Бағдарламасы бойынша жарық көрді Салықов К. Шығармалары / К. Салықов. Астана: Фолиант, 2014



Pdf көрінісі
бет10/10
Дата19.02.2017
өлшемі1,85 Mb.
#4507
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

ӨЛЕҢДЕР

315
РАУШАН
Раушан біздің,
Достар­ау, қайда?
Таң гүлі үзді,
Ғұмырын сайда.
Дей көрме:
Солды қыршын жас!
Дей көрме:
Шаттық бір тынбас!
Гүлге айтшы:
Кешір, сағынам,
Жан сырын айтып ағынан,
Тыңдат та,
Сілте гүлбаққа.

316
ЖАС ЖЕСІРГЕ
Лида, досым айнымас,
Ұйқыда жатып тымырсық,
Рахатқа қанып жаның мас,
Жатасың кейде ыңырсып?
Махаббат сәтті шағында,
Арманға нені балайсың?
Сен неге жатып бабыңда,
Қараңғы жаққа қарайсың?
Неліктен маған тез сеніп,
Ес кете салсақ асырды,
Абайлап қалам мен сенің,
Көзіңде жасырын жасыңды?
Ой, санаң неге шашылып,
Қуантпай ынтық хабарым
Қол бере салып асығып,
Қалады суып жанарың.
О, жан жетпес досым­ау!
Тынбайды жасың неліктен,
Күйеуіңді әлде осылай,
Шақырасың ба бейіттен.
Біл, қара жер жұтқандар,
Алады мәңгі шын тыным,
Жаныңда сенің бұққан зар,
Естілмес ыңқыл­сыңқылың.
Тым ерте сенің жан жарың,
Соңғы дем бітіп тез тынды,
Рахатқа бөлеп жан, тәнін
Төсіңде жатып көз жұмды.
Ұйқысын жалғар молайта;
Қос жүрек біздің гүл еккен.
Қызғаныш жасап ол қайта,
Оралмас жым­жырт түнектен;

317
Пәк түнді бұзбас найзағай,
Көлеңке безіп ғұрпынан,
Қос ғашықты аңдамай,
Шақырмас күнді ұйқыдан.

318
АЛЬБОМҒА
Махаббат өтер, тілектер өшер,
Жоғалтса жарық өз сәнін;
Түсірмес еске өткенді бекер,
Бір хабар айтар тоқтамын.
Парақтар сөйлеп, есіркер бізді,
Тастайын мен де жеп­жеңіл ізді.

319
К...
Бақытты сол ғой,
Аңдатып саған қарқынын,
Еркелеп жетіп,
Өткізген сәтті әр күнін;
Әкеткен жаттап
Пәк қимыл, тәтті сөзіңді,
Жан жалғар күлкі,
Жүректе қалған жарқылын.

320
ЛИЛАҒА
Лида, Лила! Дерт басты,
Сағыныш жүрек жарады.
Өлімге күнім жалғасты,
Жалыным өшіп барады;
Махаббат маған азап­сын:
Күлесің сен жоқ менсінген.
Күле бер, бәрібір ғажапсың,
Сезімсіз салқын көркіңмен.

321
ДОРИДА
Дориданың ұнайды алтын шашы да,
Нәркес өңі, көгілдір көз бен қасы да.
Достарымның тастап тойын мен кеше,
Құшағында салдым ерке асырға.
Қыза, қыза жеттім шалқып, тасуға,
Күш бұйыртты рахат селін асылға,
Есім кетті, бірақ түнгі асырда,
Кеттім одан ойда көркі басымға,
Түнгі мұңым тап осынша тасыр ма,
Басқа жанды елестеттім қасымда.
21­256

322
КҮТУШІМЕ
Жан досы қатал күндердің,
Аршыным менің қаусаған!
Ну орман шетте үн бердің,
Тосумен мені шаршаған.
Терезе жақсы сынауға,
Сағатты қойып орынға.
Құлағын жарар бұрауға,
Күстенген жатық қолың да.
Қақпаға қарап әр нені,
Көкірегің болжап меңгерді.
Сағыныш, өмір тәлкегі,
Қысады­ау сенің кеудеңді. 

323
К...
Сен құдайы анасың,
Басқалар жеңсе сәнімен,
Киелі абыз, данасың
Әйелдің озған бәрінен;
Сен емес тапқан Христосты,
Сұрамай рұхсат жарынан.
Басқаша құдай күн тосты,
Сұлулық бойға дарыған.
Парни, Тибула, не Мурды
Есіме күштеп саласың,
Құдай деп олар таныған,
Өзіңе тартқан Амурды,
Құдай ғып тапқан анасың.

324
Ф.Т.-ҒА ЖАУАП
Черкестің қызы емес ол,
Бірақ та, Грузия нұры тән.
Жол табар әсте үзбей қол,
Қазбектің ойлы шыңынан.
Асыл тас емес көзі де,
Бірақ та, Шығыс байлығы,
Жетпестей нұрлы өзі де,
Жанары әлем Ай, күні.

325
АННА Н. ВУЛЬФҚА
Такаббар қызға мен бекер,
¥сындым махаббатымды!
Атым да жақпай селк етер,
Ол қайтсын менің затымды.
Жүректі жасқа тойдырар,
Қақ жарып қана қойдырар.

326
К.А.ТИМАШЕВАҒА
Мен сізді көрдім, оқыдым,
Шығарған қолда барыңды;
Оңаша ойлар отының,
Арманы толы сарынды.
Жанарыңнан у таттым,
Жаның да жайсаң құбылыс.
Сүйкімді нәрлі тіл таптым,
Өлеңің болды тың ырыс.
Раушанды бақас таныған,
Жайлапты арман өзге де.
Болыппын шат, шадыман,
Ұйқасы аз қара сөзге де.

327
К***
Мезгілсіз келген жан мұңын,
Жабырқап, жалғап не керек.
Айрылысар күндер қалдығын
Қасіретке бөлер не себеп?
Қайғылы көзді аңдарсың!
Далада қалмай бір белгің.
Естеліктерін аңсарсың,
Жоғалған алыс күндердің.
Қуғын мен әлде табытпен,
Боларсың дайын сорлы жан:
Бір сөзін сатып алып сен,
Күн туар ізін аңдыған.

328
ЕК.Н. УШАКОВАҒА
Тақаса алшақ кетер кез,
Мен сізден әсте көз жазбан.
Қажыған тіл, тұйық сөз,
Жадыма сырын көп жазған.
Тымықта мұңға кім тоймақ,
Сізді аңсап үнсіз ашынсам,
Күрсінерсіз бе мені ойлап,
Егерде дарға асылсам.

329
МОЙЫНДАУ
 
Александра Ивановна Осиповаға
Сүйемін сізді – еркелеп,
¥ялшақ міндет орындап.
Тынышсыз сәтте елгезек,
Бас ием сізге мойындап.
Келіспес маған, жас та мол,
Ақылмен келмеу бітімге.
Түсінер бәрін белгі сол:
Махаббат дерті ішімде.
Сіз жоқта есінеп қысылам,
Сіз барда шыдай білем көп.
Айтқым да келіп ұмсынам,
Періштем сені сүйем деп.
Естісем қонақ бөлмеден,
Әр қадам көйлек шуылын,
Даусыңды жүрек емдеген,
Ес кетер шықпай дым үнім.
Күлсеңіз алар жан рахат,
Кетсеңіз теріс – сағынам.
Күн бойғы осы «марапат».
Қол берсеңіз табынам.
Отырсаңыз төргі бөлмеде,
Еңкейіп, сәл­пәл сенделе
Төгіліп төмен көз бен шаш,
Сүйсініп толқып мен неге,
Баладай балқып болам мас.
Бақытсыз сәт деп айтайын,
Қызғаншақ менің қайғымды.
Десеңіз қыдырып қайтайын,
Ауа да реңін сай қылды.
Көз жасыңыз оңаша,

330
Тұрғанда бірге сөзіңіз.
Опочкаға жол аша,
Фортепьяно барлар едіңіз.
Алина! Маған аяу ет.
Тілеу жоқ сізден махаббат,
Күнәм бар айтпас жола деп,
Сол үшін болғай маған жат.
Әлде бір туып құмар күн!
Етсеңіз қулық сынар кім!
Алданымпаз шығармын!
Алдануға құмармын!

