Бағдарламасы бойынша жарық көрді Сәдуақас Т. С 28 Шығармалар жинағы. Алматы: «Сораба» қоғамдық қо



Pdf көрінісі
бет16/19
Дата19.01.2017
өлшемі1,82 Mb.
#2223
түріБағдарламасы
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

II. КЕЙІНГІ ЗАМАН
40. Валериан Куйбышев:
Еркіндік құмар елге жұт,  – Ескілік торы, мұң-нала...
Есейіп кеттім ер жетіп, Есімде жүрді бұл дала!..

294
Сан ғасыр қажып сұмдықтан, Езгіге түскен қанша адам. 
Құтылу осы құлдықтан, – Арманы еді аңсаған.
Қаналды қанша бұл бауыр, Еңсесін басып мұң-қайғы. 
Серпілтер оны бір дауыл, Болады, болмай тұрмайды.
Көңілі өсіп халқымның, Азаттық таңын тойлайды. 
Нұр төгіп ертең алтын күн, Шығады, шықпай қоймайды!
Россия – анам ашынған, Тыюға аққан көз жасын; 
Жолына соның жасымнан, – Басымды тіккем өз басым. 
Жолында осы тартыстың. Талабын ердің ұштаған; 
Ілімі Ленин, Маркстің, – Азаттық жөнін нұсқаған.
Аптапта, аяз өтінде, Бейнетке батқан бәлен мың; 
Жұмылды ол азат етуге, Жұмысшы табын әлемнің.
Талқандап, салып дүмпуге, Әлемді ескі, самарқау. 
Бұрқ ете қалды бір түнде, Революция – Жанартау!
Бойында оның дәуірдің, – Қайраты, арман, тілегі;
Күреспен өскен қауымның, Ызасы-кегі тұр еді.
Талқан боп тажал талайғы, Еңбекші елді тонаған; 
Азаттық нұры арайлы, – Тарады «Аврорадан!»
Бақыт боп елге қарады, Күлімдеп өзі көсемнің. 
Шартараптарға тарады, Шарапаты бұл нөсердің.
Бостандық келді өмірге, Бөлмейтін ұлы, кішіге. 
Еркіндік келді өңірге, Бөлмейтін ұлтың, түсіңе.
Дала да шықты түнектен, Медет қып осы шуақты. 
Мені де бір кез түлеткен, – Мейірбан анам сияқты.
Не деген, дала, кең едің, Жер едің қандай сұлу сен. 
Ерлікке құмар ел едің, Еркіндікті ерек сүюуші ең.
Жайып тұр бақыт құшағын, Бермеген тақ та тәңірің. 
Жайып тұр алып құшағын, – Большевик, орыс тамырың!.. 
41. Сәкен Сейфуллин:
Питерден бастап дауылды, Қызыл ту шықты желбіреп. 
Қуантқан кедей қауымды, Құшағын жайып елжіреп.

295
Азаттық алып келем деп, Қызыл ат өтті шапқылап. 
Дүние қалды елеңдеп, Дүбірі шығып қаттырақ.
Еңбекші жұртқа таң атып, Ертеңін ойлап қыз-ұлдың; 
Азаттық нұрын таратып, Келеді шығып Қызыл күн!
Соңынан жүгір, жүректі ұл, Бетіңді жаңбыр, сел жуып. 
Тәубешіл жұртым, білек түр, Тәуекелге бел буып!
Қиямет сынға көнесің, Бақыл боп ажал, азапқа. 
Жарқын да жалғыз жол осы, Мұратқа жетер қазаққа.
Тар жолда, тайғақ кешуде, Тағдырын қосқан кең дала. 
Көктейміз, болсын есіңде, Күрескерлерменен ғана!
Күреске бұрдым ат басын, Соңымда халқым, арысым. 
Ашуға бақыт қақпасын, Езілген намыс, ар үшін.
Жуытпай кіршік даңқына, Жаныммен оны қорғадым. 
Алғашқы болып халқыма, Азаттық жырын толғадым.
Айдында еркін құлаштап, Даламмен бірге тербелдім. 
Сол кезде, Көкшем, бір асқақ, Кеудемде шабыт, дем бердің. 
Ізгіні ізгі іздей ме, Сұлуға сұлу құмар ма?! 
Құлпырып тұрды қыз бейне, Көміліп көкшіл мұнарға.
Жайнаған заман нұрымен, Толғадым сұлу өлкемді. 
Бұлбұлдың тәтті үнімен, Жырладым Көкшем, еркемді.
Ғашық боп сұлу өңірге, Елдіктің жырын жалғаймын;
Асық боп нұрлы өмірге, Сұңқар боп көкте самғаймын!..
42. Әбілқайыр Досов: 
Жою үшін үстем тапты жанышқан, 
Ақыл-күшін сарп етті ғой данышпан. 
Қанат қаққан оның ұлы ойлары, – 
Кең далада ізгі үмітпен табысқан.
Ескі дүние құлай ма оңай бірақ та, 
Өттік талай өткелектен сынақта. 
Қараңғы елдің көзін ашып, байлармен 
Кескілестік жету үшін мұратқа.

