/1914 ж/.
163
Ақын шындықты алдымен өзінен, өз бойынан тауып,
іздеуге бел буады. Іздеген жоғының оңайлықпен қолға түсе
қоймайтынын, сол жолда адасатынын, небір қиындыққа тап
болатынын біліп, өзін күреске дайындайды. Сондағы бірінші
мақсаты — «оқып жетілу». Және ол өзін жаман жолдан аулақ
ұстамақшы. «Жасып, өмірден түңілуді ойыма да алмаймын»
дейді. Шындықтың ауылын іздеп шыққан сол жолда не
көрсем де ризамын деп өзін жігерлендіреді. Алдағы атар жа-
рық таңға ұмтылады. Ол таң — халқының еркіндігі, ол таң —
оқу-білім, ол таң — қазақ халқының отарлық бұғаудан азат
болуы. «Жердің жүзі бір түрге енеді» дегені — келешектен
үлкен үміт күткені.
Әділет ақынның ұғымында жеке адамның мақсаты емес,
жалпының /халықтың/ арманы. Шындықты іздейтіндер
ақиқатшыл келеді және де әділетті сүйеді. Туралық бағытта
болады. Сырты мен іші сәулелі келуі керек ондай
мақсаткердің. Бірбеткейлік пен өжеттік оған тән. Бірақ ондай
азамат тіршіліктің (бұл арада Алланың әмірін) заңдылықтарын
жетік біліп, мойындауға тиісті. Шындық жолындағы күрестің
қаруы, бірінші кезекте, бойдағы қайрат, /ақыл, білік-білім,
мінез/ болып табылады. Осы арада Абайға жүгінуге тура
келеді. Саналы жан шындықты заманнан, халықтың ақыл- ой-
ынан іздейді. Сол жолда сау басын саудаға салады. Қараңыз,
Абай не деген?
Бір кісі мыңға,
Жөн кісі сұмға
Әлі жетер заман жоқ,
Қадірлі басым,
Қайратты жасым
Айғаймен кетті, амал жоқ.
Болмасқа болып қара тер,
Қорлықпен өткен қу өмір...
Абайдай-ақ болар шындық үшін шырқыраған. Жөнге сала
алмады надандарды. Абайдың түңілісі — саналы түңіліс. Жеке-
леген адамдар әділетсіздікке шыдамай, күйректікке жол
береді. Сұлтанмахмұт түңіле тұрып, шындықты таба алмаған
күнде де жаман жолға баспаспын» деп өзін қайрайды. Бүгінде
көріп те біліп жүрміз, шындыққа шырқырағандардың дені бас-
араздықтың құлы. Өз дегені болмаса, Отанын сатып кетуге
бар. Абайдың түңілісі өзі өмір сүрген заманның әділетсіздігін
жеңе алмаған торығудан туындаған. Бүтін қазақ жұртын жөнге
сала алмай жаны ауырады.
164
Ал бүгінгінің амалы, ендігі бет алыс бағдары бізді қайда
бастайды? Шындықты іздеуді неден бастауымыз керек? Егер
біз шындықты қарақан басымыздың мақсатына бола іздесек,
онда мақсатқа жете алмаймыз. Онда адасамыз, адасып қана
қоймай, ұлттық ерекшелігімізден айырылып, елдігімізді жоғал-
тып, құрдымға жұтыламыз. Ол құрдым — жаһандану. Жаһан-
дану — бір жағынан оңтайлы бағыт. Экономикамыз көтеріледі,
басқа дамыған делінетін елдермен аралас-құраластықта бола-
мыз. Саудамыз жүреді, алыс-беріске кең жол ашылады. Эко-
номикада толайым табыстарға жетіп, нарық заңдылықтарын
шебер меңгеріп, байлықты баянды етуді қамтамасыз етуіміз
әбден мүмкін. Мүмкіндігіміз бар оған. Жеріміз бай, еліміз де
бай, бақуатты елу елдің деңгейіне көтеріліп, әлемдік додада
топ жару — басты мақсат бола тұра, рухани кеңістігімізді та-
рылтып алмауды естен шығармауымыз керек. Естен шығару
былай тұрыпты, әр сәтімізді рухани өрістің молығуына, тақыр-
ланып қалмауына жұмсасақ, қанеки. Дін мен тіл, дәстүр-
салт, халықтық наным-сенім, мінез, әдет-ғұрып, әдебиет пен
өнер, ұлттық мәдениет, бәрі-бәрі рухани өрісті молықтыра-
тын жан байлығы, рухани байлық. Мұны мектеп оқушысы да
біледі дерсіз. Біле тұрып білместікке, ұлттық намысты жеке
мүддеге, жалған беделге жеңдіріп, жеке бастың қамына бола,
мансап үшін, байлық үшін бақталастықты қоздырып, демок-
ратияны әуезелеп ұрандайтындар шындық үшін шырқырап
жүрміз деп халықты алдайды. Нағыз шындық сол — ғаламда-
нудың аран аузына түсіп кетпес үшін намысты қолдан бер-
меу. Оны ойбай-аттанға шаптырып, құрғақ ұрандау еш нәти-
же бермейді.