331
А.П. КЕРНГЕ
Жадымда ғажап сол бір кез:
Алдымда тұрдың мүлтіксіз,
Елестей ғайып өткен тез,
Сұлулық тәңірі кіршіксіз.
Үмітсіз қасірет мұң артқан,
Үрейсіз дүрмек ішінде
Нәзік үн кетпей құлақтан,
Баурады бейнең түсімде.
Бұрқасын жылдар шұбырды,
Ескі арман естен сейілді.
Ұмыттым нәзік үніңді,
Жүзіңді жұлдыз мейірлі.
Қараңғы қапас жерде жат,
Жылжыды күндер көңілсіз,
Көз жасым, шабыт, махаббат,
Тәңірімсіз және өмірсіз.
Оянған жаным келді кез,
Оралдың қайта мүлтіксіз,
Елестей ғайып өткен тез,
Сұлулық тәңірі кіршіксіз.
Жаңғыртты жүрек желігін,
Ол үшін туды қат­қабат:
Көз жасым және өмірім,
Шабытым, тәңірім, махаббат.

332
К....
Сұрай көрме,
Сары уайымға салынып,
Неге жүрем шатты күнде қамығып,
Неге өмірге мұңлы көзбен қараймын,
Тәтті ұйқыда жатуға да жалығып.
Сұрай көрме, суық қаным жайпаған,
Қалай сөнді деп махаббат айта алам,
Сүйіктім деп атамаймын ешкімді,
Бір сүйген жан күйіп, жанбас қайтадан.
Бақыт көрген бақытты өзге білмейді,
Аз мезеттік рахатқа жан гүлдейді:
Жастық шақ пен шат құшақтың орнында,
Сал бойыңды сары уайым билейді.

333
АЛЬБОМҒА
Қуғындалсам әмірімен тағдырдың,
Алыс жаққа Москвадай алыптан,
Сіздің жүрген жерді ойлап жаңғырдым,
Сұлулықтың гүл, бақшасын танытқан.
Астананың даңғазасы толқытып,
Онда өткен күн болды мұңлы несібе.
Тек қана сіз толқығанда мадақтап,
Москваны түсіресіз есіме.

334
АДЕЛЬГЕ
Ойнашы, Адель,
Шаттыққа кенел,
Хариттің Лелі,
Ат қойып сені
Бесікке салып тербетті,
Әлдиледі әндетті;
Көктемің ашық,
Тыныштық шашып,
Жаралдың жайсаң,
Ләззатқа ғашық.
Құштарлық жалға,
Құлшынбай қалма!
Балдырған шақты,
Сүюге арна;
Сезімге сергек беріл де,
Сүйші, сүй Адель,
Сыбызғымды менің де.

335
НАТАШАҒА
Жарқын жаз жүдеп жабықты,
Ашық күн жылдам жоғалды.
Көк тұман сұрқын сабылтты,
Қалғыған түнге оранды.
Бос қалды шүйгін сай­сала,
Бал бұлақ суық буланды.
Ну орман қаусап, айнала,
Көгілдір аспан сұрланды.
Наташа – сәулем! Қайдасың?
Еш пенде көрмей сенделдік.
Досыңа арнар бар ма асыл,
Бір сағат жүрек емдерлік?
Толқыған көлдің үстінде,
Әлде ағаш бауырын тасалай
Мен жүрмін күндіз, не түнде,
Кездесу сәтін жасамай.
Қыс қыраулы тез келер,
Аралап орман даланы.
Лашықты жарық меңгерер,
Жарқ етіп түтін жанары.
Көре алмай сонда ғажапты,
Шымшықтай тап­тар тордағы,
Шегеді­ау, көңіл азапты,
Наташа қинап ойдағы.

336
Н.А. ПЛЮСКОВАҒА
Кішіпейіл, қасиетті өлеңмен,
Мақтамадым құдайларды жердегі.
Азаттықты тұмар еткен өнермен,
Маған жақпас жағымпаздың ермегі.
Еркіншілік әрекетін қуған көп,
Соған ғана жан аямай қызам мен.
Патшаларды жұбатуға туғам жоқ,
Ұяты мол, мейірім төккен музаммен.
Бірақ шыным, Геликон салған қалыппен,
Касталийский от қызуын тәнті еттім.
Аполлон өзі қолдау еткен шабытпен,
Елисаветаны мен құпия әндеттім.
Көктегінің жерде жүрген куәсі,
Болғандықтан көңіл құсы жалғанып,
Тағына еттім мейірбандық рәсім,
Пәк сұлулық нұр шашқанын аңғарып.
Махаббат пен бостандық сыр ашарда,
Ұраны сол әділ жүрек антының:
Сатылмайтын өр дауысым қашан да,
Жаңғырығы болды орыс халқының.

337
М.А. ГОЛИЦЫНАҒА
Ол жайлы айтар барымды,
Сақтадым жүрек түбінде,
Жанары шалған шағымды,
Шаттығым көрем бүгін де.
Бал ашқандай бай талап,
Айтса өлең мұңлы хабарын,
Әп­сәтте өзі қайталап,
Аңғартты ынтық назарын.
Жыр төккен көздің жасына,
Әу, демде жаны астасты.
Бұл күнде қосып даусына,
Сұлу ән бізбен достасты.
Тоқтатсам паңдық індетті,
Болғаным жатпас ішімде:
Даңқым үшін міндетті,
Мүмкін шабыт үшін де.
22­256

338
П.А. ОСИПОВАҒА
Мүмкін қалды аз уақыт,
Айдауда бейбіт жүруге.
Қарияны ойлар наз татып,
Ауылда өлең маздатып,
Жайраңдап еркін күлуге.
Алыста бөтен елде де,
Сарқылмас ойдың түйдегі.
Сандалсам Пригорск маңында,
Өзен, сай, таулы жарында,
Жайласам бақты үйдегі.
Ашық күн нәзік ашқандай,
Бейіттен терең жол бастап,
Туған жер төрін тапқандай,
Көлеңке түсіп жатқандай,
Тұрармын ынтық көз тастап. 

339
***
Ескерткіш өзіме орнаттым келмес қолдан,
Ескірмес соқпақ оған халқым салған;
Александр мұнарасынан оза тартып,
Бас имей асқақ шалқып дараланған.
Жоқ, мүлдем мен өлмеймін, мүрдем салқын,
Қаусаса сақталармын жырда жарқын.
Атағым алшаң басар Ай­әлемде,
Сау қалса, тым болмаса жалғыз ақын.
Ұлы орыс жерін кетер атым шарлап,
Паш етер барша тілдер құрмет арнап;
Өр славян, финдер және тағы тұңғыс,
Үндесер дала досы қырда қалмақ.
Оятқан ізгі жырым пәк тілегін,
Суытпас сүйсінуін халқым менің,
Азатшыл болдым қатал ғасырымда,
Жарлыға қайырымшыл тиер себім.
О, муза, тәңір сөзін тыңда сен де,
Шошыма зәбір шексең, тәжге сенбе.
Мақтауды, жаланы да бейжай тыңдап,
Ақымақтан асамын деп әуреленбе.

340
ЧААДАЕВҚА
Махаббат, үміт, шусыз даңқ,
Алдады үзақ тұра алмай,
Желігі өтті жастық шақ,
Көрген түс, таңғы тұмандай.
Суымас бірақ, қанымыз,
Жәбірлеп тағдыр басынса;
Тыныштық таппас жанымыз,
Жәрдемге Отан шақырса.
Күтеміз мойып жасқанбай,
Еркіндік берсе өжет үн.
Жас жігіт аңсап тосқандай,
Кездесу сәтті мезетін.
Ар үшін қуат жалғайық,
Суытпай жүрек қарқынын.
Отанға досым, арнайық,
Асау жан жайсаң шалқуын.
Иланшы, жолдас: жағылар,
Бақ жұлдызы жап­жарық;
Ұйқыдан Ресей арылар,
Қалдығында патшалық,
Атымыз біздің жазылар.