296
Қиял жетпес кең даламның аумағын, –
Әрлей түсті әсем өскен бауларым. 
Нұрын төкті шалғайдағы шептерге, – 
Шын достығы жұмысшы мен шаруаның!
Шыңдалып сол шыққан төс пен балғадан, 
Достығымның қанатындай талмаған: 
«Петрокөк» темір жолын төседік, 
Россия мен Сарыарқаны жалғаған.
Бір тілегі болатын бұл көсемнің, 
Көгіндей боп осы нұрлы нөсердің: 
Ақ тоқашы бара жатты даламның, –
Аштық көрген сәбиіне дос елдің...
  43. Үкілі Ыбырай:
Бұл ғұмырда көп аралап, көп көрдім,
Ыстықты да, суықты да өткердім. 
Түсі суық озбырлыққа опынып, 
Бір шуағын аңсаушы едім көктемнің.
Қайран жұртым қаумаласып жер үшін, 
Алауыздық кеулеп жатты ел ішін. 
Алтын іздеп шахта салған қулар да, 
Тонап жатты кең даланың кенішін.
Сол шахтада қайла ұстап қолыма, 
Тағы оралдым тонаушының торына. 
Тамыр тауып жұмысшыдан – бағыма, 
Сүлік қанды сора түсті – сорыма. 
Әнге қостым елдің арман, наласын, 
Жыр емдер ме, жүрегінің жарасын. 
Қара тізім жалмап жатты бір кезде, 
«Он тоғыз бен отыз бірдің» арасын.
Үміті өшіп, ар-намысы басылған,
Алаш жұрты алас ұрып, ашынған; 
Ұрыс салып, Төңкерістің күшімен, –
Билікті алып, бай-манапты қашырған.

297
Қолдап енді талғамы артқан тыңдаушым, 
Шықтым төрге саңқылдатып жыр даусын. 
Шабыт берген шадыман жұрт мың жаса, 
Бақыт берген бағыландарым нұр жаусын!
Тұрлаусыз күн мың құбылды тағы да,
Қатыгездік қайта мінді тағына:
Тар қапаста тартып азап, тарығып,
Торығамын «Төрт момынды» сағына!?.
Көрдім солай екі дәуір жалғасын, 
Азат арман енді биік самғасын; 
Гәкку – өмір, гәкку – көңіл, гәкку – жыр, 
Шырқа, шырқа, қанатың тек талмасын!..
44. Ботакөз:
Қамалып қалған түнекте, Қыздары қайран шығыстың: 
Жеткізді-ау, арман-тілекке, Күлімдеп шыққан күміс күн. 
Жасымды тыйды жаңа өмір, Бастады ол ізгі мұратқа. 
Жүйткі деп еркін, кәне бір, Қондырды арман пыраққа.
Жойылды күңдік, жалтақтық, Нұр шашып шаттық алапқа. 
Жадырап сүйген жар таптық, Жайылды еркін қанат та.
Келер деп қашан теңдігім, Бұл күнді қанша көкседім. 
Солғалы тұрған мен бұрын, Гүлі едім бір тал Көкшенің.
Бірі едім биші қайыңның, Сәулесіз семген шер едім. 
Тамырым терең жайылды, Жайқалды жасыл желегім.
Бірі едім сексен көлінің, Тербелген марғау тіршілік. 
Айдынында енді өмірдің, – Аққу боп жүздім құлшынып... 
45. Жақан Сыздықов:
Жаңа заман айдынында мен өстім,
Білім алдым, басқалармен теңестім;
Ақиқаттан қалай аттап өтейін,
Кесірі де аз болмады кеңестің.
Ұжым болып қауымдасқан қазағым,
Замананың тартты тағы азабын;