Шындық — мақсаткерлік. Өмірдің мәні мен сәніне
негізделген бағдар. Бағдарды түзулеу үшін сенің өзінде /ұлты-
мызда/ қуат көзі болуға тиісті. Бұған жауапты тағы Абайдан
табамыз:
Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар
Қайратың мен ақылың екі жақтап...
Міне, көрдіңіз бе, шындық жолындағы күресті өзіңнен бас-
та дейді. Шыңдық мағыналы өмірдің бағдары. Шындыққа жету
— бақытқа жету деген сөз. Шындық шырайланғанда заман да,
адам да Алланың нұрына бөленеді. Шындық санаға ұялауға
тиісті. Сонда әр қазақ баласы мақсаткерлікке қол жеткізеді.
Абай айтқан «сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» дегенді
165
қаперде ұстап, алпауыт елдердің зымиян саясатына беріспейді.
Сырты жылмағай, іші суық келеді ондайлардың. Сіздер керемет
дархан халықсыздар,
қонақжайлыққа, жомарттыққа
жеткізбейтін ересен елсіздер деп жымсиятын елшілер мен жат
жұрттың әміршілері, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, «күле
кіріп, күңірене шығатындардың» нақ өзі. Ғаламдану — бізге тас-
талған тор. Азат ел едік басынан. Талай торға шырмалдық.
Ресейдің телімінде болдық. Одан да аман шықтық. Халқымыз-
дың көрмеген құқайы жоқ, азап пен сорға малтықтық. Шындық
былай тұрыпты, ұлт ретінде жойылып кетудің аз-ақ алдында
тұрып, Алланың алқауымен тәуелсіздікке қол жеткіздік. Еркін
де дербес елге айналдық. Елбасымыз табанды, көреген, қайсар
тұлға. Нұрсұлтан Әбішұлының алысты болжаған сарабдал сая-
сатының арқасында Қазақ елі еңсесін көтеріп, еркін тыныстай
бастады. Әйтсе де, қауіп сейілгең жоқ. Азатшыл түз құсы —
сұңқар мен қыран, бүркіттің мінезі бар қазақта. Оңайлықпен
беріспейді. Шынығып, шыңдалған талай-талай шайқастарда.
Сол үшін де торды жетілдіре түседі байлыққа құныққан тойым-
сыз ашқарақ сырт жұрттың сұғанақтары.
Соның бір көрінісі — қолпаштау. Қазақ оны «астыға
көпшікті қалындата қою» дейді. Тор, кәдімгі, бүгінде екінің
бірінің аузында жүретін «демократия» делінетін, жыланның
сілекейі тәрізденген, көзге көрінбейтін сиқырлы жіппен
өрілген, сондай жіптен тоқылған. Оған шырмалғаныңды
білмей қаласың. Торға бір түстің бе, шығу жоқ саған. Торға
тұтылудың насихаты күшті, пәрменді және. Өмірге келдің бе,
еркін жүріп-тұр. Еркіндіктің кепілі — ақша. Қазақ оны «Тал-
таңдасаң, талтанда, ақшаң болса қалтаңда» дейді. Содан да
Тәуелсіз Қазақ елінің еркіндігін «демократия» деген сайқал са-
ясаттың торына шырмап, тұншықтыруға құмбыл сырт
жұрттың саясаткерлері. Ғаламдану — соған апаратын жол. Бұл
жолдан ауытқысаң, жүгің ауып, орта жолда қалып қоясың.
Көштен қалмас үшін тек алға тырмысып, ілгері оз. Данышпан
Абайдың айтқыштығында қапы жоқ:
Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым куған бойыңа еп пе?
Шындықтың ауылын іздеушілер, көбінесе, кеудемсоқ мақ-
танқұмар болатыны рас. Сағым қуған алдамшы елеске малда-
натындар әділет пен ақиқатты түлкіше соғып аламын деп
дәмеленеді. Ақын соны аңғартады.
166
Ақиқаттың ауылы оңайлықпен жеткізе қоймайды. Сол
жолдағы сүріністі ұлы ақын нақпа-нақ түсіреді өлең жолына:
Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе үңіл де, түбін көзде,
Сонан тапқан шын асыл тастай көрме.
Айтады-ау, қайран ақын. Алла сәулелендірген санадағы
нұр жүрекке дариды. Алланың өзіңе сыйлаған қабілет-қары-
мынан, ақыл-пайымынан артықты іздеме, жұрттың аузын
күзетсең күн көрмейсің, өзіңе, өз ішіңе, жүрегіңе үңіл.
Өзіндегі барды ұқсата білсең, қор болмайсың дейді.