341
ТІЛЕГІМ
Барады баяу басып әрбір күнім,
Әр мезет қаяу жүрек жаңғыртты үнін,
Оятты ессіз қиял толқындарын,
Бақытсыз махаббаттың барлық мұңын.
Тіл қатпан. Шықпас үнім енді маздап,
Мұң басар көздің жасын төктім аздап,
Шырмалды сағынышқа шыбын жаным,
Солардан тапты көңіл ащы ләззат.
Өт өмір! Өкініш жоқ дым үндемен,
Бос елес өш қараңғы түніңменен.
Азабы махаббаттың маған қымбат,
Мейлі өлем. Өлем сүйген күйімде мен!

342
СОНЕТ 
Қатал Дант сыйлап өтті сонетті де,
Петрарка махаббаттың әні етті де,
Макбеттің жасаушысы сүйді оны,
Наз орап Камоэнс мұң шекті де.
Қазіргі ақынды да қызықтырды,
Ворсворд сонет – қанжар тізілттірді.
Шалғайда күйік өмірден қолы боста,
Қозғады табиғаттан қызық сырды.
Таврида шыңдарында жыр тулады,
Жыршысы Литваның әдеппенен,
Ақтарды көңіл күйін сонетпенен.
Білмеді­ау, біздің елдің сұлулары,
Дельвиг те самғап берді жыр бабымен,
Киелі гекзаметр ырғағымен.

343
АҚЫНҒА
Мансұқ етпе ақын, сыйын халықтың,
Тез өтеді шулы сезім желігі.
Есерді ұқ, естіні де анық біл,
Салқын қауым бол төзімге берігі.
Сен патшасысың; өз жолыңмен дара тарт,
Еркін ақыл, күшке сенер жамағат.
Сүйікті ойын төксін көпке ашық сыр,
Бірақ күтпе шарапатқа марапат.
Бәрі өзіңде. Биік сотсың озіңе,
Қатал шешіп, әділ айтқан созіңе,
Ризасың ба суреткерім жігерлі?
Ризасың? Шынын айтар маңайың,
Сені мақтар сыйлап жалын арайын
Жас баладай қозғар түскен шідерді.

344
ОЯНУ
Армандар­ау, армандар,
Бал ләззат қайда үзімі?
Қайда екен,
Қайда қалған зар,
Түндерің рахат қызығы?
Өшті де кетті
Ерке түс өтті.
Түн­түнекке
орандым,
Жапанда жалғыз
ояндым.
Айналам төсек,
Мылқау түн.
Тоңазып қалсам,
Кетті ұшып шапшаң
асыл мұң;
Ұзаққа бағыт алғандар,
Махаббат берген армандар.
Ортайтпай ғана,
Жанымның толы тілегін,
Аулады сана,
Көрген түс тәтті легін.
Махаббат, қолдап,
Көрсетші қамқор күшіңді:
Табынған сорлап,
Қайтаршы, көрген түсімді.
Күн шыға көніп,
Қоя алмай,
Кетейін өліп,
Оянбай.

345
* * *
Болжаған өтті көп тілек,
Өшті арман ынтық өрісі.
Бұйырды салған азапқа,
Бос жүрек мұңлы жемісі.
Тағдырдың қатал дауылы,
Солғызды тәжде гүлімді.
Жалғыздық жетті дәуірі,
Тосумен соңғы күнімді.
Кеш соққан аяз жұта ма,
Ысқырған боран ақ шұнақ;
Қалшылдап қалды бұтада,
Жалаңаш жалғыз жапырақ.

346
СЫЙЛАСҚА 
Құбылма, сыйлас досым­ау,
Апайтөс бақас, зор жігіт.
Шошытпас жырым осынау,
Мұңымды ұғар жоқ үміт.
Қызғанбай қол бер, амандас,
Желмінез әрі жалқаумын.
Сұлуың есті балғын жас,
Ашу жоқ, менде, аңқаумын.
Ол – Лаура ғажап жаралған,
Мен Петрарка бола алман.

347
* * *
Қашан да нәзік махаббат,
Беріктеу дос пен туыстан;
Тұрса да дауыл анталап,
Сәт табар жаны ұғысқан.
Дәл солай. Бірақ жаңа салт,
Табиғат тосар босқа шарт.
Қауымның ойы күдік қой,
Осал жыныс түбіт қой.
Еркектің жеңсе талғамы:
Ол айтқан өмір маңызы,
Жақсы әйел міндет парызы;
Сол бикеш сізді алдады,
Десем мен оқыс сәтті айтам
Жүрекпен ойнар ақ сайтан.