298
Төрт түліктен айырылып қайран ел,
Ұстап қалды жүгені мен қазанын?!.
Елдің ішін сұмдық аштық жайлады,
Жақсыларды тескентауға айдады.
Туған жерден босып кетті қаншама ел,
Аштан қатып, жапан түзде жайрады...
Шет жағасын мен өзім де байқадым,
Қансырады қайран далам, байтағым.
Голощекин жасаған сол зор қылмыс, –
«Әлі қарттың әңгімесін» айтамын!..
Малы тұрып, мүлкі тұрып самсаған,
Аштан қатты-ау қанша сәби, қанша адам?!.
Қайталанбай сұм заманның қастығы, –
Азат күнге жетсін елім аңсаған!..
46. Есмағамбет Ысмайылов
Ару Көкшем, түлеттің сен қанша ұлды,
Елдің жүгін өрге тартқан нар сынды!
Бауырыңа басып қанша қауымды,
Алқа топта алшаңдаттың Алшынды!..
Туған жерім, туған елім, туысқан,
Ұл-қыздарын бөле-жармай ұғысқан;
Құлагерлер ұрынса да қастыққа,
Шын жүйріктер шығар талай ұлыстан!..
Асыл Көкше, хан ордасы ежелден,
Келе жатсың асып талай кезеңнен;
Асқақ рухың ұрпағыңа мирас боп,
Азбайтынын, тозбайтынын сезем мен!..
III. БҮГІНГІ ЗАМАН
47. Жұмекең: 
Бұл қазақтың маңғаз туған ұлы көп,
Ел бастадым алғашқының бірі боп;
Қиын кезде ғұмыр кештім амалсыз,
Жолда жүрдім сұрағы мен сыны көп!

299
Басымызға түскен шығар ұлы сын,
Жаңа заман ашсын елдің тынысын;
Қатаң тәртіп алды-артыңа қаратпас,
Сақшылықтан басталған бұл жұмысым. 
Аға сұлтан Тоқтамыс би  – бабам бұл,
Маңдай, Ғафар – текті туған табанды ұл!..
Осыншама міндет пенен парыз да, –
Көктен түсе қалмаған ғой маған құр.
Ертелі-кеш еңбек еттім жұртыма,
Іштегі – шер, шығармадым сыртыма.
Ала жіпті аттамадым, арамнан, –
Бір үзім нан салған жоқпын ұртыма.
Қажымастан өрге қанат сермедім, 
Елім үшін ойға баттым, терледім.
Бас ұрмадым өркөкірек мансапқа,
Қазағымның жерін жатқа бермедім!
Алтай, Жайық, Алатаудың төрінде,
Өнер-білім нұрын шаштым өңірге!
Өсіп-өнді содан қанша ұрпақтар,
Түлек болған, тірек болған өмірге!
Сүйдім бәрін қасиетті өлкем деп,
Қала салдым, ғылым өсті өркендеп;
Ұлы өмірдің айдынында шарқ ұрған,
Жұртымды алға жетеледім желкен боп!
Елімді ойлап елікпедім думанға,
Тура сөйлеп жақпадым ба туғанға:
Дүние-мүлкім – болды жалғыз шабадан, – 
Қарау ойлар қызметтен қуғанда!..
Тау тұлғалар атымды еске алды ма,
Жақсылығым әлде ұмыт қалды ма?
Халық айтқан: «Атаңа не істесең –
Келеді деп, соның бәрі алдыңа!..»
Жә, қоялық, бақталастық, қайғыны, 
Туған елдің туар оңнан ай-күні; 