Шындықтың шолғыншысы — туралық. Туралық сені
әділет жолына бастайды. Турашылмын деп өз айтқаныңнан
қайтпайтын бірбеткей болсаң, онда қыңыр, қиянпұрыстау
әдетке үйір келесің. Қисық мінез жамайсың бойыңа. Тура-
шылдық ақ сөйлеуге жатады. «Шоттың басын бассаң, сабы
өзіңе тиеді» дегендегі меңзеу осыған саяды. «Айттым — бітті,
кестім - үзілді» турашылдыққа жатпайды. Оның соңы дау-да-
майға ұласып кетуі кәдік. Халық - ұлы ұстаз. «Тура сөйлесең,
туғаныңа да жақпайсың», «Тура биде туған жоқ, турасыз биде
иман жоқ». Сонда қалай, жұртқа жақпаймын деп әділін айт-
пай, теріс айналуың керек пе? Онда сен қарау, арам ойлы бо-
лып шығасың. Әділетті жақтап, адалды арамдардан қорғаштап
шыр-пыр болсаң ғана өзіңе де, өзгеге де пайдаң тиеді.
Дүниедегі жаман әдет — немқұрайлық. Ондай әдетті ата-баба-
ларымыз «Жаны ашымастың — басы ауырмас» дейді. Ақиқат
пен әділет жолында күресуші адам жанына адалдықты серік
етеді. Адалдық қана кісіні адастырмай, шындықтың ауылына
жеткізеді. Пікіріміз ұшқары, екіұшты көрінуі де кәдік. Шын-
дықтың философиялық мәніне талдау жасап жатпаймыз.
Ниетіміз түзу — сол ғана демеу көңілге. Мақсат — сананы
сергіту, жас ұрпаққа өмірлік тәжірибемізден түйгенімізді хал-
қадерімізше түсіндіріп шықсаң, тәрбие-тәлімдік сабағымыз-
дың мақсатына жеткені деп білеміз.
Сонымен шындықтың ауылына жете алдық па? Шындық-
тың мәніне тоқталғанда айтайын дегеніміз не еді? Шындық —
Алла, Ол жаратқан бүтін әлем, жанды-жансыз және өзің. Өзің
барсың ба, шындық та бар. Демек, сен шындықты өзіңнен бас-
тауың керек екен. Өзіңдегіні жарат керегіңе. Өзгенің әділдігі,
туралығы саған азық болмайды. Ақиқат өз бойында, ол —
қажыр-қайратың, санаңа құйылған Алланың нұры. Шыдам-
төзімің, табандылығың. Бәрі-бәрі өзіңде. Өйткені, Алла сені
167
абзал жаратқан. Абай неге торығады? Неге таусылады? Әр
өлеңі, әр жолы жүрегіңді езеді. Бұл - даналық. Даналыққа
жеткен адам ғана шындықтың бетпердесін аша алады. Қай-
мықпайды өзгеден, қатты айтады:
Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын.
Халқым надан болған соң,
Қайда барып оңайын... —
дегені саналы жанға шындық бағдары болуға тиісті. Шындық
үшін күрес, біле білсек, надандықпен күрес.
Заман ауысты, жұрт жаңарды. Сауда жүріп, табыс молай-
ды. Базарлық экономика өрістеді. Жер шарын мекен еткен
барша қауыммен аралас-құраластықта тіршілік етіп жатыр-
мыз. Бір жағынан, үлкен жетістік бұл. Екінші жағынан, қауіп
ойлатады. Жүрек шімірігеді. Абай айтқан надандық жойылды
ма санадан? Шындық нендей күйде? Айта алып жүрміз бе
ақиқатты ақ сөйлеп? Айтылады әділ сөз. Әділдікке құлақ тоса-
тыңдар бар ма? Жұрттың бәрін күстаналаудан аулақпыз, олай
дейтініміз, бүгінде надандық жоқ. Бүгінгінің адамдарын надан
деуге ауыз бара ма, бәрі оқыған.
Білімдар шетінен. Білмейтіні жоқ. Хабар-ошар тасқыны,
озық технология, электронды құралдардың үстемдігі, ғылым-
ның қарыштауы адам санасына надандықты жуытсын ба. Ки-
ген киімі, ішкен тамағы, мінген көлігі, үй-жайы қандай!
Бүгінгінің адамдарын надан деп көрші, тіке сотқа жүгінеді.
Бопсалайды. Ақшасы бар қалталылар тіптен үстем. Сатып ала-
ды, сатып жібере салады. Ондайлардан шындықты сұрама.
Олар үшін шындық - ақша! Надаңдық жоқ па сонда?! Бар-ау,
бірақ айтуға ауыз бармайды. Сонда Абай сөзі жоққа шығуы
керек пе?! Сұраққа жауапты кідірте тұрайық. Алғы тарауларда
жауап беруге тырысып көрерміз.
Достарыңызбен бөлісу: |