348
* * *
Татьяна солып барады,
Таңдайдан дыбыс тарамас.
Қызыққа сөнді талабы,
Сергуге бірі жарамас.
Бастарын шайқап көршілер,
Күңкілдер сөгіп, ерсі дер.
Жетті дер қыздың мезгілі!
Тоқтайтын, тусын сөз гүлі.
Ой қозғап етем өкініш;
Бақытты гашық салтымен,
Сыр бермес жүрек қалпымен,
Қаулап тұр іште өкініш;
Айтуға соны асықтым:
Татьянаға өзім ғашықпын.

349
* * *
Кімді ойлап, кімге сенерміз?
Айнымас жанды анықта...
Іс пен сөз парқын көрерміз,
Өлшенсе біздің қалыпта.
Ол баспай өсек­аяңға,
Көңілде ермес алаңға.
Қатеміз оған қайғы емес,
Жайламас жанын жат кеңес.
Бос елес іздеп отырсың,
Әр істің артын түйе біл,
Өзіңді өзің сүйе біл,
Мәртебең зор оқушым!
Қолдарсың, мейлің қолдама:
Бәрінен артық сол ғана!

350
АДЕЛЬГЕ
Ойнашы, Адель,
Шаттыққа кенел,
Хариттің Лелі,
Ат қойып сені
Бесікке салып тербетті,
Әлдиледі әндетті;
Көктемің ашық
Тыныштық шашып,
Жаралдың жайсаң,
Ләззатқа ғашық.
Құштарлық жалға,
Құлшынбай қалма!
Балдырған шақты,
Сүюге арна;
Сезімге сергек беріл де,
Сүйші, сүй, Адель,
Сыбызғымды менің де. 

351
* * *
Ол құмар – бізге татымсыз,
Жұрт сүймеске сыйынған.
Ақынның жаны ақылсыз,
Махаббатқа бұйырған.
Арылмас жалғыз қайғысы,
Сөнбейтін асыл арманы –
Сол ғана қиял жан құсы,
Тірліктің мақсат бар мәні.
Сөз болмас көп жыл көрмеуі,
Шабытшыл асау шағы да.
Шет елдің арулары да,
Ғылым мен өмір өрлеуі,
Бәрінен бойын суытқан,
Қыз­алау ғана жылытқан.

352
* * *
Татьяна хаты алдымда;
Қастерлеп оны қорғаймын,
Орандым құпия зар­мұңға,
Қанша оқысам тоймаймын.
Кім берғен сонша нәзіктік,
Ләззатшыл тәтті сандырақ?
Пәк сөзді мөлдір азық қып,
Қалғандай жүрек балбырап.
Қызықты бұзық үзгендей,
Ұқсаймын ұқпай қалғанға
Мінеки, өлі аударма;
Суреттен тірі тізгендей,
Сұр мерген оған қол салмай,
Сым саусақ қыздар жазғандай.

353
* * *
Қарғаға қарға қарқылдап,
Шулайды көкте қарқындап.
Біз жерге қашан түсеміз?
Түскі асты қайдан ішеміз?
Қарғаны қарға дәл тапты,
Түскі астың жөнін аңдатты:
Түбінде жатыр шіліктің,
Денесі батыр жігіттің.
Кімдерден мерт боп жүрегі,
Тынғанын сұңқар біледі;
Біледі қара биесі,
Жан жары – шаңырақ иесі.
Ақ сұңқар самғап ұшқанда,
Бұйырды бие дұшпанға.
Күтуде ару, жоқ жоқ үрей,
Өлі емес жарын тірідей.
23­256

354
* * *
Әр түрлі әуре қыздырып,
Уақытты тым көп жоғалттым.
Таппаса ақау ізгілік,
Би кешін келмес доғартқым.
Сүйемін тулап бұла күш,
Тар жерді жайлап қуаныш,
Кисе ару бойға дөп киім.
Қос балтыр қандай, тек қиын,
Ресейде бүкіл табылмас
Сымбатты балтыр үш пары,
Есімнен көп жыл шықпады
Екі аяқ... десең жаным мас,
Түсіме кіріп жүдетті,
Қозғап жүр әлі жүректі.

