8.5. Биржа ісін реттеу
Биржа ісін реттеу немесе биржалық нарықты реттеу деген қоғамның өкілетті ұйымының биржаға қатысушылардың жұмысы мен олардың арасындағы операцияларды жүргізу тәртібі.
Биржаны сырттан да, сондай-ақ іштен де реттеуге болады. Ішкі реттеу деп өзінің нормативті құжаттарын, атап айтқанда, жарғы, ережелер және биржаның өзінің, бөлімшелерінің және қызметкерлерінің қызметін анықтайтын басқа да ішкі нормативті құжаттарын орындауын айтады. Ал сырттан реттеу деп биржа өз қызметінде мемлекеттік актілерді, басқа ұйымдардың актілерін және халықаралық келісімдерді орындауын айтады.
Биржа ісін реттеуді мынадай өкілетті ұйымдар немесе органдар атқарады:
мемлекеттік органдар;
бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар немесе нарықты өзін-өзі реттеушілер;
қоғамдық реттеу, яғни мемлекеттің кейбір реттеу қызметтерінің іске асуының алгы шарты - қоғамдық пікірді ескергендігі.
Биржалық нарықты реттеудің міндеттері; Біріншіден, биржалық нарықтағы тәртіпті қадағалау, биржаға қатысушылар үшін жұмыс істеуге барлық жағдайларды тудыру. Екіншіден, биржаға қатысушыларды кейбір теріс ниеттілерден және алаяқтықтан, қылмыстық әрекеттерден және жалпы қылмыстан қорғау.
Үшіншіден, сұраныс пен ұсынысты шоғырландыру негізінде емін-еркін
және ашық биржалық баға белгілеу процесін қамтамасыз ету.
Төртіншіден, кәсіпкерлікке ынталы болу үшін және кәсіпкердің әрбір тәуекелі сыйақыға бара-бар келетін тиімді нарық құру.
Бесіншіден, жаңа биржалық нарықтарды құру, биржалық құрылымдардың жаңалықтарын және бастамасын қолдау және т.б. іс-әрекеттер жүргізу.
Алтыншыдан, биржалық нарықтың кәсіби қатысушыларын таңдап алу. Кәсіби делдалдар білімі, тәжірибесі және капиталы бойынша өкілетті органдардың талабын қанағаттандыруы тиіс. Себебі қазіргі биржалық нарық онысыз кызмет ете алмайды.
Жетіншіден, барлық нарыққа қатысушылардың нарық нормасы мен ережелерін орындауын бақылау. Бақылауды тиісті бақылау органдары жүргізеді.
Сегізіншіден, биржада орнатылған нормалар мен ережелерден ауытқығаны үшін жазалау шараларын қолдану. Ондай шараларға мыналар жатқызылуы мүмкін: ауызша және жазбаша ескертулер, айыппұл төлеу, қылмыстық жазалау, биржа мүшелігінен шығару.
Биржалық нарықты реттеу принциптері әлемдік биржалық нарықтың сан ғасырлық тәжірибесінде қалыптасқан. Ол принциптердің негізгілерін атап өтелік:
Біріншісі, бір жағынан биржадан тыс нарыққа қатысушыларға байланысты реттеу тәсілін ажырату болса, екінші жағынан, биржалық нарықтың кәсіби қатысушыларына байланысты реттеу амалы.
Екіншісі, биржалық нарықта болып жатқан ақпараттарды мүмкіндігінше толық жариялау. Нәтижесінде нарыққа қатысушылардың қажетті іскерлік шешім қабылдауларына мүмкіндік туып қана қоймай, сондай-ақ биржаға және оның мүшелеріне деген сенім артады.
Үшіншісі, қызмет көрсету сапасын көтеру және оның құнын төмендетудің объективті механизмі ретінде бәсекелестікті қамтамасыз ету.
Төртіншісі, ереже шығармашылығы мен ереже қолдануды бірдей басқару немесе реттеу органдарына осы екі істі қатар атқаруға рұқсат бермеу.
Бесіншісі, норма шығармашылығына жариялылықты және нарық проблемаларын көпшілікте талқылауды қамтамасыз ету.
Алтыншысы, әлемдік тәжірибедегі сабақтастық (жалғастырушылық) принциптерін отандық биржалық нарықты реттеуде қолдану.
Жетіншісі, биржа ісін реттеуді мемлекеттік және мемлекеттік емес басқару органдары арасында үйлесімді бөлу.
Биржалық нарықты мемлекеттік реттеу жүйесіне біріншіден, мемлекеттік және басқа да нормативтік актілер, екіншіден, мемлекеттік реттеу және бақылау органдары жатады.
Нарықты мемлекеттік басқару формасы тікелей, немесе әкімшілік басқару мен жанама, немесе экономикалық басқаруды біріктіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |