боларлықтай
айғақтарды қайтадан өз халқымыздың күш-қуатынан іздеуіміз заңды. Ал ондай күш-қуаттың қайнар
көзі – халқымыздың рухани мәдениеті екені даусыз. Өкінішке орай, науқандық идеологияның
шашбауын көтеріп, мәдени мұралардың бары мен жоғын тұтас игеруден гөрі, алалап жинау, біржақты
бағалау күні кешеге дейін орын алып келгені мәлім. Сондықтан халық мұрасын толық жинау әдісі
қазақ даласында Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың 1998 жылды «Халық бірлігі және ұлттық тарих
жылы» деп жариялауынан басталды да, 2000 жыл – «Мәдениетті қолдау жылымен» жалғасты.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы 2004-2011 жылдар аралығында жүзеге асқан осынау
бағдарламаның тарих ғылымына оның этнология саласына салған олжасы мол болды, тарихи-
этнологиялық аса құнды деректер жиналды, көптеген еңбектер жарық көрді. Мұнда Қазақстанның
көп ұлтты мәдениетін жаңғырту, сақтау және өркендету мақсаты қойылды.
Осы түбегейлі жаңару негізінде қазір елімізде ұлттық салт-сана, әдет-ғұрыптар қайта
жандана бастады. Осының айғағындай Қазақстан халықтарының ассамблеясынан туындаған жер-
жерде ұлттар мен ұлыстардың мәдени орталықтары дүниеге келіп, ұмытыла бастаған халықтық
дәстүрге даңғыл жол ашылды. Оның алғашқы көріністеріне соңғы жылдары аталып жатырған ұлттық
мейрамдар айғақ. Бұлардың халықтық тәрбиелік маңызы үлкен екендігі бәрімізге де аян.
Қазақстан Республикасының Батыс аймағы – еліміздің даңқын әлемге әйгілеп отырған
қазына қоймасы, газ бен мұнайдың және балық, мал шаруашылығының ғана өлкесі емес сонымен
бірге ол ежелгі заманның сан алуан сырларын аша беретін, қала берді онда мекендейтін қазіргі
қазақ халқының көне мәдениеті мен тұрмысының түп нұсқалары туралы дерегі мол, көне мекендерге
жатады.
Батыс Қазақстан аймағы, оның халқының тыныс-тіршілігі мен географиялық көрінісі
(ландшафтысы) тарихи-этнологиялық тұрғыда зерттеу объектісі болып тұрғандығы бізді
қызықтырады. Сондықтан бұл өлкенің ұлттық тарихы мен этнологиялық мәселелерін жоспарлы
түрде зерттеуді қажет етеді. Бұл өлкені тарихи-этнологиялық тұрғыда зерттеуге қызығушылық өткен
ғасырлардың өзінде батыс елдерінің, Ресейдің зерттеушілерінен басталған.
Қазақ халқының аса бай тілі, тамаша қол өнері, үлгілі тәрбиелік тәлімі, сирек тарихи-
этнографиялық ескерткіштері талай шетел зерттеуші ғалымдарын таңдандырған. Ұлт өнерінің
жиынтығы және оның көрсеткіші қазақ киіз үйі өзіміздің және әлем мұражайларының төрінде тұр.
Ағаштан, теріден, жүннен, сүйек, мүйізден қарапайым әдістермен жасалған біздің мәдени
мұраларымызды басқа да жерлерден, елдерден табуға, көруге болады.
Сөз соңында, Қазақтың этнографиялық салт-дәстүрлерінің ролі туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев
өз еңбегінде былай деп жазған: «Әр халықтың өміріндегі терең имандылық пен рухани негіздерге –
дәстүрлерге назар аудару керек. Оның халық өміріндегі ролі еш даусыз. Мәдени дәстүрлер қашан да
әлеуметтік қайта түлеудің қайнар көзі болып келді. Өзінің тарихи-мәдени тамырларына қайта оралу –
бұл, әрине, оң процесс». «Қай халық болса да өз тарихын, төл дәстүр-салтын, ауыз әдебиетін, тілін
қастерлейді. Тарих, этнография, фольклор, тіл – халықтың жан дүниесі, оның барша әлем алдындағы
айнасы».-екендігін академик М.Қозыбав та жазып кеткен.
Достарыңызбен бөлісу: |