355
* * *
Шіркін­ай, қашан, қай шөлде,
Ұмытар есуас оларды?
Қос балтыр жүрсің қай жерде
Көктем боп қай гүл оралды?
Шығыстың шуақ шағында,
Солтүстік мұңлы қарында
Қалмады­ау, басқан ізіңіз,
Көк кілем көркін сүйдіңіз;
Мөлдір шық сипап моншағын,
Мен қашан болдым ұмытқан
Атақ пен көңіл суытқан
Атамекен қоршауын?
Балғын шақ өшті алдымда,
Ізіңдей сенің шалғында.

356
АРАКЧЕЕВКЕ
Ресейде қатал әмірші,
Губернаторларға зәбірші,
Кеңеске ұстаз тосқауыл,
Патшаға жақсы дос­бауыр.
Ызақор, кекшіл, тым ақымақ,
Сезімсіз, арсыз жын парнақ.
«Кім?» десең осынау жарымес,
Көк тиын тұрмас ол – солдат.

357
Н.Н. ПУЩИНГЕ
Алғашқы досым,
Досымсың менің құн жетпес!
Тағдырға алғыс арнадым:
Аулада қармен бүлк етпес,
Қосылып қоңырау мұң тектес,
Естілсе келіп қалғаның.
Періште, пірге жалынам,
Айдауда жебеп, әу десін.
Көншісін көңілің ағынан,
Берсін деп саған табынам,
Лицейдегі күндер сәулесін.

358
ТІЛЕГІМ
Барады баяу басып әрбір күнім,
Әр мезет қаяу жүрек жаңғыртты үнін,
Оятты ессіз қиял толқындарын,
Бақытсыз махаббаттың барлық мұңын.
Тіл қатпан. Шықпас үнім енді маздап,
Мұң басар көздің жасын төктім аздап,
Шырмалды сағынышқа шыбын жаным,
Солардан тапты көңіл ащы ләззат.
Өт өмір! Өкініш жоқ дым үндемен,
Бос елес өш қараңғы түніңменен.
Азабы махаббаттың маған қымбат,
Мейлі өлем. Өлем сүйген күйімде мен!

МАЗМҰНЫ
Евгений Онегин ................................................................................. .3
Бірінші тарау.......................................................................................7
Екінші тарау ..................................................................................... 35
Үшінші тарау .................................................................................... 55
Төртінші тарау .................................................................................. 78
Бесінші тарау .................................................................................... 99
Алтыншы тарау ............................................................................... 120
Жетінші тарау ................................................................................. 141
Сегізінші тарау ................................................................................ 167
А.С. Пушкиннің «Евгений Онегинге» ескертпелері .............................. 194
«Онегиннің саяхатынан» үзінді ......................................................... 201
Таңбасы құпия шумақтар ................................................................. 211
Қысқаша түсініктер ......................................................................... 216
Таңбасы құпия шумақтарға түсініктер ............................................... 217
Қанатты сөздер мен нақылдар.............................................................219
Крылатые слова и офоризма...............................................................219
Указатель­түсінік ............................................................................ 305
Өлеңдер...........................................................................................313

Кәкімбек Салықов
ШЫҒАРМАЛАРЫ
Үшінші том
А.С. ПУШКИН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНАН 
ТӘРЖІМЕЛЕР
Редакторы Ботагөз Мұхиден
Техникалық редакторы Эльмира Заманбек
Көркемдеуші редакторы Жеңіс Қазанқапов
Корректоры Венера Ғайнуллина 
Компьютерде беттеген Ұлжан Бердібекова
Басуға 02.10.14 қол қойылды.
Пішімі 60х90 
1
/
16
. Қағазы офсеттік. Офсеттік басылыс. 
Шартты баспа табағы 22.5
Тапсырыс №256. Таралымы 2000 дана.
«Фолиант» баспасы
010000, Астана қаласы, Ш. Айманов к., 13


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет