Жеткізу мерзімі ұзартылған мәміленің дереу жеткізу мәмілесінен айырмашылығы:
Біріншіден, бұл қоймада бар тауарға да жасалатын, сондай-ақ жеткізу мерзіміне қарай болашақта өндірілетін тауарға да жасалатын мәміле.
Екіншіден, оны орындау мерзімі бекіту мерзіміне сай келмейді, әдетте бұндай мәмілелер бір жылдан аспайтын мерзімге бекітіледі.
Үшіншіден, жеткізу шартымен рәсімделеді, яғни сатушы тауарды сатып алушыға бекітілген мерзімде жеткізіп беру үшін өзіне міндеттеме алады, ал сатып алушы шарт бойынша тауарға төлем төлеуге және тауарды қабылдап алуға міндеттенеді.
Жеткізу мерзімі ұзартылған мәміле немесе форвардтық мәміле қауіпті, яғни тәуекелі жоғары деп саналады, себебі бір жақтың мәмілені орындауды кешіктіруінен немесе орындамауынан сатушы да сатып алушы да зиян шегуі, яғни шығынға ұшырауы мүмкін.
Осы мәмілеге байланысты тәуекелді төмендету үшін биржалық тәжірибеде форвардтық мәміленің басқа да түрлерін пайдалануға болады.
Алғашқыда мәміленің орындалуын қамтамасыз ететін кепілдікпен мәміле пайда болды. Кепілдікті бір жақ екінші жақтың алдында міндеттемесін орындайтынын сендіруі үшін төлейді. Сондықтан сатып алуға кепілдікпен мәміледе ақы төлеуші - сатып алушы, ал сатуға кепілдікпен мәміледе төлеуші - сатушы.
Форвардтық мәміленің келесі түрі - сыйақымен мәміле. Сыйақы төлеушіге не мәмілені орындауды талап етуге, не мәміледен бас тартуға мүмкіндік береді. Сыйақыны сатушы да, сатып алушы да төлеуі мүмкін. Сыйақымен мәміле қосарланған мәміледе де болуы мүмкін. Онда төлеуші оны екі есе төлеп, сатушы не сатып алушы позициясын алуға құқылы. Бұндай мәмілелер дилерге тиімді деп есептеледі.
Сыйақымен мәміле күрделі де болуы мүмкін. Онда төлеуші қарсы екі мәмілені біріктіреді, яғни сыйақыны өзінің екі контрагенті төлейді. Ол біреумен сатып алу мәмілесін, ал екіншісімен сату мәмілесін жасасады.
Достарыңызбен бөлісу: |