300
Шаттығыңды шырқа ендеше, Оқжетпес, 
Шалқы, шалқы сексен көлдің айдыны!..
48. Мәлік Ғабдуллин:
Жайнаған жаңа өмірді, – Жатқанда жасап жас халық; 
Өрт жайлап бейбіт өңірді, Сұм соғыс кетті басталып.
Ұрпаққа ісін үлгі етіп, Құртуға жауды қан құмар; 
Тайбуырылын гулетіп, Аттанды Қобыландылар.
Елімнен шыққан асыл көп, Жаралы сол бір жылдары. 
Жауына түсті жасын боп, Жұмағалидың жырлары.
Жүрекке кетпес дерт қонды, Түсті ғой қиын басқа азап. 
Ерлікті жырлап мерт болды, Рамазан атты жас қазақ!
Өтті ғой соғыс, не керек, Алапат өрті басылды. 
Жабырқау нұрын себелеп, Қамыққан күнім ашылды. 
Десек те жүрек қаяулы, Мерт болған қанша өмірге. 
Атты енді таңдар аяулы, Аттандық бейбіт өмірге.
Өнерге тартты нар талап, Алаштың төлі – неше адам: 
Ел жүгін кетті арқалап, Ғайнетдин, Шахмет, Есағаң...
Өркенін далам өсірді, Жақандар жырлап жерімде. 
Шаттанған елге қосылды, Шабытым тасып менің де.
Есейді солай сүйікті ел, Дарындар туған айтулы. 
Шақырды шырқау биіктер, – Тұрсынбек, Ебней, Айқынды.
Қайраты тасып, әлденіп, Құлпыра түсті Отаным. 
Сұлу жер жатты сәнденіп, Қиялыменен Шотаның.
Естіртіп асқақ ел үнін, Таланттар қанат сермесін;
Зерделеп жырды Серігім, Сөз кенін Сәкен зерлесін!..
Халықтың сөзі – дария, Жыршыға Көкшем сірә, бай:
Шәкен мен Мұса, Қалия, Маман мен Кәрім, Жұмабай!..
Заманның нұры жауды деп, Көкендер ашар тың қайнар;
Жәудиннің жыры жәудіреп, Құдыкен айтар құнды ойлар!..
Далама бүгін бақ дарып, Жайнады жарқын жаз бағы. 
Елдікті жырлар шаттанып, Еркеш пен Саттар саздары!..

301
49. Фазыл Кәріпжанов:
Өскен жерім Омбы маңы – Шарбақкөл,
Жөн көрсетіп, жолға салып самғатты ол;
Шыққан талай қайсар тұлға, қайратты ер,
Кісілікті мирас еткен ардақты ел!..
Қайран Көкше, аталардың қонысы,
Қашандағы болған елдің өрісі;
Ал Омбыдан білім алып талай жан,
Болғаны шын сол елдіктің жемісі.
Ерте оянып, ел намысын жоқтаған,
Мекен еді Тоқтамыс би тоқтаған;
Омбы жақта елдің шебін қорыған, –
Қыдыр, Серкеш, Баба сынды көп бабам!..
Талаптанып өстік біз де сынақта,
Заман оңай болған емес бірақта;
Туралықтың туын жықпас салдық жол,
Келер ұрпақ, ел жетсін деп мұратқа!
Құтайсын деп қазағымның ертеңі, 
Жетілсін деп елдің балғын өркені;
Жас қауымды аяладық, баптадық, 
Алға сүйреп кең байтақ бұл өлкені!
«Төре жоқта, құл жүреді жораға»,
Әміршіл кез, аярлықсыз бола ма?..
Қиын кезде қияларға жеткізген,
Есті ұлдарын есіне алар ел – ана!..
50. Жәмшит  Қожантаев (Еңбек ері):
Ел жайын көргің келсе қырға қара, 
Айналған мыңғырған мал, мың қалаға. 
Ұғасың ұлылығын достықтың да, 
Еңбекпенен шыңдалған тың далада. 
От алып атқан таңның арайынан,
Маздатқан жыр көкірек сарайынан; 
Жайсаң бір жасампаздық жайып қанат,
Бақытын тапқан мұнда талай ұлан. 

302
Беу, менің, жібек жонды, пүліш далам, 
Береке-бақ төрінде тыныстаған. 
Ерлерің еселеп сол дәулетіңді, 
Жеңіспен желбіретіп ту ұстаған.
Бір ғажайып сенің бұл күзің деген, 
Ұлың да ерек мұндайда, қызың да ерен. 
Жүзуменен жоныңда қызыл кемең, 
Ұлы дүбір күні-түн үзілмеген.
Арманы асқақ осынау нар ұлдарың, 
Ерлікке – ерлік, қосумен арынға – арын; 
Алтын орақ кезінде айғақтайды,  – 
«Ақ түйенің қарыны жарылғанын». 
Алтын орақ – береке, дастарқаның, 
Алтын орақ – мереке, дастандарың. 
Науқан сайын тасытып дән арнасын, 
Даңқың өрлеп биікке, аспандадың.
Тоқмейілсіп қалмауды сүйіпті елің, 
Топ жаруды ойына түйіпті ерің. 
Жеңісіңді паш етсең, тағы да алда, 
Тұрады асқар асу, биіктерің.
Ұл-қызың тұлпар мініп ар-намыстан, 
Озып әлі келер-ау сан жарыстан. 
Мерейің үстем болсын, туған елім, 
Тың далам, мақтанышым, маржанстан!..
51. Бәйкен Әшімов:
Жөргегімде жоғалтып ап әкемді, 
Тағдыр маған талай сынын әкелді.
Қайраттанып қарсы жүздім дауылға,
Өзім біліп, өзім түзеп қатемді.
Қиындықтан қажымадым, қайралдым,
Елден – тоқып, елден қуат алғанмын.
Басқа түскен сыннан ешбір тайсалмай,
Оқ пен отын кешіп өттім майданның!.. 

303
Жақсылармен жақын жүріп сыйластым,
Басымыздан өтті талай қимас күн.
Ел құрасып, өрге басып халқыммен, – 
Қатар жүрдім қасында мен Димаштың!..
Болдым мен де болаттай нық Премьер,
Сайлы жүрдім санатында кілең ер;
Шыншыл болыс Шабақбайдың шырағы ем, –
Қайдан келді десең маған бұл өнер?!.
Қызбаланбай зор мансаптың буында,
Нық ұстадым елдің биік туын да;
Ақ тілекпен ақыл қостым аңқылдап,
Кемелденіп келе жатқан буынға!..
Бақталастық, бақай есеп жоқ есте,
Шықтық біздер сөйтіп үлкен белеске;
Шын талантты шыңдап жолға салатын,
Ата жолы шынында осы емес пе?
Көкшетауда қалды сайрап іздерім,
Қошеметпен көрем елдің жүздерін;
Алқынғам жоқ алтын-күміс арқалап,
Ел ішінен тек жақсылық іздедім!..
52. Ермек Серкебаев:
Еңселі қандай тауларым, Таңдарым неткен арайлы. 
Бүр атып балғын бауларым, Бұлбұлдың әні тарайды.
Жастарым өрге сайланып, Көздерін тіккен алысқа.
Қиялым шынға айналып, Қанатын қаққан ғарышқа. 
Арманы асқақ, өр кеуде, Жұртым бар сергек көңілді. 
Құлшынған бәрі ертеңге, Мұрат қып бейбіт өмірді.
Тербеткен еңбек ырғағы, Бүкіл ел барға қарық боп; 
Әр күннің қызық-думаны, Кеудеге қонған шабыт боп.
Серілер салған мұңлы әуен, Келмеске кеткен бүгінде. 
Іңкәр боп тыңдар күллі әлем, Рухы бар елдің үнімде.
Жерімде өмір гүлдеген, Қанаты әннің жазылар: 
Достыққа көпті үндеген, Біржан мен Ақан сазы бар.

304
Көмейде жырдың кәусәрі, Жөні жоқ әсте таусылар. 
Бақытқа үндер баршаны, Бостандығымның даусы бар.
Қотарып көңіл наздарын, Жазылар талай жыр-дастан:
Паш етіп өмір саздарын, Шалқиды әнім тынбастан!.
53. Мақтай Сағдиев:
Ерлік жолын, елдік жолын таңдаған,
Абылайға серік болған сан бабам;
Жолдыбай би, Қаратоқа, Байтоқа, –
Ақиқаттың ақ жолынан танбаған.
Ел басынна өтті тарих не түрлі,
Өрге шықты, сайға түсті, жетілді;
Көкшетаудың көп шыңының шоғыры, –
Бірі  – Шопан, бірі – Шоқан секілді.
Сол биіктің біреуі еді  – Жылғара,
Аты мәлім патшаға да, қырға да;
Петерборға екі барған майталман, –
Ризамын, қайран бабам тұлғаңа!
Бабалардың біреуі еді –  Қосшығұл,
Сондай әділ, пірадар боп өссін ұл!
Тағы бірі – аға сұлтан Әлібек,
Ел таныған әрі батыр, әрі бек!
Бабамды айтып ер жеткем жоқ бірақ мен,
Қарады өмір бізге басқа сынақпен;
Даңқына сай зор ескерткіш тұрғызып, –
Қалаға атын бер деп әсте сұрап па ем?!.
Талабынан талмай бірақ заманның,
Биігіне шықтым талай қамалдың;
Қала салып, ел құраған кешегі, –
Жақсы істерін жалғастырдым бабамның!..
Оқжетпестен қыран қанат қомдай ма?
Самғап ұштым Торғайға да, Қордайға;
Шыңға өрлесе шынайы ұлдар халқым деп, –
Әділ төре, дәстүр қайссы, жол қайда?!.

305
Елді не істер ерік тисе дойырға?
Қоныс салдым Қылшақтының бойында;
Ісім аян Одаққа да, қазаққа, –
Көкшем, сен де тұрдың биік ойымда!.
54. Еркеш Ибраһим:
Көлдері Көкшетаудың мөлдір қандай,
Қызығын табиғаттың көрдім қанбай...
Баладай мәз боламын айдынында,
Аққуын алақанға қондырғандай!..
Көкшенің сүп-сүйкімді тасы қандай,
Шабытың тауға өрлесең тасығандай;
Шалқимын, шаттанамын, шарқ ұрамын,
Жан сырын жалын атқан жасыра алмай.
Көкшенің қаңқылдаған қазы қандай,
Арысқа айта алмаған базынамдай;
Арманда қалған елім, амал қанша, 
Ақан мен Мағжан жырын жазып алмай?!.
Апырмай, не дей алам бұл Кеңеске,
Бірге – бақ, біреуге тор құрды емес пе?
Мұқалып қалған жырды Мағжаннан соң,
Сүйредім жан ұшырып тың белеске!..
Бұлт болып ел көгінде көшемін мен,
Нәр алар көбелек жан неше гүлден;
Толқын боп айдыныңда толқып-шалқып,
Самал боп Сарыарқада есемін мен!..
55. «Ерсұлтан Әділбеков»:
Еркін едім – адалдықты көздеген,
Еркін едім – өтірікке төзбеген;
Елім үшін еңбек еттім жан салып,
Атақ, мансап іздегем жоқ өзге мен!..
Көкшетауым – кием ғой деп сақтадым,
Торғайымды – толағайдай баптадым;
Қызылорда – қызырым деп түсіндім,
Туған ел деп жүрек гүлін ұсындым!..

306
Көпті қолдап, әділдікті жақтадым,
Жақсыны – ақтап, жамандықты даттадым.
Біреулерге туралықпен жақпадым,
Құлықсыздар құрды қанша қақпанын?!.
Досым көп ед, аз болмады дұшпан да,
Қанат қағып қия шыңға ұшқанда;
Қарғаларын қосып бақты арсыздар,
Мен не дейін мансап деген мыстанға?!.
Енді, міне заман мен заң өзгерген,
Мың құбылды қатар жүрген, көз көрген.
Елдің қамы, жердің бабы болар деп,
Жігіттерге үміт арттым сөз берген...
Азаттық деп қанын төккен, шаршаған,
Арман еткен ата-баба, қанша адам;
Сүйінші елім, жарлық қылып Елбасы, –
Тәуелсіздік келді, міне аңсаған!
Елім, жерім үстемдіктен болды азат!
Ешкімге де болмайды енді қор, қазақ!
Тілім дамып, қабыл болар тілегім, 
Егемендік елдің бағы ол ғажап!
Лүпілдесе кеудемізде мол арман,
Сын мен сынақ шыға берді көп алдан:
Қиындықтар қаптап кетті тек әттең,
Азаттықтың аяғына оралған?!.
Жұмыссыздық, құлықсыздық басталды, 
Бойкүездік билеп алып жастарды.
Елдің ішін ашкөздік бір жайлап ап,
Шетелге асып кетті сәби тастанды?!.
Жұбатамын қалай елді жылаған,
Кейуаналар неге қайыр сұраған?
Қарттар үйі толып кетті неліктен,
Ұл-қыздары тұрған кезде дін аман?
Халық па екен, құлдырауға шақ тұрған,
Нарық па екен қолын байлап, қатты ұрған:

307
Ел күйзеліп, қауым азып, кей ана, –
Шарасыз боп шаранасын лақтырған?!.
Тәуелсіздік болған кезде сонша арман,
Не сұмдық бұл, өзіне-өзі қол салған?!.
Ауылдарды нетсем екен күйреген,
Қарттарымды қайтсем екен томсарған?!.
Қарақшының қолынды жүр қарулар,
Азып дәстүр, арын сатты арулар:
Түзетуге бұл заманның кеселін,
Айтыңдаршы, енді қандай дәру бар?!.
Ел байлығы игілігі баршаның,
Еңбек еткен соған халық қанша мың.
Біреулердің бақытына балау боп,
Салтың азып, сатыла ма мансабың?!.
Шетелге асып темір, уран, мұнайың,
Кембағалдың келтіре ме шырайын?
Қойны-қоншын толтырса егер пұлменен,
Ұры-қары, ұмытқандар құдайын.
Жалған айтып, өсек-жала боратқан,
Бауыр жандар бір-біріне оқ атқан...
Жұмбақ өлім, етек жайып жемқорлық,
Қайран елім, қасиетін тонатқан.
Қамқор болмай қамын ойлап ұлтының,
Ойнаған кім, ойлаған құр құлқынын.
Болмай ма екен «Мың асқанға – бір тосқан»,
Шындық пірі, естімей ме жұрт үнін?
Бұл дүниеге кетпесе егер тас қаптап,
Қасиеттім, болашаққа бастап бақ!
Тәуелсіздік туы жайнап, Оқжетпес,
Ақордаң да тұрар мәңгі асқақтап!.. 
56. Сәкен сері:
Көкшетау бар қазаққа таныс алап,
Абылай – ежелгі салт, кәрі санат;

308
Істері ол бастаған батырлардың, –
Болады ұрпақтарға әлі сабақ!
Көкшетау – сырлы қоныс, нұрлы мекен,
Ел қамын ойлап ерлер тұрды ма екен?!.
Алашқа айбын болған арыстарды, –
Мендағы Мағжанға ұқсап жыр ғып өтем!..
Ұлылар өтті-ау көріп қатал сынды,
(Айта алмай кетті-ау талай Мақаң сырды).
Айрылған Құлагерден қапияда, –
Мені де шер буады Ақан сынды!?.
Кербестім бірде шауып, бірде желіп,
Қабағы ашылмайды күн безеріп;
Тағдыры Құлагердің қиын екен, –
Кім тағы айбалтасын тұр кезеніп?..
  57. Кәкімбек Салықов:
Қара кеңгір, «Қызыл зеңгір», Көк сеңгір, –
Сан асудан асып келдім көшпен бір;
Қанат қағып қай қиырда жүрсем де,
Сағындырып, аңсатады Көкшем бұл!
Ақ жүрегі жаралаған ар-намыстан,
Құт белінде туған небір арыстан;
Құлагерлер шыққан құтты мекен бұл, –
Көшқұлы мен Андағұлдан, Бағыстан!..
Сол санатта самғағанның бірі – мен,
Иықтасып жүрдім талай ірімен;
Мәскеуде де маң-маң бастым, туған ел,
Нүкісте де нар тұлғалы ұлың ем!..
Оқжетпесім, сөз жетпейтін биігім,
Сексен көлім – шаттығым мен күйігім;
Саркеңгірде жезкиігім салса ойнақ, 
Көлбеңдейді Көкшеде ерке киігім!
Сазы қандай самғаған сал-серінің,
Назы қандай ескен самал желінің;

309
Құлагерлер келеді озып бәйгеден, –
Жығылмайды, жырлайды әнін елінің!..
58. Сартай Қожахметов:
Топты жарып ауылдағы жастардан,
Жолым менің Жамантұздан басталған.
Мәскеуде оқып, Қарағанды шәрінде,
Жеткіншектер тобын алғаш басқарғам.
Жамантұзым – Қылшақты мен Бүркітті,
Талай ұлы ел намысын жыртыпты;
Ата мекен Ақсораң мен Балықты, –
Абылайдың ордасы ғой бұл тіпті! 
Жамантұзым – заманының сауыры,
Елге мәлім Әйтімбет би ауылы:
Абылайдың төбе биі олдағы,
Ел сұраған Даңқойменен, бауыры.
Ел басқарып жүрдім неше өңірде,
Соғыс кезі, сұрғылт еді өмір де;
Майдан үшін еңбек етіп тынымсыз,
Үміт жібі үзілмеген көңілде.
Жеңіс келді жамап бәрін жыртықтың,
Ел серпіліп, мен де ертеңге ынтықтым;
Қанат қомдап, жол көрсеттім жастарға,
Қайта түлеп Қарағандым, Бүркіттім. 
Қарқын алды Қарағанды домнасы,
Жайнап өсті Абылайдың ордасы;
Келді еліме Тәуелсіздік аңсатқан,
Құтты болсын, жаңа буын, жол басы!..
59. Төлеген Қажыбай:
Іздегем жоқ орталықтың мансабын,
Алыс кетсем Көкшемді мен аңсадым.
Жұмбағы жоқ менің барлық ғұмырым,
Көз алдында келеді өтіп баршаның.
Біздің әулет, бұлдағы бір өнерлі ел, 
Өткен талай көшелі би, көне ерлер;

310
Бабаназар, Нұрқан, Тұрпан, Тәшен мен, 
Елжас, Жақан, Хажымұрат – кемелдер!.. 
Таныс маған әрбір аймақ, әр ауыл,
Ағалықтың кезегі ме жаңа бұл?
Төлеген деп, сұрайтындай төрелік,
Сөз бастаса Атығай мен Қарауыл.
Ел деп өтті Сәкен, Хамза ағайлар,
Сарбас, Баян, Сүлеймен, Әуез, Жанайдар;
Естай, Мәтен, Нұрқан, Сайлау, Мағира, –
Жабал, Байқал, Қайырбай – жас, жаңа ойлар!..
Сырлап келем солармен сөз сарасын,
Жырлап келем елдің небір данасын;
Туралықты ту ғып жүрген жұрт едік, 
Әркімнің ел берер әділ бағасын!..
60. Автор («Бүркітті», екінші нұсқа):
Бүркiттi, қымбат маған бiр түп гүлiң,
Басылмас саған деген ынтықтығым:
Абылай атқа мiнген алтын ордам, –
Бүркiтiн Бүркiттiнiң үркiттi кiм?!
Ту тiккен туған ел деп ұландарың,
Көп едi ақын, батыр – қырандарың;
Ашылмай жатқан әлi қазынаң мол,
Заманның ашсақ та көп тұмандарын.
Бүркiттi, сұңқар ұшып, қыран қонған,
Елiңе Әйтiмбет би ұран болған;
Мерт болып қия-шыңда сол сұңқарлар, –
Айығып, айың ендi туар ма оңнан?!.
Жоқ Сәттар, Еркеш, Сәкен, Нұрағаммен,
Алладан амандығын сұрағам мен:
Елтұтқа Еркеңдей ерлер қайда, –
Бүркiттi, төскейiңе құлағанмен?!
Құрметпен мен оларға қарағанмын,
Бәрiн де ай мен күнге балағанмын;

311
Қараумен қабағына әр ағамның,
Өзiмше әжетiне жарағанмын.
Олар да менi өзiнше еркелеттi,
Жан нұрын жыр – теңiзде желкен еттi;
Ерғали, Есләм, Жомарт, Табылды, Ерік,
Таланттар – неге өмiрден ерте кеттi?!.
Бүркiттi, көрген түстей өзiңе аян,
Олар да болмап па едi Қозы-Баян?
Жалмаған жақсыларды нысана ғып,
Мен қалай сұм ажалдың көзiн оям?!
Таланттар – тұғыры елдің, талмас арман:
Өмірзақ, Мұхамедия, Алмас, Арман;
Қорғанбек, Баянғали, Құдайберлі, – 
Орынбай, Марфуға – елге олжа салған!..
Бүркiттi, тұлпарың көп тұмарлаған,
Қылшақтым, бастау алған ұлы арнадан;
Қалымтай, Мәули, Тоқан, Орынтай мен,
Жағыпар, Бабыр, Қуат – жыр арнаған...
Ұрпақты алға сүйреп шуақты арман,
Толысар тың толқынмен қуатты арнаң:
Қалымбек, Жалмұрат пен Ойрат, Тоқтар, 
Оңалбек, Жәмеш, Кенже – сыр ақтарған... 
Қызырлы Қызылағаш қойнауыңда,
Қызықпен келейiншi тойлы ауылға!
Оқжетпес, асқақтаған асыл тұлға, –
Салмақтап сала берсін ой қауымға!..

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет